ХІХ ғасырдың қазақ ұлттық зиялылары еңбектерінің Қазақстан тарихын зерттеудегі дерекнамасы ретінде (Абай, Ы. Алтынсарин, Ш. Уәлиханов).
Отарлау саясаты мәдениетке еш жерде де қолайлы болған емес. Орыс отарлауы қалалық және егіншілік мәдениетті шеткі өңірлерде енгізу мақсатында жүргізілген жоқ. Қайта олардағы барды жоқ қылып, мүлдем жойып жіберуді көздеді. Сөзіміз дәлелді болуы үшін дерек келтірелік. Петербургте 1866—1888 жылдары ай сайын шығып тұрған ғылыми-саяси журналы «Дело» өзінің 1869 жылғы 3-санында былай деп жазыпты: «Ресей үшін қазақтар көшпелі ел қалпында астығымыз бен қолөнер бұйымдарымызға кіріптар болып қалғаны тиімді. Олар тері және басқа шикізаттарды өндіруші ретінде қажет. Сондықтан да оларды жартылай жабайы күйінде ұстау керек». Келесі бір нақ осындай журнал «Отечественные записки» (бұл да Петербургте, 1829— 1884 жылдары шығып тұрған): «Қазақтар Ресей мемлекетіне көшпелі күйінде ғана пайдалы, оларды отырықшы ету орыстар үшін қауіпті» (Отечественные записки. — СПб., 1866. — С. 5) — деп кесіп-пішіп айтады. Бұл жай айтыла салған сөз емес еді, сол кездегі өкіметтің саясатын жариялау болатын.
Еуразия даласын жаулап алған славяндық мәдениет осы даланың байырғы тұрғындарын ноқталап қоюға тырысты. Ресей империясы өз қарауындағы халықтарды ақ патшаға берілгендік идеясында тәрбиелеу мақсатымен әр түрлі миссионерлік тәсілдерді шебер қолдана білді. Осындай ілімдердің бірі Ресейдің басқа халықтар алдындағы тарихи-мәдени миссиясы деген бүркеніш уағыз. Ағылшындардың бай мәдени мұрасы бар үнділерді шырмағаны сияқты, орыстар Орталық Азия мен Қазақстанды отарлау және ассимиляциялау полигоны бейнесінде қарастырды. Тіпті қазіргі күнге дейін осы миссионерлердің таратқан төмендегідей қағидалары қоғамдық санада терең тамыр жайған. Солардың бірі қазақтардың таза мүсылман еместігі туралы ұғым.
Араб алфавитін ығыстыру мақсатымен миссионерлер кириллицаны енгізуге шақырды. Бұл орыстандыру саясатының негізгі құралы еді және олардың түбінде қазақтарды христиан дінін қабылдауға әкелмек ойлары болды. Жас бала өз сауатын туған тілінде ашқанымен, орыс алфавиті арқылы мәдени ассимиляцияға ұшырайтын. Осының салдарынан бұрынғы мәдени бағдар батыс мәдениетіне ауды.
Қазақстан мәдениетіне үлкен үлес қосқан қазақтың алғашқы ғалымдарының бірі Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов орыстың әскери мектебінің түлегі еді. Алайда Шоқанды қазақ даласында орыстандыру саясатын жүргізуші деп бағалау үстірт пікір. Арғы атасы Абылайды пір тұтқан Шоқан өз халқының мәдениетін жоғары деңгейге көтеруге тырысты. Бұған негізгі құрал оның ағартушылық әрекеті болды. Қазақ ағартушылығына Еуропадағы ағылшын, неміс, француздардағы сияқты жалпы ортақ белгілер тән. Ең бастысы — білім мен ғылымды адамдарды бақытқа жеткізетін күш деп ұғыну. Алайда қазақ ағартушылығының өзіндік ерекшеліктері де жеткілікті. Мұның өзі Шығыс Ренессансына, тәуелсіз Қазақ хандығына және Ресей империясы құрамындағы бодан халық тағдырына қатысты. Ағартушылық мәдениеттегі негізгі тетік — адам. Шоқан сыртқы әлемге «дала адамын» түсіндіргісі келді. Осы мақсатпен ол қазақ және қырғыз халықтарының миф-аңыздарын, салт-дәстүрін, діні мен тілін зерттейді. Шоқан жазған «Үлкен қырғыз-қайсақ ордасының ескі аңыз әңгімелері», «Қазақтардағы шамандықтың іздері», «Қашқария туралы жазбалар», «Сахарадағы мұсылмандық туралы» және т.б. ғылыми еңбектерде қазақ және басқа түрік халықтарының мәдениетіне энциклопедиялық талдау берілген.
Шоқанды тек қазақ ағартушысы деп шектеу жеткіліксіз. Ол шын мәнісінде нағыз ренессанстық тұлға. Не бары 30 жыл ғана өмір сүрген ол өзін дарынды тарихшы, тіл маманы, географ, мәдениеттанушы ретінде Еуропа мен Азияға таныстырып кетті. Шоқан туралы айтқанда, алдымен көзге түсетін мәселе — мәдениеттанулық дихотомия: Батыс пен Шығыстың арақатынасы. Патшалық Ресейде білім алған империя офицері ретінде ол, әрине, Черняев экспидициясына қатысты, басын қатерге тігіп, Қашқарияға жасырын барды. Ф.М. Достоевский, С.Р. Дуров, Н.Г. Чернышевский сияқты орыстың озық ойлы ғұламаларымен достасып, алдыңғы қатарлы Еуропа мәдениетінен нәр алды. Шоқанның бар арманы өз халқының төл мәдениетін, тарихын, тілін жоғары деңгейге көтеріп, жалпы адамзаттық мәдениетке тең етіп қосу болды. Осының негізгі құралы деп кейбір зерттеушілер Ресей мәдениетін қазақ сахарасында таратуды айтады. Омбыда оқып жүрген кезінен бастап-ақ Шоқан екі түрлі Ресей бар екендігін сезді: бірі — озық ойлы, адамзатты ардақтаушылар, екіншісі — отаршылар, тонағыштар, итаршылар. Шоқан патша әкімшілігінің Қазақстан туралы саясатына әр уақытта күдікпен қараған. Мысалы, әуелде «жақсы әскербасы және әділ» болар деп ойлаған М.Г. Черняевті Шоқан өз халқының мүддесіне қолданғысы келіп, оның жорығына қатысты. Алайда, орыс әскерінің жантүршігерлік қылмыстарын байқаған Ш. Уәлиханов патша қызметін тастап, еліне қайтып кетеді. М.Ф. Достоевскийге жазған бір хатында Шоқан, отандастарыма пайда тигізу үшін тіпті сұлтан болғым да келді дейді. Алайда, өмір шындығы оның бұл ойының қиял екендігін көрсетті. Даладағы зорлық-зомбылықты жалғыз білімді әкім жеңе алмас еді.
Шоқан Уәлиханов (Ә. Қастеев)
Шоқан араласқан тағы бір мәдениеттанулық мәселе мұсылмандық туралы болды. Қазақтарды жылдам христианға айналдыра алмайтынына көзі жеткен патша әкімдері исламның өздеріне қажетті жақтарын нығайту мақсатымен далаға көптеген татар және Бұхар молдаларын жіберді. Шоқан осы саясатқа қарсы шығып, орыс-қазақ мектептерін көбірек ашуды талап етті. Бірақ бұдан Ш. Уәлиханов атеист болды және исламға қарсы күресті деген пікір тумау керек. Шоқан бұрыннан қазақтар арасында кең таралған тәңірілік дін және шамандықтың (басқылықтың) маңызын көре білді, исламға қарсы шығудан бас тартты; ол: «біз исламды қудалауды ұсынбаймыз, мұндай қадамдар қарама-қарсы нәтиже беруі мүмкін. Бірақ біз үкіметтің қандай да болсын білімге қарсы дінге қамқорлық жасамауын, және далада ұрып-соғу мен қорқытуға негізделген теологиялық заңдарды күштеп енгізбеуін сұраймыз және талап етеміз» (Таңдамалы, 200-бет), — деп жазды. Яғни, Шоқан мұсылмандықтағы мәдени-тұтастық функцияларды көре білді. Ұлы мәдениеттердің тоғысуында дүниежүзілік діндер интеграциялық қызмет атқарады. Қысқаша айтқаңда, Шоқанның қазақ мәдениетіне қосқан үлесінің негізінде Батыстың да (орыстың да), Шығыстың да тигізген әсері емес, өз халқының төл мәдениеті жатыр. Шоқанның өзіне жүгінейік: «Далалық орданың тұрғыны — қазақ өзінің моральдық қасиеті, ақыл-ой қабілеті жөнінен отырықшы татар немесе түркі шаруаларына қарағанда әлдеқайда жоғары тұр... Осынау дала көшпелілерінің ақынжанды болып келетіні, ой-қиялының жүйрік болып бітетіні мұңсыз-қамсыз көшпелі тіршіліктің арқасы болу керек немесе ұдайы ашық аспан астында, шет-шегі жоқ шүйгін дала құшағыңда ғұмыр кешкен соң табиғат шіркінді Тәңірі тұтқандықтан да болар. Түрік атаулы халықтар арасында өзінің ақындық қабілет-дарыны жөнінен қазақтар бірінші орында болса керек».
Қазақ мәдениетінің кемелденуіне үлкен үлес қосқан тұлға — Ыбырай Алтынсарин. Ыбырай халық ағарту ісінің практикалық және дидактикалық мәселелерін шешуге тікелей ат салысты, алғашқы педагогикалық оқулық «Қазақ хрестоматиясын» және қазақ балаларына орыс тілін үйретуге арналған оқу құралдарын жазды. Сонымен бірге Ыбырай қазақтың әдеби тілінің негізін салушылардың бірі және халықтың ауыз әдебиетін, әдеп-ғұрпын зерттеуші ретінде белгілі; ол жазған қазақтардың құдалық және үйлену рәсімдері туралы, адамдарды жерлеу және еске алу салттары жөніндегі еңбектері жоғары бағаланып, 1874 жылы Ы. Алтынсарин Ресей географиялық қоғамының Орынбор бөлімшесінің мүшесі болып қабылданды. Ыбырай өз қызметі мен шығармашылығында нағыз ағартушы бейнесінде көрінеді. Ыбырай өзінің ағыртушылық қызметінде миссионерлік орыстандыру саясатын қолдаған жоқ. Ол өз халқын білімге, мәдениеттілікке шақырғанда өркениетті елдер қатарына көтерілуді армандады. Ыбырайдың миссионер еместігінің куәсі — оның атақты «Кел балалар, оқылық!» атты өлеңі. Тоталитарлық жүйе кезінде алынып тасталған бірінші жол мынадай еді:
Достарыңызбен бөлісу: |