3) Орта ғасырлар кезеңі Қазақстанда Түркі қағанатының құрылуынан басталып, XVI ғасырдың аяғына дейін созылады (Алтын Орда, Ақ орда, қазақ хандығы). 4) Жаңа дәуір XVII ғасырдың басынан XX ғасырдың басына дейінгі уақытты алып жатыр. Бұл кезеңді үш дәуірге бөліп қарастыру орын алған: XVII ғасырдың басынан XVIII ғасырдың басына дейінгі уақыт. Бұл кезеңде Қазақ хандығы Орта Азиядағы ең мықты, дербес көшпелі мемлекет ретінде қалыптасты; XVIII ғасырдың басы мен XVIII ғасырдың аяғына дейінгі уақыт. Қазақ халқының өз тәуелсіздігі үшін күрес (жоңғарлармен, Еділ қалмақтарымен, Орта Азия хандықтарымен, башқұрттармен түркмендермен т.б.) жүргізді; XVIII ғасырдың аяғынан басталып XX ғасырдың басына дейін созылады. Бұны Ресей империясының отарлау саясатының кезеңі деп алып, тәуелсіздік идеясының, ұлт-азаттық қозғалысының жаңа сипатта дамуы қарастырылады. 5) Қазақстан Кеңес дәуірі кезінде. Бұл кезең Кеңес үкіметі орнаған 1917 жылдан басталып, 1991 жылға дейінгі уақытты қамтиды. Бұл кезеңге кейбір отандық тарихшылар кеңестік отарлық кезең деген атау беріп жүр. Оның өзіндік себебі де бар: 74 жылға созылған Кеңес үкіметі тұсында орталықтың (Мәскеудің) экономика, саясат, мәдениет, әлеуметтік жағынан үстемдігі орнады.