Сонымен, курстың негiзгi мiндетi не? Мiндет – болашақ журналистердiң баспасөз материалдарын әзiрлеуде белгiлi бiр ой-тұжырымының қалыптасуына, дүниетанымдық қабiлетiнiң артуына әрi композициялық шешiм табуына, сол арқылы лексикалық-стилистикалық сауатын ашып, жазу машығының қалып алуына жәрдемдесу.
Жоғарыда айтқанымыздай, лекциялық материалдар негiзiнде практикалық дәрiстер ұйымдастырылады. Мәтiндi редакциялау шығармашылық жұмыс болғандықтан, бұлардың денi студенттермен жеке-жеке жұмыс жүргiзу арқылы көрiнiс табады. Алдымен бiрнеше вариантта үй тапсырмасы берiледi. Түзету үшiн 2-3 мәтiн iрiктелiп алынады. Студент өз қалауынша әлгi мәтiндердiң бiрiн таңдайды. Оның тақырыбына, тiлi мен стилiне, логикалық және мағыналық қателерiне мән бередi. Кейде практикалық дәрiстiң авторедакциялау түрiн де пайдалануға болады. Осылайша практикалық және лабораториялық сабақтардың нәтижесiнде оқу газеттерi шығарылады. Радио мен теле-редакциялауға да ептеп көңiл бөлiнедi.
Жалпы теориялық дәрiстерде редакциялау процесiнiң, оны газет редакциялары мен кiтап баспаларында ұйымдастырудың маңызды шарттары қарастырылады. Редактор еңбегiнiң ерекшелiктерi сөз болады.
Сондай-ақ, мәтiндi редакциялау әдiстемесiнiң мәселелерi де (түзету, логикалық және мағыналық қателердi анықтау, шығарма композициясымен жұмыс, тақырып таңдау, фактiлi материалмен жұмыс, т.б.) кеңiнен қозғалады.
Мәтiндi әдеби өңдеудi үйрету – өте күрделi, көп тер төгудi қажет ететiн жауапты iс. Сондықтан да әдеби редакциялаудың кейбiр мәселелерiн тереңдетiп, жеке-жеке қарастыру үшiн «БАҚ тiлi мен стилi», «Баспасөз тілі», «Журналистің сөйлеу мәдениеті» сияқты арнаулы курстар да оқытылады.
Әдебиеттер Мухамадиева Л.И. Теория и методика редактирования. – Алматы: Қазақ университеті, 2007. – 228 с.
Добросклонская Т.Г. Язык средств массовой информации. – М.: КДУ, 2008. – 116 с.