жарияланды. Онда: «Азаматтар! Мемлекеттік Думаның Уақытша комитеті мүшелері
астана жұртшылығы мен әскердің қолдауы, ниеттестігі арқасында қазіргі уақытта ескі
режимнің қара күштеріне қарағанда анағұрлым табысқа жетіп отыр. Қалыптасқан жағдай
атқару өкіметін құруға мүмкіндіктер туғызды. Осы мақсатта Мемлекеттік Думаның
Уақытша комитеті бұрыңғы қоғамдық-саяси қызметімен көзге түскен өкілдерден
құрылған алғашқы кабинеттің министрлерін тағайындады»,-деп князь Г.Е.Львов
басқаратын кабинеттің министрлері көрсетілді. Бұл кабинет өз қызметінде: 1) саяси, діни,
қарулы көтеріліс және т.б. істер бойынша амнистия жариялауды; 2) сөз және баспасөз
бостандығын жария етуді; 3) ұлттық, діни және сословиелік шектеулерді жоюды; 4) елді
басқару формасын, конституциясын айқындайтын жалпыға бірдей жабық, тікелей дауыс
беру арқылы сайланатын Құрылтай жиналысына тоқтаусыз дайындық жүргізуді; 5)
полицияны милициямен алмастырып, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына
бағындыруды және т.б демократиялық негіздерді басшылыққа алатынын мәлімдеді.
Патшалық билікті құлатқан Ақпан революциясын қазақ қоғамы зор қуанышпен
қарсы алды. «Қазақ» газеті 9 наурыздағы санында: «....Киіз туырлықты қазақтың оң
жағынан ай, сол жағынан күн туды, жақсылық, қуаныш тек қана орыстардікі емес, отаны
Руссия болған жұрттың бәріне тегіс жақсылдық, бәріне тегіс қуаныш» - деп жар
салды.Ақпан революциясы қалың бұқараның саяси құқықтарын кеңінен пайдалануына
мүмкіндік жасады, олардың саяси күреске ашық араласуын қамтамасыз етті. Елдегі
қоғамдық өмірде саяси партиялардың ролі орасан өсті. Революция патшалық цензураны
жойды. Жұртшылық сөз және жиналыс бостандығын кеңінен пайдаланды.
Ақпан төңкерісінің қазақтар үшін қаншалықты маңызды болғанын А.Байтұрсынов:
«Алғашқы революцияны қазақтар тура түсініп, қуанышпен қарсы алса, ол, біріншіден, бұл
революцияның оларды патша өкіметінің қанауы мен зорлығынан құтқаруында және,
екіншіден, оларда өзімізді басқарсақ деген ескі үмітінің нығая түскенінде еді», - деп
түсіндірді. Халықтың Уақытша үкіметке барынша қолдау көрсетуіне оның 1916 жылғы 25
маусым жарлығының күшін жойып, енді бұратаналарды қара жұмысқа алуды тоқтатуын,
ал 7 наурызда 1916 жылғы көтеріліске қатысушыларға амнистия жариялау сияқты
шаралары да ықпал етті.
Самодержавияның құлатылғаны жайлы хабарлар жер-жерлерге жетісімен түрлі
әлеуметтік топтардың, саяси партиялардың өкілдері жоғарыдан нұсқау күтпей-ақ,
өздерінің қоғамдық ұйымдары арқылы жергілікті басқару органдарын құруды қолға ала
бастады. Қоғамдық негіздегі құрылған мұндай жергілікті басқару органдары: азаматтық
атқару комитеті, біріккен қоғамдық құрама (коалициялық) атқару комитеті деген сияқты
атауларға ие болды.
1917 жылдың 5 наурызына дейін Қазақстанда да қоғамдық негіздегі атқару
комитеттері құрыла бастады. Мысалы, 3 наурызда Көкшетауда, 4 наурызда Қызылжарда,
5 наурызда Семейде біріккен қоғамдық ұйымдардың атқару комиттері құрылды. Бұл
ұйымдарға түрлі әлеуметтік топтар мен саяси партиялар мүшелікке ұмтылды. Бұл
халықтың демократиялық басқару дәстүріне құлшына араласқанын аңғартады.
Мемлекеттік Думаның Уақытша комитеті мен Уақытша үкімет билік орындарын
құру туралы 5 наурызда арнайы қаулы жариялады. Осыған байланысты жергілікті
басқаруда, ел өмірін жаңа мазмұнда ұйымдастыруда өзгерістер бола бастады. Наурыз
және сәуір айлары ішінде ескі әскери губернаторлық, уездік, болыстық және ауылнайлық
басқару жүйелері жойылып, келмеске кетті. Олардың орнына Уақытша үкіметтің
облыстық және уездік комиссарлық басқару жүйесі, сонымен бірге облыстық, уездік,
болыстық және ауылдық деңгейде азаматтық комитеттер және олардың атқару орындары
қалыптаса бастайды. Мамыр мен маусым айларында бұларға қосымша облыстық азық-
түлік комитеті, жер комитеті және басқа осы сияқты басқару орындары құрылады.
Батыс майдан штабы жанынан земскі және қалалық одақтардың бұратана бөлімін
басқарып жүрген
Достарыңызбен бөлісу: