Ертіс — үлкен өзен. Өре басы Қытайдан келеді. Екі қабағы
ызғындай ел. Ызғындай елдің ортасындағы өнер-білімнің, сауда-
кәсіптің, от арба, от кеменің тоғысатын кіндігі қара шаңырақ
Семей. Семей бір гүбірне елдің миы: ақыл-ойдың табысы —
Семейде. Семей бір гүбірне елдің жүрегі: Семей бүлік етсе, бір
гүбірне ел бүлкілдейді.
Ертістің оң қабағында — Семей, солында — Алаш қаласы. Алаш
пен Семей арасынан өткенде, Ертіс сауулы інгендей талтаяды.
Талтайған жерінде арал пайда болады. Аралдың өнбойы сыңсыған
орман. Жаз болса, орман жасарады, астына шалғын кілем
төсенеді. Арал сәнденеді. Арал жанданады. Екі қаланың еті тірі
еркек-әйелі қызылды-жасылды киім киіп, түрленіп, қайыққа мініп,
сол Аралға — көкке шығады.
Арал толған ағаш. Ағаш арасы жол. Жол жиегі жасыл шөп пен
түрлі гүл. Гүл әдіпті жасыл жолда иін тіресіп, ерсілі-қарсылы
жүріп жатқан жан. Ағаш-ағаштың саясы топ-топ адам. Ол
топта пәремішін кәрзеңкелеп, тәукеншіл самаурынын бықсытқан
татар әйелдері де бар; орталарына қымыз қойып, қой сойып, жер
ошаққа еттерін асып шымырлатып жатқан қазақ та бар; қыз
қолтықтаған, гүл терген орыс та бар; арақ ішкен, мас болған,
сырнай тартқан, өлең айтқан орыс, татар да бар. Ән-күй де,
қызық-сый да, сұлу қыз да, сұлу қымыз да, махаббат та, карта
ойыны да төбелес те, айқай-ұйқай да, ойын-күлкі де — бәрі содан
табылады.
Күн жұма. Ақша бар ма? Әйда, Аралға. Ее қайықты! Әпкел
домбыраны. Әміре қайда? Шақыр мұнда! Соқсын «Ардақты»!
Сыңғыратсын Аралды! Көтерсін Семейді басына!.. Ай-хай, жасыл
Аралым! Қызық еді-ау бір күнде! Әлі де солай ма екенсің? Біз
Аралдан кеткелі көп айлар, көп жылдар өтіп барады. Сағындық-ау
Аралды! Сағындық-ау Семей, Алашты!..
Сол Аралда, Алаш жақта, үлкен қарағаштың түбінде, Ертістің
шымырлап аққан суына көз салып, көк теңбіл желек жамылған,
аппақ шөлмектей бір келіншек отыр-ау! Өзге жұрт Арал кезіп,
арақ, қымыз ішіп, қызыққа батып жатқанда, жападан жалғыз
отырған неткен келіншек екен?! Тегі жәй емес қой; аузы
жыбырлап, жынды кісіше өзінен-өзі сөйлеп отыр.
...— Шіркін-ай! Біздің ауылдың жайлаудағы шалғыны қандай еді!
Бұзау көрінбей кетуші еді!.. Ауыл келіп қонғанда жұпар иісі
мұрныңды жарушы еді!.. Тау аясындағы айдын көлінің айнадай суы
қандай еді! Өңшең ұсақ бала шолпылдатып суға шомылып,
жұмыртқа іздеп, жылан бас, тана теріп кетуші едік... Есіл қызық
күндер-ай! Есіл оң жақтағы дәурен-ай! Елім-ай! Жерім-ай!
Сағындым-ау, қайтейін.. — деп отыр еді.
Сол кезде ағаштың ар жағындағы жолмен орысша киімі бар бір
жас әйел келе жатып, келіншектің сөзіне құлақ салып тұра қалды.
«Сағындым-ау, қайтейін!» деген кезде, келіншектің қарсы алдынан
өте беріп, бетіне қадала қарады да, тамсанып тоқтады:
— Япырау! Жаңылмасам... таныдым ғой: сен, Камила емеспісің?!—
деп... жаза басам ба дегендей, аяғын бір басты.
— Иә,— деп келіншек көзі бажырайып, көсілген аяғын жиып алып,
қарай қалды.
Орысша киінген әйел таянған сайын, келіншек тесірейе қарап, дәл
қасына келе бергенде:
— Бауырым, жиен-ау! Сені де көретін күн бар екен!— деп ұшып
түрегеліп, мойнынан құшақтай алды. Келіншектің көзінен жасы
Достарыңызбен бөлісу: |