Күз — береке
Берекесін сыйлауға
Өлкемізге күз келді.
Жемістерін жинауға
Шақырады біздерді.
Құстар қайтты ән салып,
Бұлт шарлады аспанды,
«Қыс келді» деп жар салып,
Күзгі суық басталды.
Нұрсұлтан Әлімқұлов
Қасқыр, Түлкі және Әтеш
(Ертегі)
Алыс таулы өлкеде, ну орман ішінде Қасқыр, Түлкі және Әтеш үшеуі бас қосып, шаһар салмақ болыпты.
- Сонда қалай саламыз?
- Неден бастаймыз? - депті Әтеш пен Қасқыр.
- Әтеш бізді оятып жүреді. Қасқыр орманнан ағаш тасиды. Мен мұржадан түтін шығарып тұрамын. Сонда жұрт біздің ісімізге қайран қалады, - депті Түлкі.
Келесі күні Қасқыр орманға ағаш әкелуге жөнеледі. Осы сәтті пайдаланып, Түлкі Әтешті бас салады. Зорға қашып құтылған Әтештің құйрығы Түлкінің аузында қалады.
Орманнан қайтып оралған Қасқыр бұтағында сүмірейіп отырған Әтешті көреді. Құйрықтан жұрдай.
- Саған не болған? - деп таңданды Қасқыр. Әтеш болған жағдайды баяндайды. Бұған ашуланған Қасқыр түлкіні бас салып, оның күлтеленген құйрығын жұлып алады. Қасқырдан зорға құтылған Түлкі зыта жөнеледі. Түлкі былай шыға:
- Осылай бір - біріміздің құйрығымызды жұла берсек, ешқашан шақар сала алмаймыз, - деп айғай салыпты.
Нан қайдан келеді?
(Ертегі)
Бір күні Тышқан нан дүкеніне кірді. Сөреге жаңа піскен сап - сары бөлкелер үйіліп түр екен. Піскен нан иісіне қызыққан Тышқан тұмсығын жыбыр - жыбыр тартты. Төмендегі бір бөлкенi кеміре бастады. Осы кезде күзетші келіп қалды. Тышқан зып беріп, тысқа атып шықты. Бірақ алысқа ұзамады. «Апырай, қайдан келді екен осыншама нан. Біліп алып шыққан жеріне кірсем, ә!» - деп қызығып кетті. Тесіктен сақтана сығалады.
- Нан, нан, сен қайдан келдің? - деді сыбырлап.
- Сатушыдан сұра, - деді нан. Тышқан сатушыға келді.
- Сатушы, сатушы, нан қайдан келеді?
- Наубайшыдан сұра, - деді сатушы.
Тышқан тымпыңдап наубайханаға келді. Мұнда көп адам нан пісіріп жатыр екен.
- Нан қайдан келеді? - деді бір наубайшыға келіп.
- Диірменшіден сұра, - деді наубайшы.
Тышқан диірменшіге келді. Диірмен тасы тынымсыз шыр көбелек айналады. Екі адам үн тартып түр. Ұн төгіліп аққан бұлақша құйылып жатыр. Көзді ашып - жұмғанша қап - қап ұн пайда болады. Тышқан иненің көзіндей танауын тыржиып, таңдана қарап тұрды да:
- Диірменші, диірменші, нан қайдан келеді - деп сұрады.
- Комбайншыдан сұра, - деді қырманшы қарт. Тышқан далада егін орып жүрген комбайншыға келді.
Қалың егін теңіздей толқиды. Комбайн тоқтар емес, ілгерілеп барады. Сабанын бір бөлек, топанын бір бөлек шығарып тастайды. Торсықтай ақ бидайды астауына құйып алып барады. Тышқан шіңкілдеп:
- Комбайншы, комбайншы, нан қайдан келеді? - деп сұрады.
- Көктемде тракторшы жер жыртады, тұқым себуші тұқым себеді. Егіншілер оны күтіп баптайды. Көп еңбек сіңіреді. Міне, қалың астық - сол көп еңбектің жемісі. Нан еңбек арқылы табылады, - деді комбайншы.
- Ой, мұның азап қой. Мен шалқайып жатып - ақ таба беремін, - деп қутың - қутың етті Тышқан.
- Әне, Мысық келе жатыр, - деді комбайншы. Сол - ақ екен Тышқан бір ескі інге зып берді.
Мұхаметжан Етекбаев
Өз жұртым
Баламын есті мен –
Атамнан естіген.
«Үш жұртты» білемін,
Таратып беремін.
Бабамнан басталар,
«Өз жұртым» мыналар:
Ең жақын адамдар - Әке мен анам бар.
Әкемнің әкесі –
Ақ басты атам бар,
Әкемнің шешесі –
Ақ шашты әжем бар.
Ұлдардың үлкені –
Бір туған ағам бар.
Қыздардың үлкені –
Бір туған әпкем бар.
Ұлдардың кішісі –
Бір туған інім бар.
Қыздардың кішісі –
Бір туған қарындас,
Әпкеге сіңлі бар.
Ермек Өтетілеуұлы
Тапқыр қоян
(Ертегі)
Бір күні аң патшасы - Арыстанның іші пысып, аңдарды жинап алып, мынадай тапсырма беріпті:
- Кімде - кім бір қазан ыстық суды дем алмастан ішсе, сол менің сенімді көмекшім болады.
Аң атаулының бәрі тосылып қалыпты. Ал Арыстан «Ыстық суды қайсысы ішеді екен? Қалай ішер екен?» - деп, миығынан күліп отыр. Осы кезде Түлкінің көзі шетте тұрған ұзын құлақ сүр Қоянға түсті де, Жолбарысқа Қоянды ыммен көрсетті. Сол - сол - ақ екен, Жолбарыс бір қазан ыстық суды Қоянның қолына ұстатып:
- Іш, - дейді.
Қоян аңырап тұрып қалады. Бірақ есін тез жинап алып:
- Сендер де қазаннан бір - бір ұрттаңдар. Қалғанын мен ішемін, - дейді. Жолбарыс, Түлкі, тағы басқа да аңдар қазаннан бір ұрттамнан ішіп, Қоянға жеткенше су суып қалған еді. Сөйтіп, қазан Қоянның қолына жетті. Қоян ойланбастан бір қазан суды сіміріп салыпты. Арыстан Қоянның тапқырлығына риза болып, оны өзінің көмекшісі етіпті.
Ойыншықтарым — достарым
Таң атады арайлап,
Оянады бар аймақ.
Оянады достарым,
Мен қаламын қарайлап.
Жуынамыз, таранып,
Айнаға да қаранып.
Назар салып сағатқа,
Отырамыз тамаққа.
Ойыншықтар - құрдасым,
Ойыншықтар - достарым.
Өзім айтып тұрасың,
Оларды да қостадым.
Сол достармен күнде біз,
Кешке дейін біргеміз.
Кейде еңбек етеміз,
Кейде ойнап кетеміз.
Болмашыға таласып,
Ұрысқан да емеспіз.
Бір кез теріс қарасып,
Тырысқан да емеспіз.
Жерді жыртып трактор,
Машина жүр жырақ та.
Бәрі маған ұнап түр,
Пойыз қайда бірақ та.
Егін егіп, жер өңдеп,
Комбайндар орады.
Ұшақ та төмендеп,
Қолын бұлғап барады.
Қырман толып, дән жиып,
Іс тындырмақ емес пе?
Бұзау қырда әл жиып,
Құлын шапты белесте.
Дәмді бірге татпасам,
Асқа зауқым шаппайды.
Өзім бұрын жатпасам,
Олар бұрын жатпайды.
Тұрап Айдаров
Ей, бас қала — Астанам
Қадамың бар баспаған,
Кенесары - бас бабаң,
Асуың бар баспаған,
Озық туған басқадан.
Халқым жетсін мұратқа,
Арыстарды ардақта,
Ей, бас қала - Астанам!
Ей, бас қала - Астанам!
Тың жолдары бастаған,
Шырқап көкке аспан - ән,
Жалған атын тастаған.
Болашаққа бас қадам.
Қайта түлеп, құлпырған,
Қазақ рухын биіктет,
Ей, бас қала - Астанам!
Ей, бас қала - Астанам!
Жетпіс тоғыз - жас жаран,
Жас Астана - Жас ғалам,
Жау - дұшпанын жасқаған.
Тарихың бар ашпаған.
Намысың бар найзадай,
Ордасы бол ойшылдың
Ей, бас қала - Астанам!
Ей, бас қала - Астанам!
Айбатыр Сейтақ
Кел, Жаңа жыл!
Жаңа жылды біз тойлап,
Шаттанамыз бәріміз.
Өлең де әзір, ән де әзір,
Ойын да әзір, бәрі әзір.
Кел, Жаңа жыл біздерге,
Кел, Жаңа жыл, Жаңа жыл!
Сағи Жиенбаев
Көңілді Қыс
Бір топ бала сырғанап,
Барады, әне, жарысып.
Қалды артында қыр алап,
Іздерінен қар ұшып.
Қырау қатып жағаға,
Аяз беттен өбеді.
Бірі мініп шанаға,
Бірі шаңғы тебеді.
Сәтке қарап тұрмайсың,
Көңілді екен қыс қандай?
Шаңғыменен зырлайсың,
Қанат бітіп ұшқандай.
Шәміл Мұхамеджанов
Жыл басына таласқан хайуанаттар
Ең ерте заманда хайуанаттар жылдың басы болуға таласыпты. Сонда Жылқы айтыпты:
- Мен алысты жақын қыламын: күшімді көреді, сүтімді ішеді, қылыма шейін арқан, жіп еседі. Адамға менен пайдалы мал жоқ, жыл ағасы мен боламын, - дейді.
Түйе айтады:
- Сен адамның жұмысын істесең, сұлы, шөп асайтын тамағың үшін құл болдың, міне, мен сен көтере алмайтын ауырды көтеріп, неше айшылық алыс жерлерге барамын. «Аш болдым» - деп арпа, сұлы сұрамаймын. Көде болса көде, жусан болса жусан, не кез келсе, соны қорек етіп, табылса су ішіп, табылмаса шөлде де жолға жүре беремін. Жыл басы болу маған лайық.
Сиыр айтады:
- Адам егін ексе менімен егеді, сүтімді ішеді, құрт - май істейді, жыл басы маған лайық, - дейді.
Қой айтады:
- Мен болмасам, қазақ үйін немен жабар еді. Жүнімді алып киіз басады, жабағымнан киім тігеді, арқан, жіп еседі. Сүтімнен құрт - май алады, шаруаға менен пайдалыларың жоқ.
Ит айтады:
- Мен болмасам, сендердің көбіңді не ұрлап, не қасқыр жеп тауысар еді. Мен сендердің баршаларыңның бақташың мың, дұшпан көрінсе үріп, абалап иеме хабар беремін.
Әтеш айтады:
- Мен болмасам, адам ерте жұмысына бармай, ұйықтап қалар еді. Мен ерте тұрып таң атты деп шақырып, хабар айтамын. Кеш болса, «жатар мезгіл болды» - деп, тағы шақырамын.
Тышқан не айтарын білмей тұрды да, бір түрлі қулық ойлап, жиылған көпке айтады:
- Бұл таластан еш нәрсе өнбес, жылды қарап тұралық та, кім бұрын көрсе, сол жыл басы болсын, - деді.
Өзгелері қарап тұрғанда Түйе өзінің бойына сеніп: «Менен бұрын кім көреді», - деп Тышқанның сөзін қостайды. Біраздан соң, Тышқан жорғалап Түйенің өркешіне шығып отырады. Көп жануар таласып: «Біз көреміз, біз көреміз», - деп тұрғанда, ең биікте отырған Тышқан еш нәрсе демепті. Сонан соң, жылды бұрын Тышқан көріп, хабар беріп, жыл басы болыпты. Түйе бойына сеніп құр қалыпты.
Жеті қазынаның бірі
(Ертегі)
Баяғыда аң патшасы Арыстан қызметшісі Жолбарысты шақырып: «Ормандағы барлық аңдарды жина», - деп бұйырыпты. Арыстан патша әлемде ең қайратты, ең ақылды әрі епті кім екенін білгісі келіпті. Лезде Арыстан апанының алдына аңдар жинала қалады. Арыстанның сөзін естіп болған соң Түлкі алға шығып:
- О, әлемде теңдесі жоқ патшам! Бұл өмірде Сізден қайратты, ақылды, епті жан жоқ. Сондықтан да біз патша етіп сайлағанбыз! Сіздің қайырымыңыз шексіз, - депті.
Барлық аңдар өз пікірлерін айтып Арыстанға жағымпаздана, оны дүниедегі ең күшті, ең ақылды деп лепіреді. Мақтау сөздерге мәз болған Арыстан бір бұрышта құлағы салбырап, өзі маужырап жатқан Итті байқайды. Дереу гүрілдеп Итке төне түседі:
- Әй, сен, оңбаған, мыналардың не айтып жатқанын есті - дің бе өзі!? Неге сен үн қатпайсың?
Ит салмақты қалпын бұзбастан:
- Ә, сен бе едің ... Сонша немене орманды басына көтересің? Менің сені мақтап бас ұруым керек пе еді? - деп басын көтерместен сөйлейді.
- Ал сонда, - дейді Арыстан, - дүниеде ең қайратты, ең ақылды, ең әділ, епті кім?
- Мен үшін дүниеде қайратты әрі ақылды да тек - адамзат.
Арыстан одан бетер ысқырып, дереу Жолбарысқа:
- Ит иттігін жасап, адамды мақтады. Біздің арамызда оған бұдан былай орын болмауға тиіс. Дереу арамыздан алас - татыңдар! - депті күндей күркіреп.
Бұл сөзден соң Ит мүлде көңілі қалып, олардың арасынан біржолата қара үзіп, кете барған екен.
Содан бері Ит адамның досы, көмекшісі болыпты. Бер - тін келе, «Ит - жеті қазынаның бірі» деген қанатты сөз қалыптасыпты.
Менің ағаларым
Баптаған егінін,
Халқына ұнаған.
Мақтаны елінің
Егінші - бір ағам.
Барады алдына
Балалар, кәрілер.
Адамның бағына
Бір ағам - дәрігер.
Баулыған биікке
Балапан қыранын.
Ісімен сүйікті
Бір ағам - мұғалім.
Бір ағам - жылқышы,
Үйреткен тай - құлын.
Өткізді бұл кісі,
Қырда сан ай - күнін.
Қашанда елгезек,
Ағалар сияқты.
Өсемін Мен де өжет,
Бала боп ұятты.
Қ. Исалин
9Көктем келді, мінеки
Көктем де келді. Ауылдың ортасынан қақ жарып ағып жатқан өзен таси бастады. Қар еріп, сай - саланы су алды. Өзен жағасына жақын тұрған үйдің адамдары түнімен үйықта - май шығады. Ауыл қариялары қолдарын көлегейлеп ұшқан құсқа жиі қарайды. Өйткені тырна келген соң, жер жыртуға болады. Олар сол сәтті тосады. Бір күні Мұрат, Зайра үшеуміз: «Әне тырналар келді», - деп сүйіншілеп үйге қарай жүгірдік. Жұрттың бәрі тыраулаған тырналардың соңынан ұзақ қарап тұрды. Ертесіне менің әкем де жұртпен бірге жер жыртуға шықты. Ол ә дегенше - ақ едәуір жерді қопарып тастады. Топырақ бетіне шығып қалған құрттарды құстар алаңсыз теріп жеп жүр. Тек қана қызғыш құс әлденеге мазасызданатын сияқты. «Әке, мына құсқа не болған?», - дедім мен. «Бұл құстың таяу жерде ұясы болуы мүмкін». Әкемнің бұл сөзінің жаны бар екен. Сәлден кейін соқаның алдынан бір құс ұша жөнелді. Жердегі ұяда бес жұмыртқа жатыр екен. Оны көрген әкем «Құс ұясын бұзып алмайық» дегендей соқасын басқа қатарға бұрып қойды.
Зура Мейірханова
Өрік ағашы
Көктем шығып төңірек түрлене бастаған. Көбелек ұшып, бәйшешекпен көмкерілген қырқа әдемі - ақ. Көктемгі тіршілік тыным сіз. Есет былтырғы өзі көміп қойған өріктің дәнінен, бірнеше кішкене бұталар көктеп шыққанын көрді. Ол қуана:
- Апа, апа, былтырғы дәннен өрік өсіп шығыпты, - деп, ауланы тазартып жүрген анасына бар даусымен айғайлап қуанды.
- Кәне, көрсетші, - деп апасы жайдарман қалпымен.
- Міне, мұнда. Былтыр мен жазда көмген болатынмын.
- Иә, мынау өріктің жас бұтағы ғой. Сен бұл жерді қалай адаспай таптың, - деді анасы таңырқап. Ол жусанда байлаулы тұрған қызыл матаны нұсқап:
- Мен мұны дәнді көмген күні шатаспас үшін байлап қойғам.
- Ой ақылыңнан айналайын. Енді сен бұл ағаштарды өзің күтіп, бапта. Бұларың 4 - 5 жылда жеміс береді. Ал мен саған тәтті тосап қайнатып берем, - деді.
- Рас па? - деп тәттіні жақсы көретін Есет аузының суы құрып. Анасы басын изеп, өз жұмысына кетті. Ал Есет ағаштардың тезірек жеміс беруін армандады.
(«Балдырған» журналынан)
Ұлы ана
Анар әже - аналардың анасы. Ұлы ана биыл жүз жасқа келеді. Әжеміз жүз жасқа толған күні той жасадық. Ұлы ананың балалары, немерелері, шөбелері, шөпшектері сыйлықтарын ұсынып, бетінен сүйіп, оны қуанышқа бөледі. Гүлзарды аулаға сәнді сәкі орнатып, әжемізді кілемнің үстіне - құс төсекке отырғыздық.
- Шөберелерім мен шөпшектерім алдыма, немерелерім сол жағыма, балаларым оң жағыма отырыңдар, - деді ұлы ана күлімдеп.
- Келіндеріңіз бен күйеу балаларыңыз, жиендеріңіз ше?!
- Олар да солардың қатарынан орын тапсын, - деп күлді ана.
- Құттықтау сөз ең алдымен шөпшектерге беріледі, - дедім.
Мен әжеме тақпақ айтып берем! - деп қысық көзді, таңқыш Тайжан алдыға шықты да:
- Аналардың анасы,
Балалардың панасы —
Әжемізді сүйемін!
Әдеппен бас иеміз! - деді.
- Өнеріңнен айналайын! Өркенің өссін! - деп абыз ана қуанды.
- Әжеміздің шөбересі Аружан «Әжеме» деген әнін айтсын. Әбен атам домбырамен қосылды, аппақ қыз Аружан әжемізге арнаған әнін айтты:
- Бізді дәйім «айналайын», - деп сүйеді әжетайым!
Қуанады, құшады!
Ыстық әже құшағы.
Жасай бер әжетай!
Ә - леу - лай!
Бәріміз ду қол соғып, риза болдық, әжем Аружанды аймалады.
- Құттықтау рәсімі немерелерге беріледі, - деді Бақберген көкем. Мен әжеме Дина Нүрпейісова анамыздың «Бұлбұл» күйін тартып бердім. Әжем әсерленіп, тебірене қуанып, маңдайымнан сүйді.
- Біз ұлы анаға арнап, ана туралы ән айтайық, - деді көкем.
Бәріміз хорға қосылдың:
- Әлемнің жарығын сыйладың сен маған.
Даланың бар гүлін жинадың сен маған!
Самал жел, сая бақ
Құшағың мен үшін! Бәріміз әжемізге бас идік.
Әжеміз «қайта жасарды». Күндей жайнап, күлімдеп, бәріміздің бетімізден сүйді. Бұл ұлы ананың туғанын тойлаған ұлы күн болды.
Әдібай Табылды
Не сыйлау керек?
Көктемнің алғашқы күндері болатын.
Балғын көкесіне еріп балалар бақшасына келді.
- Ертең апаңның мерекесі. Оған сыйлық әзірледің бе? - деді көкесі жол - жөнекей.
Балғын «білмеймін» дегендей қиқаң еткізді.
- Неге білмейсің. Сен енді жігітсің. Күзде мектепке барасың. Кешке дейін ойлан. Сосын ақылдасамыз.
Ол жұмысқа кетті. Балғын балабақшада қалып қойды. «Не сыйлау керек?» - деп қайта - қайта ойланды. Ешнәрсе таба алмады.
Терезе алдында гүл тұратын. Қып - қызыл әдемі гүл. Соған көзі түсті. Қайта - қайта қарай берді. «Жұлып алып, апарып берсем, апам қуанады, ә», — деді ол өз - өзіне.
Бір кезде қараса, тәрбиеші апай оған су сеуіп жатыр екен. «Апайды ренжітуге болмайды ғой. Ертең - ақ гүлді іздейтіні сөзсіз».
- Гүлді жақсы көресің - ау деймін, - деді бір кезде.
- Иә, - деп. Балғын басын изеді.
- Бүгін тіпті қасынан шықпай жүрсің ғой. Бала темен қарады.
- Ертең мереке ғой. Апама не сыйлауға болады?! - деді.
- Ә, солай ма?! - Апайы басынан сипады да, — кел, онда екеулеп ақылдасайық. Мысалы өзің не сыйлағың келеді? - деді.
- Қызыл гүл.
- Тіпті жақсы. Қазір ақ қағаз бен қалам аламыз. Содан соң гүлдің суретін саламыз. Түсін қызылға бояймыз. Сыйлық әзір.
Бала қуанып сала берді. Таңертеңнен ойлаған ойы тез шешілді. Көкесінен бұрынырақ тапқанына дән риза болды.
Бір сәт гүл де әзір болды. Оны әдемілеп қағазға орады. Көкесін көрген сәтте:
- Менің сыйлығым дайын! - деп қуана жар салды. — Қызыл гүл беремін.
- Міне, азамат болды деген осы! - деп көкесі оның ар - қасынан қақты.
(«Балдырған» журналынан)
Наурыз
Жақсы ма, ата халіңіз
Менің атым — Наурыз.
Балдай тәтті сары уыз,
Алып келдім, алыңыз.
Қар астында қыс қалды,
Қар еріді, су ақты.
Алып келдім құстарды,
Алып келдім шуақты.
Танаш Дәуренбеков
Наурыз көже
Бүгін наурыз күні деп
Бүкіл адам күлімдеп,
Әркім қалап бір істі,
Әрекетке кірісті.
Наурыз көже - жыл дәмі
Той дәміне тойыңдар,
Тойдан кейін ойын бар.
Той - тамаша көріңдер,
Билеп, ән сап беріңдер.
Әдібай Табылды
Наурыз
Наурыз тойын әдемі
Әжем еске түсірді.
Біздерге арнап әдейі,
Наурыз көже пісірді.
Ашылды да кебеже,
Дәм әзірлеу басталды.
Әжем наурыз көжеге
Жеті түрлі ас салды.
Бидай, күріш, тары бар,
Ащы құрты тағы бар,
Көже - елдің ырзығы...
Ақылбек Шаяхмет
Бір шаңырақ астында
Бір шаңырақ астында
Тату - тәтті тұрамыз.
Бірге ішеміз асты да,
Бірге сайран құрамыз.
Ортақ болып ісіміз,
Еңбек десе тынбаймыз.
Үлкен сыйлап кішіміз,
Аға ақылын тыңдаймыз.
Достықты үлгі санаған,
Бір үйде біз тұрамыз.
Қалған ата - бабадан,
Бірлік асыл мұрамыз!
Несіпбек Айтов
Намыс
Мәди алма ағашының екі жас шыбығын үйге әкелді. Ұзақ әуреленіп, үйдің жанына екті. Тамақтанғаннан кейін қайта далаға шықты. Тентек інісі еккен екі шыбықтың біреуін ат қылып мініп, біреуін қамшы қылып сабалап шауып жүр.
Соңынан қуып барып ұстап алды. Шыбық әлі бүліне қоймаған екен. Інісін қасына ертіп алып, шыбықты қайта отырғызды.
Бұл жолы інісін көбірек жұмысқа салды. Өзі шыбықты ұстап тұрып, оған топырақ салғызды. Үйден кішкене шелек әкелдіріп, таяу жердегі тоғаннан тасытып, су құйғызды. Қиқаңдап еді, еркіне жібермеді. «Үлкен алма ағашы болып өскенде, жемісін мен емес, сен көп жейсің», - деп үміттендіріп, тапжылтпай қасында ұстады. Артынан мұндай жеміс ағашын ат қылып мінуге болмайтынын түсіндірді.
Мәди кейін де алма ағашын күтімдеп, баптаған сайын інісін жанынан қалдырмай ертіп жүрді.
- Мен жоқта да осылай келіп, қарап жүр! - дейтін үнемі оған қадағалап. - Біреу - міреу тиісіп жүрмесін әрі күтімсіз қалса, құрғап қалуы мүмкін.
- Мақұл, - дейтін інісі басын изеп.
Арада біраз күн өтті. Бір күні жұмыстан ертерек келіп есік алдында демалып отыр еді. Інісі жетті ентігіп. Өзі жерден жеті қоян тапқандай аса қуанышты.
- Алма ағаштың бұтағы бүр жарды, - деді шаттана. Барып қараса, шынымен - ақ ағаш бұтақтарының буын - буынынан бұлтиып өркен ұштары қылтиған екен.
- Бұл - алма ағаштары жерсініп, біздің аулаға тамыр тартты деген сөз. Әлі - ақ жемісін жейтін боласың, тек асықпау керек, - деді інісінің басынан сипап.
Бұл сөзге інісі қуанып мәз болды.
Айса Хамзеұлы
Табиғатты қорғаймыз
Шөп жұлып, ағаш қимаймыз,
Ұясын құстың бұзбаймыз.
Қайнар көзі тірліктің
Суды да ысырап қылмаймыз.
Аулада гүлдер баптаймыз,
Көгалды таптап, баспаймыз.
Өсіріп орман көктемде,
Ауаны таза сақтаймыз.
Аманнұр Оразбайқызы
Жаңылтпаштар
Байсал май салған шай ішеді,
Қайсар май салған шай ішпейді.
Топ бала, топ бала,
Ойнап жүр топтала.
Зымырап допты ала,
Қуады көп бала.
Омар томар алар,
Орал орақ алар.
Пеш үстінде бес мысық,
Пеш ішінде бес мысық,
Бес күзетші - бес мысық.
Төбесі төбел төрт бөрік,
Төртеуі де көк бөрік.
Қара ара, сары ара демейді,
Бәрі араны бал аралар дейді.
Шүрегей сүңгігіш пе,
Сүңгуір сүңгігіш пе?
«Балдырған» журналынан
Жұмбактар
Қой дейін десем, аңға ұқсайды,
Аң дейін десем, малға ұқсайды.
(Арқар)
Өртесең де жанбайды,
Суға батып қалмайды.
(Мұз)
Боз шымылдық көк аспанда керілген,
Нүктедей даң көре алмайсың өңінен.
(Бұлт)
Жаны жоқ кірпі,
Өн бойы түрпі.
(Щетка)
Аспандағы алыстан
Адамды елге табыстар.
(Парашют)
Мұзафар Әлімбаев
Қазақ үй туралы санамақ
Бір дегенім - бақан,
Ағашты шапқан атам.
Екі дегенім - есік,
Көздері бар тесік.
Үш дегенім - үзік,
Дөдеге басқан тізіп.
Төрт дегенім — түндік,
Түндікті оңнан түрдік.
Бес дегенім - басқұр,
Кереге басын бастыр.
Алты дегенім - арқан,
Белдеу қып үйге тартам.
Жеті дегенім - желбау,
Шаңырақтағы тең бау.
Сегіз дегенім - сырмақ,
Беретін үйге сымбат.
Тоғыз дегенім - таңғыш,
Таңуға кетер бар күш.
Он дегенім - орда,
Тігіліп болар зорға.
Аманнұр Оразбайқызы
Жаз
Ауыл қонды жайлауға,
Дала жатыр жадырап.
Қой қаптады қойнауда,
Қозы, лақтар жамырап.
Жаздың күні шуақты,
Ойда, қырда тамаша.
Сағым перде сияқты,
Жер аумаған алаша.
Жаз жайдары, алақай,
Жатыр жайнап даламыз.
Жүр, кәнеки, балақай,
Шомылуға барамыз.
Серікбай Оспанов
Балаларды қорғау күні
Балалардың бақшасында бүгін той,
Балаларды қорғау күні біліп қой!
Алақай - ау, алақай - ай!
Той тойлайық, балақай!
Қызарғанша алақан,
Қол соғайық, балақан!
Тақпақ айтып, кезектесіп бір - бірлеп,
Кел, қосылып ән шырқайық, би билеп!
Алақай - ау, алақай - ай!
Той тойлайық, балақай!
Қызарғанша алақан,
Қол соғайық, балақан!
Тілін алып тәрбиеші тәтелердің,
Гүл жайнайық елімізде мәпелер!
Алақай - ау, алақай - ай!
Той тойлайық, балақай!
Қызарғанша алақан,
Қол соғайық, балақан!
Ермек Өтетілеуұлы
Достарыңызбен бөлісу: |