Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті
Филология факультеті
“Теориялы және қолданбалы тіл білімі” кафедрасы
Мәнжазба
Сөз тіркесі және жай сөйлем синтаксисі
Тақырыбы: “Сұраулы, лепті сөйлемдер. Олардың жасалу жолдары”.
Орындаған: Жақанқызы М.
Тексерген: Жазыкова Р.
Сөйлем дегеніміз – әр алуан сөздердің өзара тіркесіп келіп, тиянақталған ойды білдіруі. Олардың құрамы да түрлі болады. Сөйлемді жеке сөз немесе сөз тіркестері құрайды.
Бір нәрсе жайында сұрап білу мақсатында айтылған сөйлем сұраулы сөйлем деп аталады.
Сұраулы сөйлемге тән негізгі белгілер: 1) бір нәрсе жайында сұрап білу мақсатында айтылады; 2) сұрау есімдіктерінен және ма, ме, ба, бе, па, пе, ше (мы, мі, бы, бі, пы, пі, ші) сұраулық демеулік шылауларының қатысуымен жасалады; 3) сұраулы сөйлемнің өзіне тән интонациясы болады: бас жағы көтеріңкі айтылып, соңғы жағы бәсеңдемей, көтеріңкі қалыппен аяқталады; 4) сұраулы сөйлемнен соң сұрау белгісі қойылады.
Сұраулы сөйлемдер негізгі сұрақты, жетек сұрақты, анықтауыш сұрақты болып бөлінеді.
Негізгі сұрақты сұраулы сөйлем – бір нәрсе, оқиға, іс туралы мәлімет алу үшін қойылған бастапқы сұрақты сөйлем. Мысалы: Бізбен бірге саяхатқа барасың ба? Қазақтың қандай ұлттық аспаптарын білесің? Балаңыз мектепті қашан бітірген? Бұл сөзбен не айтпақсыз?
Негізгі сұрақ сұрау есімдіктерінен және ма, ме, ба, бе, па, пе, ше шылауларының қатысуымен жасалады.
Жетек сұрақты сұраулы сөйлем – негізгі сұраққа жауап алу үстінде қосымша туған ойға байланысты сөйлем. Мысалы,
– Іссапарға кімдер барады?
– Жас қызметкерлер барады.
– Біздер ше?
Жетек сұрақты сөйлем толымсыз болып құралады, көбіне тек сұрақ мағыналы сөзден ғана тұрады. Жетек сұрақ ше шылауының қатысуымен жасалады.
Анықтауыш сұрақты сөйлем – екінші жақтың сөзін анықтап алу үшін қойылған сұрақты сөйлем. Мысалы,
– Бұл ойды кім айтты?
– Тілек айтты.
– Тілек?
– Иә, Тілек.
Айтушының түрлі көңіл күйін білдіру мақсатында айтылған сөйлем лепті сөйлем деп аталады.
Лепті сөйлемге тән негізгі белгілер:
1)айтушының түрлі көңіл күйін білдіру мақсатында айтылады: күйіну, таңдану, өкіну, сұқтану, сүйсіну, қорқу, қуану, қапалану, наразылық білдіргенде, т.б.
2) лепті сөйлем ерекше эмоциямен, сезіммен айтылады.
Лепті сөйлемнің жасалу жолдары:
1) сөйлемнің етістік формалары арқылы. Мысалы, Көзі мұндай өткір болар ма!
2) сөйлем -ақ, -ау, ғой, -ай шылауларының қатысуымен жасалады. Мысалы, Балам, қонақтарға бір күй тартып бере ғой!Қарағым-ай, қатты тоңып қалыпсың-ау!
3) көңіл күйді білдіретін одағай сөздердің қатысуымен жасалады. Мысалы, Пай-пай, дауыс деп осыны айт! Уһ, жеттім ғой ақыры!
4) Лепті сөйлемдерден соң леп белгісіқойылады.
Біреуге бұйыру не талап ету мақсатында айтылған сөйлем бұйрықты сөйлем деп аталады.
Бұйрықты сөйлемге тән негізгі белгілер:
1) біреуге бұйыру, талап ету мақсатында айтылады; 2) бұйрықты сөйлем етістіктің бұйрық райының 2, 3-жағында айтылады; 3) бұйрық не шартты райға -шы, -шіжұрнағының жалғануы арқылы жасалады;
4) бұйрықты сөйлемнен соң нүкте немесе леп белгісі қойылады.
Сөйлемнің айтылу мақсатына қарай түрлері:
ХАБАРЛЫ
СӨЙЛЕМ
|
СҰРАУЛЫ
СӨЙЛЕМ
|
ЛЕПТІ
СӨЙЛЕМ
|
БҰЙРЫҚТЫ
СӨЙЛЕМ
|
Тоғай да бұл кезде кемеліне келіп толықсып тұрады.
|
«Есіл тасып барады» деген әнді естіп пе едің?
|
Шіркін, қарақат, тәтті де сұлу жеміс қой!
|
Атаның баласы болма, адамның баласы бол.
|
Пайдаланылған әдебиет:
М.Б.Балақаев “Қазіргі қазақ тілі”. -Алматы. 1992. -247б.
Достарыңызбен бөлісу: |