3.1. Фразеологизмдердің көркем туындылардағы қызметі Қазақтың әдеби тіліндегі әсірелеу, көркемдеу тәсілінің ішінде фразеологизмдердің алатын орны ерекше. Фразеологизмдер –көркем шығарма тілін жандандыратын, астарлап бейнелей суреттеудің тілдегі дайын құралы. Бұлар-халық даналығына суарылған образды ойлау тілінің үлгісі.Халық тілінің осы бір байлығын жазушы өз шығармасында қажетіне қарай пайдаланады, оның ішінен өзіне керегін таңдап алады. Жазушы халық тілінің бар байлығын, сөз айшықтарын өз шығармасында творчестволық тұрғыда жұмсай отырып, өзіне ғана тән стиль құрады. Яғни, Белинский айтқандай, даралық слог жасайды. Профессор А.Ефимов «Жазушылардың өзіндік стилі деп көркем шығармаларындағы жалпы халықтық тілдің тәсілдерін өңдеп жұмсаудағы сөз құрау жүйесін айтады», -дейді. Жазушы Ғ.Мұстафин өз туындыларында халық тілінің бай қазынасынан көркем сөздің алуан түрлі өрнектерін мақсатты ойына лайықтап алып отырады.