Тақырып Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің жалпы сипаттамасы: Жеке адамға қарсы қылмыстар


Кәмелетке толмағандар саудасы (135 б.)



бет57/102
Дата27.05.2022
өлшемі344,84 Kb.
#145297
1   ...   53   54   55   56   57   58   59   60   ...   102
Байланысты:
ққ.лекция 10 шт

5 Кәмелетке толмағандар саудасы (135 б.)

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 135-бабы кәмелетке толмаған адамды сатып алу-сату немесе өзге де мәмілелер жасасу, сол сияқты оны қанау не азғырып көндіру, тасымалдау, беру, жасыру, алу, сондай-ақ қанау мақсатында өзге де іс-әрекеттер жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықты бекіткен.
Ересек адамдармен салыстырғанда кәмелетке толмағандар (әсіресе жас балалар) ерік бостандығына толықтай ие бола алмайды: ол оның әлеуметтік мәртебесімен және жас шамасына сәйкесті психофизиологиялық қабілеттерімен шектеуге ұшырайды.
Кәмелетке толмағандарды саудаға салу балалардың тек бостандығына ғана қол сұқпайды, сонымен бірге олардың мүдделеріне кешенді түрде қол сұғады сондықтан кәмелетке толмағандарды саудаға салу қылмысы балаларды бостандығынан айырумен ғана шектеледі деп тұжырымдауға болмайды.
Кәмелетке толмағандарды саудаға салу ұғымы қылмыстың негізгі белгісі ретінде кәмелетке толмаған адамға заңды түрде ие болып отырған тұлғаның (ата-анасы, асырап алушысы, қамқоршысы, қорғаншысы, туысқаны) сатып алушыға беруін қарастырады.
Жасөспірімді өзіне иеленіп алған тұлғаның пиғылы кең ауқымды қамтуы мүмкін: ауыстырып салу үшін кәмелетке толмаған адамның ағзасын пайдаланудан, тұқым қуалаудан немесе жүре келе пайда болған кеселдерді емдеуді қоса алғандағы, оның дамуы үшін тиімді мүмкіндіктер жасауға дейін. Егер кәмелетке толмаған адамға құқықты иеленуші бекітілген тәртіпті бұза отырып (бала асырап алу барысында) заңсыз әрекет еткен болса, қылмысты саралау үшін кінәлі тұлғаның ниеті маңызға ие болмайды.
Бала құқықтарының 1959 ж. Декларациясында балаларға ерекше қорғау мен қамқорлық қажет екендігі айтылған және оларды барлық қылмыстық қол сұғушылықтардан қорғайтын арнайы халықаралық құрылуы тиіс. Нақты сол үшін БҰҰ Халықаралық балалар қорының (ЮНИСЕФ) бастамасы бойынша 1989 ж. барлық мемлекеттердің қол қою құқығы бар Балалар құқықтары туралы конвенция қабылданды. Берілген конвенция мемлекеттерге баланы жыныстық пайдалану мен жыныстық азғындатудың барлық нысандарынан қорғау міндетін жүктейді.
Халықаралық заңнама сот органдарының деңгейіндегі ынтымақтастықтардың барысында мемлекеттерді адам саудасы үшін жауаптылықты бекітетін заңнаманы одан әрі жетілдіруге, ал қажетті болған реттерде айып тағудың ерекше нысандарын қарастыруға шақырады.
Халықаралық құқықтық актілер «баланы саудаға салу» ұғымына тек баланы асырап алуға бағытталған әрекеттерді ғана емес, сонымен бірге бала асырап алуға қатысты халықаралық құжаттардағы ережелерді бұза отырып, баланы асырап алуға делдал болуға құқыққа қайшы түрде көндіруді де жатқызады.
Кәмелетке толмағандардың саудасы дегенді көрнеу кәмелетке толмаған адамды сатып алу-сату немесе оған қатысты өзге де мәмілелер жасасу, сол сияқты оны қанау не тасымалдау, беру, жасыру, сондай-ақ қанау мақсатымен жасалатын өзге де әрекеттерді жасау болып табылады.
Сот тәжірибесі көрсеткендей кәмелетке толмағандардың саудаға салу оларды қанау мақсатында да (сексуалдық, экономикалық және т.б.), сондай-ақ өзге де мақсаттар үшін жүзеге асырылады.
Халықаралық құжаттар атап айтқанда, Бала құқықтары туралы конвенцияның 35 б. балаларды саудаға салудың кез келген мақсаты мен нысанына тыйым салады.
Кәмелетке толмаған адамның жеке басының бостандығы қарастырылып отырған қылмыстың объектісі болып табылады. Кәмелетке толмаған адамның өмірі мен денсаулығы, ата-анасының немесе жақын туыстарының кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеудегі мүдделері қылмыстың қосымша объектісі ретінде қарастырылады.
Қылмыстың объективтік жағы кәмелетке толмаған адамға қатысты сатып алу-сату немесе оған қатысты өзге де мәмілелер жасасудан, сондай-ақ оны қанау не азғырып көндіру, тасымалдау, беру, жасыру және пайдалану мақсатындағы өзге де іс-әрекеттерден көрініс табады.
Бір тараптың белгілі бір ақы үшін кәмелетке толмаған адамды уақытша немесе тұрақты иеленуге алуын, ал екінші тараптың сатуын сатып алу-сату нысанындағы саудаға салу деп түсіну қажет. ҚР АК 406 б. 1 бөлігіне сәйкес сатып алу-сату дегеніміз бір тарап (сатушы) затты (тауарды) басқа тараптың (сатып алушының) меншігіне өткізіп беретін, ал сатып алушы бұл тауарды қабылдап алуды және баға деп аталатын белгілі бір ақшалай сомманы төлеуді міндетіне алатын келісім шарт болып табылады.
Өзге мәмілелердің міндетті белгісі – төлем төлеу, яғни бір адамның басқа адамға кәмелетке толмаған адамды пайдакүнемдік немесе өзгелей қоғамға жат мақсатпен беруі. Осының барысында төлем тек ақшалай да болмауы мүмкін, кез келген азаматтық құқықтық мәміленің кәмелетке толмаған адамды беру немесе оны иеленіп алу нысанында – басқа кәмелетке толмаған адамға ауыстыру, әлдебір затқа ауыстыру, сыйға тарту, кепіл зат ретінде, борышын «төлеу» есебінде беруі және т.б. Мысалы, кәмелетке толмаған адамды материалдық сипаттағы қызметтердің орнына алу, оны ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің немесе туысқандарының өзге адамдарға сыйға тартуы, көрсетілген тұлғалардың кәмелетке толмағандарды өзара айырбастауы, оларды кепілзат ретінде пайдалануы, кәмелетке толмаған адамды әлдебір мақсатқа пайдалану, заңсыз жолмен пайда табу – қаңғыбастықпен, жезөкшелікпен айналысу үшін уақытша бере тұру және т.б.
Жоғарыда аталып көрсетілген әрекеттер немесе оны азғырып көндіру, тасымалдау, беру, жасыру немесе өзге де әрекеттер кәмелетке толмаған адамды қанау мақсатында жүзеге асырылуы мүмкін.
ҚР ҚК 3 б. 1) п. бойынша адамды қанау – Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, кінәлі адамның мәжбүрлі еңбекті, яғни адам оны орындау үшін өз қызметтерін ерікті түрде ұсынбаған, осы адамнан күш қолдану немесе оны қолдану қатерін төндіру арқылы талап етілетін кез келген жұмысты немесе қызметті пайдалануы;
- кінәлі адамның алынған табыстарды иемденіп алу мақсатында басқа адамның жезөкшелікпен айналысуын немесе ол көрсететін өзге де қызметтерді пайдалануы, сол сияқты кінәлі адамның осы мақсатты көздемей, адамды сексуалдық сипаттағы қызметтер көрсетуге мәжбүрлеуі;
- адамды қайыршылықпен айналысуға, яғни басқа адамдардан ақша және (немесе) өзге мүлікті сұрауға байланысты қоғамға жат іс-әрекет жасауға мәжбүрлеу;
- кінәлі адам және (немесе) басқа адам үшін жұмыстарды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді орындаудан өзіне байланысты емес себептер бойынша бас тарта алмайтын адамға қатысты меншік иесінің өкілеттіктерін кінәлі адамның жүзеге асыруына байланысты өзге де әрекеттер.
Азғырып көндіру дегенді белгілі қызметтер үшін адамдарды жалдау үшін іздестіру, шақыру, тарту деп түсіну қажет. Осының барысында жәбірленуші өзі жалданатын жұмыстың сипатына, еңбек жағдайына, жалақысына және т.б. қатысты түрде әдейі жаңылыстырылады. Азғырып көндіру бойынша әрекеттер кәмелетке толмаған адамды қанау мақсатында алдау жолымен жүзеге асырылады.
Тасымалдау дегеніміз кәмелетке толмаған адамды бір елді мекеннен басқа елді мекенге тасымалдау болып табылады (бір ауданда, бір облыста немесе тұтастай алғандағы Қазақстан бойынша), бұл арада кәмелетке толмаған адамды шетелге шығару кінәлі адамның әрекеттерін ҚР ҚК 135 б. 3-бөлігімен саралауға жатқызылатындығын атап көрсету қажет.
Кінәлі адамның беру түріндегі әрекеттерін кәмелетке толмаған адамды ақылы немесе ақысыз нысанда белгілі бір уақытқа оны қанау мақсатында беру деп түсіну керек.
Жасыру әрекеттері кәмелетке толмаған адамды алдын ала уәде бермей оны қанау мақсатында жасырумен сипатталады.
Оған баспана беру, қозғалыс құралдарымен қамтамасыз ету, жалған құжаттар беру, бет-әлпетін өзгертуге көмектесу секілді және т.б. әрекеттерді де осыған жатқызамыз. Осының барысында кәмелетке толмаған адамды күні бұрын уәде беру арқылы жасыру көмектесушілік нысанындағы қылмысқа бірігіп қатысушылық ретінде қарастырылады (ҚР ҚК 28 б. 5 б. және 135 б. 1 б.).
Алу дегеніміз – бұл кәмелетке толмаған адамды қанау нәрсесі ретінде сатып алу-сатудан бөлек жолмен иеленіп алу болып табылады.
Қанау мақсатындағы өзге де іс-әрекеттер ретінде материалдық пайда табуды көздей отырып, жалданған адамның интеллектуалдық немесе дене еңбегін пайдалануды түсінеміз.
Конструкциясы бойынша берілген қылмыс құрамы формальдық құрамға жатады. Қылмыс кәмелетке толмаған адамды немесе ақшаны алған сәттен бастап аяқталған деп танылады, осының барысында кінәлі адамның кәмелетке толмаған адамды өзінің қалауынша пайдалануға үлгермей қалғаны есепке алынбайды.
Сонымен қатар кәмелетке толмаған адамға қатысты берілген баптың диспозициясында бекітілген мәмілелердің жасалуы сәтінен (мысалы, жалдау туралы келісім, еңбек келісімі жасалған, жәбірленушінің құжаттары «еңбекке орналастыру» фирмасына берілген) қылмысты аяқталған деп танимыз. Осының барысында кәмелетке толмаған адамды сатқан және оны сатып алған адам үшін де қылмыстық жауатылық пайда болады.
Талданып отырған іс-әрекет субъективтік жағынан тек тікелей қасақаналықпен жасалады, яғни кінәлі адам «нәрсесі» кәмелетке толмаған адам болып табылатын азаматтық құқықтық мәміле жасайтындығын сезінеді, оның әрекеттерінің нәтижесінде мәміленің жасалатындығын (мәселен, сатушының тарапынан – кәмелетке толмаған адамды беру, сатып алушының тарапынан - сатушыға келісілген сомманы беру) және сатып алу-сату немесе өзгедей мәміленің жасалуын тілейді. Кәмелетке толмаған адамды сатушының ниеті барлық жағдайда пайдакүнемдік (мысалы, кәмелетке толмаған адамды белгілі бір сыйақы үшін притонға сату немесе оны оның ағзаларын немесе тіндерін транспланттау үшін донор ретінде пайдалану). Сонымен қатар, қылмыстық ниет альтруистік сипатта да болуы мүмкін, яғни осындай жолмен қолайсыз жағдайда, ата-аналары балаға тиісті көңіл бөлмейтін жайсыз отбасында өмір сүріп жатқан жасөспірімді құтқару мақсатында жасау. Осының барысында кінәлі адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту үщін тікелей қасақаналықты анықтау және берілген баптың диспозициясында көрсетілген іс-әрекеттерді жасау жеткілікті болады. Олай болса, қылмыстық ниет қылмысты саралауға әсер етпейді, алайда оны анықтау жазаны дербестендіру үшін қажетті болып табылады.
Кәмелетке толмаған адамды саудаға салған сатушы да, сатып алушы да қылмыстың субъектісі болады. Кәмелетке толмаған адамға қатысты түрде алғанда, оның ата-анасы, қамқоршылары, қорғаншылары және өзге де тұлғалар мысалы, жақын туысқандары, яғни кәмелетке толмаған адамға заңды негізде ие болып отырған тұлғалар сатушы болады. Сонымен бірге кәмелетке толмаған адамды асырап алушы оның өгей ата-анасы да осындай рөл атқаруы мүмкін. Кәмелетке толмаған адамның ата-анасын есептемегенде кез келген адам сатып алушы болуы мүмкін.
Талданып отырған баптың 2-бөлігінде берілген қылмыстың ауырлататын белгілері көрсетілген:
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;
2) бірнеше рет;
3) өмірге және денсаулыққа қауіпті күш қолданып немесе оны қолдану қатерін төндіріп;
4) қаруды немесе қару ретінде пайдаланатын заттарды қолданып;
5) екі және одан да көп адамға қатысты;
6) транспланттау немесе өзге де пайдалану үшін жәбірленушінің ағзаларын немесе тіндерін алып қою мақсатында;
7) алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен;
8) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып;
9) кәмелетке толмаған адамды қылмыстар немесе қоғамға жат өзге де әрекеттер жасауға тарту мақсатында;
10) жәбірленушінің материалдық немесе өзге де тәуелділігін пайдаланып;
11) кінәлі адамға жүктілік жағдайда екені көрінеу белгілі кәмелетке толмаған адамға қатысты;
12) кінәлі адамға психикасының бұзылуынан зардап шегетіні немесе дәрменсіз күйде екені көрінеу белгілі кәмелетке толмаған адамға қатысты;
13) жәбірленушінің жеке басын куәландыратын құжаттарды алып қойып, жасырып не жоя отырып жасалған дәл сол әрекеттер.
Кәмелетке толмаған адамды саудаға салу адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жүзеге асырылған болып табылады, егер кәмелетке толмаған адамға қатысты мәмілелер жасасуға осындай мәмілені жасауға күні бұрын келіскен екі немесе одан да көп адам қатысқан болса. Егер сатып алушы, сондай-ақ сатушының да қылмыс субъектісі болып табылатындығын ескерер болсақ, онда қылмыстың берілген түрі қалай болғанда да адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы жасалатындығы түсінікті жағдай.
ҚР ҚК 12 бабына сәйкес кәмелетке толмаған адамға қатысты сатып алу-сату немесе өзге мәмілелерді жасасудың бірнеше рет жасалуы болып табылады, егер бір адаммен ҚР ҚК-нің 135-бабында көзделген іс-әрекеттердің екі немесе одан да көп рет жасалғандығының фактісі анықталған болса. Бұл ретте екінші рет қылмыс жасауға (кәмелетке толмағандарды саудаға салу) деген ниет әрбір жағдайда жаңадан пайда болуы тиіс (ҚР ҚК 135 б.2 б. 2 т.).
Кәмелетке толмаған адамды өмірге және денсаулыққа қауіпті күш қолданып немесе оны қолдану қатерін төндіріп саудаға салу болып табылады (ҚР ҚК 135 б. 2 б. 3 т.), егер кәмелетке толмаған адамға қатысты сатып алу-сату немесе өзгедей мәмілелерді жасасу барысында кінәлі адам жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолданатын болса, немесе оны қолданатындығын білдіріп қорқытатын, яғни саудаға салу сәтінде кәмелетке толмаған адамның өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіретін болса (мысалы, тыныс жолдарын бітеу, өмірлік маңызды органдарына соққылар жасау). Кәмелетке толмаған адамның денсаулығына зиян келтірілген жағдайда кінәлі адамның әрекеттерін тек ҚР ҚК 135 б. 2 б. 3 тармағымен саралау қажет болады, берілген жағдайда жәбірленушінің денсаулығына зиян келтіргені үшін қосымша саралау талап етілмейді, себебі бұл өмірге және денсаулыққа қауіпті күш қолдану ұғымымен қамтылады. «Өмірге және денсаулыққа қауіпті күш қолдану» түсінігі Қазақстан Республикасы Денсаулық министрінің 2010 ж. 20 мамырдағы Бұйрығымен бекітілген Сот-дәрігерлік сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу бойынша инструкцияда қарастырылған. Берілген қылмысты жасау барысында адам өлтірілген ретте кінәлінің әрекеттері ҚР ҚК 135 б. 2 б. 3 т., және ҚР ҚК 99 б., яғни қылмыстардың жиынтығы бойынша сараланады.
Психикалық сипаттағы күш қолданумен, сондай-ақ оны қолданамын деп қорқыту жолымен жүзеге асырылған кәмелетке толмаған адамды саудаға салу фактісі де ҚР ҚК 135 б. 2 б. 3 тармағымен саралануы тиіс.
Кәмелетке толмаған адамға қатысты сатып алу-сату немесе өзге де мәмілелерді қаруды немесе қару ретінде пайдаланатын заттарды қолданып жасау әрекеттері ҚР ҚК 135 б. 2 б. 4 тармағымен сараланады. Қаруды оның негізгі тағайыны бойынша пайдалану немесе қару ретінде қолдануға жарамды нәрселерді адам өмірі мен денсаулығына зиян келтіру үшін пайдалануды қаруды немесе қару ретінде пайдаланатын заттарды қолдану деп бағалаймыз.
Қазақстандағы қарудың айналысы саласындағы құқықтық қатынастарды реттейтін негізгі заңнамалық акті ретінде ҚР «Қарудың жекелеген түрлеріне мемлекеттік бақылау туралы» 1998 жылғы 30 желтоқсандағы № 339-1 Заңын атап көрсетуге болады.
Бұл Заң азаматтық, қызметтік, әскери атыс қаруларының және суық қарудың Қазақстан Республикасының аумағында айналысының барысында пайда болатын құқықтық қатынастарды реттейді.
Онда қарудың айналысы заттарының түсінігі (қару, оқ-дәрілер, атыс қаруы, газбен атылатын қару және т.б.) берілген; қару алуға құқығы бар субъектілер аталып көрсетілген; оның айналысын бақылау тәртібі кестеленген. Осы заңда атыс қару және оның оқ-дәрілері олардың күзетілуін, сақталуының қауіпсіздігін және оларды бөгде адамдардың алуын болғызбайтын жағдайларды ұсталуының тиістілігі туралы ереже көрсетілген.
Өзіміз жоғарыда атап көрсеткен Заңның 1-бабында осы Заңда қолданылатын негізгі түсініктер мен терминдер берілген ол бойынша:
1) қару – құрылысы бойынша тірі немесе өзге де нысаналарға тигізуге, сондай-ақ сигнал беруге арналған құрылғылар мен нәрселер;
2) атыс қаруы – оқтың, снарядтың, гранаттың ұңғы арнасынан лақтырылуы оқ-дәрінің немесе өзгедей заряд энергиясының әсер етуі нәтижесінде орын алатын қару;
3) суық қару – нысанаға тікелей тигізу құралы адамның бұлшық еттерінің күшінің көмегімен әрекет ететін қару;
4) газды қару – қолданылуы жас ағызатын немесе жасауратып, тітіркендіретін заттарды пайдалануға негізделген қару;
5) электрлік қару – қолданылуы электр разрядының әрекет етуіне негізделген арнайы құрылғы;
6) пневматикалық қару – нысанаға тигізу құралы қысылған, сұйытылған немесе қатырылған газдың қуатының негізінде бағытты қозғалыс алатын қару.
Қару ретінде пайдалануға болатын заттарға тұрмыста қолданылатын өздерінің қасиеттері бойынша адамның денсаулығына зиян келтіруге жарамды заттарды (балта, айыр және т.б.)
Кәмелетке толмағандарды саудаға салу ең кем дегенде екі жәбірленушіге қатысты жүзеге асырылған жағдайда екі және одан да көп адамға қатысты жасалған болып саналады және ҚР ҚК 135 б. 2 б. 5-тармағымен сараланады. Кінәлі тұлғаның ойында о бастан екі немесе одан да көп кәмелетке толмаған адамға қатысты мәміле жасау пиғылы болған жағдайда ғана берілген ауырлатушы мән-жай қолдануға жатады.
Егер екі немесе одан да көп кәмелетке толмаған адамға қатысты мәмілелер жасасу пиғылы кінәлі адамның ниетімен қамтылмаған болса, кінәлі адамның әрекеттерін ҚР ҚК 135 б.2 б. 2 тармағымен «бірнеше рет» жасалған саудаға салу деп саралау қажет болады.
Кәмелетке толмаған адамды транспланттау немесе өзге де пайдалану үшін жәбірленушінің ағзаларын немесе тіндерін алып қою мақсатында саудаға салу да қылмыстың сараланған құрамын құрайды (ҚР ҚК 135 б. 2 б. 6 т.).
Қазіргі қолданыстағы қылмыстық заңнамада трансплантациялау не өзгедей пайдалану үшін адамның ағзалары мен тіндерін алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қою, сол сияқты тірі адамның ағзалары мен тіндеріне қатысты заңсыз мәмілелер жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық бекітілген.
Емдеу тәсілі ретіндегі ағзаларды немесе тіндерді трансплантациялау (ауыстырып салу) ауру адамға және донорға жасалатын қосбірлікті отаны білдіреді. «Азаматтардың денсаулығын қорғау туралы» 2006 ж. 7-шілдедегі ҚР Заңына сәйкес донорлық қан, оның компоненттері, өзгедей донорлық материал (ұрық, аналық жасуша), сондай-ақ тіндер және (немесе) ағзалар (ағзаның бөлшектері) реципиентке трансплантациялау үшін алынатын адам, адамның мәйіті, жануар донор деп танылады.
Жоғарыда аталған Заңның 36-бабында адамның тіндерін және (немесе) ағзаларын (ағза бөліктерін) мәжбүрлеп алуға және оларды ауыстырып салуға тыйым салынады. Сондай-ақ адамның ағзалары мен тіндерін сатуға-сатып алуға, өзгедей коммерциялық мәмілелер жасауға тыйым салынған.
Басқа адамның ағзаларын немесе тіндерін мәжбүрлеп алуға жол берген адам қылмыстық жауаптылыққа тартылады.
Қазақстан Республикасының 2009 ж. 18 қыркүйектегі «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 1 б. 106 п. сәйкес трансплантация – бұл тінді және (немесе) ағзаны ағзадағы басқа орынға немесе басқа ағзаға ауыстырып салу болып табылады. 
Толығырақ айтар болсақ, трансплантация - адам ағзасының ауру бөлігін нақ сол ағзадан немесе өзге ағзадан алынған сау ағзамен ауыстыруды білдіретін күрделі медициналық операция болып табылады. Осындай операциялар о бастан-ақ оларды медициналық тәжірибеге енгізу құқығымен байланысты. Трансплантацияның құқықтық мәселелері өте көп, бірақ олардың түрлері бойынша дербестендіріледі. Қылмыстық құқық үшін донор-транпланттың фигурасы аса маңызды болып табылады. Ол жануар немесе адам болуы мүмкін.
Кәмелетке толмаған адамның ағзаларын немесе тіндерін алып қою мақсаты кәмелетке толмаған адамға қатысты мәміле жасасу барысында нақ осындай ниетті ұстанған қылмыстың қатысушысына ғана таңылуы мүмкін.
Қазіргі уақытта тірі донордың ағзаларын және тіндерін алудың құқыққа сайлылығын анықтау мәселесі өте күрделі күйінде қалып отыр. Тірі донордың ағзаларын және тіндерін алуға ол пациенттің өмірін құтқарып қалуға бағытталған қоғамдық пайдалы мақсатқа бағытталған жағдайда негізді кәсіпқой тәуекелге жол берілуі мүмкін. Бұл ретте донордың өмірі мен денсаулығына келуі мүмкін зиянның алдын алудың мүмкін және жеткілікті шаралары алынуы тиіс. Бұл жағдайда реципиенттің жазбаша келісімінің болуы міндетті шарт болып табылады.
Қылмыстық жауапқа тарту үшін кәмелетке толмаған адамды саудаға салу фактісін анықтаудың өзі жеткілікті болады. Егер кәмелетке толмаған адамның ағзасы мен тіндерін трансплантациялау жүзеге асырылған болса, онда кінәлі адам ҚР ҚК 135 б. 2 б. 6 тармағымен және ҚР ҚК 116 б. 2 б. 2-тармағымен «Адамның ағзалары мен тіндерін алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қою» үшін, сондай денсаулыққа зиян келтіргені үшін жауаптылықты қарастыратын ҚР ҚК тиісті бабымен жауапты болады.
Кәмелетке толмаған адамды саудаға салу немесе оған қатысты өзгедей мәмілелерді алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен жасаған жағдайда жауаптылық ҚР ҚК 135 б. 2 б. 7-тармағы бойынша туындайды.
Алдау немесе сенімді теріс пайдалану оқиғасының орын алғандығын анықтау ҚР ҚК 135 б. 2 б. 7-тармағы бойынша жауапқа тартудың қажетті шарты болып табылады. Осының барысында алдау болмаған оқиғалар туралы көрінеу жалған мәліметтер беру немесе кәмелетке толмаған адамның иесіне істің мән-жайы бойынша айтылуы тиіс фактілерді жасырып қалудан көрініс табуы мүмкін. Сенімді теріс пайдаланудың барысында кінәлі адам кәмелетке толмаған адамды заңсыз иеленіп алу үшін, өзінің арнайы өкілеттіктерін немесе кәмелетке толмаған адамның заңды иесімен арасында қалыптасқан сенімді қатынастарды өзінің пиғылын жүзеге асыру үшін пайдаланады немесе жәбірленушіні өзінің түпкі мақсатына қатысты жаңылыстырады.
Алдау шыңдықты бұрмалаудан ғана емес, сонымен қатар ол туралы айтпаудан да көрініс табуы мүмкін. Заң әдебиеттеріне алдаудың екі нысанын ажыратады: белсенді түрде шыңдықты бұрмалау және пассивті шыңдықты жасыру, ол туралы айтпау.
Белсенді түрі сөз жүзінде немесе әрекеттерден көрініс табады. Алдаудың бұл нысаны кезінде қылмыскер кәмелетке толмаған адамға деген құқықтарды оның заңды иесінің ерікті түрде беруіне қол жеткізу үшін жәбірленушіні белгілі фактілерден, мән жайлардан жанылыстыру мақсатында шыңдылықты қасақана бұрмалайды.
Кінәлі тұлғаның лаузымына байланысты және нақ осы лауазымның ойластырылған қылмысты жүзеге асыруды айтарлықтай жеңілдетуінің барысында, берілген баптың диспозициясында көрсетілген мәмілелерді жүзеге асыруы адамның қызмет бабын пайдалана отырып, кәмелетке толмаған адамды саудаға салуы деп ҚР ҚК 135 б. 2 б. 8-тармағымен сараланады.
Кәмелетке толмаған адамды қылмыстар мен қоғамға жат өзге де әрекеттер жасауға тарту мақсатында саудаға салу немесе өзге де мәмілелерді жасау (ҚР ҚК 135 б. 2 б. 9 т.) заң шығарушымен берілген қылмыстың ауырлатылған құрамы ретінде бекітілген. Бұл ретте кінәлі адамның көздеген мақсаты іс-әрекеттің қоғамдық қауіптілігін айтарлықтай арттырады, себебі қылмыскер кәмелетке толмаған адамның санасында қылмыстар мен қоғамға жат өзге де әрекеттерді жасауға деген сенім қалыптастырады. Кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылықтар немесе қоғамға жат өзге де әрекеттер жасауға тарту түсініктерін біз ҚР ҚК 132 және 133 баптарын талдау барысында қарастырған болатынбыз.
Жәбірленушінің материалдық немесе өзге де тәуелділігін пайдаланып кәмелетке толмаған адамға қатысты сатып алу-сату немесе өзге мәмілелерді жасау ҚР ҚК 135 б. 2 б. 10-тармағында көзделген қылмыстың белгілеріне сәйкес келеді. Сонымен бірге мынаны есте ұстаған дұрыс, егер кінәлі адам өзіне материалдық, қызмет бойынша немесе өзге де себептермен тәуелді адамға қатысты әлдебір әрекеттерді жасаймын деп қорқытса немесе заңсыз түрде жасаған ретте ғана аталған жағдай орын алады. Жәбірленушінің кінәлі адамға материалдық тәуелділігі оның толық немесе ішін-ара асырауында болуынан, кінәлі адаммен бір мекен-жайда тұруынан немесе жәбірленушінің материалдық жағдайының жақсаруы немесе нашарлауы кінәлі адамға тікелей тәуелді болуынан көрініс табуы мүмкін. Борышкер мен кредитордың, мұрагер мен мұра қалдырушының арасындағы қатынастар материалдық тәуелділік жағдайын құрауы мүмкін.
Кінәлі адамға жүктілік жағдайда екені көрінеу белгілі кәмелетке толмаған адамға қатысты сатып алу-сату немесе оған қатысты өзге де мәмілелер жасасу, сол сияқты оны қанау не азғырып көндіру, тасымалдау, беру жасыру, алу сондай-ақ қанау мақсатында өзге де әрекеттер жасау ҚР ҚК 135 б. 2 б. 11-тармағы арқылы сараланады. Бұл жердегі басты айырмашылық, жәбірленушінің жеке басының ерекшеліктеріне байланысты, яғни оның жүкті болуы және оның жүктілігі туралы кінәлі адамның анық білуі.
Берілген баптың диспозициясында көрсетілген әрекеттердің кінәлі адамға психикасының бұзылуынан зардап шегетіні немесе дәрменсіз күйде екендігі белгілі кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалуы ҚР ҚК 135 б. 2 б. 12-тармағында көзделген қылмыстың құрамын құрайды.
Бұл ретте кәмелетке толмаған адам өзінің дене бітімі немесе психикалық жағдайы бойынша өзіне қатысты жасалған әрекеттердің сипатын сезініп, түсіне білмейді немесе күш қолданушыға қарсылық көрсетуге қауқарсыз болуы орын алады.
Физикалық тұрғыдан алғандағы дәрменсіздікті кәмелетке толмаған адамның өзінің күш-қуаты жағынан әлсіздігінен, науқас болуы, қан жоғалтуы, шаршағандық және т.б., яғни дене бітімінің әлдеқандай кемістігінен қарсылық көрсете алмауы деп түсіну қажет.
Кәмелетке толмаған адамның өзіне қатысты жасалып жатқан әрекеттерді ерекше психикалық жай-күйіне байланысты сезіне алмауын психикалық тұрғыдан алғандағы дәрменсіздік ретінде қарастырған дұрыс. Осындай жағдай ретінде қатты ұйқы, есеңгіреп қалу, күшті наркотикалық немесе алкогольдық масаңдық, ақыл-естің кемдігі немесе өзгедей ауру немесе есінен айырылған күйде болуды атап көрсетуге болады.
Алкогольдық ішімдіктер салдарынан мас болу, егер мас күйде болу кінәлі адамға нақты қарсылық көрсету мүмкіндігінен айырған жағдайда ғана заңмен ресми түрде дәрменсіздік ретінде танылады.
Осының барысында кінәлі адамның кәмелетке толмаған адамды осындай жағдайға өзінің түсіргені немесе оның дәрменсіздік жағдайының оның әрекеттеріне тәуелсіз түрде орын алғандығы маңызға ие болмайды.
Егер нақ сол әрекеттер жәбірленушінің жеке басын куәландыратын құжаттарды алып қойып, жасырып не жоя отырып жасалатын болса онда қылмыс ҚР ҚК 135 б. 2 б. 13-тармағымен сараланады. Бұл ретте кінәлі адам жәбірленушінің 18-жасқа толмағандығын көрінеу біледі.
Жеке басты куәландыратын құжаттарды алып қою жәбірленушіні жарамды құжаттарынан заңсыз айыруды, ал оларды жасыру – заңсыз ұстап отыруды, сақтауды білдіреді. Құжаттарды жою жәбірленушінің жеке басын куәландыратын құжаттарды нақты түрде жоқ қылып, ол бойынша адамды идентификация жасаудың мүмкіндігін жоққа шығару болып табылады.
ҚР ҚК 135 б. 3-бөлігінде айтылғандай: «Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, кәмелетке толмаған адамды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге әкету, Қазақстан Республикасына әкелу немесе бір шет мемлекеттен екіншісіне Қазақстан Республикасының аумағы арқылы тасымалдау масқсатында жасалған іс-әрекеттер, сол сияқты мұндай іс-әрекеттерді жасау мақсатында кәмелетке толмаған адамды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге әкету, Қазақстан Республикасына әкелу немесе бір шет мелекеттен екінші мемлекетке Қазақстан Республикасының аумағы арқылы тасымалдау» мүлкі тәркіленіп, он жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қазақстан Республикасының аумағынан әкету немесе оның аумағына әкелумен ұштасқан кәмелетке толмағандардың саудасы заңшығарушымен жеке құрам ретінде қарастырылуының себебі берілген жағдайда кәмелетке толмаған адам тек ата-анасымен байланысын үзіп ғана қоймайды сонымен бірге Республикамен де байланысын үзеді.
Талданып отырған баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер егер оларды 1) қылмыстық топ жасаса; 2) олар абайсызда жәбірленушінің өліміне не өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса берілген қылмыстың ерекше ауырлатылған құрамын құрайды (ҚР ҚК 135 б. 4 б.).
Қолданыстағы заңнама бойынша ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым, қылмыстық қоғамдастық, трансұлттық ұйымдасқан топ, трансұлттық қылмыстық қоғамдастық, террористік топ, экстремистік топ, заңсыз әскерилендірілген құралым секілді криминалды құрылымдар қылмыстық топ деген жалпы атаумен аталады. Қылмыстық статистика мәліметтері мен заңи баспасөздегі материалдар қазіргі уақытта қылмыстың аталған түрін қылмыстық топтардың жиі жасайтындығын және олар өздерінің қылмыстық ниеттерін жүзеге асыру үшін небір қитұрқы амалдарға баратындарын айқын көрсетіп отыр.
Егер кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған мәміленің нәтижесінде ол қазаға ұшырайтын болса немесе өзге де ауыр жағдайларға ұшырайтын болса (денсаулығынан ауыр зиян келуі, мысалы, психикасының бұзылуы немесе өзіне-өзі қол жұмсауы), олардың орын алуын кінәлі адам болжап білмегенімен, болжап білуі тиіс және болжап біле алатын болған жағдайда ҚР ҚК 135 б. 4-бөлігі бойынша жауапты болады.
ҚР ҚК 135 б. 1, 2 және 3-бөліктерінде көзделген әрекеттер ауыр қылмыстар қатарына жатады. ҚК 135 б. 4-бөлігінде көзделген әрекеттер ерекше ауыр қылмыстар санатына кіреді. 
1   ...   53   54   55   56   57   58   59   60   ...   102




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет