Қорытынды
Қазіргі кезде егемен елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда. Бұл оқу-тәрбие үрдісіндегі елеулі өзгерістерге байланысты болып отыр. Себебі, білім беру парагдимасы өзгерді, білім берудің мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас, жаңаша қарым-қатынас пайда болуда.
Қазақстан Республикасының Президенті Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» деп аталған халқына Жолдауында «Өмір бойы білім алу» әрбір қазақстандықтың кредосына айналуы тиіс. Біз кәсіптік және техникалық білім берудің мазмұнын толық жаңартпақ ниеттеміз» - деп атап көрсеткені белгілі. ХХІ ғасыр деңгейінде білім беру мен кәсіптік даярлау тақырыбы – Жолдаудың басты бөлімдерінің бірі «Қазір бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман» деп Елбасымыз айтқандай, дарынды, білімді ұрпақ еліміздің ертеңі екені даусыз. Келер ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде мұғалімдердің инновациялық іс-әрекетінің ғылыми-педагогикалық негіздерін меңгеруі маңызды мәселелердің бірі.
Сондықтан да әрбір оқушының қабілетіне қарай білім беруді, оны дербестікке, ізденімпаздыққа, шығармашылыққа тәрбиелеуді жүзеге асыратын жаңартылған педагогикалық технологияны меңгеруге үлкен бетбұрыс жасалуда. Өйткені мемлекеттік білім стандарты деңгейінде оқу үрдісін ұйымдастыру жаңа педагогикалық технологияны ендіруді міндеттейді.
Әрбір мемлекеттің интелектуалдық, экономикалық, парасаттық және мәдени қарымы білім сапасының күйін, оның прогрессивтік даму тарихын айқындайды. Осы тұрғыдан алғанда, егемен қазақ елінің білім мен ғылымының стратегиясы, білім беру жүйесінің ұлттық білім мен тәрбие идеяларын сақтай отырып, әлемдік білім кеңістігіне кірігуімен анықталады. Қазіргі мектептердегі оқушылардың бойындағы функционалды сауаттылық пен өмірге қажетті құзырлылықтар жиынтығын дамытуға басты назар аударылып отыр. Сондықтан әрбір ұстаз жаңа кезең мұғалімінің қызметіне сай болу үшін педагогикалық үрдістің бірізділігін және оқу мен тәрбиенің бір тұтастығын сақтай отырып, оқушының рухани өсуіне жағдай туғыза алатын, жаңалықтарды қабылдауға әзір, өз әрекетіне өзгеріс енгізе алатын, өзгермелі өмірге оқушыны да, өзін де даярлай білетін шығармашыл тұлға болуы тиіс.
Қазіргі талаптың басты міндеті – педагог мамандардың кәсіби құзырлығын қалыптастыру мен біліктілігін үздіксіз арттыруды, ғылыми-әдістемелік қызметтің жаңашылдығын, түрлері мен әідстерін іздестіруді қамтамасыз ету, оны үйлестіре білу болып отыр. Осы мақсатта республикамызда бұрын-соңды болмаған мектеп мұғалімдері біліктілігін арттырудың 3-ші деңгейі бойынша 3 айлық курс іске асырылды.
Бағдарламаның мақсаты – оқушылар өздерінің қалай оқу керектіліне назар аудара отырып, олардың өз ойлары мен дәлелдемелерін нақты жеткізе алатын, яғни ойға жүйрік, тілге шешен, әрі жазбаша түрде еркін, көркем бейнелеп жазуға төселген, бірнеше тілді қатар меңгерген бәсекеге қабілетті жан-жақты жетілген жеке тұлға қалыптастыру болып табылады. Ондай «тұлға» болашаққа сенімді, ынталы, сыни пікір көзқарастары жүйелі дамыған, қазіргі сандық технологияларды, өмірде өз білімін қалыптан тыс жағдайда да еркін әрі терең пайдалана білетін жан болуы тиіс.
Оқытудағы «Кембридж бағдарламасының» теориялық негіздерінде түрлі тәсілдер қарастырылғанына қарамастан, орта білім беру жүйелерінде әлемдік жоғары деңгейде қол жеткізген анағұрлым танымал оқыту әдістемелері арасында сындарлы (конструктивті) теориялық оқыту тәсілі басымдылық берілген. Бұл оқытудың басты бағыты – ойлауды дамыту болып табылады. Яғни, оқушы өзінде бар білімді түрлі дереккөздері арқылы, мұғалімнен, оқулықтан, достарынан алған білімдермен біріктіре отырып іске асырады. Осыған дейін біз дәстүрлі оқыту үрдісін іске асырып келгенбіз. Өткен ғасырдың басында-ақ американ педагог-психологі Джон Дьюи жоғарыдағы «дәстүрлі» білім беруді енжарлықпен білім алу үдерісі ретінде сипаттады және өзара әрекеттің немесе сыни қатысудың төмен деңгейін ғана қажет ететін жаттап алу әдісі деп сынаған.
Ал осыған дейін біздер қолданып келген «дәстүрлі оқыту» қандай оқыту? Ол – қазіргі мұғалімнің 40 минуттағы іс-әрекеті. Мұғалім кіреді, сабақ сұрайды, сабақ түсіндіреді. 4-5 оқушыны бағалайды, қалғандары сол қалпында қалады. Бұл жердегі мұғалім тарапынан берілген дайын білімге оқушылар өздігінен ары қарай дамыту, іздену, ойласу, атсалысу, салыстыру, пікір алмасу, пікір таластыру т.б. жайлар қолға алынбайды. Мұндай білімнің аясы тар, көбіне жаттанды есте сақтауға алып келеді. Сондықтан көбіне санада механикалық есте сақтау арқылы алынған білім ойлаудың төменгі деңгейінде ғана жүзеге асырылады. Ары қарай терең ойлану үрдісі іске асырылмайды. Ал сындарлы («конструктивті») оқытуда керісінше, мұнда басты басымдылық оқушыға беріледі. Мұғалімнен гөрі оқушы көп ойланып, көп талқылап, достарымен көп сөйлесіп, әрекеттенуі керек. Ал мұғалімнен өз сабақтарын оқушының идеясын, білім-біліктілігін дамытуға ықпал ететін міндеттерге сай етіп ұйымдастыру талап етіледі. Мұндай міндеттер оқушылардың оқыған тақырып бойынша білімдерін өз деңгейінде көрсетіп, кейбір болжамдар бойынша күмәнді ойларын білдіре алатындай пікір-көзқарастарын нақтылап, жаңа ұғым-түсініктерін өрістетуге орайластырылып құралады. Бұл жерде «Маған айт, мен оны ұмытамын, көрсет, мүмкін, есімде сақтармын, мені қызықтыр, мен сонда түсінемін» деген қытай мақаланың түпкі мағынасына терең бойлауға тура келеді. Ғалымдар оқыған, естіген, көрген т.б. әрекеттерден гөрі адамның өзі өзгелерге түсіндірген білім көп есте сақталатынын айтады.
Бағдарламаның басты жаңа бағыты – іс-әрекет арқылы зерттеу болып табылады.
Жаңаша оқытудың «Кембридждік» жүйесі бойынша бұл тәсіл біршама өзгерді. Мұнда балаларға білім дайын күйінде берілмейді, керісінше оқушылардың өздерін еркін ұстауға, ойлануға мүмкіндік жасалады. Олар өз беттерімен және өзара әрекеттесе оқып-үйреніп, ортақ бір шешімге келуге бағытталады.
Бүгінгі заман ағымы болашақ ұрпақтың ой-өрісінің шыңдалуын, жеке тұлға ретінде қалыптасуын талап етуде. Осы орайда ұлы педагог Ушинскийдің «Бала – балқытылған алтын» деген қанатты сөзі еске түседі. Балаға қалай бағыт берсең, солай өседі.
Стронг «Мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға- мұғалім» деп атап көрсеткендей, егеменді еліміздің алғышарттары өркениетті елдер қатарына көтерілуді міндет етсе, өркениетке жету үшін жан- жақты дамыған, рухани бай тұлғаны өсіруде ұстаздар қауымының алдында жаңа міндеттер қойылып отыр.
Қорыта айтқанда, ұстаздық қызметтің қыры мен сыры мол. Сондықтан да ұстаздар өз ісінің қыр-сырын жетік меңгерген болса, бүгінгі қоғамымызды байтатын, дамытатын, жаңартатын адам тәрбиелеуде мол мүмкіндік ашылатыны сөзсіз. Мұғалімнің кәсіби білік дағдылары –оның жеке кәсіби педагогикалық мәдениетін көрсететін өлшем. Олай болса жаңаша өмірге бет бұрып жаңаша ой түзеген егемен еліміздің ұрпағын білім нәрімен сусындататын саналы тәрбие, сапалы білім беретін жеке тұлға, мәдениеті мен кәсіби шеберлігі шыңдалған мұғалім-ғасыр көшін бастаушы болып табылады. Тәуелсіздігіміз-халқымыздың ғасырлар бойы армандап қол жеткізген бақытты, оның іргетасы мықты болып, нығаюы жас ұрпақтың терең білім мен тәлімді тәрбиесіне тікелей байланысты. Саналы білім-ел экономикасын, саясатын әлем алдында бәсекеге қабілетті болуға сай мазмұнды білім беру ұйымдастыру- 12 жылдық оқуға тікелей байланысты. 12-жылдық білім берудің негізгі мақсаты –еліміздегі білім беру жүйесінің құрылымы мен мазмұны толықтай өзгерте отырып, жаңа заманға сай мектеп құру. Мектепті бітірген әрбір шәкірттің мақсаты айқын, міндеті нақты, өз қажеттілігін қанағаттандыруды көздейтін білімді іздеуге қабілетті болуы тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1) Мұғалімге арналған нұсқаулық. (ІІІ деңгей)
2 ) И.Қазымбек «Жаңашылдық, жаңа әдіс- оң нәтиже» Қазақ тілі мен әдебиеті журналы№ 11.2015ж
3) Н. Қадырқұлова « Жаңаша оқытуға – жаңаша көзқарас» Қазақ тілі мен әдебиеті журналы № 1. 2015ж
4)Г.Қараманова «Сын тұрғысынан ойлау әдіс-тәсілдерін пайдалана отырып,оқушыларды шығармашылық деңгейін дамыту» Қазақ тілі мен әдебиеті журналы №4.2015 ж
5) «Әдіскер мұғалім» журналы № 3-4 2014ж.
Достарыңызбен бөлісу: |