Сочинение или фотографию по теме «Казахстан, армия, патриотизм»



бет2/4
Дата27.12.2016
өлшемі0,77 Mb.
#6008
түріСочинение
1   2   3   4

Ахметова Айдана,

Қазақ мектеп-гимназиясының 8 сынып оқушысы,

пән мұғалімі Бекматова Б. Е.
Менің бойымды бір мақтаныш сезімі кернеді. Жас жүректен мына бір өлең шұмақтары жарылып шыға бастады.
Өзіңе жеке ту алып,

Ел болдық біздер қуанып.

Болса да қанша қиындық,

Мойымадық, шыдадық.

Озбырлықты, қастықты

Көріп шықтың, Қазақстан!

Кедейлікті, аштықты

Жеңіп шықтың, Қазақстан!


Міне, мен Қазақстан Республикасында өз өмірімді өткізіп жатырмын.

Қазақстан өмірін жаңадан, таза ақ парақтан бастады. Тарихымызды қарасақ, қазақ елі көптеген қиыншылықты, аштықты, құлдықты көрген халық.

Патриотизм дегеніміз − біріншіден, өз тарихымызды, екіншіден, өз тілімізді құрметтеу. Үшіншіден, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды білу керек. Нағыз патриоттар өзінен бұрын Отанының қамын ойлайды. Қазақ жерінің данышпан ойшылдары, елін қорғаған ұлы сарбаздарын нағыз патриот деп атауға болады.

Менің ойымша, патриоттық сезім туа бітеді. Патриот Отанына шын ниетпен, адал жүрегімен, еліне, жеріне, жұртына беріліп, ата-анасының ақ сүтін ақтап, елінің адал азаматы болу. Есейгенде айналасындағыларға адал дос, ер жеткенде үлгілі отбасы, өзі қандай ортадан шықты, болашақта өзі де сондай өмірге, патриот ұрпақ әкелу, ол ұрпақты тұла бойы Отан деп тұратын азамат етіп тәрбиелеу − сенің міндетің, борышың.


Мен қазақпын, биікпін, байтақ елмін,

Қайта тудым өмірге, қайта келдім.

Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,

Айта бергім келеді, айта бергім,


- деп Жұбан ақын жырлағандай, біз мәңгі өлмейтін халықтың ұрпағымыз.

Қазақстанның болашағы әлі де өркендейді.Қазіргі кезде жастарға өте көп көңіл бөлініп, назар аударылып жатыр. Біз, жастар болашағымызға сенімдіміз! Қазақстанның болашағы жастардың қолында!



Аусатов Серік, 11-сынып оқушысы

Бірлік орта мектебі
 Қазіргі әлемде саны көп армиялардың қажеті шамалы. Ыңғайлы, ұтқыр, жақсы жабдықталған, әзірлігі мол армия керек. Армия халқымыз мақтанатындай болсын. Өйткені, ол –Қазақстан халқының армиясы. Армиямыздың беделін арттыра түсейік

Н.Назарбаев

Міне, Тәуелсіздіктің есігін ашқанымызға 20 жыл толып отыр. Яғни, қазақ халқының еркін өмір сүріп жатқанына аттай жиырма жыл. Осы аз уақыттың ішінде Қазақстан біршама жетістіктерге қол жеткізді, қаншама игілікті істер атқарылып жатыр. Осының бәрі Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың көреген саясатының арқасында. Сонымен қатар, бізге еркіндіктің туын аманат еткен, яғни қазақ елінің тәуелсіздікке қол жеткізуі үшін жан алып, қан беріскен ата- бабаларымыздың, аға- әпкелеріміздің ерліктерін айтпай кету мүмкін емес. Осы Тәуелсіздікке жету үшін қаншама қан төгілді.

Барлығымызға белгілі 1941 жылдың 22 маусымында Германия мен оның одақтастары кеңес-герман келісімшартын бұзып, Кеңес одағына соғыс ашты. Барша әлемді дүр сілкіндірген осындай соғыста, жас жауынгерлер – басты қуатты күш болатындығы баршамызға аян. Қыршынынан қиылған қаншама жауынгерлер Отан үшін жандарын беруге дайын болды. Жауынгерлер өз елі, жері үшін, халқы үшін жандарын пида етті. Отанды жау қолынан қорғап қалуға жандарын салды. Әлемді оқ пен отқа ораған бұл соғыста жеңіс туын ұстауға тырысты. Отанына, халқына деген махаббаттары, қажымас қайрат жігерлері, асқан ерліктері, жеңіске деген шексіз сенімдері әрбір Қазақстан азаматының бойынан көріне білді. Мұның бәрі жастайынан патриоттық сезімге баулып тәрбие бергендіктің арқасында деп ойлаймын.

Осы қанды соғыста жан алысып, жан беріскен Отанының жолында жанын құрбан еткен ерлердің ерлік істері халық жадында мәңгі сақталатыны сөзсіз. Қазақтың қос жұлдызы пулеметші Әлия мен снайпер Мәншүк апаларымыз асқан ерліктерімен көзге түскені белгілі. Сонымен қатар Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Ә.Досмұхамедұлы секілді батыр аға-апаларымыз елін, жерін қорғау үшін алдына жан салмады. Ата-бабаларымыз сыйға тартқан бақытты өмірімізді қорғау әрбір саналы азаматтың борышы. Әрбір саналы азамат өзінің елі мен жерін қастерлеп, оны шексіз сүюі үшін аянбай еңбек етіп, өзінің бойындағы қасиеттерінің бәрін соған арнайды. Ел-жұртын құрмет еткен азамат - халықтың ұлы, оның нағыз перзенті. Елін сүйген ерді халқы сүйіп, оны ардақтайды. Азамат болу – ел қамын ойлау.

Біздің мектептегі алғашқы әскери дайындық сабағын ауған соғысының ардагері Жалтеев Марат жүргізеді. Сондықтан біз ұстазымызға қарап, елімізді қорғаудың не екенін түсінеміз, тәлім-тәрбие аламыз. Менің арманым – ата-бабаларымыздың өздерінің жанқиярлық ерліктерінің арқасында жаудан қорғап қалған Отанымды қорғау, жерімнің тыныштығын сақтау. Бұл әрбір Қазақстан азаматының борышы әрі міндеті.



Әлмұқанова Сымбат, 9-шы сынып оқушысы

Андреевка орта мектебінің
Таңғажайып атың да дәл табылды,

Табылды да талай жұртқа танылды.

Қазақ елі, көкке жетті көк туың,

Сен – тәуелсіз мемлекетсің кәдімгі. С.Сейітов


Отан! Қандай құдіретті сөз!

Отан.. бұл сөз - әрбір дала перзентінің көкірегін кернеген мақтанышпен айтатын сөзі. Құс ұясыз болмайтындай, адам Отансыз болмайды. Ал менің Отаным – сонау Каспийден Алтайға дейін созылып жатқан қасиетті өлке – Қазақстан. Қазақстан – байтақ ел. Осы сөзді естігенде көз алдымызға жазық дала, кілемдей өрнектелген көк шалғын, айдын көлде қиқулаған аққу-қаз, жібектей толқыған ақ селеу, қоңыраулатқан бозторғай үні елестейді:


Тау шыңы,

Теңіз айдыны...

Қырларың, әнші құстарың –
Бақытым менің барлығы,

Барлығы – Қазақстаным!


1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігін жариялады. Міне, енді ел тәуелсіздігіне 20 жыл толды.

20 жыл... Осы уақыт ішінде дүние жүзі Қазақстан елінің тәуелсіздігін мойындады. Ел өз қалауымен Президентті сайлап, Ата Заңымыз қабылданды. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылдандық. Өзіміздің Әнұранымыз, Елтаңбамыз, Жалауымыз, ұлттық валютамыз пайда болды. Ана тіліміз – қазақ тілі – мемлекеттік тіл болып жарияланды.

Мақтан ететін тағы бір жағдай – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына менің Отанымның төрағалық етуі. 2010 жылдың 1-2 желтоқсанында өткен Астана Саммиті ғажайып оқиға болды. Елімізде өткен Азиада жарыстарының қысқы спорт ойындары қазақ елін тағы да дүние жүзіне танытты.

Әскер – Тәуелсіздік тірегі, ел қорғаны. Дүниенің түпкір-түпкіріндегі барлық мемлекет өз әскерінің мықты болуына күш салады. Қорған болар сарбазы бар елдің шекарасы бекем, жұрттың ұйқысы тыныш. «Қай ел болмасын өз Қарулы Күштеріне сенім артады. Біздің іргелі ел екенімізді дәлелдейтін, тәуелсіздігімізді қорғайтын күш-қуатымыз бар», - дейді мемлекет басшысы.

Өткен күндерге көз тастасақ, Қызыл әскер қатарында болған қанша біздің бабаларымыз өз Отанын қорғап, отаншылдық, ерлік үлгілерін көрсеткен. Әлия, Мәншүк, Бауыржан Момышұлы – Ұлы Отан соғысы жылдарында елін, жерін

жаудан азат еткен батырлар.

Отанға деген сүйіспеншілік, отаншылдық, ерлік үлгілерін мен өз атамнан да аламын.

Менің атам Айса Сапанов 1926 жылы Сарыбұлақ ауылында туған. 1944 жылы 18 жасында ол майданға аттанады. 546 атқыштар полкінің 169 дивизиясы құрамында Одессадан Берлинге дейін жетті. Жеңіс күнін Берлин маңында қарсы алды. Көптеген медаль, ордендермен марапатталған. Мен өз атамды мақтан тұтамын.

Қазір біздің шекарамыз берік қолда. Оны қас қақпай күзетіп тұрған кешегі Жеңіс

солдаттарының немерелері, шөберелері. Олар да аталарындай жігерлі, әкелеріндей өжет. Отанымыздың шырқын бұзғысы келетін қай жауға болса да тойтарыс бере алады.

Бүгінгі таңда Қазақстанның Қарулы Күштеріне 20 жыл толғалы отыр.
Ер қорғайтын ер ағалар -

Ардағымыз, арымыз.

Ерлер тойын, елдің тойын,

Қарсы аламыз бәріміз!


«Отансыз адам болмас, ормансыз бұлбұл болмас» деген халық нақылы тегіннен-тегін айтыла салмаған, өйткені Отан деген киелі ұғымды түсіну әр адамның туған жерінен, өз еліне деген сүйіспеншілігінен бастау алады.

«Қазақстан – дүниедегі әр қазақтың қастерлі құбылысы! Қазақстан – әлемдегі барша қазақтың құтты қара шаңырағы! Қазақ баласы дүниенің қай түпкірінде жүрсе де, тұтас қазақ халқының бір бөлшегі екенін біз еш уақытта ұмытпауымыз керек», - дейді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Менің ойымша, отаншылдық – бұл елдікті, мемлекеттікті саналы түрде сезіну. Мәселен, кез келген адамның өзі туып-өскен жеріне бауыр басуы, ана тілін толық меңгеріп, оған құрметпен қарауы, өз Отанының мүддесін ойлау, туған жеріне деген адалдық және азаматтық сезімдері, өз елінің саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени саладағы жетістіктерін мақтан ету, өз Отаныңның бостандығы мен тәуелсіздігін қорғау, ата-бабалары мен Отанының тарихына құрметпен қарау – бұлардың барлығы да қазақстандық отаншылдық деген ұғымның ішіне сияды.

Отансүйгіштік деген кіршіксіз сезім әр адамның туған ауылынан басталады. Адам нағыз отаншыл болуы үшін, өз елінің, өз халқының тарихымен, бүгінгі жетістіктерімен мақтана білуі керек.



Бейсенов Нұрсұлтан, 11-сынып оқушысы

Тоқсан би ауылының орта мектебі,

мұғалімі Бейсенова Қ.Т.
Өткенсіз бүгін жоқ, тарих тәжірибелерінің пайдалы тұстары мемлекетіміздің беделін нығайтуға оң әсер етпек. Қазақ мемлекетінің негізін қалаушылар Жәнібек пен Керей, олардың мұрагерлері Тәукеден жалғасқан хандар қазіргі Республикалық Ұлан сияқты әрекет ететін әскер ұстады. Әскерге ханға берілген, ақсүйектер отбасынан шыққан жасөспірімдер алынған. Аталмыш әскердің міндеті – ханның отбасын қорғау, жол жүру кезінде ханмен ілесе жүру, көрші мемлекеттерден елші келген кезде жоралғылық рәсімдер атқару болды.

Республикалық «Ұлан» ата-бабалардың осы көне дәстүрлерін сақтай отырып, өзіне жүктелген міндеттерді тиянақты атқарып келеді.

Әрбір адам бала жасынан: «Қазақстан – менің Отаным, ол мен үшін жауапты болғаны сияқты, мен де ол үшін жауаптымын» деген қарапайым ойды меңгеруі қажет. Патриотизмнің адамгершілік сипаты – керек уақытта адамның өзіне «керек» деп бұйрық беріп, ауыр сын сәтінде «істей алмаймын» дегенді жеңе білуі. Патриотизм сезімі мен Отанның жауларына деген жеккөрушілік – қасиетті, жалынды, өшпейтін сезім. Қазіргі жауынгер үшін патриот болу дегеніміз – өзінің білімі мен мүмкіндігін, бар күшін ҚР ҚК-нің жауынгерлік қуатын нығайтуға жұмсау және қашан да оны қорғауға дайын болу.

Отаншылдық туралы ойласам, ерлік деген ұғым есіме түседі. Ел намысын қорғаған халық батырлары мәңгі біздің жадымызда.

1941-1945 жылдар. Адамзат тарихында болмаған алапат соғыста бірлік, достық жолында жан қиған қазақ батырлары фашизмнен бүкіл адамзаттық азаттықты қорғап, ерекше ерлік көрсетті. Жүзге тарта қазақ қаһармандарына Кеңес Одағының Батыры деген абыройлы атақ берілді. Батырлықты батырлардың батыры Бауыржан Момышұлы бастады.

Қорған болған елінің елдігіне,

Батырлардың бас идік ерлігіне!

Ұрпақтары қаһарман бабалардың

Тәуелсіздік қамалын көрді міне!

Уақыт тарих бетін парақтайды. Күн тізіліп, ай алмасып, зымырап жылдар өтеді. Ешбір уақыт ұзақтығы, мерзім межесі көмескіленіп “көзден таса, көңілден ұмыт» қалдыра алмайтын жылдар, оқиғалар болады. Сондықтан халық соғыс әкелген қайғы-қасіретті, миллиондаған адамның өмірін қиып, адам қолымен жасаған ұлы құндылықтарды талқандаған қантөгіс, сұрапыл соғысты ешқашан ұмыта алмайды.

1986 жыл. Желтоқсанда отты оқиға болды. Елдің егемендігін аңсаған жастар алаңға шықты. Желтоқсан желі дауылға айналды. Өрттей қаулаған өжет жастар ұлттық намыс құдіретін әлемге паш етті. «Ел-жұртым, саған аманат» - деп айтқан сөздері шын азаматтық сезімінің белгісі, оның тергеуде жазған өлеңдері жүрегінен шыққан жан сыры болып естіледі.

Егеменді еліміздің тыныштығын және бейбітшілігін қорғау, бұл әр азаматтың қасиетті борышы екендігі баршамызға әйгілі. Ал Отанды қорғаушылар тек қана білектің күшіне сүйенушілерден ғана болмай, ақылы мен қайраты, күш-жігері мен зердесі бірдей мықты болғаны – бұл ел қорғаушы ерлерге ежелден қойылып келе жатқан талап. Сондықтан болар, халқымыздан өткен Наурызбай, Бөгенбай, Райымбек сияқты хас батырлар шешен де, би де, ақыл-парасаты биік адамдар ретінде ел ішінде үлкен абыройға ие болған.

Биыл үшінші мәрте Конституция күніне және ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай еліміздің бас қаласындағы «Қазақ елі» монументі алдында ел Президенті - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен әскери шеру өтті. Биылғы шерудің бір ерекшелігі - тамыз айының 25-інен бастап ел Президенті - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қарулы Күштерімізде жаңа, жетілдірілген мерекелік және күнделікті киіп жүретін әскери киім үлгіcінің енгізілгендігі. Әскери қызметкерлеріміз шеруде жаңа әскери киім үлгісін тұңғыш рет киіп шықты. Екіншісі - қазақстандықтардың бұған дейін бұрын-соңды көрмеген жасақтар мен жаңа әскери техниканы еліміздің бас алаңынан алғаш рет тамашалауы болды. Конституция күні, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өткен әскери шеруге 2500 әскери қызметкер, 130-дан астам қару-жарақ пен әскери техника, сондай-ақ 60-тан астам ұшақ пен тікұшақ қатысты. Қазақстандық әскери қызметкерлер құрлықта, әуеде күрделі әскери техниканы басқарудың жоғары шеберлігін танытты.

«Біздің ұлттық әскеріміз - ұлыстың берік қорғаны, тәуелсіздіктің мығым тірегі! Мемлекет айбынды армиямыздың әрдайым қынаптағы қылыштай бабында болуына зор мән береді. Бүгінгі шара - соның жарқын айғағы.»- деп Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтып өтті.

Еліміздің Қарулы Күштерінде жоғары білікті, жақсы білім алған және Отанға берілген офицер кадрлар көптеп кездеседі. «Офицер - тек мемлекеттік қызметкер емес, ол көптеген адамдардың тағдыры тапсырылған мемлекет адамы» – деген болатын белгілі қолбасшы Б.Момышұлы. Сондықтан жоғары оқу орындарынан әскери білім алу – нағыз отаншыл, патриот азамат атану деген сөз. Алматыдағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының үшінші курсында ағам Нұржанның оқып жүргенін мен мақтан етемін. Нұржан – үздік курсантардың бірі, бірнеше мадақтау қағаздарымен марапатталған. Астанадағы әскери шеруге ол да қатысты. Бұл институт біздің еліміздің әскери ұжымдарымен пәрмендеу ғана емес, сонымен бірге ҚР ҚК құрылымдары мен әскери бөлімдеріндегі радиоэлектронды құрал-жабдықтарды пайдалана алатын жалғыз әскери оқу орны болып табылады.

Ата-бабаларымыз сыйға тартқан бақытты өмірімізді қорғау әрбір саналы азаматтың борышы. Қан мен тер, мерт еткен өмір арқылы келген бостандық – тарихи шындық. Ата-бабамыз, әже-апаларымыз салып кеткен дәстүрді берік ұстап, ел азаматы болу бүгінгі ұрпақтың қастерлі де бұлжымас абыройлы міндеті.

Кең байтақ Отанымыздың тыныштығын кірпік қақпай күзету, тәуелсіз мемлекетімізді көздің қарашығындай қорғау – әрбір қазақстандық үшін зор абырой. Бұл орайда, еліміздің ертеңі, болашағы – жастарға, жас ұрпаққа үлкен мәртебе болары анық. Ата Заңымызда “Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті” деп айқын жазылған. Демек, еліміздің азаматтары заңда белгіленген тәртіп пен түрлер бойынша әскер қызметін атқару барысында бір ғана мақсатты көздейді. Ол – Республика қызметінің түбегейлі қағидалары болып табылатын қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылыққа, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық дамуға, қазақстандық патриотизмге адал қызмет ету. Біздің мектептің түлектері де азаматтық борышын абыройлы өтеп жатқандарын айтқым келеді. Республикалық «Ұландардың» арасындағы Подвительский Николай және Астана қаласының жанындағы әскери бөлімдердің бірінде әскери қызметін өтеп жүрген Есентеміров Ыбырай деген азаматтарымызды мақтан етеміз.

Қазақстан өзге елдермен ынтымақтастық пен тату көршілік қарым-қатынас жасау, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, қарулы күшті бірінші болып қолданудан бас тарту саясатын жүргізе отырып мемлекет аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлінбеуін қамтамасыз етеді. Мұндай мәртебелі іс Қазақстан Қарулы Күштеріне жүктелген. Бүгінде Қызылжар өңірінің 1500-ге жуық жастары еліміздің әр қиырында мерзімді әскери борыштарын адал атқарып жүр. Бұдан тысқары келісім-шарт бойынша әскер қатарында шыңдалуға 200-ге жуық жас өз қалауларын білдірді.

Әрбір саналы азамат өзінің елі мен жерін қастерлеп, оны шексіз сүюі үшін аянбай еңбек етіп, өзінің бойындағы қасиеттерінің бәрін соған арнайды, қорғайды. Ел-жұртын құрмет еткен азамат – халықтың ұлы, оның нағыз перзенті. Ерді ел тудырса, ер елі үшін туады. Бұрынғыдан келе жатқан нақыл сөз, дәстүр де солай. Елін сүйген ерді халқы сүйіп, оны ардақтайды. Ер болып туған азамат халқының тарихын, мұң-мұқтажын, дәстүрін қастерлейді.

Азамат болу – ел қамын ойлау. Ел қамын ойлау – Отанымыздың тарихи даму жолындағы қилы күресті басынан кешірген бабалар мен әжелердің жанқиярлық еңбегі мен күресінің өтеуі. Солар қорғап қалған Отанды қорғау, қасиетті жеріміздің тыныштығын сақтау – Қазақстан Қарулы күштерінің азаматтық борышы.

Мағжан Жұмабаев: «Өзін-өзі соқыр сезіммен мал да сүйеді, мысалы, бие кұлынын сүйеді, қорғайды. Адамның шын мағынасымен «адам» болу үшін өзін сүю, жақындарын сүюмен қанағаттанбай, жалпы адаматты сүюі шарт», - дейді. Жалпы адамзатты сүюден отандық және ұлттық мүдделердің биік тұратыны ақиқат. Олай болса, «отаншыл» деп өзін, отбасын, елін, жерін, ана тілі мен мемлекеттік тілін, дінін сүйетін және оларды зор мәртебе тұтатын адамды атаймыз.

Халқымыздың өмірі, еліміздің келешегі гүлдену және даму үстінде. Мен өз жерімді, Отанымды сүйемін.


Шаңырағың – шырағым,

Топырағың – тұмарым!

Ғаламда жоқ сыңарың,

Басы таза бұлағым,

Басылмайтын құмарым,

Қазақстан – қыраным!



Жамшит Гүлбаршын, 9-сынып орта мектебі,

пән мұғалімі Ергазиева Ж. Қ.
Алтын анам, Отаным!

Сенен аяр жаным жоқ,

Сенен іркер күшім жоқ.

М.Әуезов
Туған жер, атамекен әр адамның тағдырын құрайды.Тек одан барлық алғаныңды ардақтап, бал жинаған арадай, жүрегіңе құя білуің шарт. Жер шарының қай ендігі, экватордың қай белдеуіеде жүрсем де, қайта соғар сағынышымды басар темірқазығым –туған жер атты ұғым біреу. Өзге топырақ, өзге ауа, өзге су оның орнын толтыра алмас. Қазақстан –менің кіндік кескен туған жерім. Алатау мен Қаратау жоталарынан Батыс Сібір Каспийден Алтай жазығына дейін көсіліп жатқан кең-байтақ өңір – менің Отаным.

Қазақстан – достықтың, бірлік пен татулықтың, байлық пен жайлы өмірдің мекені. Бұл мекенде аспанмен таласқан биік таулар, ұшы-қиырсыз далалар, тіпті теңіз деңгейінен төмен жатқан ойпаттар да бар. Ну ормандары, шалқар көлдері, сарқырап аққан өзендері –байлық көзі.

Қазақстан – даласы дарқан, топырағы қасиетті, қойнауы қазыналы. Қазақстан жер көлемі жөнінен 9-шы орынды алады. Міне, қазақ даласы қандай байтақ! Сондықтан ғой, күмбір-күмбір көне күй мен толғауы тоқсан жырларымызда: «Ұшса құстың қанаты талады, шапқан аттың тұяғы тозады, Атырауы-айшылық, Қаратауы күншілік» – деп толғайтыны.

Біздің халқымыздың атамекенді ардақтау сезімі өте терең, олар үшін туған жерді қасиет тұту – қанға сіңген мінез, ежелгі дәстүр. Бұл таным бізге ана сүтімен дарыған.
Батырлар жырындағы:

Атам күйеу болған жер,

Анам келін болған жер,

Кіндік қаным тамған жер,


– деген қарапайым жолдарда адамның туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігі мен ыстық сезімі тамаша бейнеленген.

ХХ ғасырдың сүргінін бастан кешіп, жаңа мың жылдықтың табалдырығын аттаған Қазақстан өзінің барша төлтума болмысын, жарқын да бай мәдениетін, ғасырлар қойнауында қалыптасқан салт-дәстүрін, қызық та қилы-қилы тарихын әлем халықтарының алдына жайып салып, құлдығы мен зорлығы жоқ жаңа өмірді жаңғырту үшін, еңбек пен мәдениетті жарастыру үшін, сұлулық пен парасаттылық салтанат құруы үшін жаңаша өмірге қадам басты. Байтақ ел, күн сәулетті Қазақстан бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті. Өлшеусіз табиғатымен, дамыған экономикасымен, бірлігімен аты шықты.

Елордамыз ел кіндігі Арқа жерінде ту тіккелі бері тәуелсіз республикамыздың өрлеуі мен өркендеуінің басты нышанына айналды. Астана-елдің жүрегі!

Біз жаңа ғасырға, жаңа мыңжылдыққа өркениетті ұлт ретінде, тарих сахнасына егеменді ел ретінде ендік. Әлемдік қауымдастықтың көшіне жеке керуен болып қосылдық. Тәуелсіздігіміздің айғағындай, елдігіміздің белгісіндей, алтын күндей Елтаңбамызды көргенде, әуелеген Әнұранымызды естігенде бойыңды ерекше бір асқақ сезім билейді. Мұны көру, сезіну де бір бақыт, маңдайға біткен бақ емес пе?!

Сол бір алыста қалған желтоқсан күнінде біз азаттық пен тәуелсіздікті таңдадық, өйткені өз болашағымызды дербес құрғымыз келді, өйткені біз қолда бардан әлдеқайда көпке қабілетті едік. Бұл туралы бабаларымыз армандаған еді, сондықтан да бізге олардың армандарын нақтылыққа айналдыру құрметі тиді. Біз өзіміздің дербес, қазақстандық жолымызды бастадық және бұл жол әлемдік қоғамдастықтың мақұлдауына ие болды.

20 жыл бойы біз күн сайын және сағат сайын өз жоспарымызды іске асырып, жаңа Қазақстанды – өз арманымыз бен үмітіміздің мемлекетін құрудамыз. Еліміздің 20 жылда жеткен жетістігін бір кітаппен де айтып жеткізу мүмкін емес. Тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешулі жолында алдымыздан шыққан асу-асу белдер де, ұлттың ұлан асуында ұйтқи соғатын желдер де болды. Сол асу-асу белдерде Қазақстан халқы белін талдырмады, сол ұйтқи соққан желдерде ұлы мұраттарын ұмыт қалдырмады. Бүгінде тарих еншісіне айналып үлгерген 20 жылда біз ұлы іске –Тәуелсіз Қазақстанды құруға, сақтауға әрі дамытуға, оның экономикалық және рухани күш-қуатын нығайтуға арнадық. 20 жыл ішінде Қазақстанның жеткен жетістіктері мен өткендері Қазақстанды құрыштай қылып шынықтырды, әлем мойындатқан елге айналдырды.

«Қанша ғасыр өмір сүрсе бұл қазақ, сонша ғасыр ұмтылды ғой елдікке», – деп Төле би бабамыз айтқандай, қазақ елі әрқашан да еркіндікке ұмтылған халық. Қазақ елі Еуразияның алабындағы ғажайып әрі қайталанбас тарихы, аспанмен тілдескен мұзарт шыңдары, тұңғиығы тұнжыраған жұмбақ көлдері, ақ жал толқындары асау арғымақтардай көкке шапшыған теңізі, күні от шашқан шөлейті, арналы өзені, ну орманы, сонымен қатар, ауызбірлігімен аты шыққан көпұлтты халқы бар ел. Ең бастысы, қазақ халқымен бірге әртүрлі этностардың да Отаны болып табылатын біздің еліміз бүкіл әлемге қоғамдағы татулық пен ынтымақтастықты сақтаудың әр түрлі ұлттық мәдениеттер мен діндердің үйлесімді дамуына қамқорлық жасаудың жарқын үлгісін көрсетіп берді.
Қуаныштан қалай кеуде кермеспін,

Бұл күнімді бір ғасырға бермеспін.

Ақ түйенің қарны міне жарылды,

Тәуелсізбін, егеменмін, дербеспін.


Ғасырлар бойы армандап жеткен елдігімізге қорған болар отансүйгіш патриоттар көп болсын демекпін. Тәуелсіздік біз үшін қалай маңызды болса, отан қорғар әскердің біз үшін маңызы зор. Келер ұрпақ қазіргі әскерден үлгі алып, отаншыл, батыр ұландар болып ер жетуі – еліміздің қорғанының мықты болуының кепілі.

Казкеева Диана, 9 сынып оқушысы

2 Новоишим орта мектебі

пән мұғалімі Мукатова Ж. Ж.
Қазақстан гүлдену жолында
Тәуелсіздік! Тәуелсіздік деген

қастерлі сөз екен-ау!

Шыдамадым қапасқа,

Кеңшілікке қаштым.

Көндікпедім матауға

Асау атша бастым

Уһ, шырқап, зымырап,

Сұңқардай зулап ұшайын!

Ұшайын!

С. Сейфуллин


Міне, биылғы жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл толды.

Тәуелсіздік! Қандай рухты, қандай жүрекке жылы, жанға жайлы ұғым! Тәуелсіздік – жатса түсінен, жүрсе есінен кетпейтін ата-бабамыздың сан ғасырлық арманы еді. Бұл сөздің тұңғиығында бабаларымыздың мақсаты, тәуелсіздік жолында құрбан болған талай қас батырлар мен боздақтардың кейінгі ұрпаққа қалдырған аманаты жатыр. Бүгінгі таңда дүниежүзінің ірі мемлекеттерімен тереземіз тең, керегеміз кең елміз.

Қазақстанды Азия Барысына айналдыруды мақсат еткен Елбасымыз өз алдына қойған талаптарды орындайды деп кәміл сенемін. Себебі, жиырма жыл бұрын қазынасы бос, экономикасы төмен елді дұрыс жолға қоя білген, елімізді гүлдендіру жолында қиыншылықтарға төзе жүрген, тәуелсіздікке қол жеткізген ғажайып сәттен аз уақыт өткеніне қармастан мақтан тұтарлық талай шыңдарға жетектей білген, Отаны үшін еңбек етіп, халық жүрегіне сенім ұялата білген еліміздің перзентін халық қолдауда.

Иә, Елбасымыз еліміздің іргетасын мықты етіп қалап беріп, Қазақстанның болашақ иесі – біздердің сапалы білім алып, Отанымызды одан әрі гүлдендіріп дүние жүзінің алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттер санына қосуға жағдай жасап, мүмкіншілік шегін ұлғайтып жатқанына қалай шаттанбассың?!

Мен бақыттымын! Себебі, мен тәуелсіз елдің азаматымын, мен оның кішкентай да болса бөлшегімін, мен оның ертеңімін. Бүгін партада отырған шәкіртпін, ертең Қазақстанның келешегімін. Қанаты қырқылмаған, көкке қарай еркін өрлеген қыранмын. «Қазақ» десе, соққан жүрегім лүпілдеп, бет ажарым жадырап, «Мен қазақпын» деген мақтаныш толы сезімге бөленемін. Мен Қазағымды сүйемін, мен онымен бірге күйемін, бірге қуанамын. Мен де Қазақстанымдай үлкен өмірдің табалдырығын аттағалы тұрған жанмын.

Астана – біздің мақтанышымыз, тірегіміз. Елордамыз Алатау баурайындағы әсем қала Алматыдан Сарыарқа төсіндегі жаңа қала Астанаға көшті. Таң қаларлық аз уақыт ішінде көркейіп, гүлденген Ақордамыз елдігіміздің жаңа беттерін ашқандай, тәуелсіздігімізді әлемге әйгілегендей болып тұр. Жарқын болашаққа есігін айқара ашқан арман қаламыз өнер – білім, мәдениет пен ғылымның ордасына айналуда.

Тәуелсіз ел екенімізді қазір мақтанышпен, көкірек толы қуанышпен, нық сеніммен айта аламыз. Ал бұдан жиырма жыл бұрын ше?!

Бұдан жиырма бұрын дәл жанымда отырған сыныптастарым және мен жөргекте жатқан, сәбилік санамыз ештеңе білмейтін, тоя ішкен сүтімізге мәз болып анамыз жайған ақ бесікте қамсыз жатқан нәресте едік...

Біз «соғыс» дегенді көрген жоқпыз, көрмесек екен. Соғыстың құны – тесілген жүрек, соғыстың құны – кесілген білек екенін білеміз. Біз – елдің болашағымыз. Елбасы айтқандай, 50 елдің қатарына кіру мақсатын жүзеге асыратын бәсекеге қабілетті, «Болашақ» бағдарламасын меңгерген ұл-қыздары.

Кешегімізді бағалап, әлі де негізгі жол алда екенін, ол үшін жаңа күш-қуат керектігін түсіну абзал. Сондықтан Отанымыздың болашағы үшін аянбай еңбек етіп, білім алу, жас тәуелсіз еліміздің Көк байрағын биік ұстау біз үшін парыз.

Шығармамды аяқтай келе, «Тұғырың биік болсын, Қазақстаным» дегім келеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет