Болыс болдым мінеки
Болыс болдым мінеки,
Бар малымды шығындап.
Түйеде қом, атта жал
Қалмады елге тығындап.
Сөйтсе-дағы елімді
Ұстай алмадым мығымдап.
Күштілерім сөз айтса,
Бас изеймін шыбындап.
«Мәз болады болысың»
«Мәз болады болысың» - Абайдың1889 жылы жазған өлеңі. Әрқайсысы 4 тармақты 12 шумақтан тұрады. Мазмұны, мәні жағынан ақынның «Болыс болдым мінекей» шығармасымен үндес, сарындас. Өлеңде болыс болған қазақтың мінез-құлқы үшінші жақтан суреттеледі. Ақын болыстың қолымен жасаған нақты ісін ғана емес, сонымен қатар оның көп сырын бүгіп, бүркеп жатқан ішін де ашып керсете отырып, адам мінезін ашудың ұтқыр да ұтымды тәсілін шебер пайдаланады. Ұлықарқаға қақса, мәз болып, иығына шекпен жапса, шат болып, әр жерде жоқты-барды шатып, күпініп, қампайып, шалқып жүрген болыс әлдебір қуанышы үшін үй-ішін, ауыл-аймағын түгел әурелеп, әбігерге түсіреді. Ол ісі оңға басса, күлмеңдеп, өлең қағып, көзін аспанға еліртіп әуреленіп-ақ қалады, қасқайып, мақтанға салынады, бас пайдасы, құлқын қамы үшін біреулерді қақпанға түсіруді ойлайды, оның жөні келіп ел ішінен бір дәмдіні татып, өңеші майлана қалса, қолын шапалақтап жас баладай қуанады.
Болыстың ісі әлгіндей болып суреттелгенде, оның қуанышының түрі мынадай түрде айшықталады. Ақын болыстың ісі мен ішін бірде жарыстырып, бірде даралап әрі саралап көрсетіп алған соң, оны өз тарапынан бағалауға ауысады. Болыстың жаман қылықтарын оқырмандарының көз алдына көлденең тартады да, ақын ойлы жанға болыстан да, оның ықпалынан да алыс болуға кеңес береді. «Миың болса, жолама, Бос желіғіп шапқанға» дей келіп, жамандықтан қашқанның жаман болмайтынына меңзейді. Өлеңнің соңында өзіне-өзі мәз болып, өз буына өзі піскен надан болыстың өзге түгіл, өзінің табан жолына да жарығын түсіре алмайтын қараңғылығына, оның ісініңде, өзініңде баянсыз, опасыздығына білім нұры, ғылым жарығы қарама-қарсы қойылады.
Өлең шалыс ұйқасты үлгіде жазылған. Алғаш 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. 1933 жылғы жинақта 10-шумақтың 3-жолы «Өлең қағып желбірер», 1939 жылғы басылымда «Өлең қағып елірер» болса, кейінгі жинақтарда бұл жол Мүрсейіт қолжазбалары негізінде «Өлең қағып елбірер» делінген. Мүрсейіт қолжазбаларында 5-шумақтың 4-жолы «Бір тәттіні татқанға» деп алынса, жинақтарда 1909 жылғы басылым негізінде «Бір дәмдіні татқанға» деп берілген.
Туынды қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, ұйғыр т. б. тілдерге аударылған.
Достарыңызбен бөлісу: |