VІ тарау
БАС ӘРІП ЕМЛЕСІ.
ҚОСЫМШАЛАРДЫҢ ЖАЛҒАНУЫ
§50. Әрбір жаңа сөйлем бас әріппен жазылады: Qonaqúıde, dóńgelek ústel ústinde qyzǵylt, kúńgirt sáýlesi bar tas sham janyp tur. Qyryn otyrǵan ákesiniń úlken kesek pishini Abaıǵa jartylaı ǵana kórinedi (M.Áýezov).
§51. Өлеңнің әрбір жолы бас әріптен басталады:
Paıda oılama, ar oıla,
Talap qyl artyq bilýge.
Artyq bilim kitapta,
Erinbeı oqyp kórýge (Abaı).
Жалқы есімдер емлесі
§52. Кісінің аты, әкесінің аты, тегі бас әріппен жазылады: Dýlat Saǵynuly Berdáli, Qyrmyzy Nábıqyzy Seıdimbek.
§53. Кісі есімдеріне және -ov, -ev жұрнағымен аяқталған кісінің тегіне қосымша түбір сөздің соңғы буынына сәйкес үндесіп жалғанады: Álıhannyń, Álıhanǵa; Kúnsulýdyń, Kúnsulýǵa; Nábıevanyń, Nábıevkе; Baıǵaraevanyń, Baıǵaraevqa.
Е с к е р т у. Соңғы буыны á-мен аяқталған кісі есімдеріне қосымшалар §16 бойынша жуан жалғанады: Kúlásh-qa, Kúláı-ǵa, Bilál-ǵa.
§54. Екі сөзден құралған кісі есімдері бірге жазылады: Tóremurat, Aısáýle, Saqypjamal, Ábilqasym, Qasymjomart, Batyrhan, Tursynzada, Nurǵalı, Aıgúl, Aqbala, Aqylbek, Jaqsybaı, Shárbaný, Toqqoja, Nurbıke, Nuraıym, Nurdildá, Bıbihanym, Asyljan, Ahmetqazy.
§55. Кісі есімдері сыңарларының жігіндегі дыбыстар айтылымына сәйкес жазылады: Aıǵyz, Baıgeldi, Jumaǵul, Qaragóz, Kenjáli, Bıbajar, Qojahmet.
§56. Араб, парсы тілінен енген кісі есімдері қазақ тілінің дыбыстық заңдылығына сәйкес жазылады: Ysqaq, Yrysjan, Yrysaldy, Ysmaıyl немесе Symaıyl, Muhambet, Ybyraıym, Bátıma, Qasen, Qusaıyn, Qadısha, Pazyl, Ábdiqadir, Álbeıbarys.
§57. Тарихи тұлға есімдеріндегі көмекші сөздер сөз басында бас әріппен, сөз ортасында кіші әріппен дефис арқылы жазылады: Ábýnasyr ál-Farabı, Leonardo da Vınchı, Janna d’Ark, Fon der Gols, Lıýdvıg van Bethoven, Ál-Farabıdiń murasy barlyq túrki halyqtaryna ortaq. Көрсетілген есімдерге қосымшалар буын үндесіміне сәйкес жалғанады: Leonardo da Vınchı (-diń, -ge); Fon der Gols (-tyń, -qa); Vılgelm fon Gýmboldt (-tyń, -qa).
§58. Ертегі, миф кейіпкерлерінің аттары бас әріппен және бірге жазылады: Jelaıaq,
Jeztyrnaq, Saqqulaq, Taýsoǵar.
§59. Құрамында bı, jyraý, ata, ana, batyr, abyz, aqyn, bahadúr, han, seri, sal, datqa, sultan, qajy, sulý, begim, hanym, myrza сөздері бар ұлттық-мәдени қоғамдастыққа танымал кісі есімдерінің алдыңғы сыңары – бас әріппен, екінші сыңары кіші әріппен бөлек жазылады: Móńke bı, Buqar jyraý, Adam ata, Haýa ana, Qorqyt ata, Domalaq ana, Jalańtós batyr, Baıserke abyz, Dýlat aqyn, Ábilǵazy bahadúr, Abylaı han, Aqan seri, Birjan sal, Baızaq datqa, Baraq sultan, Qunanbaı qajy, Baıan sulý, Aısheker hanym, Rabıa begim.
§60. Дәстүрлі мәдениетте ерекше орын алған кісі есімдерінің алдында қолданылатын тұрақты эпитеттер бас әріппен жазылады: Úkili Ybyraı, Qyz Jibek, Máshhúr Júsip, Qazdaýysty Qazybek bı, Er Tarǵyn, Qaraqypshaq Qobylandy, Jaıaý Musa, Er Tóstik.
§61. Жануарлар мен құстарға қойылған күрделі атаулар бас әріппен және бірге жазылады: Aıtóbel, Qoıankók; Bóribasar, Aqtós, Qaratorǵaı.
Достарыңызбен бөлісу: |