2.3.3 Оңалту және банкроттық кезіндегі құқыққа сыйымсыз әрекеттер (237 б.) Мүлiктi немесе мүлiктiк мiндеттемелердi, мүлiк, оның мөлшерi, орналасқан жерi туралы мәлiметтердi не мүлiк туралы өзге де ақпаратты жасыру, мүлiктi өзгенiң иелiгiне беру, мүлiктi иелiктен шығару немесе жою, сол сияқты бухгалтерлiк және (немесе) есептік құжаттаманы не экономикалық қызметін көрсететін өзге де құжаттарды жасыру, жою, бұрмалау, егер бұл әрекеттердi құрылтайшы (қатысушы), лауазымды адам, заңды тұлғаның органдары, дара кәсіпкер, сол сияқты борышкердің мүлкі мен істерін басқару жөніндегі өкілеттіктер берілген адам оңалту немесе банкроттық кезінде немесе банкроттықты күнiлгерi бiле отырып, жасаса және олар iрi залал келтiрсе, –
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Өзiнiң шын мәнiнде дәрменсiздiгiн (банкроттығын) бiлетiн құрылтайшы (қатысушы), лауазымды адам, заңды тұлғаның органдары, дара кәсіпкер, сол сияқты дәрменсiз борышкердiң мүлкi мен iстерiн басқару жөнiндегi өкiлеттiктер берiлген адам банкроттық рәсімі немесе оңалту рәсiмi кезiнде басқа кредиторларға көрiнеу залал келтiре отырып, жекелеген кредиторлардың мүлiктiк талаптарын құқыққа сыйымсыз қанағаттандыруы, егер бұл іс-әрекет iрi залал келтiрсе, –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету (ҚК 217 б.) Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру, яғни тартылған қаражатты қабылданған мiндеттемелердi қамтамасыз ететiн кәсiпкерлiк қызметке пайдаланбай, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың ақшасын немесе өзге мүлкiн не оған құқығын қайта бөлу және бiр қатысушыларды басқалардың жарналары есебiнен байыту арқылы осы активтердi тартудан табыс алу (мүлiктiк пайда табу) жөнiндегi қызметті ұйымдастыру, сол сияқты қаржылық (инвестициялық) пирамидаға немесе оның құрылымдық бөлімшесіне басшылық ету – ҚР ҚК-нің 217-бабы 1-бөлігіндегі қылмыс құрамын құрайды.
Берілген іс-әрекеттің қоғамдық қауіптілігі азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалар мен мемлекеттің мүдделерін оларға материалдық және моральдық зиян келтіре отырып бұзу болып табылады.
Қалыпты қаржылық (инвестициялық) қызмет барысындағы қоғамдық қатынастарды қылмыстың объектісі ретінде қарастырамыз.
Қылмыстың объективтік жағы: - қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру;
- қаржылық (инвестициялық) пирамидаға немесе оның құрылымдық бөлімшесіне басшылық етуден көрініс табады.
Жоғарыда атап көрсетілгендей, тартылған қаражатты қабылданған мiндеттемелердi қамтамасыз ететiн кәсiпкерлiк қызметке пайдаланбай, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың ақшасын немесе өзге мүлкiн не оған құқығын қайта бөлу және бiр қатысушыларды басқалардың жарналары есебiнен байыту арқылы осы активтердi тартудан табыс алу (мүлiктiк пайда табу) жөнiндегi қызметті ұйымдастыру қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру болып табылады.
Кіріс деңгейін ұзақ уақыт ұстап тұрудың мүмкін болмауы, ал барлық қатысушылар үшін пирамиданың өзінің міндеттемелерін орындай алмауының күні бұрын белгілі болуына қарамастан, халықтың басым көпшілігін осындай қаржылық пирамидаларға ақша салуға итермелейтін оларға ешқандай еңбек жұмсамай тез арада көп мөлшерде табыс табуға уәде ету.
Қаржылық (инвестициялық) пирамидаға немесе оның құрылымдық бөлімшесіне басшылық ету де қылмыстың объективтік жағының белгісін құрайды.
Сонымен бірге, қаржы пирамидасын құру оны құрушылардың немесе басшылық етушілердің тартылған ақша құралдарын кәсіпкерлік қызмет саласына тарту ниетінің болмауымен және сол себепті өздеріне алған міндеттемелерін орындамауымен байланысты.
Берілген қылмыс құрамы өзінің құрылысы бойынша формалдық құрамға жатады. Қылмыс қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құрған, сондай-ақ қаржылық (инвестициялық) пирамидаға немесе оның құрылымдық бөлімшесіне басшылық еткен сәттен аяқталған деп танылады.
Осындай құрылымды құрған және оған басшылық жасаған 16 жасқа толған ақыл есі дұрыс жеке тұлға қылмыстың субъектісі болып табылады.
Қылмыс қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған немесе оның құрылымдық бөлімшесіне басшылық ету субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен жасалады. Кінәлі адам пайда табу мақсатында жеке және (немесе) заңды тұлғалардың ақшасын немесе өзге мүлкiн не оған құқығын қайта бөлу және бiр қатысушыларды басқалардың жарналары есебiнен байыту арқылы осы активтердi тартудан табыс алу (мүлiктiк пайда табу) жөнiндегi қызметті ұйымдастыратынын және қаржылық (инвестициялық) пирамидаға немесе оның құрылымдық бөлімшесіне басшылық жасайтынын сезеді және сондай іс-әрекеттерді жасауды тілейді.
ҚК-тің 217-бабының екінші бөлігі жоғарыда көрсетілген іс-әрекеттер
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;
2) бірнеше рет;
3) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып
4) ірі мөлшерде ақшаны немесе өзге мүлікті тарта отырып жасалған реттердегі жауаптылықты бекітеді.
Аталған әрекеттерді адамның өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасауы деген осындай әрекеттерді мемлекеттік органдар мен мекемелерде жұмыс жасайтын адамдардың, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды орындауға өкілетті немесе оларға теңестірілген тұлғаларға жатқызылмайтын мемлекеттік емес мекемелерде жұмыс жасайтын адамдардың жүзеге асыруы болып табылады.
ҚК-тің 217-бабының үшінші бөлігінде осы баптың 1 және 2 бөліктерінде көрсетілген әрекеттерді
1) қылмыстық топ жасаған;
2) аса ірі мөлшерде ақшаны немесе өзге мүлікті тарта отырып жасалған;
3) мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған іс-әрекеттер, егер олар өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштастырыла отырып жасалған жағдайлардағы қылмыстық жауаптылық бекітілген.
ҚК 217-бабының ескертуінде ынталандырушы ереже бекітілген. Оған сәйкес қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құруға дем берушілік немесе оған немесе оның құрылымдық бөлімшесіне басшылық ету туралы өз еркімен мәлімдеген, сондай-ақ оның қызметін ашуға немесе жолын кесуге белсенді түрде ықпал еткен, қаржылық (инвестициялық) пирамиданы ұйымдастырушыдан басқа адам, егер оның әрекеттерінде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы тиіс.
Қылмысты ашуға немесе жолын кесуге белсенді түрде ықпал ету дегенді кінәлі адамның тарапынан өз бастамасы бойынша қылмыстың барлық мән-жайларын ашуға, оның барлық қатысушыларын әшкерелеуге, қылмыстың себептері мен жағдайларын анықтауға бағытталған әрекеттердің жасалуы деп түсіну қажет. Ол өзінің және қылмысқа қатысы бар өзге де тұлғалардың кінәлерін мойындап көрсетулер беру, заттай немесе өзге де дәлелдерді тауып беру немесе олардың орналасқан жерін көрсету, тергеу әрекеттерін ұйымдастыру мен жүргізуге жәрдем жасау және т.б. әрекеттерден көрініс табуы мүмкін. Кінәлі тұлғаның белсенділігін дәлелдейтін құжаттар ретінде оның берген түсініктері, мәлімдемелері, одан жауап алу хаттамасы, оның қатысуымен жүргізілген өзге де тергеу әрекеттерінің хаттамаларын атап көрсетуге болады.
ҚР ҚК-нің 217 б. 1 б көзделген іс-әрекет орташа ауырлықтағы қылмыс қатарына жатса, 217-баптың 2, 3 бөліктерінде көзделген әрекеттер ауыр қылмыстар болып табылады.