Тақырып 5. Қазақстанның Ресейге қосылуының екінші кезеңдегі арнайы барлау мақсатындағы зерттеулер - 2 сағат
Орыс географиялық қоғамы және оның Қазақстан жерін зерттеуге ұйымдастырылған экспедициялары
Э.А.Эверсман, А.И.Левшин, Г.С.Карелин, А.И.Шренк экспедициялары мен еңбектері
ХІХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары Қазақстанның Ресей-
ге қосылуының екінші кезеңіне аяқ басты. Кіші жəне орта жүз
қазақтарының орыс мемлекетінің қоластына кіруі халқының көбі
əлі де болса жоңғар феодалдары мен Орта Азия хандықтарының
езгісінде жапа шеккен Ұлы жүзге зор əсер етті. Өздерін көршілес
дүрдараз халықтарының езгісі мен шапқыншылығынан құтқарып,
қорғаныш əрі асқар таудай пана болу тек Россияның ғана қолынан
келетінін Ұлы жүз қазақтары жан-жүрегімен сезді.
1819 жылдан бастап 1856 жылға дейін Ұлы жүз жерлері бір-
бірлеп Ресейге қосылды. Қазақстан территориясын өз игілігіне
мықтап бекіту мақсатымен патша үкіметі Қазақстанның оңтүстік
жəне оңтүстік-шығыс аудандарының Ресейге қосылу барысы-
на қарай жаңа бекіністер салу ісін қолға алды. Айтылмыш кезеңде
Арал теңізінің төңірегінде Райм (1847 жыл), Жоңғар Алатауының
бөктерінде – Қапал (1848 жыл), Жетісуда – Верный (1854 жыл)
бекіністері жəне басқа əскери бекіністері ірге тепті. Тірек пункттер
салынар алдында жергілікті табиғат жағдайлары зерттелді.
ХІХ ғасырдың 60-жылдары Қоқан хандығымен күресте
Қазақстанның оңтүстік облыстарының бүкіл территориясын азат
етті. 1873 жылы көктемде патша əскерлері соғыссыз Хиуа хандығын
басып алды. Амудария өзенінің оң қапталындағы жерлер түгелдей
Ресейдің қарамағына көшті. Сонымен, Қазақстанның бүкіл террито-
риясы Ресей империясының құрамына кірді.
Қазақстанның жаңадан қосылған аймақтарында патша өкіметі
отаршылдық тəртіп орнатты. Патша өкіметі жүргізген отаршылдық
езгі жəне ұлттық таран-таражға салу саясатына қарамастан,
Қазақстанның Ресейге қосылуының үлкен прогресшіл мəні бар еді.
Анағұрлым озық өркендеген Ресей экономикасының ықпалымен
Қазақстанда өнеркəсіп пайда болды, қалалар өсті жəне қазақ
халқының ұлы орыс халқымен достығы қалыптасып, шыңдалды.
Қазақстанның Ресей құрамына кіруі жаңадан қосылған террито-
рияларды арнайы шолып-барлап, оларда физикалық-географиялық
жұмыстарын өрістету үшін қолайлы жағдай туғызды.
Жоғарыда айтылған саяси жəне əлеуметтік-экономикалық
оқиғаларға байланысты 1819 жылдан бастап 1856 жылға дейін
Қазақстанның бүкіл территориясында бірте-бірте арнайы шолып-
барлау сипатындағы зерттеулер кең өріс алды. Бұл зерттеу-
лер ендігі жерде бүкіл Қазақстан территориясын географиялық
тұрғыдан танып-білудің алғашқы дəуіріндегі екінші кезеңнің
басталуының айғағы болды. Автор шартты түрде бұл кезеңді 1856
жылмен шектеп отыр. Өйткені осы жылдан кейін классикалық
кезең – П. П Семенов, Ш. Ш. Уəлиханов, Н. А. Северцов жəне т.б.
жүргізген физикалық-географиялық жүйелі зерттеулер дəуірі ба-
сталады.
Орынбор өлкесінің табиғаты туралы ХІХ ғасырдың 20-жылда-
рында орыс елшісі А. Негридің экспедициясы құнды мағлұматтар
жеткізді. Бұл экспедиция Бұхар хандығымен сауда-саттық байланы-
старын кеңейту мүмкіндіктерін қарастыру мақсатымен жасақталған-
ды. Оның құрамына бас штабтың полковнигі Е. К. Мейендорф пен
натуралист – ғалым Э. А. Эверсман кірді.
Экспедицияның жолы Орынбордан шығып, Арал төңірегіндегі
Қарақұм, Сырдария өзені жəне Қызылқұм арқылы өтті. Оған
қатысушылар Бұхар хандығына дейінгі жолды суреттеп жазумен
қатар бір дюймге 50 шақырым өлшемге жасады. Е. Мейендорф (1826
жыл) бастырып шығарған картада Жаңадария өзенінің көне картасы
мен екі өзен аралығындағы жер бедері түсірілген.
Зерттеу жұмыстарын 1829 жылға дейін жүргізген Э. А. Эверсман
Орынбор территориясының табиғаты туралы көптеген қызғылықты
мағлұматтар берді. Ол 1825-1826 жылдары Үстіртте Ф. Берг
экспедициясының құрамында, ал 1827 жəне 1829 жылдары Бөкеев
ордасында Г. С. Карелин отрядында жұмыс істеді.
Орынбор өлкесінде жүргізген көп жылдар бойғы зерттеулерінің
нəтижесінде ғалым «Орынбордан Бұхарға саяхат» жəне үш
томдық «Орынбор өлкесінің жаратылыс тарихы» (1840-1866
жылдар) атты еңбектер жазды. Соңғы шығармасының бірінші
бөлімінде автор Батыс Қазақстанның табиғат жағдайларын тал-
дап, қорытындылаған.
Э. А. Эверсманның еңбектері, əсіресе оның соңғы шығармасы
«елдерді кешенді зерттеу» сипатында жазылған. Соңғы еңбегіне
жазған алғысөзінде автор өзінің «табиғатта жаратылғандардың»
бəрін – жануарларды, өсімдіктерді, қазба байлықтарын өзі қолымен
жинап, көзімен көргендерін түгел тізіп қағазға түсіргенін баяндай-
ды. Ол Үстірт қыратын да құзды (чинк) таудың мүжілуінен болған
құбылыс деп есептеді. Ғалым Үстірттің тұңғыш анықтамасын беріп
Э. А. Эверсманның айтуы бойынша Үстіртті құрайтын қабаттар
көлбей біткен жəне тау жыныстары үш түрлі шөгінді (маргельдер-
ден), жақпар тастан жəне борпылдақ жыныстардан түзілген дейді.
Үстірттегі кемер құздың (чинктің) қалыптасуы судың шаю (абра-
зия) əрекетінен қалыптасқан, бұл қыраттың маңындағы қыраттың
қалдық тау шоқылары негізінен аналық (көне) жыныстардан
тұратындығын, Үстірт пен оның қалыптасуы бірдей, біртұтас, соны-
мен бірге үсті тегіс қыраттан тұратыныны туралы тұңғыш ғылыми
тұжырым жасаған.
Э. А. Эверсманның зерттеулері Үстіртте «тұманды таулар» бар
екен деген жаңсақ діни ұғымды жоққа шығарды.
Сонымен бірге Э. А. Эверсман өзі зерттеген аудандардағы
өсімдіктер мен жануарларды тіркеп жазу ісін де жүйелі жолға қойып,
зоологиялық мол коллекция жинады. Бұл саладағы оның жұмыстары
Орынбор өлкесінің өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, сондай-ақ
экологиялық ғылыми зерттеудің бастамасы болды.
Құрамына Ф. Ф. Берг, В. Д. Волковский, Б. Лемм, П. Ф. Анжу,
Э. А. Эверсман кірген экспедицияның Каспий теңізін жəне оның
шығыс жағалауын зерттеулері қыруар географиялық деректер
берді. Каспий теңізінен бастап Үстірт арқылы Арал теңізіне дейінгі
бірқатар географиялық нысандардың геологиялық құрылымы, оро-
графиясы жəне су жүйесі зерттеліп, шекаралары мен қашықтығы
анықталды.
Зерттеулер нəтижесінде құрастырылған карталарда Каспий
теңізінен Аралға дейінгі ара қашықтық дұрыс көрсетілген. Аралдың
батыс жағалауының топографиялық пішіні берілген. Үстірт
қыратынан солтүстік, батыс жəне шығыс кертпештері көрсетілген.
Арнаулы аспаппен Арал теңізінің деңгейі Каспий теңізіне қарағанда
35,86 м биік екені анықталды.
Атақты саяхатшы ғалым Г. Н. Потаниннің əкесі хорунжий
Н. И: По танин 1830 жылы Семей қаласы – Орталық Қазақстан
– Бетпақдала Мойынқұм – Шымкент қаласы маршруты бойын-
ша саяхат жасады. Ол өз жазбаларында жолда 45 тау мен 20 өзен
кездесканін көрсеткен. Автор оларға қысқаша орографиялық жəне
гидрографиялық сипаттама берген. Шу өзені Ыстықкөлден бастап
ақпайды, өзеннің бастауы Қырғыз Алатауында деп байлам жасаған
Н. И. Потаниннің деректері ғылымда ашылған соны жаңалық еді.
Алайда саяхатшы өзінің үлкен жаңалық ашқанын көзі тірісінде біле
алмай кетті.
ХІХ ғасырдың 30-жылдарына дейін Қазақстанның географиялық
жағдайлары туралы жиналған мол материалды қорытып талдау, сол
кездегі география ғылымының алдына тың міндеттер қойды. Орыс
Географиялық қоғамының негізін қалаушылардың бірі А. И. Левшин
осы міндетті орындауға кірісті.
А. И. Левшин (1799-1879) 1818 жылы Харьков университетін
бітіргеннен кейін өз тағдырын Қазақстанмен біржола байланыстырған
адам еді. Əуелі сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеп, қазақтар
жөніндегі қызметке ауысқан. Орынбор жəне Орал қалаларында
жұмыс істей жүріп, ол қазақ ауылдарына келіп-кетіп, қазақ
халқының тарихы мен этнографиясын, оның мекендеген жерлерінің
географиялық жағдайларын зерттеген. Энтуазиаст-зерттеуші Орын-
бор архивін егжей-тегжейлі қарастырып, кітап қазынасын түгелдей
оқып шыққан.
А. И. Левшиннің қазақтар туралы алғашқы ғылыми мақалалары
«Жол жазбалары» жəне «Кіші қазақ-қайсақ ордасының ханы-
мен жүзбе-жүз көрісулер» деп аталып, 1820 жылы «Вестник Ев-
ропы» журналында басылған (1820,114-бөлім). Содан соң автор
зерттеу сипатындағы толып жатқан еңбектерін жариялаған. «Орал
қазақтарына тарихи жəне статистикалық шолу» (1823 жыл) де-
ген очеркінде А. И. Левшин «қазақ» деген терминді тұңғыш рет
қолданып, оған жаңаша түсініктеме берген. 1827 жылы А. И. Лев-
шин «қырғыз-қазақ халқының аты жəне оның шын немесе тағы
қырғыздан айырмашылығы» атты өте маңызды мақаласын («Мо-
сковский вестник» ІVбөлім №16) баспасөзде жариялады. Мұнда ол
қазақтардың өз алдына дербес халық екені туралы баяндап, бұдан
былай «қырғыздар» деген атауды қолдану мүлде дұрыс емес деп
мəлімдеді.
1832 жылы А.И.Левшин «қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ
ордалары мен далаларының сипаттамасы» атты өзінің ең келелі
еңбегін жарыққа шығарды. Ол қазақ халқының тарихын, этногра-
фиясын жəне географиясын толық қамтыған тұжырымды зерттеу
болды. Бұл кітап ғалымдар арасында кеңінен танылып, əділ бағаға
ие болды да, көп ұзамай шетел тілдеріне аударылды. Оқымыстылар
оны Азия туралы орыс ғылымын байытқан классикалық əрі аса та-
маша ғылыми шығарма деп атады. Ш.Ш.Уəлиханов А. И. Левшинді
«қазақ халқының Геродоты» деп атап, оның еңбектерінің ғылым
үшін баға жетпес құнды екенін атап көрсетті.
А. И. Левшиннің кітабы үш бөлімнен тұрады. Автор бірінші
бөлімде қазақ даласы туралы барлық географиялық мағлұматтарды
жинаған. Ол баспасөзде жарияланған материалдарды ғана емес, со-
нымен қоса өз көзімен көріп байқаған, жергілікті тұрғындардан
сұрастырып білген деректерді де пайдаланған. Барлық материалдар-
ды сын көзімен сұрыптап, А.И.Левшин олардың ішінен нағыз жарам-
ды деген ең дұрыс деректерді ғана алып пайдаланған. Автор кітапқа
берген алғы сөзінде ештеңені ойдан шығармау керек жəне жарам-
ды деректердің кемшіліктерін қиялмен жамап-жасқап, өңдемеу ке-
рек деген қағиданы басшылыққа алғанын ескертеді.
Кітаптың екінші жəне үшінші бөлімдері қазақ халқын тарихи
жəне этнографиялық жағынан сипаттауға арналған. Мұнда қазақтар
туралы сол кезде қолда бар деректердің бəріне талдау жасалған.
Біз үшін кітаптың бірінші бөлімі өте-мөте назар аударарлық. Өйткені
мұнда автор Тұранның географиялық жағдайы мен табиғи шекарала-
рын қарастырып, қырғыз далаларына толық əрі жан-жақты сипаттама
беруге ұмтылған. Автор Қазақстан шекараларын Алтай тауларынан ба-
стап, Ертіс, Тобыл, Ойыл жəне Еділ өзендері арқылы Каспий мен Арал
теңіздерін қоса, шығысында Қытаймен іргелес жатқан жерлерді кіргізе,
негізінен табиғи шөптерге қарап анықтайды да, осынау кең-байтақ
өлкені қырғыздар даласы деп түсінеді. Климат ерекшеліктеріне жəне
топырағының түріне қарай автор осы ұланғайыр кеңістікті 7 аймаққа
(өңірге) бөледі. Ол жазықтарды, тауларды, суы құрғаған арналарды,
сондай-ақ көлдерді жəне т.б. толық суреттеп жазған, қазақ далалары жай-
ында өз дəуірінде мəлім болған геологиялық мағлұматтарды келтірген.
Автор топографиялық жазбаларында «табиғат жасағандардың» бəрі:
топырақ, өсімдіктер, жануарлар дүниесінің өкілдері жəне пайдалы
қазба байлықтары туралы сөз етеді.
Сол кездегі ең соны зерттеулер негізінде 1831 жылы жасалған
«Қырғыз-қазақтарға қарасты жерлердің жəне Түркістанның карта-
сы» кітапқа қосымша ретінде берілген.
А. И. Левшиннің кітабы ХІХ ғасырдың 30-жылдарына дейінгі
Қазақстан географиясын зерттеудің жалпы дəрежесін анықтады.
Сонымен қатар өлке территориясындағы табиғат жағдайларын
онан əрі зерттеу тарихы үшін де кітаптың орасан зор маңызы бол-
ды. Қазақстанның тарихы мен географиясын бұдан былайғы
зерттеушілер өз жұмыстарын осы кітапты оқып, танысудан бастаған.
Кітап жарыққа шыққаннан бергі мезгіл ішінде кейбір деректер мен
автордың қорытындылары ескірген. Бірақ қазақ жері туралы дерек-
тер тұңғыш рет жүйелі түрде баяндалып, елеулі ғылыми мəселелер
көтерілген күрделі де байсалды зерттеу ретінде бұл еңбек ғылыми
маңызын күні бүгінге дейін жойған жоқ.
Дегенмен А.И.Левшиннің кітабы Қазақстан жөніндегі гео-
графиялық мағлұматтардың əлі де болса толық емес екенін
айқын дəлелдеп берді. Сөйтіп, ол өлке территориясының табиғат
жағдайларын одан сайын тереңірек танып-білу мақсатымен жаңа
зерттеулер жүргізуге қозғау салды.
7–1673
Қазақстанның батыс бөлігіне жиырмасыншы жылдардың екінші
жартысынан бастап артиллерия офицері Г. И. Карелин (1801-1872)
саяхат жасады. Ол үкіметке қарсы шығармалар жазғаны үшін əуелі
Орынбор қаласына, содан кейін Гурьев қаласына жер аударылған-ды.
Э. А. Эверсманмен бірге Бөкей ордасына сапар шегіп, ол алғашқы
саяхатқа 1826-1827 жылдары шықты. 1828-1830 жылдары Г. И. Ка-
релин Жəңгір ханның ордасында тұрып, ішкі Бөкей ордасының ірі
масштабты картасын жасаумен шұғылданды. Өзара қырқысып, жау-
ласушы феодалдық партияларды келісімге келтіру үшін оған Орын-
бор шекаралық комиссиясының тапсырмасы бойынша Торғай дала-
ларына сапар шегуге тура келді.
Ғылыми тұрғыдан алып қарағанда Г. И. Карелиннің Ка-
спий теңізінің солтүстік-шығыс, шығыс жəне оңтүстік-шығыс
жағалауларына шыққан экспедицияларының үлкен маңызы болды.
Бұл араларға ол əр түрлі уақытта сан түрлі əскери-саяси бағыттағы
мақсаттармен сапар шеккен-ді. 1832 жылғы бірінші сапардың
мақсаты қамал салу үшін орын іздеп, тексеру еді. 1834 жылғы
екіншісінде Қызылтас мекенінде Ново-Александров бекінісінің
іргетасын қалау көзделді. 1838 жылғы үшінші жолы теңіздің
оңтүстік-шығыс жағалауын зерттеу мақсаты қойылды.
Г. И. Карелиннің қолында коллекция жəне қолжазба түрінде
жинақталған орасан көп географиялық материалдар болды, бірақ
одан басылған еңбек өте аз қалды. Саяхатшының Каспий теңізіне
барған сапарлары жөнінде жазған күнделіктері зерттеушінің
көзі жұмылғаннан кейін 1883 жылы ғана жарық көрді. Оның
күнделіктерінде Каспий теңізінің шығыс жағалауы туралы өте
қызғылықты жаратылыстану-географиялық тұрғыдан деректер бар.
Г. И. Карелин зоологиялық жəне географиялық мағлұматтармен
қоса теңіз жағаларының геологиялық құрылымы мен өзге де
ерекшеліктері жайында мəлімдейді.
Аспап-құралмен дəлме-дəл қағазға түсірілген материалдар
негізінде Г. С. Карелин Каспий теңізі бассейнінің 12 картасын
жасаған. Бұлар теңіз жағаларының бұрынғы съемкаларын түзетіп,
айқындауға мүмкіндік берді. Г. С. Карелин экспедициясы сол сияқты
метеорологиялық байқауларда жүргізіп, судың тереңдігін, ағысының
бағытын анықтады. Экспедицияның ғылыми бақылауы негізінде Ка-
спий теңізі деңгейінің мезгіл-мезгіл ауытқып тұратыны дəлелденді.
1840-1845 жылдары Г. С. Карелин Шығыс Қазақстанды зерт-
теуге кірісті. Г. С. Карелиннің өмірі мен саяхаттарын зертте-
ген В. И. Липскийдің айтуынша, саяхатшыны шығысқа
«Зюнгариядағы жəне басқа жерлердегі табиғат құбылыстарын
тексеріп білу үшін» Мəскеудің табиғат зерттеушілер қоғамы
жіберген.
Г. С. Карелин Тарбағатайдың, Жоңғар Алатауының табиғаты
жөніндегі ұғымды анағұрлым кеңейтіп, шығыстағы тау жота-
лары бітімінің ерекшеліктерін анықтады, олардың геологиялық
құрылымына жалпы сипаттама берді.
Г. С. Карелин жинаған коллекцияның үлкен ғылыми маңызы
бар. Бір өкініштісі – Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында болған өрт
кезінде оның көпшілігі отқа жанып кеткен. Г. С. Карелиннің экспе-
дициясы 9000-нан аса өсімдік, 240 сүтқоркетілер, 1669 құс, 9766
жəндік жəне 474 минерал коллекция жинап тапсырған. Олардың
арасында ғылымға бұрын бəймəлім болып келген көптеген үлгілер
мен түрлер кездеседі. Солтүстік Ақтау тауларының (Маңғыстау
түбегі) өсімдіктер дүниесі туралы Г. С. Карелин жинақтаған
тұңғыш мағлұматтар қазіргі уақытта да құнын жойған жоқ. Өйткені
Қазақстанның өсімдіктер дүниесін жақсы білетін осы заманғы
ғалымдардың бірі Н. В. Павловтың айтуы бойынша, «Карелиннен
кейін бірде бір ботаник ол жерлерді зерттеген емес».
1825-1844 жылдары Орынборда шетелдік комиссияның төрағасы
болып қызмет атқарған Г. Ф. Фон-Генс (1786-1845) Қазақстан
географиясының тарихын зерттеуде айтарлықтай із қалдырды.
Алған білімі бойынша əскери инженер болған Г. Ф. Фон-Генс Тобыл
өзені мен Торғай өзенінің геологиялық-географиялық жағынан си-
паттады.
1840 жылы Баянауыл мен Қарқаралы аудандарына саяхат жасаған
аты беймəлім зерттеуші Орталық Қазақстан туралы бірқатар
маңызды геологиялық-географиялық деректерді мəлімдеген. «Осы-
нау қырғыз даласында, – деп жазған ол, – не шұбатылып жатқан
тау қырқалары да, не ауызға алып айтарлықтай су тасқындары да
жоқ. Баянауыл, Қызылтау, Едірей гранит таулары бір-бірімен байла-
нысы жоқ жеке дара шоқылар немесе үзік-үзік қыраттар, олар тым
шағын төбе ретінде басталып, дəл солай сілемденіп аяқталады. Да-
лалы жазық жерлердің əр тұсынан бой көтерген адырлардың пішіні
де тура сондай, тек бар айырмашылығы сол – бұлар гранит таулар-
дан əлдеқайда аласа, жазықтықта кенеттен бой көтерген жеке дара
тұрған шоқылар қалай болса солай орната салған сияқты, олардың
маңайлары қаптаған шөгінді жыныстар. Егер даланы бейне бір
теңізге теңейтін болсақ, онда осынау бір оқшау шоқылар мен жар-
тастарды айдын шалқар теңіз бетінің əр жерінен қылтиып көрінген
аралдарға сөзсіз балауға болар еді». Бұл қазақтың ұсақ шоқыларының
(Сарыарқа) тұңғыш дұрыс суреттемесі еді. Сонымен қоса, автор сол
аудандардағы тас көмір шығатын жерлерге, тау кендерінің жату
тереңдігіне де сипаттама берген.
ХІХ ғасырдаң 40-жылдары көптеген орыс экспедициялары
Қазақстанға аттанды.
А. И. Шренктің 1840-1843 жылдардағы экспедициясы Орталық,
Шығыс жəне Оңтүстік-Шығыс Қазақстанның ұланғайыр территори-
ясын зерттеген. Зерттеуші Тарбағатай жотасында, Балқаш-Алакөл
ойысында, Жоңғар Алатауында, қазақтың ұсақ шоқылы ауданда-
рында (Ұлытау, Сарысу өзені, Қарқаралы қаласы, Баянауыл селосы),
Бетпақдала мен Шу-Іле тауларында болған. А. И. Шренк Жоңғар Ала-
тауы мен Балқаш-Алакөл ойпатын өте-мөте толық сипаттап жазған.
Ол ең əуелі Балқаш-Алакөл ойпатының өткен уақытта тұтас бір су
жүйесі ретінде пайда болғанын атап көрсеткен. Алакөлге барған са-
парында А. И. Шренк Аралтөбе аралын тексеріп, оны сөнген вул-
кан деп сеептеген сол кездегі жаңсақ пікірді жоққа шығарған. А.
И. Шренк Жоңғар Алатауы солтүстік сілемдерінің бітімін сипаттай
келіп, шоқының биіктігін барометрмен өлшеп, оның теңіз деңгейінен
4140 м биіктікте жатқанын анықтағанын айтқан. Ол Жоңғар
Алатауының физикалық-географиялық ерекшеліктерін сипаттай-
тын басқа да материалдар жинаған, таудың биіктік белдеуде өсетін
өсімдік түрлерін анықтаған. Атап айтқанда, ол Тянь-Шань шырша-
сы таудың солтүстік жақ беткейінде 2470 м биіктікке дейін, арша –
2550 м биіктікке дейін өсетінін, одан жоғарыдағы тау алқабындағы
шалғын шөптер өсіп, 3700 м биіктіктен жоғары қарай мəңгі қар ба-
сып жатқанын айқындады.
А. И. Шренктің саяхатының материалдары толық жарияланбаған.
Оның күнделік жазбалары («Горный журнал») 1842 жыл, ІІ бөлім)
жəне шығармаларының неміс тіліндегі басылымы негізінен Жоңғар
Алатауына саяхаты туралы баяндайды.
1840-1841 жылдары Н. Ф. Бларамберг Қазақстанның оңтүстік
өңірін топографиялық съемкаға түсіру ісін онан əрі жалғастырды.
Н. Ханыковтың экспедициясы Бұхарға, Г. И. Данилевский мен
Ф.И.Базинердің экспедициясы Хиуаға сапар шекті. Бұл экспедиция-
лар жүргізген жұмыстардың ең маңызды нəтижелері Н.Ханыковтың
«Бұхар хандығының сыпаттамасы» (1843 жыл), Г. И. Данилевскийдің
«Хиуа хандығының сыпаттамасы» (1851 жыл) деген еңбектерінде
баяндалған. Ф. И. Базинер Арал теңізі мен Хиуа хандығының ірі
масштабты картасын жасап, кейіннен А. Гумбольдке табыс еткен-
де, ол карта Орта Азия картасының құрамды бөлігі ретінде осы ат-
тас монографиямен қоса басылып шықты.
Орыс Географиялық қоғамының құрылуы (1845 жыл) осы
кезеңдегі ең айтулы оқиға болды. Бұл қоғам көп кешікпей Ресейдегі,
атап айтқанда, Қазақстандағы географиялық, этнографиялық жəне
статистикалық жұмыстарды ұйымдастырудың негізгі орталығына
айналды. Қоғамның қызметі Ресейдің əлеуметтік-экономикалық да-
муымен тығыз ұштастырыла жүргізілді.
Орыс Географиялық қоғамы құрыла салысымен-ақ Қазақстан мен
Орта Азия территориясын географиялық тұрғыдан зерттеуге көңіл
бөлді. Қазақстан мен Орта Азия халықтарының тарихы жəне геогра-
фиясы бойынша Петербург пен Орынбордың архивтерінде сақталып
жатқан мол материалдарды жинап, өңдеу жəне бастырып шығару
қажет болды. 1847-1856 жылдардағы кезеңде Қазақстан территори-
ясы зерттелген толып жатқан архивтік материалдар мен жазба есеп-
тер жарияланды. Олардың авторлары негізінен Орыс Географиялық
қоғамының мүшелері жəне ішінара Қазақстанда жұмыс істеген орыс
чиновниктері еді.
Қазақтар мен олардың жерлері туралы алғашқы маңызды
мағлұматтарды мəлімдеген авторлардың қатарында сол кездегі
белгілі орыс географтары Я. В. Ханыков пен М. И. Иванин болды.
Талантты географ əрі картаға түсіруші Я. В. Ханыков (1818-
1862) он бес жыл бойы дерлік Қазақстан территориясын зерттеу-
мен шұғылданды. Ол 1839 жылы «Орынбор өлкесіне географиялық
шолу» атты өзінің тұңғыш еңбегін жазып, онда өлкенің географиялық
жағдайы туралы, қазақ халқы жайында статистикалық жəне
географиялық мағлұматтарды мəлімдеді. Ғалымның екінші бір
еңбегі «Ішкі қырғыз ордасының 1841 жылғы жағдайы туралы очерк»
оның Батыс Қазақстан бойынша жасаған саяхатының сапарнама
жазбасы болып табылады.
Қырқыншы жылдардың аяғы мен елуінші жылдардың ба-
сында Я. В. Ханыков көбіне картаға түсіру жəне кітап бастыру
жұмыстарымен айналысты. Ол «Ішкі жəне Кіші ордаларға кіретін
қырғыз жерлерінің картасын» (1845 жыл)і «Арал теңізі мен Хиуа
хандығының төңіректерімен қоса картасын» (1851 жыл) жəне «Орта
Азияның солтүстік-батыс бөлігінің картасын» (қосымшасын) (1855
жыл) жасады. Ол «Арал теңізі мен Хиуа хандығының картасына»
Арал теңізі туралы ең алғашқы мағлұматтар белгілі болған кезден
бастап ХІХ ғасырдың ортасына дейін оны орыс адамдарының зерт-
теу тарихы бойынша толық «түсініктеме» жазған. Сонымен қатар Я.
В. Ханыков, В. Гладышевтің, И. Муравиннің, М. Поспеловтың, К.
Миллердің жəне басқаларының еңбектерін баспаға əзірлеу жөнінен
де көп іс тындырды.
Орыс Географиялық қоғамының екінші бір мүшесі М. И. Ива-
нин (1801-1874) арасында үзілістер жасап, 1835 жылдан 1855
жылдар арасында Орынбор өлкесінде əуелі жергілікті корпустың
офицері, ал одан соң ішкі Бөкей ордасы уақытша Советінде кеңесші
жəне басқарушы болып қызмет істеген. 1846 жылы М. И. Иванин
Маңқыстау түбегінің едəуір бөлігін зерттеген. Ол түбекте мұнай,
глаубер тұзы жəне құрылыс материалы ретінде пайдалануға жарам-
ды қабыршақты ақ əктастың бар екенін атап көрсеткен. М. И. Ива-
нин Каспий теңіз деңгейінің төмендеуі туралы жазғанымен, бұл
құбылыстың себебін түсіндіре алмады. Ол Маңқыстау түбегінің та-
улы өңірін – Қаратау мен Ақтау тауларын ең бірінші болып зерттеді.
Сол кезеңде Қазақстанның аса ірі су көздерін жүйелі түрде зерт-
теу ісі қолға алынды. 1848-1849 жылдары Арал теңізі жан-жақты
зерттелді. 1848 жылдың көктемінде Орынбор қаласында лейтенант
А. И. Бутаковтың (1816-1869) бақылауымен «Константин» шхуна-
сы жасалды. Шағын кеме Сырдария өзенінің жоғары сағасынан 64
км жердегі Райым бекінісіне жеткізіліп, осы арада суға жіберілді.
Экипаждың құрамында экспедиция бастығы А. И. Бутаков, кейін
Орта Азияның белгілі зерттеушісі А. И. Макшеев, топограф А. Аки-
шев, суретші ретінде шақырылған ұлы украин ақыны Тарас Шев-
ченко жəне басқалары болды.. 1848 жылы экспедиция екі ай жұмыс
істеді. Нəтижесінде теңізге жалпы шолып барлау жүргізіліп, оның
тереңдігі өлшенді, ендіктері анықталды. Барсакелмес, Николай (қазір
Возрождение) жəне Наследник (қазір Комсомол) аралдары съемкаға
түсіріліп, жазбаша сыпатталды. Оңтүстік жағалауын топографиялық
сьемкаға түсіру айрықша қиындыққа соқты – хиуалықтармен жан-
жал туып кету қаупі болғандықтан, ол араға баруға тыйым салынған-
ды. А. И. Бутаков мүмкін болған жерлерге қайықпен жүзіп барып,
кей тұста еппен су жалдап өткелден өтіп, Амудария өзенінің жоғары
сағасын топографиялық съемкаға түсірді.
1848-1849 жылдардың қысын А. И. Бутаковтың экспедициясы
Қосаралда Сырдария өзенінің жоғары сағасында өткізді, ал 1849
жылдың көктемі туысымен жұмыстарына қайта кірісті. Осының
нəтижесінде Арал теңізінің тұңғыш дəлме-дəл картасы жасалып,
1850 жылы басылып шықты.
Зерттеушілердің негізгі қорытындылары А. И. Бутаковтың «1848
жылы Арал теңізін зерттеу үшін жасақталған экспедиция тура-
лы мағлұматтар» атты еңбегінде (Орыс Географиялық қоғамының
хабаршысы, 7 бөлім, 1-кітап, 1853 жыл) жəне А. И. Макшеевтің
«Арал теңізін сыпаттап жазу» деген мақаласында (Орыс География
қоғамының жазбалары, V том, 1851 жыл) жарияланды, сондай-ақ А.
И. Макшеев қайтыс болғаннан кейін жарық көрген оның «Қырғыз
далалары мен Түркістан өлкесі бойынша саяхат» (1896 жыл) атты
кітабында да басылып шықты.
Экспедиция Арал теңізінің физикалық-географиялық сипатта-
масы бойынша толып жатқан жаңа деректер алды. Экспедицияның
маңызды жұмысының қорытындыларының біріне айналған Арал
жағалауының морфологиясын зерттеу «Ресейде теңіз жағалары тура-
лы ілімнің дамуына қозғау салды», «Теңіз толқындарының жағадағы
құрлыққа жəне атыраулардың қалыптасуына ықпал ететінін» тұңғыш
рет анықтады. Оған дейін бұл ағынның ғана əсерінен пайда болатын
құбылыс деп топшыланып келген-ді. А. И. Бутаков теңіз түбінің сый-
патын, теңіз суының ұдайы ағысының бағыты мен жылдамдығын
зерттеп, төңіректегі аймақтардың пайдалы қазба байлықтары тура-
лы деректер берді, тау жыныстарының мол коллекциясын жинады.
Арал теңізінің жағалауынан бірінен-бірі биіктікте жасалған үш
қатар үйінді жалға, сондай-ақ су шайған жарқабаққа зер салған А.
И. Бутаков бұрын Арал теңізінің деңгейі əлдеқайда жоғары болған
деген тұжырымға келді. «Күнсуат мүйісі» Арал теңізінің бірте-бірте
төмендегенін көрсететіндігін жазды. А. И. Бутаковтың деректерінің
дұрыстығын дəлелдеген кейінгі зерттеулерге қарағанда, ХVІІІ
ғасырдың аяғында Арал теңізі ең жоғары деңгейде болған да, бертін
келе бірте-бірте тайыздап, 1825 жылы ең төменгі деңгейге жеткен,
содан кейін тағы да көтеріле бастаған.
А. И. Бутаков өзі ашқан аралдарды суреттей келіп, Возрожде-
ние аралын бұған дейін адамзат аяғы баспағанын, теңіз жағасынан
қарағанда көзге көрінбегендіктен, ол туралы ешкім ештеңе
білмегенін атап көрсетеді. Ну қамыс өскен аралда саяхатшы қаптап
жайылып жүрген ақбөкендер, сондай-ақ жолбарыстың болғандығын
мəлімдейді. Ал ХХ ғасырдағы зерттеулер Сырдария өзенінің төменгі
сағасында жолбарыстардың жəне Возрождение аралында киіктердің
мүлде жойылып, сексеуілдің тып-типыл кесіліп тасталғанын
көрсетеді. А. И. Бутаковтың деректеріне сүйеніп, өткен уақыт ішінде
жан-жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің қаншалықты өзгергенін
аңғаруға болады.
А. И. Бутаковтың экспедициясын əуел баста əскери меке-
ме ұйымдастырғанымен, оның ғылыми нəтижелерін Орыс Геогра-
фия қоғамы жариялап бастырған. Ғылыми жұртшылық экспеди-
ция нəтижелерін жоғары бағалаған. Зерттеу жұмыстары жəне Арал
теңізінің картасы үшін А. И. Бутаковқа Демидов сыйлығы берілген. Сол
тұста өзінің «Орталық Азия» атты кітабын өңдеп, толықтырумен айна-
лысып жүрген А.Гумбольд А. И. Бутаковтың картасы қолына түсісімен
бұл еңбектің «географияда ашылған жаңалықтар тарихына мазмұнды
əрі тамаша беттер қосқан аса маңызды зерттеу» екенін атап көрсетті.
А.И.Бутаков кейінгі жылдары да Қазақстанды зерттеу
жұмыстарын жалғастырды. 1853 жылы ол тарихта тұңғыш рет Сыр-
дария өзені бойынша «Петровский» кемесімен саяхат жасады. Ол
Н. А. Ивашенцевпен, Рыбинмен жəне К. Поспеловпен қосылып
өзендерде кеме жүзу жағдайын əрі олардың су жүйесін анықтады,
өлшеу жұмыстарын жүргізіп, ағыс жылдамдығын, судың тереңдігін
тексерді. А. И. Бутаков Сырдария өзенінің негізгі арнасының 1832
жылы солтүстікке қарай ауыса бастағанын айқындады. Сөйтіп, өзен
солтүстікке қарай ауытқып, «өзіне жаңа, бұрынғыдан тереңірек арна
салып алды». Экспедиция жариялаған еңбектерде сол өңірдің кли-
маты, Сырдария өзеніндегі байлықтар мен құстар туралы деректер
келтірілген.
1848 жылы А. И. Бутаковтың экспедициясының құрамында
жұмыс істеген А. И. Макшеев Арал теңізі жайындағы мағлұматтарға
елеулі толықтырулар енгізді. А. И. Макшеев таратылған Райым
бекінісінің орнына Сырдария өзенінің төменгі сағасынан жаңа қамал
салуға қолайлы жер іздеу ісімен шұғылданды. Ол Қазалы қонысын
таңдап алып, онда бірсыпыра бақылау жұмыстарын жүргізді. А. И.
Макшеев Сырдария өзенінің төменгі ағысындағы алқапты алғаш рет
суреттеп жазып, онда өзен ағысының сыпатын, оның физикалық-
географиялық жағдайын қарастырған. Зерттеуші өзеннің жоғары
ағысына қарағанда төменгі тұсында суы тапшылау болып келетінін
атап көрсетіп, оның себебі төменгі ағысында оған құятын сай-
сала тармақтардың аздығына жəне судың көбі жер суландыруға
пайдаланылатындығында əрі буға айналып ұшып кетуінде деп
дəлелдеді.
А. И. Бутаков пен А. И. Макшеевтің Арал теңізі мен сырда-
рия өзенінің төменгі сағасын зерттеулерінің өзен мен теңізде кеме
жүзуін ұйымдастыру үшін де көп пайдасы тиді.
ХІХ ғасырдаң 50-жылдарының басында Т. Ф. Нифантьевтің экспе-
дициясы Балқаш көлін егжей-тегжейлі зерттеп, көлдің географиялық
орнын, жағаларының ерекшеліктерін, тереңдігін жəне онда кеме
жүзу ісін ұйымдастыру мүмкін екенін анықтады.
Т. Ф. Нифантьев Балқаш көлін Арал теңізімен салысты-
ра қараған. Балқаш көліне суы тұщы сай-сала, тармақтар көбірек
құйғандықтан əрі көлдің аумағы кішірек болғандықтан, оның
суы Арал теңізінікіндей тым тұзды емес, тұщылау болып келеді.
Балқаштың жағалаулары да Арал теңізінікіне ұқсас: солтүстік пен
батыс беткейлері тік жарқабақты əрі тастақты, онда мүлде дерлік
өсімдік өспейді, ал шығыс пен оңтүстік жағалары – жайпақ, құмайт
немесе ну қамыс, сексеуіл өскен қопалы.
Т. Ф. Нифантьев Балқаш көлінің түбектері мен аралдарын
түгелдей суреттеп жазып, көлдің климат ерекшеліктері, жану-
арлар мен өсімдіктер дүниесі туралы бірқыдыру мағлұматтарды
мəлімдеген.
1854 жылы көпес В. Кузнецов инженер Паклевскиймен бірігіп
Балқаш көлімен Іле өзенінде кеме жүзуінің нақты мүмкіндіктерін зерттеу
жəне бұл істі ұйымдастыру мақсатымен жаңа экспедиция жасақтаған.
Жазба есепте көл мен өзеннің кеме жүзуге жарамды екені көрсетілген.
Онда бұрыннан қолда бар мағлұматтарды толықтыра түсетін кейбір
гидрографиялық деректер, атап айтқанда, судың тасуының сыйпаттары
мен мезгілдері, негізгі тереңдігі, кеме тоқтайтын пристаньдар жасауға
қолайлы орындар туралы жəне т.б. мəлімделген.
Арал теңізі мен Балқаш көлін тексеріп қараумен қатар
Қазақстанның ең ірі су бассейіні – Каспий теңізін зерттеу ісі де қолға
алынды. 1851-1853 жылдары А. Е. Алексеев Үстірт қыратын, Бозашы
түбегін жəне Мұғалжар таулары, Ембі өзені, теңіздің жағалауы мен
Үстірт қыратының солтүстік кертпеш (чинк) аралығындағы терри-
торияны жартылай құрал-аспаппен топографиялық съемкаға түсірді.
Зерттеу нəтижелері 1855 жылы жарияланды. А. Е. Алексеевтің
екі қолжазбасын А. П. Горбунов тұңғыш рет Қазақ ССР-інің
Мемлекеттік архивінен тапты. А. Е. Алексеевтің еңбектерінде зерт-
телген аймақтардың жер құрылымы, су жүйесі, өсімдіктері толық
суреттеліп, геологиясына, жер асты суларына, топырағына жəне
климат жағдайларына біршама сипаттама берілген.
1854 жылы академик К. М. Бэр басқарған экспедиция Каспий
теңізінде балық өсіруді дамыту мүмкіндіктерін тексерген. Экспе-
диция белгілі бір мəселені арнайы тексеріп білумен ғана шектелуді
көздегенімен, К. М. Бэр Каспий теңізі мен оның жағалауына байла-
нысты толып жатқан тікелей физикалық-географиялық мəселелерді
де қоса зерттеу үшін бар мүмкіндіктерді толық пайдаланды. Экспе-
диция Жем, Жайық, Еділ, Терек өзендерінің атырауларын зерттеп,
Каспийдің батыс жағалауымен, Шелекен аралымен жəне Красно-
водск шығанағымен танысты.
К. М. Бэр теңіздің солтүстік ағынды бөлігіндегі судың неғұрлым
тұшқылтым, ал Қарабұғаз сияқты жерлерінде тұзы мол, тым сортаң
болуының себептерін анықтады.
К. М. Бэр зерттеу қорытындылары бойынша орыс Геогра-
фия қоғамы мен мемлекеттік мүліктер министрлігіне əр түрлі
тақырыппен бірқатар жеке-жеке мақалалар жіберді. Кейінірек олар
«Каспий теңізі мен оның төңірегі туралы ғылыми мақалалар» деген
жалпы атпен басылып шықты.
К. М. Бэр жəне басқалары жүргізген жаратылыс-тарихи зерт-
теулер Каспий теңізі туралы деректерді едəуір молайтты. Алай-
да теңіз гидрографиялық тұрғыдан əлі де болса толық тексеріліп
сипатталынған жоқ еді.
Су бассейіндерін гидрографиялық жүйелі зерттеулермен қатар
ХІХ ғасырдың ортасынан бастап Қазақстанның континентальды
аймақтарын да физикалық-географиялық жағынан дəйектілікпен
тексеріп білу ісі қолға алынды.
1849 жылы тау-кен инженері А.Г.Влангали Қазақстанның шығыс
өңірін зерттеуге кірісті. Ол Ертіс өзенінен оңтүстікке қарай Өскемен
қаласы мен Нарын өзенінің жоғары сағасы аралығындағы аймақты
зерттеді. Содан кейін, 1851 жылы А.Г.Влангали Жоңғар Алатау-
ына экспедицияға шығып, өзі болған жерлерді сипаттап жазды,
су жүйелерінің ерекшеліктерін айқындады, Қазақстанның шығыс
бөлігіндегі шеткері тау жоталарының пайдалы қазба байлықтары ту-
ралы сол кез үшін мол деректерді тұңғыш рет қорытып, бастырып
шығарды.
А. Влангали Жетісу мен Жоңғар Алатауының физикалық-
географиялық жағдайлары туралы қысқаша очерк жазды. Ол жеті
өзеннің – Аягөз, Лепсі, Қаратал, Ақсу, Іле, Бүйен, Көксу (мұның өзі
«Жетісу» деген атаудың қолданылуына себепкер болды) өзендерінің
алқаптары жайында толық мағлұматтар жинады. А. Влангали мұқият
107
бақылауларға сүйеніп, Алакөл, Сасықкөл жəне Балқаш көлдерінде
жиналған шөгінді жыныстардың ұқсастығын айқындады. Ол «бұл
жерлер осыдан онша алыс емес геологиялық дəуірлерде Сасықкөл,
Алакөл жəне Балқаш көлдерінің басын қосқан теңіз түбі» болған деп
тұспалдады.
Қазақстанның шығыс өңіріндегі ойпат пен оның төңірегіндегі
таулардың геологиялық сыпатымен таныса келіп, автор Алакөлде
бір кезде вулкандар атқылаған «жанартаулар» болған деген бол-
жамды үзілді-кесілді жоққа шығарады, сөйтіп, А. Шренктің пікірін
қуаттайды.
* * *
ХVІ ғасырдан бастап ХІХ ғасырдың бірінші жартысына дейін
Қазақстанды орыс ғалымдары географиялық тұрғыдан кең көлемде
зерттеген дəуірде қазақ жері жəне оның табиғат жағдайлары туралы
айтарлықтай мол да маңызды материалдар жинады.
Егер бұрын Қазақстан туралы материалдар жинауға негізінен
орыс дипломаттары мен көпестері қатысып келген болса, ендігі жер-
де ХІІІ-ХІХ ғасырларда бұл іске геологиялық-барлау отрядтары жəне
Ғылым академиясы мен Орыс Географиялық қоғамының ғылыми
экспедициялары белсене атсалысты. Орыс ғалымдарының ұзақ
жылдар бойғы риясыз еңбектерінің нəтижесінде орыс зерттеушілері
мен саяхатшылары жасаған географиялық карталарда (мысалы,
С. У. Ремезовтың, И. Муравиннің, Я. В. Боувердің «Үлкен чертеж
кітабы») Қазақстан территориясы неғұрлым дұрыс бейнеленді. Я.
В. Боувердің картасы мазмұны жағынан сол кездегі ең толық əрі
мағлұматтары мол карта болды. Қосымша жаңа материалдар жи-
нау жəне табиғаттағы өзгерістер жайындағы қолда бар дереекткрді
анықтау келесі кезеңде алда тұрған міндет еді.
Орыс географ-саяхатшыларының еңбектері нəтижесінде орыс
ғылымы, сондай-ақ, дүниежүзілік ғылым Орынбор өлкесі, Арал,
Каспий бассейні, Балқаш-Алакөл ойысы, Жоңғар Алатауы жəне
Қазақстанның басқа да аймақтары жөнінде сөз болып отырған
кезеңде мол да дұрыс географиялық деректерге ие болды. Орталық
Қазақстанға бірнеше рет саяхат жасалды, елдің өзге де өңірлерін
зерттеу міндеті алға қойылды.
Достарыңызбен бөлісу: |