6 Қорғаншы немесе қамқоршы құқықтарын теріс пайдалану (142 б.)
Қорғаншылығындағы (қамқорлығындағы) баланың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі түрде қысым жасауға әкеп соққан, қорғаншылықты немесе қамқоршылықты пайдакүнемдік немесе қамқоршылығындағы (қамқорлығындағы) балаға зиян келтіріп өзге де ұждансыз пиғылмен пайдалану немесе қорғаншылығындағы (қамқорлығындағы) баланы қадағалаусыз немесе қажетті көмексіз қасақана қалдыру ҚР ҚК 142-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылады.
Қамқорлыққа және қорғашылыққа алудың заңмен бекітілген тәртібінің бұзылуы салдарынан қамқорлыққа алынған тұлғаның мүдделерінің зардап шегуі ҚР ҚК 142-бабында көзделген қылмыстың қоғамдық қауіптілігі болып табылады.
Қамқоршылардың (қорғаншылардың) баланың тәрбиеленуі мен дамуы бойынша жауаптылығының қағидасы халықаралық құқық нормаларында бекітілген, сондықтан олардың негізгі міндеті баланың ең басты мүдделеріне қамқорлық жасау болып табылады (Бала құқықтары туралы конвенцияның 18 б.). Берілген қағида ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 126-бабында бекітілген, онда баланың қорғаншысының немесе қамқоршысының құқықтары мен міндеттері тұжырымдалған. Ол бойынша баланың қорғаншысы немесе қамқоршысы қорғаншылықтағы немесе қамқоршылықтағы баланы тәрбиелеуге, оның денсаулығына, дене бітімі, психикалық, адамгершiлiк және рухани жағынан дамуына қамқорлық жасауға мiндеттi.
Сонымен қатар қорғаншы немесе қамқоршы баланың пiкiрiн ескере отырып, баланың бiлiм алу ұйымын және оқу нысанын таңдауға құқығы бар және баланың міндетті орта бiлiм алуын қамтамасыз етуге мiндеттi екендігі бекітілген.
Қамқорлыққа (қорғаншылыққа) алынған баланың заңды мүдделері мен құқықтары қылмыстың объектісі ретінде қарастырылады.
Қылмыстың объективтік жағы баланың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі түрде қысым жасаудан, қорғаншылықты немесе қамқоршылықты пайдакүнемдік немесе қамқоршылығындағы (қамқорлығындағы) балаға зиян келтіріп өзге де ұждансыз пиғылмен пайдалану немесе қорғаншылығындағы (қамқорлығындағы) баланы қадағалаусыз немесе қажетті көмексіз қасақана қалдыру тәрізді іс-әрекеттерден тұрады.
ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 1-бабына сәйкес қамқоршылық – он төрттен он сегіз жасқа дейінгі баланың (балалардың), сондай-ақ спирттік ішімдіктерге немесе есірткі заттарына салыну салдарынан сот әрекет қабілетін шектеген кәмелетке толған адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың құқықтық нысаны болып табылады.
Қорғаншылықты немесе қамқоршылықты пайдакүнемдік немесе қамқоршылығындағы (қамқорлығындағы) балаға зиян келтіріп өзге де ұждансыз пиғылмен пайдалану, қорғаншылықтағы немесе қамқоршылығындағы адамның тұрғын-жайын алып қою, ата-анасы қайтыс болғаннан кейін мұраға қалған мүлікті кінәлінің өзінің жеке мақсаттарына пайдалануы, оған тиесілі заттарды иемденіп алу, бағалы мүліктерді ысырап ету, жәбірленушіге тиімсіз шарттар жасасу арқылы кінәлі адамның өзіне пайда алуы сияқты іс-әрекеттерден көрініс табады.
Мәселен, ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 128-бабында қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның алдын ала рұқсатынсыз қорғаншы қамқорлыққа алынушының мүлкін иеліктен шығару, оның ішінде айырбастау немесе сыйға тарту жөніндегі мәмілелерді жасасуға немесе оның атынан кепілгерлік, осы мүлікті жалға (жалдауға), өтеусіз пайдалануға беру немесе кепілге салу шартын, қамқорлыққа алынушының заң бойынша және өсиет бойынша мұрагерлікпен тиесілі құқықтарынан бас тартуына, оның мүлкін бөлуге немесе одан үлесті бөліп алуға әкеп соғатын мәмілелерді жасасуға, сондай-ақ қамқорлыққа алынушының мүлкін азайтуға әкеп соғатын кез келген мәмілелерді жасасуға, ал қамқоршы оларды жасасуға келісім беруге құқылы емес екендігі бекітілген. Сонымен қатар, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган көрсетілген мәмiлелердің нәтижесiнде қорғаншы алған қаражаттың қалай жұмсалуға тиiс екенiн айқындайтындығы айтылған.
Қорғаншылықтағы (қамқорлықтағы) адамның құқықтары мен заңды мүдделеріне айтарлықтай қысым жасайтындай қорғаншылығындағы (қамқорлығындағы) баланы қадағалаусыз немесе қажетті көмексіз қасақана қалдыру, олардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етумен айналыспау, оларды ақшалай қаражатпен қамтамасыз етпеу, ауыр науқас балаға күтім жасаудан, оны емдеуден жалтару тәрізді іс-әрекеттерден көрініс табады. Ауыр зардаптарға алып келгенде және қылмыс құрамы үшін қажетті өзге де белгілер орын алғанда жағдайларда қылмыстық жауаптылық тек 142-бап бойынша ғана емес, ҚР ҚК баптарының тиісті бөліктері бойынша де туындауы мүмкін.
ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 126-бабына сәйкес қамқорлыққа алынушылар білім беру ұйымында немесе медициналық ұйымда тәрбиеленуде немесе емделуде болған жағдайларды қоспағанда, кәмелетке толмағандардың қорғаншылары немесе қамқоршылары өздерiнің қамқорлығына алғандармен бiрге тұруға мiндеттi.
Бұл қамқорлыққа алынушының тәрбиесiне және оның құқықтары мен мүдделерiн қорғауға қолайсыздық туғызбайтын болса, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның рұқсатымен қамқоршының он алты жасқа толған қамқорлыққа алынушыдан бөлек тұруына жол берiледi.
Өзінің конструкциясы бойынша қылмыс материалдық құрамға жатады. Қылмыс қорғаншылықтағы (қамқорлықтағы) адамның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі түрде қысым жасауға әкеп соққан әрекеттерді жасаған сәттен аяқталған деп саналады.
Қамқоршылықты және қорғаншылықты қорғаншылықтағы (қамқорлықтағы) адамның мүддесіне зиян келтіріп, пайдакүнемдік немесе өзге де ұждансыз пиғылмен пайдалану субъективтік жағынан тек тікелей қасақаналықпен жасалады.
Қорғаншылықтағы (қамқорлықтағы) адамды қараусыз және қажетті көмексіз қалдыру тікелей, сондай-ақ жанама қасақаналықпен де жасалуы мүмкін. Осының барысында қамқоршы (қорғаншы) қамқоршылықтағы (қорғаншылықтағы) адамның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі түрде қысым жасауды тілейді және саналы түрде жол береді.
Қылмыстың субъектісі арнайы. Олар есі дұрыс, заңда көзделген жасқа толған қорғаншылар немесе қамқоршылар болуы мүмкін. ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 1-бабының 22 п. сәйкес қорғаншы немесе қамқоршы - қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен тағайындалған тұлға болып табылады.
ҚР ҚК-нің 142-бабында көзделген қылмыс онша ауыр емес қылмыстар санатына жатады.