Тақырып Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің жалпы сипаттамасы: Жеке адамға қарсы қылмыстар


Кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға тарту (132 б.)



бет54/102
Дата27.05.2022
өлшемі344,84 Kb.
#145297
1   ...   50   51   52   53   54   55   56   57   ...   102
Байланысты:
ққ.лекция 10 шт

2 Кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға тарту (132 б.)

18-жасқа толған адамның кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылықтарға тартуы кәмелетке толмаған адамдардың мүддесіне қарсы жасалатын қауіпті қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірі болып табылады. ҚР Конституциясының 27 бабында неке және отбасы, ана және әке, балалық мемлекеттің қорғауында болтындығы бекітілген. Балаларға қамқор болу және олардың тәрбиесі ата-аналарының табиғи құқықтары мен міндеті болып табылады.
Кәмелеттік жасқа толған еңбекке қабілетті балалары еңбекке қабілетсіз ата-аналарына қамқорлық жасауға міндетті. Жоғарыда көрсетілген қағидалық сипаттағы конституциялық ережелер отбасының және кәмелетке толмағандардың мүдделерін қылмыстық құқықтық қорғаудың негізі болып табылады.
Қарастырылып отырған қылмыстың қоғамдық қауіптілігі кәмелетке толмағандардың тәрбиесіне зиян келтіруден, сондай-ақ сыртқы ықпалдарға барынша тез бейімделетін жасөспірімдерді қылмыстық қызметке тартудан көрініс табады. Кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға тартудың тікелей объектісі кәмелетке толмаған адамның өнегелік, ақыл-ойының және тәндік тұрғыдан алғандағы қалыпты дамуы болып табылады.
Қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға тартылғанның нақты жасы, сондай-ақ оның әлеуметтік тұрғыдан жетілуінің деңгейі маңызға ие болмайды.
Кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылықтарға тартудың объективтік жағы қылмыстық істерге тартушының әрекеттеріне сипаттама берудің көмегі арқылы ашылады. Тарту сөзінің мәнісін «белгілі бір істерге қатысуға жұмылдыру, ынталандыру» - деп түсіндіруге болады.
Кәмелетке толмаған адамды қылмыстық қызметке кез келген тарту – бұл ересек адам мен кәмелетке толмаған адамның байланыс жасауының процесі.
Қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға тартушының әрекеттері жасөспірімнің табиғи, қалыпты дамуы мен өмір сүруін бұзуға тікелей бағытталады, себебі бір нәрсені жасауға деген құмарлығын қоздыруға тырысу жеке адамның қалыпты жағдайын өзгерістерге ұшырату болып табылады.
Кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға тарту деп кәмелетке толмаған адамның бір немесе бірнеше қылмысты жасауға қатысуға деген құмарлығын қоздыруға бағытталған әрекеттерді түсіну қажет.
Қылмыстық істерге тарту тәндік немесе психикалық әсер етулердің барлық түрін қарастырады мысалы: көзін жеткізу (белгілі бір пайдаға қол жеткізуге уәде ету), қорқыту (ұрып-соғу, психикалық қысым жасау), сатып алу (материалдық сыйлықтар беру), алдау (жалған ақпарат беру), кек алу сезімін қоздыру (тәндік жазасын беруге ынталандыру), қызғаныш немесе өзге де ұждансыз сезімдерді қоздыру, қылмыс жасауға ұсыныс ету, қылмыстық жолдармен алынған заттарды сатып алуға немесе өткізуге уәде ету, қылмысты жасаудың немесе оның іздерін жасырудың орны және тәсілдері туралы кеңестер беру және т.б.
ҚР Жоғарғы Сотының 2002 ж. 11 сәуірдегі «Кәмелетке толмағандардың қылмыстары және оларды қылмыстық және қоғамға жат әрекеттерге тарту істері бойынша сот тәжірибесі туралы» нормативті қаулысының түсіндіруіне сәйкес кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға тарту деп тартушының кәмелетке толмаған адамның ойында қылмыс жасауға деген тілектің қалыптасуына және қылмыс жасауға қатысуға дайын болуына тікелей бағытталған әрекеттерді түсіну қажет.
Қылмыстық қуғындау органдары және соттар кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға тарту мақсатында ересек адамдармен қандай нақты әрекеттердің жасалғандығын көрсетуге міндетті. Оған психикалық немесе тәндік ықпал етулерсіз, кәмелетке толмаған адамға ересек адамның қылмыс жасау туралы ұсыныс жасауын өздігінен кәмелетке толмаған адамды қылмыстық іске тарту деп бағалауға болмайды.
ҚК 132-бабының 1-бөлігі бойынша қорқыту күш қолданусыз сипатқа ие болуы тиіс (қорқыту, жағымсыз жағдайларға тап қылуға уәде ету). Егер күш қолданамын деп қорқыту орын алатын болса, онда іс-әрекет берілген баптың 3-бөлігі бойынша саралануы тиіс.
ҚР Жоғарғы Сотының көрсетілген қаулысында кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасауға тартқан және оған қатысқан ересек адамның әрекеттері кәмелетке толмаған адаммен бірігіп жасаған қылмыс үшін, сондай-ақ кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға тартқаны үшін, яғни қылмыстардың жиынтығымен саралануы тиіс. Осының барысында қылмыстық жауаптылық басталатын жасқа толмаған адаммен бірігіп жасалған қылмыс адамдар тобымен жасалған қылмыс ретінде саралануға жатпайды. Бұл ретте ҚР ҚК 28-бабының 2-бөлігіне сәйкес қылмыстың орындаушысы ретінде кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасауға тартқан адам танылады.
ҚК 132-бабында көзделген қылмыс орын алады, егерде кәмелетке толмаған адамды қылмыстық іске тартудың бір фактісі болса да орын алса, яғни жасалған болса. Қарастырылып отырған қылмыстың құрамы өзінің мазмұны бойынша айтарлықтай кең, себебі өзіне тек оған дайындалуды ғана кірістірмейді, сонымен бірге оларды қылмыстық және қоғамға жат жүріс-тұрыстарға үйретуді де кірістіреді.
ҚР ҚК 132-бабында көзделген қылмыс құрамының болуы үшін кәмелетке толмаған адамның оны қылмыстық іске тартқанға дейінгі жүріс-тұрысы маңызға ие болмайды. Бұл бірқатар мән-жайларға байланысты. Біріншіден, ересек ұйымдастырушы немесе айдап салушы барлық уақытта кәмелетке толмаған адамның осыған дейінгі қоғамға жат тәжірибесі туралы ақпаратқа ие бола алмайды. Екіншіден, ересектің қылмыстық әрекеттері кәмелетке толмаған адамның қоғамға қарсы бейімделуін күшейте түсуге, яғни олардың қоғамға жат өмір салтын ұстануға үйретуге бағыталған. Үшіншіден, қылмыс жасау кәмелетке толмаған адамның жеке басының жас шамасына байланысты дербес психологиялық ерекшеліктерімен түсіндіріледі, әлдебір жаңа сезімдерді бастан кешіруге тырысу, кейде таза балалық мотивтерге байланысты.
ҚК 132-бабында көзделген қылмыс құрамы өзінің конструкциясы бойынша формалдық құрам болып табылады, яғни кәмелетке толмаған адамды қылмыс жасауға көндірген сәттен қылмыс аяқталған болып есептелінеді, бұл ретте кәмелетке толмаған адамның қандай да болмасын қылмысты жасағаны немесе жасамағанына қатыссыз қылмыстық жауаптылық туындайды. Егер ересек адамның әрекеттерінің ықпалымен кәмелетке толмаған адамның ойында қылмыс жасау пиғылы қалыптасса, кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасауға тарту жүзеге асқан болып есептелінеді.
18-жасқа толған, есі дұрыс, жеке адам кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға тартудың субъектісі болып табылады.
Көп жағдайларда кәмелетке толмағандарды қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға тартушылар бұрын сотталғандар, рецидивистер болып шығады. Ересек қылмыскерлерге кәмелетке толмағандарды қылмысқа тарту тиімді болып табылады. Себебі олар ересектермен салыстырғанда жауаптылықтың жеңіл түріне тартылады. Сол арқылы ересектер өздері құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалуға тырысады. Олардың әрекеттері ерекше қауіпті болады, әдетте олар қылмыстық топтар құруға тырысады.
Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен жасалады, яғни кінәлі тұлға кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасауға тартатынын сезінеді және соны тілейді. Егер ересек адам өзі қылмыс жасауға тартқан адамның кәмелетке толмағанын білмеген жағдайда онда ол ҚК 132-бабы бойынша жауапқа тартыла алмайды. Кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасауға тарту жағдайында кінәлі қылмысқа дайындалғаны үшін жауаптылыққа тартылса, егер кәмелетке толмаған адам қылмыс жасаған жағдайда ересек адам орындаушы ретінде жауапқа тартылуы тиіс. Егер ересек адам қылмысты өзі жасап және оған кәмелетке толмаған адамды тартса оның әрекеттері қылмыстардың жиынтығы бойынша саралануы тиіс, яғни кәмелетке толмаған адаммен бірігіп жасаған қылмысы және оны қылмыстық құқық бұзушылық жасауға тартқаны үшін.
ҚК 132-бабы бес бөліктен тұрады, мынадай белгілер қылмыстың ауырлатылған құрамын құрайды:
ҚР ҚК 132 б. 2-бөлігі бойынша ата-анасы, педагог не кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттер Қазақстан Республикасының заңымен жүктелген адам өзге адам жасаған дәл сол әрекеттер үшін жауаптылық қарастырылған. Заңшығарушының кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттер Қазақстан Республикасының заңымен жүктелген өзге адамды арнайы субъектілердің қатарына қосуы аталған норманы қолданудың аясын біршама кеңейте түскен.
Ата-ана ұғымына асырап алушылар, сондай-ақ ата-ана құқығынан айырылған немесе құқықтары шектелген туған ата-аналары да кіретінін айтқан дұрыс. Заң мағынасына қарағанда көрсетілген тұлғалар қылмысты тек өздерінің балаларына қатысты ғана жасайды.
Педагог дегеніміз – білім беру бойынша қызметті жүзеге асыратын ұйыммен еңбектік, қызметтік қатынастарда тұратын және білім беру, тәрбиелеу не білім беру қызметін ұйымдастыру бойынша міндеттер атқаратын жеке тұлға болып табылады. Бұл ретте мемлекеттік немесе мемлекеттік емес білім беру немесе тәрбиелеу мекемесінде тиісті лауазымды атқаратын (мұғалім, техникум, колледж оқытушысы, балабақша тәрбиешісі) адам ғана емес, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық жасауға тартылған жасөспіріммен тәрбиелік жұмыстарды жүргізу міндеті жүктелген адам да қамтылады.
Өзге адамдарға қорғаншы (қамқоршы), өгей әкесі, өгей шешесі, асырап алған ата-аналары жатады.
ҚК 132 б. 3-бөлігінде күш қолданып немесе оны қолдану қатерін төндіру арқылы кәмелетке толмағандарды қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға тартқаны үшін қылмыстық жауаптылық көзделген.
Берілген жағдайда күш қолдану түсінігі барынша кең ұғымында беріліп отыр: ол жасөспірімді ұрып-соғу, оның денсаулығына жеңіл, орташа ауырлықтағы зиян келтіру, сондай-ақ зорлау немесе жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы көрініс табуы мүмкін.
Егер жәбірленушінің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірілсе (ҚР ҚК 106 б.) немесе күш қолдану қинаумен ұштастырылса (ҚР ҚК 110 б. 2 б.), іс-әрекет көрсетілген баптардың бірінде көзделген қылмыстардың бірінің және ҚР ҚК 132 б. жиынтығын құрайды. Зорлау және жыныстық сипаттағы күш қолдану әрекеттерінің ауырлатылған құрамы да кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылыққа тарту құрамымен қамтылмайды, яғни бұл реттерде де қылмыстардың жиынтығы орын алады.
Күш қолдану қатерін төндіру дегеніміз ұрып-соғу, денсаулыққа әртүрлі дәрежедегі зиян келтіру, сондай-ақ өлтіремін, зорлаймын, жыныстық сипаттағы күш қолдану әрекеттерін жасаймын деп қорқыту болып табылады. Қорқыту әрекеттері әрдайым қарастырылып отырған қылмыстың құрамымен қамтылады және ҚР ҚК 115 б. қосымша саралауды талап етпейді. 
- кәмелетке толмаған адамды ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға тартуға байланысты іс-әрекеттер (ҚК 132 б. 4-бөлігі);
ҚР Қылмыстық кодексінің 11 б. көрсетілгендей ең ауыр жаза он екі жылдан аспайтын мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген қасақана іс-әрекеттер ауыр қылмыстар деп танылатын болса, он екі жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру, өмір бойына немесе өлім жазасы түріндегі жаза көзделген қасақана жасалған іс-әрекеттер аса ауыр қылмыстар деп танылады.
- кәмелетке толмаған адамды қылмыстық топтың қылмыстық әрекетіне тартуға байланысты іс-әрекеттер (ҚК 132 б. 5-бөлігі);
Қолданыстағы заңнама бойынша ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым, қылмыстық қоғамдастық, трансұлттық ұйымдасқан топ, трансұлттық қылмыстық қоғамдастық, террористік топ, экстремистік топ, заңсыз әскерилендірілген құралым секілді криминалды құрылымдар қылмыстық топ деген жалпы атаумен аталады.
ҚК 132-бабының 1,2 бөліктерінде көзделген қылмыс ауыр қылмыстар санатына жатқызылатын болса, 3,4,5 бөліктерінде көзделген қылмыстық іс-әрекеттер аса ауыр қылмыстар санатына жатқызылады.
1   ...   50   51   52   53   54   55   56   57   ...   102




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет