Тегі құны қалған ғой. Құны емей немене? Екі баласынан айырып,
Ақбілектің әкесі сатып алды. Мынау шалдың екі кішкене баласын
көргенде, өз балалары есіне түсіп, олар не боп жүр екен? — деп
ішін жарып жібергендей болушы еді. «Ит ашуын тырнадан
аладының» кері ғой, көзіне көрінген, әлі жеткені Ақбілек еді. Бірақ
Өрік байға бауыр басқандай, дүниені бала қылғандай, өз балаларын,
өткен күнін ұмытуға да айналып бара жатыр еді. Оның
күйттегені, көбінесе, жаңа өмірдің қызық-шыжығы еді.
Ақбілекпен өштігі әуелде өткен күнін көксеуден туса да, жүре-
жүре ол себеп ұмытылып, енді тек өштіктің қызырына
түскендіктен өшігуші еді. Жығылғанды жұдырықтау оған өнер,
мақтан есепті көрінуші еді. Үйткені адам — айуанның айуаны ғой.
Кімнің басына күн туса, соны табалауға, мұқатуға, одан әрі
батпаққа батыруға құмартып тұрады: табаласа, аяғымен
таптаса, сонда айызы қанады. Әсіресе, ел мақтаған, кірсіз
адамды кірлеуге жаны өш болады. Үйткені кір көңіл адам кірсізді
көре алмайды, күндейді; өзіндей қылуға тырысады.
Қыстың аяқ кезінде, Өрік ақсақалды әбден өзіме қараттым ғой
деп, сенімі күшейген кезде, Ақбілектен ақтық көңілін шығаруға,
екіқабат екенін естіртті. Ақсақал аяқ астынан аю шыға келгендей
шошып кетті:
— А, А... қой... қой! Ой... ой!.. — дей берді.
Қатын жанын беріп сендірді. «Оны азсынсаң» дегендей босанатын
мезгілі де таяу екенін білдірді.
Ақсақал абдырады, састы, қысылды. Бұрын қыздығынан айрылды
деп, өкініп, қызғанып, жиреніп жүрген үстіне мына хабар
төбесінен жай түскендей болды. Түнеугүні Әбен ауылына
барғанда, Ақбілекті басқа жерге бермек боп, сөз байласып
қайтқан еді. Ол беретін жерде хабар болмай кетіп еді. Әбеннің
тіліне сеніп: «Қызымды Бекболатқа бермеймін» деп, құдасына
сәлем айтып жіберіп еді. Не онда жоқ, не мұнда жоқ, бұл қыз бір
масыл болды ғой, өтпей қалып, абиырымды алмаса игі еді... — деп
жүргенде, мына хабарды естіген соң, қызынан біржола көңілі
суыды. Бүйтіп масқара болғанша, неге баласын түсіріп
тастамады екен? Бұл — орыстың баласы ғой. Орыс түгілі, өз
күйеуінің баласын оң жақта тапқан қызды кім естіген? Одан
масқара нәрсе бар ма? деп азуын шайнады. Ақбілекті тауып
әкелген кездегі жиренгені, қынжылғаны — мынаған астар болмай
қалды. Япырай? Бұ қызды енді қайтсе екен? Көзін қайтіп жойса
екен? Буындырып өлтірер ме еді... Таспен атып өлтірсе қайтер
ед? Қол-аяғын байлап, суға тастап жіберсе, нетер ед?..
Осындай ауыр ойлар жанын жеп, жігері құм боп, ішкені ас
болмай, бітеу жара асқынып жүргенде, бір күні қораның ішінде
қасына қатыны келіп:
— Қызың толғатып жатыр!— деді.
Ақсақалдың көзі қанға толып кетті, дауысы қырылдап: — Кетір...
Кетір бәлекетті!.. Жоғалт кәпірдің көзін!.. Көрсетпе, көрсетпе!..
— деуге тілі келді.
Өрік үкідей ұшып Ақбілекке келіп:
— Әкең бұл үйден кетсін деп жатыр! Тұр, жылдам! Кет! Бар ана
сырласыңа!.. Келімді-кетімді кісі бар... Сені жайратып отыра
алмаймыз... Сенің қағанағыңды жуатын мұнда кісі жоқ...— деді.
Өзі қиналып, құр жаны отырған Ақбілекке мына сөз қалай тигенін
Достарыңызбен бөлісу: |