Тарих тағылымы Ертеңіңді болжағың келсе, Еліңнің кешегісін танып ал. М.Әлімбаев



бет2/3
Дата22.01.2017
өлшемі436,97 Kb.
#7555
1   2   3

Он жетідегі оқиғалар желісімен...
Тарих бетінде халықтың көз жасы, ыза-кегімен, азаматтар қанымен бедер қалдырған уақыттың бірі – 1917 жылдардағы кезең. Патшалық империя езгісінен, таптық қанаушылықтан азаттыққа ұмтылған жұмысшы-шаруа, большевиктер революциясы, ғасырларға созылған бодандық қамытынан ұлтымызды азат етеміз, өз алдымызға ел боламыз деп арпалысқан Алашорда ардаларының қозғалысы, қайтсе де бұрынғы билікті сақтап қаламыз деп ұрынған патша үкіметінің жанталас айқасы бір-біріне қарама-қайшы түсіп жатқан ауыр кезең еді бұл.

Біздің өңірден жаңа өмірдің орнығуына жанұшыра атсалысқан, сол ауыр күрестің құрбаны болған А.Қарасартов, Д.Хангереев, Н.М.Операйло, И.А. Плотников, М.Шалабаев және т.б. азаматтар болды.

Бүгінде Лубен ауылында қарапайым қоршалған ескерткіш белгі тұр. Мұнда алтын әріппен «Кеңес үкіметін орнату жолында Плотников Иван Андреевич ерлікпен қаза тапты» деп жазылған.

Үкіметтің апта сайын бірнеше алмасып, бай-құлақтардың шолақ мылтығының күшке мініп тұрған 1919 жылы жергілікті бай, кулактармен тайынбай күрескен қарапайым мұғалім А.Плотников 18 адамнан тұратын астыртын ұйым құрған еді. Бұл ұйымда Етікен Бегайдаров, Жармағамбетова, Сұлтанов және т.б. адамдар болған. Қараша айында аяқ астынан пайда болған Ержовшылар жазалаушы отрядының қолына түскен Плотников кескіленіп өлтіріледі. Денесі Лубен жеріне қойылады.

Шілік ауылының маңында бір кездері айтарлықтай тіршілігі қайнап жатқан Қонақай шағын ауылы болған. Қасынан темір жол салынған. Бұл күндері бұл жерде сол ауылдан көркі көз тартатын тұщы сулы көл ғана қалған. Осы ауылда 1918 жылы бұрынғы байдың жалшысы, кейін ауылда су тасушы болған Жоныс Жортқанов деген азамат болған. Жаңа заман лебін жақсы түсінген Жортқанов жасынан зерек, дала сырын жақсы білген, Қызыл отрядта ізші, жершіл із кесуші болғанға ұқсайды. Бірде ымыртта төтеннен тап берген Ержовшылар отрядының қалдықтары Жонысты, комсомол-милиционер М.Зверевті, коммунист Горлышкинді және т.б. біраз белсенділерді қолға түсіреді. Тұтқындарды паромға салып Леневка селосына қарай алып кеткен олар содан хабарсыз кетеді. Тек 5 күн өткен соң ғана Леневка тұрғындарының хабар беруімен тұтқынға түскендердің денелерін тауып алады. Сол оқиғаның куәгері, селода күзетші болған Дмитриева Матрена Денисовна былай деп әңгімелейді:

- Олар жаужүрек азаматтар еді. Басын имей-ақ қаза тапты. Миша Зверевті селоға әкеліп туыстық зиратына жерледік. Ал Жортқанов пен Горлышкинді алып кету мүмкін болмады, оларды ақ – казактар қылышпен бөлек-бөлек қылып турап тастаған екен. Оларды сол жерде Озерка мен Леневка ортасындағы орманға үлкен құрметпен жерледік.

Бұл күнде бұл жерде сонау қанды оқиға, жаралы жылдар куәсі теректі ормандар жапырақ жайып, тамыр созған.Сол жылдары жергілікті қызыл командир Андрей Чесноков, коммунистер Тимофей Соколов,Усман Аюханов және Шілік большевиктерінің байланысшысы Әпен Стеняев ақказактар қолынан қаза тапты.

1921 жылы Шілік болыстығының коммунистік ұйымы құрылды. Олар жергілікті тұрғындар, ұлы Октябрь революциясы идеяларының ержүрек, белсенді қолдаушылары А.Исмагилов, Клочков, Баталов, Куткин, Комаров және т.б. қайсар да, талапты адамдардан құралған шағын топ болатын. Олар халық арасында жаңа идеялар толқынын әкеліп, социализм шындығы үшін ерлікпен күресе білді. Орынбор партиялық мұрағатының деректері бойынша Шілік және №7 ауылдарда партияда жоқ жастардың алғашқы жиналысы 1924 жылы 6 ақпанда өткізілді деген мәліметтер береді. Жарты ғасырдан бұрын 12 адамнан құралып, «Намысты, жүректі, қажырлы жастармыз – бабалар ісін аяқтаймыз» деген ұранды ту еткен ұйым кейін 4400 адамға дейін жеткен үлкен жастар отрядын құраған еді.



Жазықсыз жандар, жаралы тағдыр...

«Тарихтың өзі әділ, әділеттен

таятын тарихшылар»

М.Әлімбаев.

Әрине өз кезеңінде тарих беттерінде ауыр ізін қалдырған сталиндік саяси қуғын – сүргіннің «қанды шалғысы» Шыңғырлау ауданында айналып өткен жоқ. Бейбіт бұқараға бүйідей тиген лаңды саясат құрбандарының түпсіз легіне біздің ауданның 115 азаматы іліккен –ді. Топас тоталитаризмнің тажал машинасы 36 адамды ауыр жазаға кесіп, 13-і еңбекпен түзеу жұмыстарына, 6-ы концлагерлерге жіберілген. Сол 115 –тің елге оралғаны 5-уі ғана. Тек тарих бетінде ғана емес, қалың бұқара жүрегінде өшпес қасірет ізін тастаған бұл кезеңнің Шыңғырлау өңіріне түскен зіл-заласы осындай. Осы тақылеттес өмірбаянның бірі аудандық мұрағат деректерінде былайша баяндалады:

-1906 жылы Жәнібек ауданында дүниеге келген Қазиев Орынтай деген азамат 1933-1934 жылдарда Шыңғырлау аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеген. 1934 жылдың наурызынан бастап аудандық атқару комитеті хатшысының орынбасары және РК ВКП (б)-ның екінші хатшысы болып жұмыс жасаған. 1937 жылдың 17 қазанынан бастап Шыңғырлау аудандық партия комитетінің хатшысы болған. Мамандығы болмаған, сауаты төмен, әрі бай әулетінен шыққан. Шығу тегін жасырғаны үшін партия қатарынан шығарылып, 1938 жылы қамауға алынады. Айып тағу мен қылмысын мойындату механизмі іске қосылып, арнайы қылмыстық іс жүргізу туралы қаулы шығарылады. Іс бойынша 14 адам өткізіліп, Қазиев Орынтайға дүние – мүлкін тәркілеумен бірге ең ауыр жаза кесіледі. Сот жабық түрде, ешқандай куәнің араласуынсыз, айыптаушы мен қорғаушының қатысуынсыз өткізіліп, КСРО Жоғарғы сотының әскери коллегиясы шығарған үкім – ату жазасы Алматыда орындалады.

Жазықсыз жапа шеккендер қатарында 1936 -1938 жылдары Шыңғырлау аудандық атқару комитетінің төрағасы болған Казаков Сергей Викторович те болды. 1938 жылы партия қатарынан шығарылған оны облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі соттар коллегиясы 20 жылға абақтыға кеседі. Бірақ 1940 жылы Қазақ ССР Жоғарғы сотының соттар коллегиясы шешімімен ақталып шығады.



Қанқұйлы жылдар – қырық бір...
Шыңғырлау өзінің жаңа өмірін күрт омырылып, қирай құлап, жайрап қалған ескі билік үйіндісінің үстінде бастады. Халық есін жиып бірте-бірте бірігіп, өз орта өмірін қалыпқа келтіре бастады. Тап сол кездерде шашырап кеткен шаруашылықтар колхоздарға қайта біріге бастады. 25 колхоз құрылып, кейін тағы үш совхоз ұйымдастырылды. Қамқор қолға әбден зәру болған жер қыртысын аударған диқан қауым таңның атысы, күннің батысы барша ауыртпалық, еңбек азабын өзінің құрыш иығына қондырды. Жер мырзалығы мен берер байлығын түгел ала алмаса да адамдар өз жағдайларын біртіндеп түзей берді. Машиналар мен ауыл шаруашылық құралдары тым жеткіліксіз еді, дегенмен мемлекет өз тарапынан трактор, комбайндармен көмек қолын береді. Техника араласқан іс мандып, шаруашылық қарқыны арта берді.

Өкінішке орай, қашанда азабы қалың қара бұқараны тағы бір ауыр сын күтіп тұр еді. Тотальді режимнің қолдан жасаған сұрқия саясатының қасіретті «жемісі» – аштық жылдарынан әрең еңсе көтерген жұмысшы- шаруа, қара халық еңбекпен астасқан өмір тынысын да кеуде толтырып үлгере алмастан фашистік Германия бастаған ұлы майданға аттанды. Майдан шебі қаншалықты жырақ болса да шыңғырлаулықтар оның тажал ызғарын анық сезінді. Ауданның, ауылдың аймаңдай азаматтары трактор, комбайн рулін винтовка, мылтыққа алмастырды. Соғысқа аттанды. Ауылда қалған кемпір-шал, әйел, бала-шаға түбінде бір туатын ұлы Жеңіс ұстаханасын ұстап қалды.

Бүкіл әлемге қасірет әкелген екінші дүниежүзілік соғыс зардабынан шет қалмаған Шыңғырлау өңірі осы қанды қасапқа өзінің 1790 ұлын аттандырған еді. Бұлардың 798–і сол зұлматтың құрбаны болды. Аман оралғандардың өзі де бүгінде қатары сиреп, селдіреп қалған.Дегенмен әлі де ортамызда жүрген 36 қартымыз сол ұлы Жеңістің тірі куәгері, ерлік пен елжандылық, төзім мен табандылық символындай ұрпаққа үлгі. Біздің жерлестеріміз қан майданның қай бұрышында да ерліктің үлгісін көрсете білді. Шыңғырлау Отанға С.Есқалиев, А.Тихоненко, Г.Шевцов сынды батырлары мен Бакисов, С.Апенов, Сырымов, Б. Мұхамбетов секілді ер жүрек ұлдарын берді.Бір ғана Қарағаш селосынан соғысқа аттанған 80 адамның 45-і қайтпай қалған.

Жалпы майдан шебіндегі ең ауыр кезеңдер 1942 – 1943 жылдар еді. Осы уақыт аралығында алғы шепте барлық майдан шебінде қаза тапқандарды ұлттық тұрғыдан қарағанда 1312 – қазақ, 243 –орыс, 181 украин, 41- татар, 9- белорус, 9- евреи, 2 -әзірбайжан, молдаван, неміс, шешен ұлтынан бір-бірден қаза болған еді. Сөйтіп осы өңірден аттанған 3173 боздақтың 887 -і ғана елге оралды.

Е
Фото№ 8
рлігі тарих бетіне алтын әріппен жазылған Шыңғырлау ұланының бірі – Сүндетқали Есқалиев. Осы өңірдің Константиновка ауылында туып өскен ол, 1942 жылы 18 жасында қан майданға аттанады. Әскерде полк мектебін бітірген соң 556 атқыштар полкінде автоматшы болады. 1942 жылдың шілде айынан ұрысқа кіреді. Белорус майданының 169 – атқыштар дивизиясы құрамында талай ірі шайқастарды өткізген қатардағы жауынгер 1944 жылы 24 маусымға қараған түні Могилев облысының Быховск ауданы Лудчицы елді-мекені маңында жау қорғанысының алғы шебін алғашқылардың бірі болып бұзып кіреді. Сақадай-сай қамданған, бұл араны мықты бекініске айналдырған жау дзоты шабуылға шыққандарды баудай қырқып түседі. Жауынгерлерге бас көтертпеген ажал амбразурасы жүйелеп атып, шабуылшыларды көп шығынға батырып, арасын сетінетіп тастайды. Осындай жанталас сәтте жау бекінісіне байқатпай жақындап келген Сүндетқали оған граната лақтырады. Әрі асып түскен граната жау пулеметінің үнін өшіре алмайды. Өзі де ауыр жараланған Сүндетқали «Отан үшін, ел үшін» деп ұрандап қарғып тұрып, сол екпінімен сақылдап тұрған дзоттың аузын денесімен жабады. Қақалып барып, тұншыға үні өшкен дзотты құшып жатқан қайран қазақтың, қандыкөйлек достың ерлігі рухтандырған бөлімше үлкен ұрысты бастап жіберіп, жауды тас-талқан етеді. Кейін қаза тапқан қазақтың ер ұлына Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ержүрек жауынгер Лудчицы селосында жерленген. Жергілікті халық туған жерлерін жаудан құтқару жолында жанын қиған қыршын ерді үлкен құрметпен ардақ тұтады. Быхов ауданының «Могучий партизан» селосында ескерткіш орнатылған Сүндетқали Есқалиевтің аты Минск қаласы мен Быховск көшелеріне берілген. Минск көшесінде ескерткіш тақта орнатылған. Орал облыстық телестудиясы «Батырдың анасы» атты, Белоруссия жеріндегі ұлының зиратына барып келген батырдың анасы туралы деректі фильм түсірді.

Осындай ержүрек боздақтың бірі-сол жылдары Лубенка селосынан соғысқа аттанған А.Я.Тихоненко еді. Москва түбіндегі ауыр шайқастарға қатысып, Литваны азат етуге атсалысқан қызыләскер А.Тихоненко Неман өзенінен алдыңғылардың бірі болып өтіп, өзінің станокті пулеметімен Литва жерінің Пуни маңында кейінгі бөлімдердің өтуіне жағдай туғызады. Плацдарм ұлғайту кезінде Понемоники елді мекені маңында жаудың атыс нүктесін жойған ол, гитлершілердің зеңбірекке сүйене жүргізген кері шабуылын күтіп алып , жақын келген жауды жусата береді. Қатты тойтарыс берген бөлімше соққысынан кейін шегінген жау күшін бұрынғыдан да көбейтіп лап қояды. Бөлімше расчетінің түгел істен шыққанына қарамастан жалғыз өзі оқ жаудырған А.Тихоненко соңғы патроны түгесілгенше ұрысты тоқтатпайды.Оғы бітіп, аяғынан ауыр жарақат алғанда да соңғы күшін жиып, анталаған жауды күтіп жата береді. Берілмей қойған жалғыз сарбазды тірі ұстауға үймелей лап қойған бірнеше дұшпанды, өзін және пулеметін гранатамен жарып жіберген қайран ер осы жерде опат болады.Ержүрек жауынгерге Ленин ордені, Алтын Жұлдыз белгісі мен Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Соғыстан кейінгі 20 жыл ішінде де Лубенка ауылының тұрғындары өз жерлестерінің қай жерде қаза тауып, қай жерге жерленгенін білмеген еді. Тек Литва жерінің Рудзиян төбешігін зерттеуге келген Вильнюс өлкетанушылары ғана осы арадағы айқас ізін ашып, жергілікті сол шайқасты ұмыта алмаған тұрғындар мен тірі куәлер дерегіне сүйене отырып, мән-жәйді түгел анықтаған еді. Олар тапқан белгісіз сарбаз дерегі біздің жерлесіміз А.Тихоненко болып шықты. Бүгінде Лубенка селосында батырға ескерткіш орнатылып, көшеге аты берілген. Шыңғырлау ауданы орталығындағы көшеге де батыр есімі берілген.

Шыңғырлау ауданы Шілік селосының тәжірибелі механизатор – тракторшы маманы Г.Шевцов әскер қатарында танкіні тез-ақ меңгерді. 21- Житомир Қызыл тулы Гвардиялық танкі бригадасында Румыния, Венгрия жерлерін азат еткен ол 1945 жылдың 9-қаңтарында Комарно қаласын алу кезінде өшпес ерлік үлгісін көрсетіп, қаза табады. Сол жылы наурызда оған Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.

Шыңғырлау өңірінің шынайы ер, шамырқанған шар болат ұлдарының бірі лубендік, 1908 жылы туған - Бисенғали Мұхамбетов. 1942 жылы майданға аттанған ол талай ерліктер көрсетіп, сын сағаттардан өтеді. 1943 жылдары жерлесіміз Бисенғали Мұхамбетов Оңтүстік-батыс, 3-Украин, 1- Белорус майдандарына қатысады. Үш рет жараланады. 1944 жылы 1-тамызда Бисенғали қызмет ететін 79 – Гвардиялық Запарожье дивизиясы Висла өзеніне шығады. Өршіленген жау қатты қарсылық көрсетіп, кеңес әскерлерінің шабуылын

тойтару үшін Батыстан жаңа дивизияларын әкеліп, осы жерге төге бастайды. 227 – гвардиялық атқыштар полкінің, бірінші атқыштар батальонының автоматшылар ротасының қатардағы гвардия жауынгері Б.Мұхамбетов қандыкөйлек достарымен бірге алғашқылар қатарында Поляк елінің ұлы өзенінен жүзіп өтеді. Жау жағының қарсы шабуылы, үсті-үстіне төбеден төгілген бомбасы, тынымсыз атқылаған артиллерия мен миномет соққысы тоқтата алмаған Запарожье дивизиясының гвардияшылары өзеннің батыс жағалауынан қуатты плацдарм құрады. Жанталасқан жау қорғанысын қирата бұзып, дивизия алға жылжи береді. 2 тамызда ірі шабуыл үстінде өзінің ерен қимылымен жолдастарына үлгі болған ол қаруластарын соңынан ерте Железна-Стара селосына жау шебін бірінші болып бұзып кіреді. Висладағы осы ерлігі үшін «ІІІ дәрежелі Даңқ» орденімен марапатталады. 1945 жылы жақсы орныққан жау бекінісіне бұзып кірген бөлімшенің алдыңғы қатарында ол тар жерде төрт дұшпанды қолма-қол айқаста сұлатып салып, сол күні автоматшылармен бірге жау шебін айналып өтіп, дұшпанның ту сыртынан тап береді. 8- Гвардия әскерінің командирі оны осы көзсіз ерлігі үшін «ІІ-дәрежелі Даңқ» орденімен марапаттайды. Тағы бірде Одер өзенінің батыс жағалауындағы Хатенов елді-мекені үшін болған ұрыста қайтпас жүрегі, ерен ерлігі үшін 1945 жылдың 31 мамырында КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы Жарлығымен «І- дәрежелі Даңқ» орденімен марапатталады. Сөйтіп, жерлесіміз Б.Мұхамбетов солдат ерлігі ордендерінің толық иегері болды. Соғыстан кейін елге оралып, 12 жыл Қарағаш селолық советінің «Ақши» колхозын басқарды. 1966 жылы ел үшін туған ердің жүрегі мәңгі тыншу тапты.

Сол аласапыран жылдарда елге аман оралып, жастық шағы майданда өткен қарт ардагерлеріміз жас буын ұрпаққа үлгі болып арамызда жүр. Солардың бірі Ығылманов Сүйеу атамыз.

1

Фото №7


924 жылы Гурьев облысының Қызыл қосшы ауданында дүниеге келген ол, Ұлы Отан соғысының қиын жылдарында Орал педагогикалық училищесін бітірген. 1942 жылы Ленинград әскери байланыс училищесіне 6 ай оқуға жолданған.Содан соң С.Ығылманұлы 2 – танк армиясының мото-атқыштары батальонының құрамында Украина майданына жіберіледі. Ұрысқа қатыса отырып, Румыния, Польша, Германия жерлерін басып өтеді. Соғысты Рейхстаг қабырғасында аяқтайды.

Кеңес армиясының қатарынан оралғаннан кейін, 1949 жылы Орал қаласында бандитизммен күрес жөніндегі жедел өкілінің көмекшісі, кейін жедел өкілі болып жұмыс істей бастаған. Фурманов аудандық ішкі істер бөлімін 5 жыл басқарған. Бөрлі және Шыңғырлау аудандары бөлінгеннен кейін С.Ығылмановты 1965 жылы қаңтар айында Шыңғырлау аудандық ішкі істер бөліміне бастық етіп жібереді. Осы лауазымда 1974 жылға дейін қызмет етеді. Өз міндетіне жауапкершілікпен қарағаны және жақсы қызметі үшін С.Ығылманұлы «Табанды қызметі үшін», «Қоғамдық тәртіпті қорғау жөніндегі жақсы қызметі үшін» медальдарымен, Қаз. ССР қоғамдық тәртіп қорғау Министрлігінің Құрмет грамотасымен, Орал облыстық атқару комитеті ішкі істер басқармасының, аудандық атқару комитеттерінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Қарт ардагер құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін 1974 жылдан Қызылкөл селолық кеңесі атқару комитетін 10 жыл басқарып, 9 жыл осы совхоздың азаматтық қорғаныс штабының бастығы болып қызмет атқарған.

Халық депутаттары аудандық және селолық кеңестерінің бірнеше мәрте депутаты болып сайланды. 2000 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 55 жылдығын мерекелеуге Астана қаласындағы салтанатты шеруге қатысты.

Қазір запастағы полковник С.Ығылманов құрметті демалыста. 60 жыл бірге өмір сүріп келе жатқан зайыбы Қырмызы апай екеуі төрт бала тәрбиелеп өсірді. «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін», «Берлинді алған үшін», «1941-1945 жылдарындағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен және басқа да наградалармен марапатталған.

Осындай ардагер аталарымыздың бірі - Әпенов Сәбит Әпенұлы. 1918 жылы 16 қазанда Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы, Правда ауылдық советінің Ұрысай аулында кедей шаруа отбасында туған ол, Правда орталау мектебінен жеті кластық білім алған. 1938 жылдың 1 қазанында Шыңғырлау аудандық әскери комиссариатынан әскер қатарына шақырылады. 1938 жылдың 1 қазаны мен 1942 жылдың 15 маусымы аралығында Ленинград майданында Жеңіл-танк бригадасында байланыс бөлімшесінің командирі болады. 1942 жылдың 15 маусымы мен 1944 жылдың 30 қаңтары аралығында 7 – гвардиялық армияның 78-гвардиялық атқыштары дивизиясының 510 артиллерия полкінде миномет командирі болды. 1942 жылы 5 қыркүйекте Сталинград түбіндегі қорғану ұрыстары кезінде жеңіл жараланып, контузия алған. 1944 жылдың 30 қаңтары мен 30 наурызы, аралығында 2-Украина майданында 78 атқыштар дивизиясының 225–гвардиялық атқыштар полкінде батальон парторгі болады. 1944 жылдың 30- наурызы 1945 жылдың 3 ақпан айы аралығында М.Ф.Фрунзе атындағы Горький әскери-саяси училищесінің курсанты болады.1945 жылдың 3-ақпаны мен 29-наурызы аралығында 2-Прибалтика майданының 6-гвардиялық армиясының резервінде тұрған. 1945 жылдың 29-наурызы мен 1946 жылдың 30-қаңтарына дейін 2-Прибалтика майданының 10-гвардиялық армиясының 210-атқыштар дивизиясында 810-артиллерия полкінде дивизия парторгі болады. 1946 жылдың 30-қаңтарынан 1-маусымына дейін Оңтүстік Орал әскери округінде 510-зенитті-артиллерия ғылыми-зерттеу полигонында дивизия парторгі болады. Ұлы Отан соғысына дейін Фин соғысына және Халкин-Гол өзеніндегі әскери оқиғаларға қатысқан. Соғыстан кейін Шыңғырлау ауданында тұрып, әртүрлі қызметте жұмыс істеген, ақырғы жұмыс орны Қызылкөл астық совхозы жұмысшылар комитетінің төрағасы.

1945 жылы 3-ақпанда – Гвардия кіші лейтенанты, 1960 жылы 10 –тамызда- лейтенант, 1995 жылы 26 сәуірде – аға лейтенант шенін алған. 1946 жылы 10- тамызда ұрыста көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, 1942 жылы 22- желтоқсанда «Сталинградты қорғағаны үшін», 1943 жылы 12 –тамызда «Ерлігі үшін» , 1945 жылы 9- мамырда «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Үздік еңбегі үшін «Тың жерлерді игергені үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған.

Ауылы ардақ тұтқан Сүндетбаев Рахым Әжіғалиұлы ақсақал 1925 жылы 1- қаңтарда Шыңғырлау ауданы Константиновка ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келді. 1939 жылы Сұлукөл бастауыш мектебінің төрт класын бітірді. 1939 -1942 ж.ж. әртүрлі салада жұмыс жасады. 1943 жылы қаңтар айында әскер қатарына алынды, келесі жылдың ақпан айына дейін Колтубановка, Тотцский, Павловка запастағы оқу полкінде болды. 1944 жылдың наурыз айынан бастап майданға алынады, онда 101 полкінде болды. 1945 ж. 8- ақпан күні жаралы болады да, 13 мамыр күні госпитальдан емделіп шығады. 1946 – 1947 ж.ж. 54 полкте қызмет етіп, 1947 жылдан 1950 жылдың маусымына дейін 15 – Гвардиялық танк полкінде болады. 1950 жылы 19 маусымда елге оралып, 4 шілде күні үйіне келеді. 1950-1952 ж.ж. «Красный луч» колхозында төраға орынбасары болып қызмет етеді. 1952 -1955 ж.ж. Орал ауыл шаруашылық техникумын бітіріп, агрономдық мамандық алады.

1958-1968 ж.ж. аралығында «Красный луч» колхозында, Алмаз совхозында бухгалтер болады. 1968 жылдан бастап №3 бөлімше меңгерушісі болады. 1985 жылы қараша айында зейнеткерлікке шығады. Бес баласы, 11 немересі бар. «ІІ –дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен және «Варшаваны азат еткен үшін», «Германияны жеңгені үшін», Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 30, 40,50,60 жылдығы, «Ерлігі үшін», «Совет одағының маршалы Г.К.Жуков» медальдарымен марапатталған.2005 жылы Астанада өткен Ұлы Жеңістің 60 жылдық салтанатты шеруіне қатысқан.

1941 жылғы 9 шілдедегі «Приуральская правда» газеті Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің «Тылда жасақтар құру туралы» үндеуіне Шыңғырлау ауданы әскери оқуға тіркелу деңгейін жаңа биіктерге көтерді. Тек қана бір күн ішінде – 1941жылдың 4 –шілдесінде аудан орталығында жасақшыларға 470 адам жазылды, бұған қоса ерікті санитарлар жасағы құрылды деп хабарлайды.

Шыңғырлау МТС-ның жұмысшылары жеңісті жақындата түсуге жұмылды, күніне 10-11 сағат жұмыс жасаған олар, кешкілік әскери –оқу жаттығулары мен курстарынан өтті. Жүздеген әйелдер комбайншы, тракторшы курстарында оқыды. Жаңакүш, Красный боец, Сталин атындағы ауыл шаруашылық артельдері өнім өндірудің жоғары үлгілерін көрсетті. Пішен дайындау 170 – 200% нормадан артық дайындалып отырды, көппен бірге балалар да қолдарына шалғы, одан қалса кетпен, күрек ұстады. Мұның бәрі де майдан үшін, жеңіс үшін еді деп мәлімет береді бүгінгі аудан мұрағатында сақталған сарғыш құжаттар.

Колхозшылар мен колхоздардан, МТС жұмысшыларынан, совхоздардан 55 пар жаңа байпақтар, 940 кг. жүн , 2 қысқа тон, 216 қой терісі, 22 жылы күрте, 13 қаптамалы шалбар, 244 жүннен тоқылған шұлық жиналып, жауынгерлерге жіберілді. Бұған қоса 324 пар қолғап, 24 бас киім және т.б. жылы киімдер жіберіліп отырды. Жиналған жүндерден байпақ дайындау үшін екі байпақ басатын шеберханалар құрылды. Колхозшы Сағдығалиеваның бастамасымен Правда колхозында Қызыл Армия әскерлеріне қолғап, шұлық тоқу үйірмелері ұйымдастырылды. Үйірмеде 9 колхозшы әйелдер жұмыс істеді. Осындай үйірме «Красная звезда» колхозында да құрылды деген дерек береді 1942 жылы 20 – наурызда шыққан «Приуральская правда» газеті.

Азық-түлікпен қамтуды одан әрі күшейту мақсатында Шыңғырлау аудандық жұмысшы депутаттар кеңесінің атқару комитеті далалық және өзен, көл, батпақты жерлердің құстарын атуға жоспар бекітті. 1942 жылы құс келу уақытынан бастап 10- мамырға дейін құс аулауға уақыт беріліп, 400 дана құс атуға шешім қабылданды. Әр аңшыға жүз дана құс аулау міндеттелініп, оларды басқа жұмыстардан босатты.

1942 ж Лубенка селосында сүзек індеті лап ете түсті, жедел түрде карантинге жабылған селода тұрғындарды аурудан сақтандыру мақсатында сабын қайнату ісі қолға алынды. Індеттен 1 адам шығын болды.

Соғыс жылдары тылдағы ауыртпалық майдан шебіндегі ахуалмен пара-пар еді. Айырмашылығы, мұнда оқ атып, бомбалар жарылған жоқ. Ал күндізден түнге, түннен таңға ұласқан азапты еңбек,қайтсек те майданды қамтамасыз етеміз деген жанкешті тірлік азабы ешбір тозақ бейнетіне тең келмейтін еді. Бел шешпей жұмыс жасаған аналар, әйелдер, белбеу босатпай еңбек еткен шал-кемпір, ойынға тоймайтын шағында шырғалаң уақытқа тап болған, үлкендермен бірдей қимылдаған көкжасық балалар еңбегі соншалықты қажетті де, қасиетті жеңісті жақындата берді Осынау ауыр кезеңде біздің өңіріміз, сұм соғыс туған жерінен тиянақ таптырмаған, талай-талай ауып, көшіп немесе соғыс зұлматынан қашып келгендерге пана болды. Жалғыз түйіншекпен әрең жеткен қаншама мұңлыққа үй болып, жәйлі мекенге айналды. Күн сайын бомбаланып жатқан елдерінен босқан босқындарды 1942 ж. Шыңғырлау өңірі ондап-жүздеп қабылдады. Олардың ішінде Украин жерінің Винница, Чернигов, Киев, Харьков облыстарынан, Кишиневтен, Курскіден, Тула мен Воронежден, Гомель мен Сталинградтан, барша Батыс Украинадан келгендер бар еді.Селолық кеңестерге бөлінген осындай семьяларға қолдан келгенше материалдық көмек беріліп, оларды ел ішіне, тұрғындар арасына орналастыра бастады. Осындай көшіп келгендердің бірі-майдангер, Сталинградты қорғаушы жауынгер жанұясы Уточкина Мария балаларымен бірге Ащысай селолық кеңесінің Талдысай бөліміндегі солдат семьясы Тыщенко Ксенияның жанұясын паналады, өте шағын жер үйде екі семья сиып орын тапты. Соғыс біткен соң Уточкиндер туған жеріне оралды.Балалар өсіп, немерелер ер жетті. Бірақ сол ауыр кезеңде шыңдалып, піскен бауырлық сезім екі жанұяны мәңгілік туыс етіп жіберген еді. Мұндай мысалдарды осы өңірден жүздеп кездестіруге болады.Осы жылдарда майданға кеткен ер-азамат жүгін ауылдағы олардың жұбайлары-әйелдер өз иығына артқан еді. Мысалы үшін соғысқа дейін болмаған селолық кеңестің әйел төрағалары соғыс кезінде 3-ге жетті. 126 – тракторист қыз-келіншектер, оның ішінде 84-і қазақ әйелдері, еңбекке жарамды саналатын «Правда» колхозының 136 әйел-азаматшалары түгел егіс жұмыстарына араласты.

Майданға жіберіліп жатырған көмек пен жәрдемде есеп жоқ еді. Нан, ет өнімдерін тапсыру үлесі жоспардан үнемі артық орындалып отырды. Қызыл армия қорына 20 мың центнер астық құйылды. Соғыс басталған уақыт бойына қорғаныс қорына 193 мың сом аударылып, 323 мың сомның мемлекеттік заимының облигациясы тапсырылды.Тек соңғы уақыттың өзінде еңбекшілер майданға 33 пар байпақ, 55 қысқы тон, жылы кеудешелер, 330 пар қолғаптар мен шұлық, кисеттер мен басқа заттар жіберіп отырды. Түрлі азық –түліктермен қоса 3 центнер сары май жіберілді. Колхоз, совхоздарда майданда көзге түскен ержүрек жауынгерлерге сыйлықтар дайындалды. «Приуральская правда» газеті 1942 ж. 30 желтоқсан) 1924 ж. 2-қарашасындағы облыстық Атқару комитеті төрағасының сөйлеген сөзінде былай делінген:

- Батыс Қазақстан еңбекшілері аянбай еңбек етіп, майданға үлкен жәрдем көрсетіп отыр. Облыстың 15 ауданының 12-сі жоспарды алдын-ала орындады олардың ішінде 3-і жоспарды айтарлықтай асыра орындаған. Олар- Жымпиты, Орда, Шыңғырлау аудандары. Бұдан да басқа Шыңғырлау ауданында астық және пішен дайындау нүктелерінде еңбекшілердің әрқайсысы өз еңбек ақысының 50 % аударып, «Батыс Қазақстан колхозшысы» танк коллонасын жасақтау қорына үлес қосып жатыр. Бір күн ішінде мұнда 4 мың 610 сом қаржы тіркеліп отыр.

Сол сияқты Шыңғырлау аудандық кеңесінің төрағасы былай деп баяндайды:

- Шыңғырлау ауданының еңбекшілеріне Орал қаласында орналасқан №1295 госпитальды шепке алу мүмкіндігі берілді.Осыған орай мынадай бөлімдерге біз баса назар аудардық.

1.Жанар-жағар май көмегін ұйымдастыру, сүт-ет тағамдары мен көкөніспен

қамтамасыз ету.

2.Әдеби кітаптар, музыкалық аспаптар, шахмат және т.б ойын құралдарын

жинап, жіберу арқылы мәдени қызмет көрсету, халықтық және жеке

шығармашылық үйірмелерді жіберіп отыруды ұйымдастыру.

3.Үгітшілердің госпитальда жиі болып сырқаттарға газет оқуға,соңғы

жаңалықтардан хабардар болуға, хаттар мен телеграммалар жазуға және т.б

көмектесуін ұйымдастыру, жергілікті ресурстар күшімен госпиталь

жабдықтарын жөндеуге және жазылып шыққан жаралыларды жұмысқа

орналастыруға көмектесу.

Осындай қиын күндер, азапты айлар ,жаралы жылдарды артқа тастаған Шыңғырлау елі де әлеммен бірге Фашистік Германияның тас-талқан жеңілуін, Қызыл Армияның құдіретті, қасиеті Ұлы Жеңісін тойлады. Майдан даласынан тірі қалғандар елге орала бастады. Бейбіт өмір тынысы бірте –бірте қалыпқа түсіп келе жатты. Елге көп нан қажет еді.Осылайша 1953 жылы Орталық Комитеттің Пленумында тың және тыңайған жерлерді игеру, елді нанмен, дәнмен қамтамасыз ету жолға қойылды. Қазақстан даласында тың игеру дастаны басталды. Бұл Қазақстанның өнім өндіру қуатын,оның экономикасын, және мәдени бағыттағы жетістіктерін арттыра түсті.Осы жылдарда Шыңғырлау ауданында жыртылған жер көлемі 32 мың га-дан 187 мың га-ға дейін өсті. Дән өндіру ондаған есеге артты. Осыған орай төрт түлік мал басы да өсіп, одан алынатын өнім деңгейі де артты. 1949 жылы біздің аудан бойынша 25 колхоздың әрқайсысы 1641 га жерге егіс ексе, 1958 жылы, бұл көрсеткіш 13050 гектар жыртылған жер көлемін көрсетті, әрине, бұл кезде тек 6 колхоз болды, бірақ олардың әрқайсында осындай өңделген жер көлемі бар еді. 1952 жылы бөлінбейтін қорға аудан колхоздары бойынша аударылған қаржы көлемі 600 мыңды құраса, 1957 жылы 2 млн. сомға жетті. Бұл колхоздардың өз өнімдерін арттыру жолында жаңа техника алып, пайдалануына үлкен мүмкіндік туғызды. Осылайша қарқынды даму көшіне ілескен Шыңғырлау ауданы бірнеше бес жылдықтарды өткеріп, социалистік жүйе құрылымын қалыптастыра өркендеді. Осы жылдарда КСРО Жоғарғы Кеңесі Жарлығымен бірнеше жерлестеріміз ІІІ-дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды. «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Екпінді еңбегі үшін» медальдарымен марапатталғандар да аз болған жоқ. Бейбіт заман мен бақуатты өмір – тіршілікке орай халықтың да саны өсіп, «Ана Даңқы» орденін, «Ана» медалін иемденгендер көбейді. Ауыл шаруашылығын дамыту, мал басын өсіру жолында көптеген комсомол-жастар бригадалары құрылды. Осы бір қызу еңбектің, мамыражай бейбіт өмірдің бесігі болған Шыңғырлау өңірі кейін де Отансүйгіш, патриот ұлдарын өсіруден танған жоқ. Бейбіт жастар тірлігіне Ауғанстандағы шиеленісті жағдай, арты соғысқа айналған сұмдықтың ызғары келіп араласты. Интернационалист – сарбаздар атанған қыршын жастар автомат оқпанын қыса ұстап, көрмеген-білмеген, таулы-тасты Ауған жеріне тағы да соғысқа аттанды. Шыңғырлаудың ауасы дарып, суы ширатқан бауырларымыз бұл соғыста да тамаша ерліктің үлгілерін көрсете білді. Бұл күнде аудан орталығында Ауған жерінде қаза тапқан Д.Хамитов және сол сияқты әскер қатарынан оралмаған Д.Бесчасов, С.Гоптаренко, Р.Каймулдиев сынды боздақтарға ескерткіш – белгі қойылған. Осы жерде сонау қуғын-сүргін заманынан зар тартып, сыр шертер жазықсыз қудаланғандар ескерткіші де орын алған. Бұл үнсіз белгілер келешек ұрпаққа Шыңғырлау шежіресінен ,оның өткенінен сыр шертетін болады.

Ауған қанды қасабынан аман оралған жерлестеріміз Б.Баймукашев, С.Бадьяков, В.Николаев бүгінде халық шаруашылығының әр түрлі салаларында қызмет етуде.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет