Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу (ҚК 189 б.). Алаяқтық (ҚК 190 б.). Соңғы жылдары меншікке қарсы жасалатын қылмыстардың қатарында алаяқтықтың үлес салмағының өсіп келе жатқандығын статистикалық мәліметтерден айқын аңғаруға болады. Нарықтық экономика жағдайына және кәсіпкерлік қызметтің кеңнен өрістеуіне байланысты меншікке қарсы қылмыстардың ең көп тараған нысаны алаяқтық болып табылады. Қылмыстық заңда «Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемдену»-деп көрсетілген (ҚК 190 б.). Алаяқтықтың заты бөтеннің мүлкі немесе бөтен мүлікке құқық алу болып табылады.
Объективтік жағынан алаяқтық бөтен мүлікті талан-таражға салу немесе бөтен мүмлікке құқықты алу заңда көрсетілген екі тәсіл арқылы: алдау немесе сенімге қиянат жасаумен жүзеге асырылады. Осы қылмысты жасағанда жәбірленуші мүлікті қылмыскерге оған сеніп, өз қолымен тапсырады. Алданып немесе сеніп қалған меншік иесі немесе өзге де заңды иеленуші қылмыскерге мүлкін немесе мүлкіне құқықты өз еркімен тапсырады.
Алаяқтық жолмен алдау дегеніміз шындыққа жатпайтын фактілерді көрінеу бұрмалап, жалған хабар беру, мәлімдеме жасау, жалған құжаттар көрсету арқылы өзін құқық қорғау органдарының қызметкері етіп көрсету; әртүрлі келісімдер бойынша бұйымның, заттың саны, сапасы, бағасы жөнінде көрінеу шатастыру, жалған сенім хаттар көрсетіп, басқа біреуге тиесілі қаражатты немесе мүлікке құқықты алу, осындай әдіспен біреудің үйін, көлігін және басқа мүлкін сатып, айырбастап жіберу және т.б. болып табылады. Осындай реттерде жалған құжаттарды пайдалану алдаудың бір тәсілі болып табылғандықтан кінәлінің іс-әректі Қылмыстық кодекстің 385-бабымен қосымша саралануға жатпайды.
Алаяқтың жалған құжаттарды пайдалануы көп реттерде заңсыз зейнетақыны, жәрдемақыны, басқа да төлемдерді алуда жиі пайдаланылады. Кінәлі адам осы құжаттарды пайдалану арқылы алаяқтықпен алдауда өзінің жасы, денсаулық жағдайы, еңбек өтілі, орташа айлық, жылдық табысы туралы жалған мәліметтер енгізеді. Мұндай реттерде жалған құжаттарды кінәлінің өзі жасаса, онда оның әрекеті қосымша Қылмыстық кодекстің 385-бабымен саралануға жатады.
Алаяқтықты жасаудың екінші бір тәсілі – сенімге қиянат жасау болып табылады. Сенімге қиянат жасау деп кінәлі адамның меншік иесімен немесе мүліктің өзге де заңды иеленушісімен пайда болған әр түрлі сенімге негіз боларлық қатынастарды пайдалану арқылы олардың мүлкін заңсыз иелену құқық алуы болып табылады. Мысалы, кінәлі адамның әр түрлі азаматтық-құқықтық келісімдерді пайдалануы: тұрмыстық прокат шарты, сауда-саттыққа қарыз берушілер, белгілі бір жұмысты істеуге, бағып-қағуға міндеттемелік шарттар болып табылады. Осындай сенімге ие болу арқылы олар жәбірленушіге қарсы алаляқтық әрекеттер істейді.
Алаяқтық құрамы – материалдық: Оның субъективтік жағының міндетті белгілерінің бірі қылмыстың зардабы – меншік иесіне мүмліктік залал келтіру болып табылады. Бұл қылмыс кінәлі адамның иелігіне мүліктің заңсыз өтуіне немесе кінәлінің жәбірленушінің мүлкіне заңсыз құқық алған уақытынан бастап аяқталған деп сараланады.
Субъективтік жағынан алаяқтық тек тікелей қасақаналықпен істеледі және қылмыс пайдакүнемдік ниет және мақсатпен орындалады.