ҚР ҚК 136-бабында баланы қасақана ауыстырғаны үшін қылмыстық жауаптылық бекітілген. Баланың өзінің отбасында тәрбие алу құқығының, сондай-ақ, ата-анасының өз балаларын өздері тәрбиелеу құқықтарының бұзылуы баланы ауыстырудың қоғамдық қауіптілігі болып табылады. Балалар мен ата-аналарының арасындағы отбасылық байланыстар үзіледі. Пайдакүнемдік пиғылмен жасалған реттерде кінәлі адамдар баюдың заңсыз көзіне ие болады.
2009 ж. 20 қарашадағы Бала құқықтары туралы конвенцияның 9-бабы «Қатысушы мемлекеттер құзіретті органдар сот шешімі бойынша қолданыстағы заңдар мен үдерістерге сәйкес осындай ажырату баланың барынша тиімді мүддесі бойынша қажетті деп таныған жағдайды қоспағанда, баланың ата-анасынан өзінің қалауына қарсы ажыратылмауын қамтамасыз етуі тиіс. Осындай ұйғарым белгілі бір нақты жағдайда, мысалы, ата-анасы балаға қатігездікпен қарағанда немесе оған қамқорлық жасамағанда не ата-аналары бөлек тұрып және баланың тұрғылықты жері туралы шешім қабылдау керек болған реттерде қажет болуы мүмкін»-деп атап көрсетеді.
Баланың бостандығы, оның құқықтары және заңды мүдделері, сондай-ақ баланың ата-анасының заңды мүдделері мен құқықтары берілген қылмыстың объектісі болып табылады. Қылмыс арқылы сондай-ақ баланың тәндік және рухани дамуына зиян келтіріледі.
Бір баланы екінші баламен құпия түрде ауыстыру жүзеге асырылған сәттегі іс-әрекеттер қылмыстың объективтік жағын құрайды. Қарастырылып отырған баптың мәтіндік тұжырымына қарағанда, әңгіме баланы перзентханада, балалар үйінде ауыстыру туралы болып отыр. Баланы ауыстыру оны босану жүргізілген үйде, дүкеннің, базардың жанында қалдырылған баланың арбасында және т.б. жерлерде жүзеге асырылуы мүмкін. Бір тараптың ата-анасының келісім беруі берілген қылмыс құрамының орын алғандығын жоққа шығармайды. Ата-аналардың өзара келісімдері бойынша балаларды ауыстыру қарастырылып отырған қылмыстың құрамын құрамайды, себебі нақты өз баласынан бас тарту орын алады. Баланың ата-анасы жоқ кезде мысалы, анасы қайтыс болған, әкесі және өзге туысқандары болмаған ретте де баланы ауыстырған кезде кінәлінің әрекеттері берілген норманың белгілеріне ие болады.
Бір баланы екіншісіне ауыстыру көп реттерде тек жаңа туған балаға қатысты, ол перзентханада немесе балалар үйінде болған кезде орын алуы мүмкін. Баланы ауыстыру өзінің белгілі бір кемістіктері бар баласын басқа дені сау балаға ауыстыру арқылы да жасалуы мүмкін. Анасы немесе әкесі өзінің баласын тани алатын болғанда және осының барысында баланы ауыстыру орын алатын болса, онда кінәлі адамның әрекеттері ҚР ҚК 136 бабы бойынша және ҚР ҚК 125 бабында көзделген адамды ұрлау ретінде бағаланады.
Қылмыс құрамы өзінің құрылысы бойынша формальдық құрамға жатады Баланы ауыстырған сәттен қылмыс аяқталған болып есептелінеді.
Қылмыс субъективтік жағынан тек тікелей қасақаналықпен жасалуы мүмкін. Кінәлі адам баланы ауыстыратындығын сезеді, қоғамдық қауіпті салдардың орын алуының мүмкіндігін көре біледі және оларды тілейді.
Перзентханалардың, балалар үйлерінің қызметкерлері, сондай-ақ босану кезінде немесе жаңа туған балаға медициналық мекемеден тыс жерлерде күтім жасап жүрген адамдар немесе 16 жасқа толған кез келген есі дұрыс адам қылмыстың субъектісі болуы мүмкін. Медициналық қызметкерлермен қатар жаңа туған баланың анасы немесе оның өзге туысқандары да қымыстың субъектісі болуы мүмкін.
Баланы ауыстырудың сараланған құрамы (ҚР ҚК 136 б. 2 б.) заңшығарушымен оның субъективтік жағы пайдакүнемдік немесе өзге де ұждансыз пиғылмен жасалатындай етіп құрастырылған.
Пайдакүнемдік ниет мысалы, баланы ауыстыруға мүдделі адамдардан материалдық тұрғыдағы сыйақы алудан көріністабуы мүмкін. Кек алу, бөтен баланың ата-анасына деген көре алмаушылық, қызғаныш, кейбір реттерде бұзақылық ниеттер ұждансыз пиғылдардың мысалдары бола алады. Баланы ауыстырып алу перзентханаларда, балалар үйінде абайсыздықтан орын алған жағдайларда лауазымды тұлға белгілеріне ие болатын кінәлі адамдар ҚР ҚК 371-бабы бойынша салғырттық үшін жауапқа тартылады.
Баланы ауыстыруды пайдакүнемдік ниетпен жасалған баланы ұрлаудан ажырата білу қажет. Баланың ата-анасымен болуы мүмкіндігінен айыратын ұрлап алудың немесе алып кетудің орын алуынан аталған қылмыстардың ұқсастығы көрініс табады. Талданып отырған қылмыстардың аяқталу сәті де сәйкес келеді: баланы нақты түрде иемденіп алу және оны өзінің қалыпты микро ортасынан (отбасынан, ата-анасынан, бала бақшадан немесе медициналық мекемеден) аластату. Аталған қылмыстардың арасындағы басты айырмашылық келесілерден көрініс табуы мүмкін: баланы ауыстыру барысында өзінің бостандығын жеке құндылық ретінде сезіне білмейтін бала жәбірленуші болып табылады. Яғни бұл қылмыстарды жәбірленушісі де және объектілері де әртүрлі. Баланы ұрлаудың барысында кінәлілер баланы ауыстырғандағыдай, баланы басқа балаға ауыстырмайды. Одан әрі, баланы ауыстыру барысында кінәлілер үшін ауыстырылған баланың жеке басының қасиеттері маңызға ие болады: ауру емес, дені сау бала, қыз бала емес, ұл бала және т.б. Баланы ұрлаушылар үшін жәбірленушінің олардың қолында болуының фактісі өзі маңызға ие болады.
ҚР ҚК 136 б. 1-бөлігінде көзделген іс-әрекеттер онша ауыр емес қылмыстарға жатады. ҚР ҚК 136 б. 2-бөлігіндегі іс-әрекеттерді ауыр қылмыстар санатына кірістіреміз.