5 Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау (141 б.)
Жас баланың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді қызметі бойынша осындай міндеттер жүктелген адамның не осы міндеттерді арнайы тапсырма бойынша орындайтын немесе мұндай міндеттерді өзіне ерікті түрде алған адамның тиісінше орындамауы, егер бұл жас баланың денсаулығына абайсызда ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтіруге әкеп соқса ҚР ҚК-нің 141-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыс құрамын құрайды.
Жас баланың өмірі мен денсаулығын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамаудың салдарынан оның денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келуі немесе оның қаза табуы түсінік беріліп отырған баптағы қылмыстың қоғамдық қауіптілігін білдіреді.
Жас балалардың қалыпты түрде тәндік және өнегелік тұрғыдан алғандағы дамуын қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар қылмыстың объектісі болып табылады. Балалардың өмірі және денсаулығы қылмыстың қосымша объектісі ретінде орын алады.
Қылмыстың объективтік жағы балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді тиісінше орындамаудан көрініс табады. Міндеттерді тиісінше орындамау өзінің міндеттеріне салғырттықпен қараудан, адалсыздық танытудан немесе тиісті уақытында жүзеге асырмаудан тұруы мүмкін осылардан салдарынан балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі қамтамасыз етілмей, берілген баптың диспозициясында қарастырылған салдар орын алады. Жәбірленуші болып 14 жасқа толмаған тұлға танылады.
Өзінің конструкциясы бойынша қылмыс материалдық құрамға жатады. Қылмыс ҚР ҚК 141-бабының 1 бөлігі бойынша жас баланың денсаулығына абайсыздықпен орташа ауырлықтағы немесе ауыр зиян келтірілген сәттен бастап аяқталған деп танылады. ҚР ҚК 3-бабының 12 п. бойынша адамның денсаулығына, оның өміріне қауіпті емес, денсаулықтың ұзақ уақыт (жиырма бір күннен астам мерзімге) бұзылуына немесе жалпы еңбек қабілетін (үштен бір бөлігінен кем) тұрақты түрде айтарлықтай жоғалтуға әкеп соққан зиян денсаулыққа ауырлығы орташа зиян келтіру деп танылады. Адамның денсаулығына, оның өміріне қауіпті зиян не денсаулыққа: көру, сөйлеу, есту қабілетінен немесе қандай да бір ағзадан айырылуға, ағзаның өз функцияларын жоғалтуына; бет-әлпетінің қалпына келмейтіндей бұзылуына; жалпы еңбек қабілетінің кемінде үштен бірін айтарлықтай түрде жоғалтумен ұласқан денсаулықтың бұзылуына; кәсіби еңбек қабілетін толық жоғалтуға; жүктілікті үзуге; психиканың бұзылуына; нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауыруға әкеп соққан өзге де зиян – денсаулыққа ауыр зиян келтіру болып табылады (ҚР ҚК 3-бабы 11 п.).
Субъективтік жағынан іс-әрекет кінәнің абайсыздық нысанымен сипатталады, яғни тұлға балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамаудың қоғамға қауіпті салдарының орын алуының мүмкіндігін көре білген жоқ, алайда тиісті деңгейдегі ұқыптылық пен сақтық болған ретте көре білуі тиісті және көре білу мүмкіндігі бар болатын.
Келесідей санаттағы тұлғалар қылмыстық құқық бұзушылықтың субъектісі болуы мүмкін:
а) аталған міндеттер өздеріне қызметі бойынша жүктелген тұлғалар;
ә) аталған міндеттер өздеріне арнайы тапсырма бойынша жүктелген тұлғалар мысалы, бала күтуші ретінде жалданған адамдар;
б) осындай міндеттерді өздеріне ерікті түрде алғандар – қамқоршылар және қорғаншылар.
Егер аталған іс-әрекеттер жас баланың өліміне әкеп соғатын болса, кінәлі адам ҚР ҚК 141-бабының 2-бөлігі бойынша жауапты болады.
ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 82-бабы бойынша «баланың өмiрiне немесе оның денсаулығына тiкелей қатер төнген кезде қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган баланы ата-аналардан немесе оны қамқоршылыққа алған басқа да адамдардан дереу айырып алуға құқылы» екендігін атап көрсету қажет.
ҚР ҚК 141 б. көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар онша ауыр емес қылмыстар санатына жатқызылады.