Сұрақтар: Орта ғасырлардағы исламдық педагогикалық ойлар. Ұлы Дала ойшылдарының педагогикалық ой пікірлері Қорқыт ата, Яссауй.
№12 Дәріс тақырыбы: XY ғасыр мен XIX ғасырдың бірінші жартысы аралығындағы Қазақстандағы педагогикалық ой - пікірлер. 1 сағ.
Дәрістің мақсаты: XY ғасыр мен XIX ғасырдың бірінші жартысы аралығындағы Қазақстандағы педагогикалық ой – пікірлер туралы студенттерге толық мәлімет беру.
Қарастырылатын негізгі сұрақтар: Қазақ жырауларының (Асан қайғы, Шалкиіз, Жиембет, Бұхар жырау) жырларының тәрбиелік қолданбалы және идеялық эстетикалық мәні. Орыс емес халықтардың ағарту ісіндегі патша саясаты. Алғашқы орыс ұлттық мектептер.
Қазақ хандығы көптеген тайпалардың – қаңлылар, үйсіндер, қыпшақтар, арғындар, наймандар, дулаттар және т.б. негізінде құрылды. Қиын тарихи жағдайда қалыптаса отырып, қазақ хандығы бірде (ХҮІ ғ.бас кезінде) нығайды, бірде әлсіреді. ғасырдың аяғында Қазақ хандығында үш жүз деп аталатын көшпелі тайпалардың ірі одақтары – Ұлы жүз Оңтүстік Қазақстанда, Орта жүз қазақ даласының орталық бөлігінде және Кіші жүз батыс аймағында ұйымдасты. Әрқайсысының өз басқару әкімшілігі болды. Оларды біріктіру туралы әртүрлі әрекеттер болғанымен, қазақ халқы осындай жағдайда ХҮІІІ ғасырдың ортасына дейін өмір сүрді.
Осы тарихи оқиғалар туралы ірі эпикалық шығармалар, көптеген әндер сақталған. Халық зұлымдық, басқыншылық, жаугершілік туралы қайғылы әндер шығарған, шетел басқыншыларына қарсы күрескен, ел қорғаған батырларды жырлаған:
Бұл кезеңде халықтың ақын-жыраулары пайда болды. Қазақ поэзиясында жырау-ақынның ерекше ежелгі түрі. Көшпелі тұрмыс және шетел басқыншыларының шабуылы жағдайында жыраулар көптеген жауапты қызметті атқарған болатынды: өзінің ақылды, жалынды сөзімен жауға қарсы рулардың күшін біріктіруге шақырды, олар көп жағдайда тайпалардың көсемдері, батырлары, тайпалық жасақшылардың қолбасшылары болды.
Ақын-жыраулар негізінен өз шығармаларын толғау жанрында шығарған. Толғау – белгілі бір жағдайға байланысты философиялық пайымдау немесе тоғаныстар түріндегі поэтикалық сюжетсіз шығарма.
Бұл кезеңдегі белгілі жыраулардың ішінен Асан Қайғы, Қазтуған, Жиембет, Шалкиіз, Сыпыра жырауларды және т.б. ерекше атауға болады.
Ел ішінде кең тараған батырлар жырларының бірі «Ер -Тарғында» Сыпыра – жырау былай суреттеледі: Ноғайлы ханы Зада көрші руға көптеген зиян келтіреді. Сол руда жас батыр Ер-Тарғын дүниеге келеді. Хан Зада одан кек алуға қорқады, не істерін білмейді, оған Сыпыра – жырауға жолығуға кеңес береді. Сыпыра – жырау ханның зұлымдығын, екі жақтылығын қатты сынай отырып, бұрынғы зұлымдығын ұмытуға және достасуға шақырады. Екі жақты татуластыруға жұмыстанады. Сыпыра-жырау Ер-Тарғынның артықшылығын, оның ержүректігін, тазалығын айта отырып, ханды ойланбай істелген әрекеттен сақтандырады. Сонымен, ең соңында екі жақты да келісімге келуге көндіреді.
Жыраулардың шығармашылығы олар өмір сүріп отырған ортамен тығыз байланысты. Олардың кейбіреулері ханға қызмет етсе, үстем тап өкілдерінің мүддесін көздесе, басқалары бұқара халықтың атынан сөйлеп, халықтың мұң-мүддесін – көңіл-күйін білдіреді және батырлар жырларының, аңыздардың сақтаушылары және орындаушылары болып табылады.
ХҮ-ХҮІІ ғасырларда өмір сүрген қазақ ақын-жыраулар поэзиясынан ғасырлар сырын, халықтың салт-санасын, ой-өрісін, тілек-мақсатын айқын аңғарамыз. Өйткені жыраулар толғауларынан халықтың не бір нәзік сырлары, мұң-мұқтажы, қайғы-қасіреті, қуаныш-сүйініші, келер ұрпаққа айтар өсиеті, тәрбие тағылымы өзекті орын алады.
Оны ХҮ ғасырдың орта кезінде өмір сүрген қазақ даласының ұлы ойшылы, халықымыздың қоғамдық-саяси, әлеуметтік ой-пікірлерінің көне басшысы бола білген Асан Қайғы шығармашылығынан байқауға болады. Асан қайғы – қазақ даласынан шыққан ойшыл-философ, аты аңызға айналған, ел қамын ойлаған данышпан ақын. Алтын Орда құлағаннан кейін, халық аңызы бойынша, мемлекеттің ыдырағанын көріп, «халыққа ыңғайлы, уайым-қайғысы жоқ, «қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын» Жерұйықты» іздеп желмаямен қазақ жерін аралайды. Талай жақсы жерлерді де, шөл даланы да көреді, бәріне тиісті бағасын береді. Бірақ «Жерұйықты» таба алмай қайғырады. Содан ел оны «Асан Қайғы» деп атаған. Әрине, қазақ жерінде кең жазықты, көк майса шалғынды, орманды-таулы жерлер де, өзен-көлдер де бар, бірақ іздегені әлеуметтік өмір мен рахат өмір болатын. Оны философтар қазақ жерінен шыққан алғашқы әлеуметтік утопист деп атайды.
Халқының сол замандағы хал-ахуалы мен келешегін тебірене сөз еткен Асан Қайғы, заманымыздың заңғар жазушысы Мұқтар Әуезов айтқандай, халық мұңын арман етіп, алысты меңзеген, өзі үшін емес, елі, жұрты үшін іздеген ел қамқоры…
Асан Қайғы қазақ қоғамының болашағы үшін барша жұрты бай, кедей деп бөлмей, адамгершілікке, бірлікке, бауырластыққа баулуды қажет деп санады. Оның ойынша, адамның мінез-құлқы жақсы болуы үшін айналасындағыларға жанашырлық ізгі жүректілік білдіруі, қамқоршы болуы қажет. Өзіне қажетті игіліктерді жасауда адамдар бірлесіп, қоғамдасып, бауырмалдық іс-әрекет жасауы керек, сонда ғана бақытқа жетеді, басына бақ қонады деп білді. Бүкіл халқының қамын ойлауы, елді берекелі бірлікке, шынайы достыққа адал еңбекке шақыруы, сол замандағы прогрессивтік маңызы зор гуманистік көзқарас еді.
Малға жай, елге ырыс осындай мекен барын ғайыптан болжап білген Асан Қайғы енді сол жерді іздеп табу үшін желмаяға мініп, қазақ жерінің төрт бұрышын кезеді. Жолында кездескен тау, өзен, шұрайлы жерлерге, халыққа пайдалы жағын есептеп, тиісті бағасын беріп отырады…
Асан Қайғы Жиделібайсын жеріне қызығып: «Ай, Жиделібайсын, артыма бөктіріп кетер едім, әттең, желмаям көтере алмайды-ау! Қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын, тып-тыныш мамыражай ел екенсің»,-депті.
Батыста Асанқайғы Маңғыстауға үш барып, үш қайтыпты. Екі баласы: «Маңғыстау м алға жайлы қоныс бола ма?»-деп сұраған екен. Сонда Асан бабамыз: «Түбінде мал баққан шаруаға Маңғыстаудан жақсы жер болмас», - деген екен.
Шыңғырлауды көргенде: «Ай, Шыңғырлау, жылқы өзі өскен жоқ, Шыңғырлау, сен өсірдің»- деп үш айналады да, Шыңғырлаудың суына қолын малып отырып, - «Шыңғырлау өкпелер, аттың ерін ал, қонайық, ат суарып, аунап-аунап кетейік»,-депті.
Сыр бойын көргенде: «Басы байтақ, аяғы тайпақ қоныс екен. Қаратауды жайласам, Сырдың бойын қыстасам, қоныс болуға сонда ғана дұрыс екен»,-депті.
Түркістанның қасында ескі қорған Сауранды көргенде: «Әттеген-ай, тақырдың бетіне, Шөлстанның өтіне салған екен. Сарқырап аққан суы жоқ, жайқалып тұрған нуы жоқ – түбі тұрақты қала бола қоймас»,-деген екен.
Сайрам, Шымкен маңын аралағанда Асан Қайғы айтыпты:
Екі бассаң бір базар,
Саудасы қызған жер екен.
Екі бассаң – бір мазар,
Молдасы азған ер екен,-депті.
Асан Қайғы адамның бойындағы адамгершілік қасиетті жоғары бағалай келіп, «Ұлық болсаң, кішік бол» деген адами қасиетті, кішіпейілділікті жастардың бойында жағымды мінез-құлық қасиеттерін тәрбиелеуге және қалыптастыруға ақыл-кеңес береді.
Ел басқарған көсемнің, қол бастаған батырдың әділеттіліктің, адамгершіліктің туын жоғары ұстауы қажеттігін айта келіп, Асан Қайғы:
Арғымаққа міндім деп,
Артқы топтан адаспа.
Күнінде өзім болдым деп,
Кең пейілге таласпа.
Ғылымым жұрттан асты деп,
Кеңессіз сөз бастама.
Жеңемін деп біреуді
Өтірік сөзбен қостама,-деп ақыл-кеңес береді. Асан Қайғының көрегендікпен айтқан тәлімдік-тәрбиелік ойлары мен тұжырымдары бүгін де жас ұрпақ тәрбиелеу үрдісінде өзіндік мәнін жойған жоқ.
Халық дағдырын, мемлекет мәселесін шешуде хандармен бірге ХҮ-ХҮІІ ғасырларда өмір сүрген ақын-жыраулар да роль атқарып келуде.
Қазтуған, Жиембет, Шалкиіз, Сыпыра-жырау сияқты жыраулар заман, қоғам, жайлы, ел басына түскен әр алуан оқиғалар жайынан толғау – жыр айтушы болған. Қазақ поэзиясында жыраулар жеткіншек, ақылгөй тәрбиешінің ролін атқарады. Ақын – жырауларға тән бейнелі сөз айшықтары билердің шешендік сөздеріне де арқау болған.
Қазақ халқы шешендік сөзді жоғары бағалаған. «Өнер алды – қызы тіл» демекші ата-бабамыз ділмәр шешендердің өсиет сөздерін, табан аузында тақпақтап айтқан ақыл-нақылға толы ақындардың толғау, термелерін әлденеше ғасырлар бойы жадында сақтап, дәуірімізге жеткізген. Оның себебі аталы сөздердің өмірщеңдігінде, халықтың сөз құдіретін бағалай білуінде жатыр. Демек, асыл сөздің төркіні қоғамдағы тәрбиелік мәніне ерекше назар аударып, «ақылдың көзі – аталы сөз» деп ұққан ата-бабамыз сөйлей білуді үлкен өнер деп бағалаған.
Ақыл-ой, тәлім-тәрбие, көріп-білу, жүректен терең сезіну арқылы біртіндеп толықсып қалыптасатын тәжірибеден туатын үздіксіз еңбектің жемісі.
ХҮ ғасырда өмір сүрген ақын-жыраулардың ішінде ерекше өзіндік қолтаңбасын қалдырған қазақ-ноғай поэзиясының көш басшыларының бірі болған Қазтуған –жырау – ел қамын жеген, халқы қастерлеп өткен көшпенді қазақ тайпалардың әскер басы, ру көсемі болған қазақ тарихында белгілі батыр қазақ жырауларының көрнекті өкілдерінің бірі.
Ол өзінің туып-өскен ата-мекені Еділ өзенінің Каспийге құлар жеріндегі сағаларының сұлу табиғатын, қазақ жерінің ғажайып көрінісін туған өлкесінің перзенті ретінде тамаша поэзия тілімен суреттей білген. Қазтуған толғауларының ұрпақ тәрбиесінде тәлімдік-тәрбиелік мәні ерекше.
Қазтуған өзінің туған өлкесіне деген сезімін төмендегідей жолдармен тебірене білдіреді:
Алаң да, алаң, алаң жұрт,
Ағала ордам қонған жұрт.
Қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт,
Кіндігімді кескен жұрт,
Кір-қоңымды жуған жұрт.
Ботташығы бұзаудай,
Боз сызаны тоқтыдай,
Балығы таудай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған.
Қайран менің, Еділім,
Мен салмадым, сен салдың
Қайыр болсын сіздерге
Менен қалған мынау Еділ жұрт!…
Қазақ поэзиясының тарихында белгілі және көрнекті тұлғалардың бірі шамамен ХҮ ғасырдың 60-жылдарында және ХҮІ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Шалкиіз Тіленшіұлы болып табылады. (1465-1560 жж.)
ХҮ ғасырда өмір сүрген көрнекті жыраулардың бірі Шәлгез (Шалкиіз). Оның шығармалары қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтары арасына кең тараған.
Шәлгездің әкесі Тіленші аталады. Халық арасында Шәлгез әке, шешсі белгісіз, салмен ағып келіп кезігіп, Орақ, Мамайға бала болған немесе шешеден ерте айрылып, Ноғайлының ұлы биі нағашысы – Мұсаның қолында тәрбиеленген деген әңгімелер кездеседі. Ғасырдан ғасырға көшіп, аңызға айналыңқырап жеткен, мазмұны жағынан бір-бірімен сабақтас бұл әңгімелер жырау тегі туралы бізге қолға ұстатқандай нақты деректер бермегенмен, атадан балаға ұласып, халық жадында қалыптасқан шындық сілемін аңғартқандай. Ол шындық – Шәлгездің Орақ, Мамай мырзалармен не өзі қасына көп ерген Темір бимен бірге тумағандығы. Сондықтан да қанша айбарлы батыр, айдынды жырау болса да, өмір тәлкегін көп көргендігі. Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының қорындағы Әкіш ақсақал тапсырған қолжазбада: «Шәлкез Мұсаның қызынан, Орақпен тетелес апасынан туған», - делінеді. Осы деректер негізінде бұл пікірді М.Мағауин өз зерттеулерінде келтіреді. Ғалым Ә.Дербісалин Шәлгезді Мұса бидің жиені санау жансақ пікір дейді. Ә.Дербісалин пікірінше, Шәлгез Орақ, Мамаймен замандас, жасы қатар адам. Сондықтан оның қызынан тууы мүмкін емес. Бұл әлі де анықтай түсуді қажет етеді.
Шәлгез жыраудың өмір сүрген дәуірі мен мекені туралы ел аузынан жазылған қолжазбалар мен жыраудың өз шығармалары ғана хабар береді. Ертелі-кешті жырау шығармалары жарияланған жинақтарда, қазақ ақыны Мұрат Мөңкеұлы жырлаған «Шәлгез» толғауында, сондай-ақ ел аузынан жазылған материалдарда Шәлгездің «нрғайлы» екендігі айтылады. Біздің қолымыздағы «Салкез батырдың Орақ, Мамайға айтқаны» деген қолжазбада жыраудың балалық, жігіттік шағы Орақ, Мамай маңында өткендігі, бірақ батырдың Ноғай ордасындағы бедел, құрметін күндегендер оны елден кетірмек болып, жауға жалғыз жұмсағаны, батырдың жауды жеңіп келіп, аттан түспестен, Орақ, Мамай мен жиналған жұртқа жыр толғап - өкпесін айтып, жапан-түзге кеткені айтылады. Аталмыш материалдарға қарағанда, Шәлгездің Ордада – Орақ, Мамай маңында өсіп, бедел-даңқы сол кезде белгілі болғаны көрінеді.
1490 жылдары әрі жауынгер және дарынды ақын ретінде ол ел билеу істеріне ерте араласады, Алтын Орданың әміршісі Темірдің белді кеңесшілерінің бірі болды. Шалкиіз ол Жайық өзенінің бойында Дешті-Қыпшақ даласында дүниеге келді.
Шетел басқыншыларының жиі шабуыл жасауы және үздіксіз ру аралық тартыс жағдайында ортақ жауларға қарсы күресте ақын-жыраулардың қазақ руларының басын біріктіруге үндеген үні қаттырақ естілді.
Шалкиіздің бірқатар өлеңдері ел билеуші, әмірші Темірге үгіт-насихат, кеңес түрінде беріледі. Онда алыстағы ортағасырдағы хандар туралы, адамдардың жақсы жақтары туралы, жақсы және жаман адамдар туралы жырау екі жаққа да, ел билеуші мен халыққа бірдей, қызымет атқарады. Егер де Темір оның кеңесін, үгітін тыңдайтын болса, адамдар мен ел билеушінің арасында келісім, бірлік, бейбітшілік, бақыт орнайтындығына сенім мол деген болатын-ды.
Шалкиіздің ғибраттық, тәлімдік-тәрбиелік мағынаға толы толғауларының бүгінгі күні де маңызы және рухы аса күшті, философиялық тереңдігімен, аз сөзбен көп мағына беретін қысқа да болса, нұсқалығымен ерекшеленеді:
Қоғалы көлдер, қам сулар,
Кімдерге қоныс болмаған
Саздауға біткен қара ағаш,
Кімдерге сайғақ болмаған…
Күлелік те ойналық,
Киелік те ішелік,
Мынау жалған дүние,
Кімдерден кейін қалмаған! – деген жолдар арқылы жастарға ақыл-кеңес, үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие туралы ой тастайды.
Шалкиіз:
Жақсының өзі өлсе де, сөзі өлмес,
Жақсы байқап сөйлер,
Жаман шайқап сөйлер,-деген өлең жолдарынан адамның жақсы мен жаман болуы халқына, еліне жасаған пайдасына, сіңірген еңбегіне байланысты:
Жаманнан туған жақсы бар
Адам айтса нанғысыз,
Жақсыдан туған жаман бар
Күндердің күні болғанда
Бір аяқ асқа алғысыз, - деп Шалкиіз толғаулары афоризм, нақыл сөздерге тәлімдік-тәрбиелік ойлауға, өнегелік тұжырымдарға бай келеді.
Жиембет Кіші жүздегі Есім ханның басты биі, әскери қолбасшы, батыры болды. Оның ерлігі қабақтардың қалмақтармен соғысында айқын байқалды. Жиембет жырау сомдаған батырлардың тұлғасы олардың психология ерекшелігі мен жан дүниесін асқан шеберлікпен суреттейді. Батырлардың бейнесін, ерлік істерін дәріптей отырып, жастарға үлгі-өнеге етеді, үстем тап өкілдерін, хандарды қатты сынға алады. Жастардың бойында адамгершілік, елжандылық қасиеттерді дәріптейді.
Жиембет те Ақтамберді сияқты халық қамын жоқтаған, ел бірлігін сақтаған әрі батыр, әрі ақын болды. Хан қаһарынан қаймықпайтын от тілді, орақ ауызды Жиембет жырау:
Ханға қарсы тұрам деп,
Түн ұйқымды бөлгенмен,
Жұртымды жөнге салам деп,
Бас кессе де басылмай,
Ақ ісімді жасырмай,
Атқа мінген ер едік…- деп ол жастардың болашағы, әділеттілік үшін белін бекем буып, қолына қару алып, күреске шықаннын жоғарыдағы өлең жолдарымен өрнектей білген.
Қазақ жырауларының қай-қайсысын алсақ та, жыр-толғауларында айтылатын негізгі идея – ел бірлігін, өз отанын сүю, оны сыртқы жаулардан қорғау, батырлығы мен ақындығы сай келетін, сол кезеңнің өзекті, маңызды мәселелерін жырлай отырып, аз сөзбен көп мағына беретін толғауларының жас ұрпаққа тәлімдік-тәрбиелік, тағылымдық ерекше. Бүгін де тәрбие жұмысында кеңінен пайдалануға болады
Бұқар жырау
«Айнала алмай ат өлсін,
Айыра алмайжат өлсін,
Жат бойынан түңілсін,
Бәріңіз де бір енеден туғандай болыңыз».
Бұқар жырау толғауларын үлкен төрт топқа бөлуімізге болады.
1. Өмір жайлы талғаулары.
2. Адам өмірінің кезеңдері жайлы.
3. Ел бірлігі жайлы.
4. Абылай ханға арнаған толғаулары жайлы.
Өмір жайлы талғауларынан жыраудың табиғат құбылыстарына көз жібере отырып, солардың бәрінің де өліп, өшіп, өзгеріп отыратының нанымды дәлелдегенін көреміз. Жыраудың сөздері тұнып тұрған ақыл, өнегелі, ғибратты сөздер. «Қара құлам жүйрік деп», «Ай не болар күннен соң», «Ежелгі дос жау болмас», «Жар басына қонбаңыз», «Жол құрығы қаба деп», «Қара арғымақ арыса», «Жарқ – жарқ еткен жайда бар», «Асқар таудың өлгені», т.б. Биік тауға жарасар «Асқар таудың өлгені» дегең өлеңінде жырау «өлмегенде не өлмейді?» сұрағына «жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді», – деп жауап беріп, бүкіл ой – білімін, талант – дарынын, өмірін, адамзаттың асыл арманы үшін сарп еткен адамдардың есімі де, олардың артына қалдырған аталы сөздері де ғасырларға кете береді деген түйін жасады.
Адам өмірінің кезең – кезеңдері туралы толғауларының да ғибраты мол. Бұл тақырыптағы өлеңдеріне «Жиырма жасыңда», «Ей Абылай, сен он бір жасыңда», «Атам болған жиырма бес» – ті жатқызуға болады. Адамзаттың жас кезінен бастап қартайған шағына дейінгі өмірін суреттейді.
«Атам болған жиырма бес» деген өленңнде жастық пен кәрілікті қарама қарсы қойып суреттесе, «Жиырма деген жасыңыз» деген өлеңінде жиырмадан тоқсанға дейінгі кезеңді жеке – жеке жырлайды.
Бұқардың қай талғауын алсақ та, елді бірлікке шақыру идеясы аңғарылады. Ел бірлігін, ел тыныштығын, тәуелсіздігін, бейбіт өмірін жырына арқау еткен жыраудың бұл тақырыптағы өлеңдері «Керей, қайда барасың», «Бірі етек, бірі жең болған», «Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек» т.б. көптеген өлендерін атауға болады.
«Ағайынның арызы, елдің сәнін кетірер».
Абысынның арызы, ауыл сәнін кетірер,
Бірі етек, бірі жең болған,
Ежелден саған ел болған,
Орта жүзден кісің жоқ,
Найзасының ұшы алтын.
Кіші жүзден кісің жоқ, - деп оны басқа шығармаларында одан әрі тереңдетеді.
«Айнала алмай ат өлсін,
Айыра алмай жат өлсін,
Жат бойынан түнілсін,
Бәріңіз де бір енеден туғандай болыңыз», - деп өсиет айтады. Ел бірлігін сақтап қалу үшін не керек екенің анық айтып береді. Ел бірлігі болса, алынбайтың қамал жоқ екеніне көз жеткізеді. «Тірек», «Керей, қайда барасың?» деген өлеңдерінде айтылатын ой да ел бірлігін сақтаудан туған.
Абылай есімімен байланысты өлендерінен де ел бірлігін көздеген ойымен қатар, ханға айтқан ақылын, ханның ел басқарудағы жақсы істері мен кемшіліктерін жырлағаның көреміз.
Қырық беске келгенде,
Жақсы мен жаман демедің.
Елу жасқа келгенде,
Үш жүздің баласының
Атының басын бір кезеңге тіредің.
Абылайды Абылай еткен, оған бақ – абырай әперген, бір жағынан, «елдігі болса», екіншіден «бар күшін қазақтың абыройы мен ары үшін сарп етіп» ел қамын ойлаған қаһарлы батырлары еді деген әділ пікір айтқан. Абылайға көп өлеңдер арналуының бір себебі – қазақ елін хан айналасына топтастыру еді.
Жалпы, жыраудың толғауларын бірінен – бірін бөліп қарау мүмкін емес. Себебі әр өлеңінде тақырып пен идея ел бірлігі, татулығын дәріптей келіп, бір бірімен сабақтасып жатқан үлгі өнегеге толы жырлар екенін көреміз
Жиембет жырау Бортоғашұлы ХVІІ ғасырда өмір сүрген әрі әскербасы, әрі ақын, әрі жырау болған. Жиембет жырау Еңсегей бойлы ер Есім ханның тұсында өмір сүрген. Есім ханның көрші хандықтармен арада болған соғыстарына қатысып, ерлігімен, іскерлігімен танылған.
Жиембет алған бетінен қайтпайтын қайсар, бірбеткей, өжет адам болған. Хан-әкімдерге бас имей, айтарын батыл да ашық айтқан, бас кетер деп тіл тартпаған.
Әмірің қатты Есім хан,
Бүлік салып бұйырдың, –
деп, бүлікшіл ханның теріс мінезін ашық әшкерелеген.
Жиембет толғауларынан жыраудың ерлік істері мен өрлік мінезі, ерен батырлығы мен қайтпас қайсарлығы айқын көрінеді. Мысалы,
Менің ерлігімді сұрасаң,
Жолбарыс пен аюдай.
Өрлігімді сұрасаң,
Жылқыдағы асау тайындай.
Зорлығымды сұрасаң,
Бекіре мен жайындай.
Беріктігімді сұрасаң,
Қарағай мен қайыңдай, –
деп, жолбарыс пен аюдай, асау тайындай, бекіре мен жайындай, қарағай мен қайыңдай деген теңеу сөздерді пайдалана отырып, өзінің асқақ бейнесін жасаған.
Ел арасына сөзі өтімді болған Жиембет жыраудан сескенген және өзіне қарсы тұрғаны үшін Есім хан Жиембетті інісі Жолымбетпен бірге жер аударып жібереді. «Ханға қарсы тұрам деп» ел-жұрынан айырылған Жиембет жырау өзінің сағынышын «Қол-аяғым бұғауда» толғауында:
Қайырылып қадам басарға
Күн болар ма мен сорға
Өзен, Арал жерлерім?!
Қиядан қолды көрсеткен
Төбеңе шығар күн бар ма,
Жотасы биік дендерім?! –
деп жырлаған. Жиембет жыраудың «Әмірің қатты Есім хан», «Еңсегей бойлы ер Есім», «Қол-аяғым бұғауда», «Басы саудың түгел-дүр» деген толғаулары бар.
Алғашқы ұлттық мектептер.Патша өкіметінің қазақ халқының халық ағарту
саласындағы саясаты.
ХҮІІІ ғасырда көшпелі қазақ қоғамы қарама қайшылықтардың шиеленіскен, патриархарлық-рулық құрылыстың көлеңкелі тұстарының ерекше өріс алған жағдайында қарсылады. Қазақстан экономикасы және мәдениеті артта қалған ел болды. Қазақ халқының негізгі шаруашылығы мал шаруашылығы болғандықтан, осымен байланысты көшпелі тұрмыс, патриархалдық-феодалдық қарым-қатынас, осы жағдайлардың себептерінен экономикасы мен мәдениеті артта қалды.
Қазақ жері бытыраңқы жағдайда үш жүзге бөлінді, әрқайсысын өз хандары басқарды, хандардың өзара ауыз бірлігі болмады. Осындай жағдайды сыртқы жауларымыз кеңінен пайдаланды. Жоңғар феодалдары 1723 жылы кенеттен қазақ жеріне шабуыл жасап, оның көп бөлігін жаулап алды. Кейбір мәліметтер бойынша, шетел басқыншыларының шабуылы соншама нәтижесінде қазақтар халқының үштің екі бөлігінен айырылды.
Бұл қазақ халқы үшін қиын кезеңді халқымыз «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деп атады, халықтың санасында ерекше із қалдырды. Шетел шапқыншыларына қарсы тұру мақсатында қазақтар өз Отаны үшін жанқиярлықпен күресті. 1728-1730 жж. барлық үш жүздің біріккен күштері жоңғар басқыншыларына ойсырата қатты соққы берді. Бірақ шетел басқыншыларының тарапынан қауып-қатер әлі де сақталған болатын-ды. Осындай қиын кезеңде қазақ қоғамының өкілдері өз жерін сақтаудың жолдарын іздестірді. Олар осындай қорғауды және көмекті өзінің мықты көршісі орыс мемлекетінен сұрады. Кіші Орданы басқарған Әбілхайыр хан 1731 жылы бірінші болып, Ресей қоластына бағынғандығы туралы ант қабылдады.
Қазақ жүздерінің қалған жерлерінің Ресейге қосылу үрдісі жүз жылға тарта уақыт жалғасты.
Қазақстанның Ресейге қосылуы олардың арасында жан-жақты байланысты орнатты, патша өкіметінің отарлау саясатына қарамастан, қазақ халқының тарихында түбірлі шығыс хандықтарының езгісі қаупынан құтқаруға көмектесті. Қазақ халқы үшін саяси-экономикалық, қоғамдық-мәдени өрлеудің жаңа мүмкіншіліктері, болашағы ашылды.
Әлеуметтік қатынастарда ерекше өзгерістер іске асты, ауылдарда таптық жіктілеу үрдісі тездетілді, қазақ кедейлерінің өздерін ғасырлар бойы қанап келген үстем тап өкілдеріне таптық күресі кеңінен құлаш жайды.
Қазақ феодалдары, сұлтандары және билері қолданып отырған патша үкіметінің отарлау саясаты қоғамдық, таптық қайшылықтардың шиеленісуіне алып келді. Қазақ кедейлері орыс шаруаларымен жақындаса түсті.
Орыс-қазақ хандарының езілген бөлігінің таптық мүддесінің көрінуі Е.И.Пугачев бастаған 1773-1775 жж.шаруалар көтерілісі болып табылады, көтеріліске қазақ-шаруа кедейлері де қатысты. 1783-1797 жж. Кіші жүзде Сырым Датов басшылығымен феодалдық езгіге қарсы бағытталған қазақ шаруаларының көтерілісі басталды.
Бұл барлық тарихи оқиғалардың қазақ халқының өмірінде ерекше роль атқарды.
Патша өкіметі өзінің отарлау саясатын іске асыруда бір жағынан, отарлау аппаратына сүйенсе, екінші жағынан, жергілікті феодалдық топтарға арқа сүйеді, қазақ халқы екі жақты езгіге түсті. Бірақ патша өкіметі мен жергілікті үстем таптың қысымына қарамастан, орыс және қазақ халықтарының экономикалық, мәдени-ағарту саласындағы өзара қарым-қатынастары дами түсті.
Қазақстанның Ресейге қосылуы ХІХ ғасырдың орта шенінде аяқталды. Патша өкіметінің сол кездегі шет аймақтардың бірі Қазақстанда отарлау саясатын іске асырғанына қарамастан, бұл қосылу үрдісінің прогрессивтік мәні болды. Осыған байланысты Ф.Энгельстің мынадай бір айтқан пікірі еріксіз ойға түседі: «Ресей, шынында да, Шығыс жөнінде прогессивтік роль атқарады… Ресейдің үстемдігі Қара теңіз бен Каспий үшін өркениеттік роль атқарады»1,-деп жазған болатынды. Демек, бұл айтылған ойлардың қазақ халқы үшін де тікелей қатысы бар деп есептейміз.
Қазақстанның Ресейге қосылуының маңызды нәтижелерінің бірі-қазақ еңбекшілерінің орыс халқының оқыз демократиялық бағыттағы мәдениетімен және білімімен, сол арқылы прогрессивті әлемдік мәдениетпен жақындасуы.
Қазақстанның Ресейге қосылуының қазақ халқының саяси-экономикалық және мәдени өмірінде елеулі оқиға болды. Бұл үрдіс бірден-бір Қазақстанға озат экономика мен өндірістің қатынастардың дамуына мүмкіншілік жасады. Сонымен қатар Қазақстанның Ресейге қосылуын бүгінгі уақыт талабына орай дұрыс бағалайтын болсақ, бұл үрдістің бастан аяғына дейін ерікті болмағандығын, бұл жерде еркіндік пен басып алудың, отарлау мен игерушіліктің орын алғандығын ескеруіміз керек.
Қазақ жерінің Ресей империясының құрамына қосылуының тек прогрессивтік мәні болды, әйтпесе, қазақтың тоз-тозы шығып, қаңғып кетер еді, дербес өмір сүре алмайтыны айдан анық болған, сауаттылығы екі пайызға жуық қараңғы ел патриархалды-феодалдық өмір шырмауынан құтылмас еді дейтін ұшқары да, бір жақты пікірді сан рет естіп келдік. Осыдан, қазақ халқының өткен ғасырдағы тарихы сыншылдықпен, объективтік тұрғыдан айтылмады. Отаршылдық саясаты өз ерікімен қосылудың көлеңкесінде қалдырылды.
Патша өкіметінің өзінен кейінгі қалдырған ауыр мұрасының бірі еңбекшілердің білім беру ісі мен мәдениет саласында қараңғы қапаста шектен тыс тоналғандығы бірден-бір белгілі.
Әсіресе, Қазан төңкерісіне дейін Ресейді мекендеген орыс емес ұлттардың жағдайы өте ауыр халде болды. Жоғары дәрежелі бір чиновниктің қазақтар туралы Орынбор әскери генерал-губернаторы, граф Сухоленге жазған хаты осы саясатты дәлелдей түскендей. Онда былай делінген: «Мен қырғыздардың (қазақтардың) қамын жеп, олардың көзін ашып, оларды еуропалық халықтардың дәрежесіне жеткізбек болатын филантроптардың мәңгі-бақи көшіп жүретін малшылар болып қалуын, олардың еш уақытта егін екпеуін, ғылымды ғана емес, қолөнерін де білмеуін шын жүректен тілеймін».
Патша өкіметі қазақ даласында халық ағарту ісін дамытуға, жаңа мектептер ашуға бөгет жасады. Осы орайда айта кететін жәйт: төңкеріске дейінгі қазақ халқының сауатсыз болғаны рас, ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін шындық, ал қазақтар жаппайға дерлік сауатсыз болды делініп келген тезисті бүгінгі таңда қайта қараудың қажеттігі уақыт талабы екендігін ескере кеткен жөн.
Патша өкіметі амалсыздан қазақ ақсүйектері мен байлардың балаларына біраз білім беріп, олар үшін орыс-қазақ мектептерін ашуға мәжбүр болды.
Қазақ жеріндегі алғашқы мектептер.
Орыс қазақ мәдени қатынастары Қазақстанның Ресейге қосылуының басталуымен байланысты. Осы тарихи оқиғамен қазақ халқының арасында діни емес білім берудің тарауының алғашқы қадамдары байланысты болып табылады.
ХҮІІІ ғ.орыс дворяндарының жағдайының артуымен осы таптың мақсаты үшін білім беру саласында көптеген шараларды іске асырғаны белігілі. Мәселен, 1741 жылы құрылған әскери кадет корпусы жабық сословиелік-дворяндық оқу орындарының бастамасы болды. Олар дворян балаларын әскери және азаматтық борышын өтеуге даярлауды қамтамасыз ету қажет болды.
Дворян мәдениетінің орталықтарының бірі бола отырып, кадет корпустары Ресейдің ұлттық шет аймақтарында, оның ішінде Қазақстанда, ағарту ісін таратуда белгілі әсер етті.
1744 жылы Орынборда татар мектебі ашылды, онда әскери лауазымды адамдардың балалары оқыды. Бұл мектепті бітіргеннен кейін кеңсе қызметкерлері, кеден ісі чиновниктері және аудармашылар мамандықтары бойынша қызмет атқарады.
Осы мақсатта 1786 жылы Омбыда «азиялық мектептің» негізі қаланды. 1836 жылы «азиялық мектеп» жабылып қазақ балалары үшін мұсылман мектебі ашылды. ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Қазақстан қалаларында әскери училищелер ұйымдасты, оған қазақ ақсүйектері мен байларының балалары қабылданды.
1813 жылы Омбыда Сібір казактарының әскери училищесі ашылды, ал 1927 жылы Орынборда-Неплюев әскери училищесі жұмыс істеді.
Сөз жоқ, осындай әскери училищелердің құрылуы белгілі мақсатты көздеген болатын-ды. Патша өкіметі ең алдымен ақсүйек сұлтандардың, байлардың және әкімшілік аппаратының чиновниктерінің және әскери мекемелердің Қазақстанда патша өкіметінің отарлау саясатын жүргізуге қабілетті балаларынан даярлауға ұмтылды.
Орынбор және Омбы әскери училищелері қазақтардың үстем тап өкілдерінің арасында орыс мектебіне және орыс біліміне деген қызығушылық арта түсті. Орынбордағы Неплюев әскери училищесі Омбыдағы Сібір казактарының әскери училищесі кейіннен Орынбор Неплюев және Омбы кадет корпустарын құруға негіз болды. Олар Қазақстанда орыс білімін таратуда ерекше роль атқарды.
Орынбордағы Неплюев атындағы кадет корпусы 1844 жылы ашылса, Омбы кадет корпусы 1847 жылы ашылған болатын-ды. Әскери училищелерді кадет корпустарына айналдырудың негізгі себебі «құрметті қазақтардың» арасынан Ресейге қосылған қазақ даласын басқару үшін сауатты, оқыған адамдарға деген қажеттіліктің артуына байланысты болып табылады.
Бөкей Ордасын зерттеуші ғалымдар А.Харузин, А.Евренов, Г.С.Карелин, В.Ф.Шахматов, А.Е.Алекторов, С.М.Граменицкий және т.б.өз еңбектерінде осы өлкенің халық ағарту ісін дамыту тарихы туралы көптеген бай материалдар береді.
Бөкей ордасында Ресеймен экономикалық және саяси байланыстың күшеюі де сауатты адамдарды көптеп қажет етті. Бөкей ордасының ханы Жәңгір ел басқару ісіне білімді жастарды кеңінен қатыстыра отырып, ескі рулық, старшиналық, сұлтандық басқару жүйесінің түп тамарына балта шабуды ойлады. Сондықтан да ол өз саясатын жүзеге асыруды білімді жастарға арқа сүйеуді қажет деп тапты.
Бөкей Ордасының білім беру тарихын зерттеген белігілі қазақстандық ғалымдар Т.Тәжібаев, С.Зиманов, Г.М.Храпченков, А.И.Сембаев, Қ.Б.Бержанов және т.б. негізінен, Қазақстанның Ресейге қосылуы прогрессивті және ерікті үрдіс ретінде көзқарас тұрғысынан қарастырылып, аймақтағы білім беру мәселесі біржақты зерттелді. Сонымен қатар көптеген тарихи мәселелер бұрмаланып түсіндірілді, әсіресе тарихи тұлғалардың алатын орнын, еңбектерін бағалауда ескі идеологияға негізделеген көзқарасқа және әдіснамаға сүйенілді.
Тарихи тұлғалар ел билеген хандар мен билерді қолына қару алып ел қорғаған батырларды, еліне білім мен нәрін себуде ерекше еңбек сіңірген ойшылдар мен ағартушыларды атап айтқанда, Жәңгір ханның, Мақаш Бекмұхамедовтың жеке басы, халыққа білім берудегі сіңірген еңбектері ескерілмей біржақты бұрмаланып, таптық тұрғыдан баға берілді.
Батыс өңірінде, оның ішінде Бөкей Ордасында, белгілі қоғам қайраткері, ағартушы демократ жан-жақты ғұлама ғалым.
Мақаш та Шоқан сияқты қазақ халқының тарихында өз елінің болашағын дұрыс болжап, сеніммен алға қараған, езілушілердің мүддесін қорғаған тұңғыш ағартушы-демократтардың бірі болды. Олардың білім алған ортасы мен өмір сүрген кезеңі бір мезгіл. Егер Шоқан 1846-1853 жылдары Омбы кадет корпусының алғашқы түлегі болса, ал Мақаш 1844 ашылған Орынбор кадет корпусында 1844-1851 жылдары оқып бітірген, осы оқу орнын алғаш бітірген 7 қазақ баласының бірі болды. Орынбор кадет корпусын тәмәмдағандардың ішінде кейін белгілі ғалым, қоғам қайраткері аз болған жоқ. Кадет корпусында Мақаш Бекмұхамедовпен бірге Мұхамбет-Салық Бабажанов, Бөкейханов Арыстангерей, Сұлтанмахмұт Жантөрин, Мырзағали Саңғырықов, Жүсіп Ниязов, Зұлқарнай Нұрлыханов сияқты қазақ халқының белгілі перзенттері оқыды.
Мақаш Бекмұхамбетов пен Мұхамед-Салық Бабажанов екеуі корпусты үздік бітірді.
Қазақ даласында қазақ мектептерін ашу туралы бастама тек ғана отарлау саясатын көздеген патша өкіметі тарапынан шыққан жоқ, сонымен қатар қазақтың белгілі атқа мінерлері, ру басылары, орысша оқыған, білім алған өкілдерінен шыққан болатын-ды.
Мәселен, өзі орысша білім алған, Ішкі Орданың ханы Жәңгір Бөкеевтің тікелей араласуымен 1841 жылы Хан Ордасында, Ордада екі сыныптық бастауыш мектеп ашылды. Алғашында мектеп 25 балаға арнап салынған болатынды. 1848 жылға дейін мектеп Жәңгір ханның қаражатының есебінен жұмыс істеді. Ел ішінде бұл мектеп «Жәңгір мектебі» деп аталған. 1848 жылдан бастап, бұл мектеп Халық ағарту министрлігінің қаражатына көшіріліп, екі сыныптық училище дәрежесіне теңестірілді.
Мектептің негізгі міндеті – мектептің қазақ балаларын Орынбор Неплюев кадет корпусына, гимназияларға және басқа да оқу орындарына түсу үшін даярлау.
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында осы мектеп бағасында республикада алғаш рет өтпелі дәуірдегі жоғары оқу орны- Бөкей халық ағарту институты жұмыс істейді. Бірақ бұл институттың ғұмыры ұзаққа бармады, жаңа өкіметтің оған қажетті маман, керекті қаражат жағынан дұрыс көңіл бөлмеуі салдарынан ол жылдан соң, 1923 жылдан бастап педагогика техникумы, педагогикалық курс болып қайта құрылды. Кейіннен мектеп жалпыға бірдей орта білім беретін орта мектеп болып, өз білімін жалғастыра берді.
Хан Ордасында 1841 жылы Жәңгір ханның ұйымдастыруымен қазақ даласында бірінші ашылған жаңа типтегі, ескі мұсылман мектептері мен медреселерінен ерекше екі сыныпты орыс-қазақ мектебінің төңкеріске дейін және одан кейін алғашқы ұлт кадрларын даярлауда ролі ерекше. Мектеп Жәңгір ханның қаражатына салынды. Жәңгір хан ұйымдастырған мектептің 165 жылға тарта тарихы бар. Жәңгір хан мектебінің түлектерінің ішінде қазақ халқының көрнекті ғалымдары, ағартушы-демократтары, белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, белгілі өнер адамдарын көптеп кездестіруге болады. Атап айтқанда, ХІХ ғ.екінші жартысында өмір сүрген қазақтың көрнекті ғалымдары, ағартушы-демократтары Мақаш Бекмухамедовті, Мұхамед-Салық Бабажановты, Санкт-Петербург университетінің шығыс тілдері факультетін бітірген Бақтыгерей Құлмановты, Сәлімгерей Жантуринді, ағай ынды Батырқайыр, Әбділкәрім Ниязовтарды, Тарту универитетінің түлегі Сәлімгерей Нұралихановты, Қазан университетінің заң факультетін бітірген Уәлихан Танашевті, Қазан, Саратов университетінің медицина факультетін тамамдаған Мажит Шомбаловты, Махмұт Шолтыровты, белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері Сейтқали Меңдешевті, Алма Оразбаеваны, халқымыздың алғашқы инженер қызы Мәдина Бегалиеваны, көрнекті ақындар Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш және есімдері кеңес өкіметі емес, патшалық Ресей тұсында да танымал болған тұңғыш қазақ генералдары Ғұбайдолла Жәңгіров пен Рамазан Құрманалиевті, Шәкір Жексенбаевты осы Ордадағы Жәңгір мектебінің түлегі екендігін мақтан етеміз.
Сонымен, бірінші қазақ мектебі сабақ орыс тілінде жүрген 1841 жылы Хан Ордасында ашылса, екінші қазақ мектебі 9 жылдан кейін, 1850 жылы Орынборда шекара комиссиясының жанынан үстем тап, яғни сұлтандардың, билердің және ауқатты қазақтардың балаларынан хат жүргізушілерді және аудармашыларды дайындау мақсатында ашылды.
Қазақ халықының тұңғыш педагогы, ағартушы-демократы, ақын-жазушысы Ыбырай Алтынсарин осы мектепті бітірген. Балғожа би (Ыбырайдың атасы) немересі Ыбырайды 1850 жылы Орынбор шекаралық комиссиясы жанынан қазақ балалары үшін ашылған жетіжылдық мектепке оқуға береді. Оны Ыбырай 1857 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. Сөйтіп, ол математика, физика, биология, жағырафия, тарих, әсіресе орыс тілінен өз заманына сай терең де жан-жақты білім алады. Орынборда жас Ыбырайдың көрнекті ғалым, шығыстанушы, шекаралық комиссияның төрағасы В.В.Григорьевпен танысуы және оның тығыз қарым-қатынаста болуы Ыбырайдың дүниетанымы мен педагогикалық-ағартушылық көзқарасының қалыптасуына ерекше ықпал етті.
Сұрақтар: Патша өкіметінің қазақ халқының халық ағарту
саласындағы саясаты. Алғашқы ұлттық мектептер. Асан қайғы. Бұқар жырау. Шалкиіз жырау. Жиембет жырау.
№13 Дәріс тақырыбы: XIX ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстандағы педагогикалық ойлар. 1 сағат
Дәрістің мақсаты: XIX ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстандағы педагогикалық ойлар туралы студенттерге толық мәлімет беру.
Қарастырылатын негізгі сұрақтар: Мұсылмандық мектептерді реформалау. Жаңа әдістік мектептер мен медреселер. Ш. Уалиханов көзқарасындағы білім беру, оқыту және тәрбиелеу жүйесіне байланысты мәселелер. Ы. Алтынсариннің педагогикалық пікірлері. А. Құнанбаевтың педагогикалық көзқарастары.
Қазақ халқы ерте заманнан-ақ білімді десауатты болуға ұмтылған, надандық пен топастықты әжуа етіп, күлкіге айналдырған. Әрбір ата-ана баласына әдептілікті үйреткен, сауатты да білімді болуға баулыған. Бұған мысал ретінде қазақтар арасында «Қара күш бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген мақал кеңінен тараған. ХІХ-XX ғасырлардың бас кезінде Қазақстанда халыққа білім беру ісі екі: діни және зайырлы бағытта жүргізілді. XIX ғасырдың орта кезіне дейін қазақ балалары мектептер мен медреселерде мұсылманша білім алды. Оларды негізінен молдалар оқытты. Оқу ата-аналарының қаржысы есебінен жүзеге асырылды. Мұсылмандар мектебінде негізінен ер балалар оқыды.
Халық арасында медреселердің беделі күшті болды. Олар молдалар мен мектеп мұғалімдерін даярлады. Оқу мерзімі 3—4 жылға дейін созылды. Медресе шәкірттері ислам дінінің негіздері бойынша бастауыш білім алумен қатар философия, математика, медицина, тарих, тіл білімі (лингвистика) және астрономия жөнінде де едәуір хабардар болып шықты. Діни оқу орындарының басты қызметінің бірі жастардың бойына әдептілікөнегесі мен адамгершілік қасиеттерді дарыту болды. 1870 жылдан бастап патша үкіметінің бастамасы бойынша медреселерде міндетті түрде орыс тілінің негіздерін үйрету енгізілді.
Медреседе бірнеше сынып бөлмелері болды. Олар шәкірттер тұратын, дәрет алып, жуынып-шайынатын, сондай-ақ тамақтанатын бөлмелер еді. Медреседе ұстаздыққа әдетте жасы 40-тан асқан адамдар ғана қабылданатын. Олардың медресені бітіргені туралы дипломының болуы талап етілетін. Кейіннен патша үкіметі мұсылманша оқытуды да өз бақылауына алуға тырысты. Мәселен, 1867—1868 жылдардағы әкімшілікреформалар бойынша мектептер мен медреселер ашу үшін уезд бастығының арнайы рұқсатын алу керек болды. Патша үкіметі мұсылмандардың оқу орындарын ашықтан-ашық кемсітіп, қорлау саясатына көшті.
Қазақстанды өнеркәсіптік тұрғыдан игерудің басталуына байланысты сауатты да білімді адамдарға деген сұраныс арта түсті. Сондықтан да 1850 жылы Орынборда оқу мерзімі жетіжылдық жаңа үлгідегі мектеп ашылды. Онда негізінен хатшылар мен аудармашылар даярланды, орыс тарихы, математика, география, геометрия, сондай-ақ исламның негіздері оқытылды. Ал 1857 жылы осындай мектеп Омбыда да ашылды.
1861 жылы Троицкіде, басқа да қалаларда орыс-қазақ мектептері ашылды. 1867—1868 жылдардағы әкімшілік реформалары енгізілгеннен кейін және қоныс аударып келуші шаруалар қатарының арта түсуіне байланысты зайырлы мектептердің қатары көбейді. Олардағы оқу бағдарламаларын генерал-губернатордың өзі белгілеп, Халық ағарту министрлігімен келісіп алып отырды. Қазақтардың балалары орыс поселкелері мен казак станицалары жанындағы мектептерде тегін немесе азын-аулақ ақы төлеп оқуға құқықты болды.
1879 жылы Ташкентте мұғалімдер институты ашылды. 1879 жылы Торғай облысында алғашқы екі сыныптық орыс-қазақ мектебі пайда болды. 1883 жылы Орынбор губерниясының Ор қаласында қазақтарға арналған мұғалімдер мектебі түңғыш рет ашылды. Ол мектептің ашылуына Ыбырай Алтынсариннің қосқан үлесі орасан зор болды.
1885 жылдан бастап барлық уездерде ауыл шаруашылық мектептері ашылды. Олар қазақ өлкесінде білім және қолөнер түрлерін дамытуға бағыт ұстады. 1887 жылы барлық жерде бірдей болыстық орыс мектептері пайда бола бастады. Ал 1891 жылы Торғай, Ақтөбе, Қостанай және басқа қалаларда қыз балаларға арналған бастауыш мектептер ашылды. 1892 жылдан бастап қазақ балалары үшін ауылдық көшпелі мектептер ұйымдастырылды.
XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап Омбы, Семей, Орал, Ақмола қалалары халыққа білім беру орталықтарына айналды. Қазақстандағы орыс тілді халықтың арасында сауатсыздардың пайызы тым жоғары болды. Мұны 1897 жылғы халық санағы айқын көрсетті. Атап айтқанда, халықтың 8,1 пайызын ғана сауатты деуге болатын еді. Соның ішінде ерлердің 12 пайызы, ал әйелдердің 3,6 пайызы ғана хат таныды. Орысша сауат ашқан қазақтардың пайызы бұдан да төмен болды. Ал мұсылманша оқып сауат ашқан дала қазақтарының саны өте көп еді. Бірақ олардың қанша пайызының сауатты екеңдігі халық санағын өткізу кезінде есепке алынбады.
Ресей империясы қазақтардың орта және жоғары білім алуына жол бермеуге тырысты. Сауатты қазақтардың қатары өскен сайын олардың Ұлттық сана-сезімі тезірек оянады деп қауіптенді. Мәселен, 1885 жылы Қазақстанда орыс мектептерін ашудың басты идеологта- рының бірі Ильминский былай деп ашықтан-ашық жазған болатын: «Бізге тиімді болатын бір жағдай бар. Ол — бұратана халықтың әрбір өкілінің орысша сөйлегенде шатасып, қысыла қызарып тұратын болуы. Ол — орысша жазғанда да аяқ алып жүргізгісіз қыруар қате жіберіп, өз ойын дұрыс жеткізе алмауы. Олар губернаторлардың алдында ғана емес, сонымен қатар кез келген бастықтардың алдында да қалтырап-дірілдеп тұруы керек». XIX ғасырда ауыл шаруашылық және фельдшерлік мектептері ашыла бастады. Олар орта білімді дәрігер мамандарын даярлап шығарды. Алайда Қазақстанда бірде-бір жоғары оқу орны ашылған жоқ.
Дала өлкесінде ауыл мектептерінің пайда болуы
1901 жылғы маусым айында Дала генерал-губернаторы Сухотин Ақмола және Семей облыстарының әскери губернаторларына орыс-қазақ мектептерін ашуға ұсыныс жасады. Алғашқыда бұл идеяға қазақтар қауіптеніп сақтыкпен қарады. Балаларын орыстандырумен қатар шоқындырып жібереді деп қауіптенді. Қазақтардың және бір қорыққан нәрсесі — орыс-қазақ мектептері арқылы балаларды орыс шаруаларына айналдырып жіберер, содан соң әскер қатарында міндетті қызмет атқаруға мәжбүр етер деп шошынды.
Сондықтан Акмола облысындағы Халық училищесінің директоры А.Е. Алекторов ел арасында жаңа мектептерді ашудың мақсат-міндеттерін түсіндірді. Орыс-қазақ мектептерінің материалдық базасын қамтамасыз етуге баса назар аударды. Ол ауыл мектептеріне арналған «Ақмола және Семей облыстарындағы ауыл мектептерінде сабақ берудің тәсілдері мен оқулықтары», «Қырғыз хрестоматиясы»әдістемелік оқу құралдарын құрастырды. Оқудың қазақтардың ана тілінде жүргізілуі туралы айтты. Сонымен қатар ол қазақ өлкесін шоқындыруға бағытталған діни миссионерлік қызметін де белсенді түрде өрістете түсті. 1902 жылы Далалық өлкеде осындай 14 мектеп ашылған болатын. Олардағы оқу мерзімі екі жыл еді. Оқушылар қазақ және орыс тілдерін, арифметиканы оқыды. Кейінірек ислам дінінің негіздерін оқытуға да рұқсат етілді. Бірақ бұл ретте жұмсалатын қаржыны мұсылмандар өз қалталарынан төлеуге тиісті болды.
1904 жылы болыстық жерлерде бір сыныптық және екі сыныптық училищелер жұмыс істей бастады. Бір сыныптық училищелерде балалар төрт жыл оқыды. Олар онда орыс тілін, дін оқуын, қазақ тілін, арифметиканы, ән сабағын оқып үйренді. Ал екі сыныптық училищелердегі оқу мерзімі алты жыл болды. Олар әлгі пәндерден тыс географияны, жаратылыстануды, сызуды, геометрияны және орыс тарихын оқыды. Оқу алғашқыда екі жылда қазақ тілінде, содан соң орыс тілінде жүргізілді. Алайда орыс-қазақ мектептерінде мұғалімдер жетіспеді. Өйткені олардың жалақы мөлшері төмен болды. Оның үстіне, ол мектептердің материалдық-техникалық базасы да қанағаттанарлық дәрежеде қамтамасыз етілмеді.
Омбы — Далалық өлкенің ірі білім орталығы
«Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің бірі С. Сәдуақасовтың пікірі бойынша, Ақмола облысының Омбы уезі Қазақстанның ең ірі ағартушы аймақтарының бірі болды. Ал Омбы қаласы іс жүзінде бүкіл Қазақстан үшін ең әйгілі білім орталықтарының біріне айналды. 1789 жылы Омбыда Азия мектебі ашылды. Ол отаршыл аппарат үшін шенеунік кадрлар даярлаумен айналысты. XIX ғасырдың бас кезінде қазақ ақсүйектері өздерінің балаларын Омбыдағы оқу орындарына жібере бастады. Мәселен, 1827 жылы Уәли ханның ұлыШыңғыс Сұлтан казак әскерлерінің Сібір шебіндегі училищесіне түсті.
1865 жылы Қазақ өлкесін шаруашылық тұрғысынан игеру қажеттігінің тууына байланысты жергілікті әкімшілік алғашқы қазақ мектебін ашты. Онда Ақмола мен Семей облыстарынан 20 бала оқыды, 1872 жылы Омбыда мұғалімдер семинариясы ашылды. Ол іс жүзінде бүкіл Қазақстан үшін мұғалім кадрларын даярлайтын орталыққа айналды. Онда бастауыш училищелер үшін мұғалімдер даярланды.
1877 жылы Омбыда, сондай-ақ Көкшетау мен Ақмолада қазақ балалары үшін жатып оқитын интернаттар ашылды. Оларға жұмсалатын шығынды қазақтар қайырымдылық көмек есебінен өздері төлейтін болды. Әр қазақ болысынан оқуға жылына 2 баладан жіберіп түру келісілді. 1882 жылы Омбыда техникалық училище ашылды. Ол зауыттар мен фабрикалар үшін, сондай-ақ көлік саласындағы қызмет үшін орта білімді басшы маман кадрлар даярлауға тиісті болды. Атап айтқанда, осы училищені Қарқаралы уезінің түлегі, болашақ көрнекті қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханов бітіріп шықты. 1852 жылы негізі қаланған Омбы мал-дәрігерлік-фельдшерлік мектебінде көптеген қазақ балалары оқыды. Бұл мектеп осы салада бүкіл Қазақстан үшін маман кадрлар даярлайтын бірден-бір арнаулы оқу орны болды.
XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың бас кезінде Омбының оқу орындарында қазақ халқының көрнекті өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Айдархан Тұрлыбаев, Отыншы Әлжанов, Жақып Ақбаев, Райымжан Мәрсеков. Ережеп Итбаев, Сейілбек Жанайдаров, Асылбек, Мұратбек және Мұсылманбек Сейітовтер, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Қошке Кемеңгеров, Дінше Әділов, Смағүл Сәдуақасов, Ғаббас Тоғжанов, Жұмат Шанин, Әбілқайыр Досов, Бекмұхамед Серкебаев, Бірмұхамед Айбасұлы, Әміре Исин, Мұхтар Саматұлы, Мұқан Әйтпенов, Көлбай Тоғысов, Нығмет Нұрмақов, Шәймерден Әлжанов сияқты көптеген азаматтар оқып бітіріп шықты. Олардың бәрі де халық ағарту ісіне, Қазақ өлкесіндегі Ұлттық-демократиялық қозғалысқа, сондай-ақ туып-өскен өлкені ғылыми тұрғыдан зерттеуге лайықты үлес қосты. Басым көпшілігі кейінірек, Кеңес өкіметі кезінде, саяси қуғын-сүргінге ұшырады, атылып кетті.
Ресей империясының жоғары оқу орындарындағы қазақ студенттері
Қазанда оқитын қазақ жастары. 1896 жыл.
Бірінші орыс революциясының ықпалымен қазақтардың Ұлттық сана-сезімі елеулі түрде өсті. Неғұрлым алыстан болжап, көре білетін қазақтар өздерінің балаларын Ресей мен шетелдердің орта және жоғары оқу орындарына оқуға жіберетін болды. Олар білім алуды өздерінің тапталып, аяққа басылып келген құқықтарын бұдан былайғы жерде сеніммен қорғаудың кепілі деп білді. Қазақ жастарының елеулі бөлігінің заң факультеттерін тандауы тіпті де тегін емес болатын. XIX—XX ғасырлар тоғысында тек Қазан қаласының өзінде ғана (императорлық Қазан университетінде, Қазан мал-дәрігерлік институтында, Қазан мұғалімдер семинариясында) 100-ге жуық қазақ жастары оқыды. Көптеген қазақ жастары Санкт-Петербург, Мәскеу, Томск, Саратов, Киев, Тарту, Каир, Бомбей, Стамбұл және Варшава университеттерінде оқыды. Мәселен, Санкт-Петербург университетінің заң факультетін М. Шоқай мен A. Тұрлыбаев алтын медальмен бітіріп шықты. Ал Ә. Бөкейханов Санкт-Петербург Орман институтын, С. Асфендияров Санкт-Петербург әскери медицина академиясын, А. Сейітов Томск университетінің медицина факультетін, Ж. Досмұхамедов Тарту университетінің заң факультетін, М. Ғабдолғазизов Каир университетін, 0. Тұрмағанбетов Бомбей университетін, X. Нұржанов Киев университетінің заң факультетін бітірді. Басқа да көптеген қазақ студенттері болды.
Қарқаралыдан түлеп ұшқан Дінмухамед Сұлтанғазин (1867—1918) өте сирек кездесетін талантты студент болды. Ол 1890 жылы Томск университетінің медицина факультетін, ал 1895 жылы Санкт-Петербург университетінің шығыстану факультетін, 1897 жылы заң факультетін бітіріп шықты. 1908 жылы Петербург әйелдер медицина институтын Асфендиярова Гүлсім Жағыпарқызы (1880— 1941), одан кейін Асфендиярова Мәриям Сейітжағыпарқызы (1887—1937) бітірді. Қазақтардың жаппай білім алуға көшуі олардың патша үкіметіне қарсы Ұлт-азаттық қозғалысынын күшейе түсуіне, өз алдына автономия алуға ұмтылысына жеткізді.[1]
Достарыңызбен бөлісу: |