Бронхы мен өкпе альвеоллаларындағы өзгерістер тыныстанған ауамен келетін зиянды емес микробтардың тез өсіп-өнуіне толық жағдай туғызады. Микробтардың бөліп шығаратын улы заттары, өзі қорғаныс қабілеті азайған эпителий жасушалар арқылы қанға сіңіп барлық денеге тарайды. Онымен қатар капиллярлардың өткізгіштігі бұзылғандықтан сұйық зат одан шығып альвеоллаларда жинақталады. Өкпедегі сөл мен қан айналысы бұзылады. Мұның бәрі келіп организмдегі газдың алмасу процесін бұзады да, ұлпалардың оттегінен ашығуына әкеп соғады. Бұл барып зат алмасуының одан әрі нашарлауына, ентікпеге, жүйке жүйесі жұмысының бұзылуына, жүрек жұмысының нашарлауына әкеп соғады. Қан тамырларының, әсіресе артерия, артериола, капиллярлардың тонусы әлсірейді. Артерия мен вена тамырларындағы қысым теңелуге дейін барады. Қан ағымының жылдамдығы өзгереді, вена қанының бөгелуі байқалады. Жүректің қозғыштық, өткізгіштік, жиырылғыштық қасиеттері бұзылады, ол барып электрокардиограммаға (ЭКГ) өзгерістер енгізеді.
Бауырдың да қызметі бұзылады. Су мен тұздың алмасуының өзгеруі қандағы хлор қоспасының азайып, олардың ұлпаларға жинақталуына әсерін тигізеді. Бұл қарында (ұлтабарда) тұз қышқылының түзіліп бөлініп шығуын бұзады, ас қорыту жүйесінің дұрыс істемеуіне әкеп соғады. Сонымен барып өкпе мен бронхының қабынуына ішектің қабынуы қосылады.
Ауру малдардың бүйрегінің жұмысы бұзылып, оның сүзу қабілеті өзгереді, несепте белок болады.
Бронхыларда, бронхиоллаларда, инфундибуллада, альвеолларда эпителий жасушалары түсіп, құрамында ақ қан, қызыл қан түйіршіктері бар серозды сұйыққа барып араласады. Серозды сұйықтың өкпебөліктерінде жинақталуы жұмсақ (везикулалық) тыныс дыбысының қатайып, бронхиальды дыбыстың пайда болуына әкеп соғады. Дымқыл және құрғақ қырыл да осы кезде пайда болады. Қанға түскен микробтар шығарған улы заттар дененің қызуын көтереді де, ауру малда қызба, қалтырау пайда болады (лихорадка).
Паталогиялық-анатомиялық өзгерістер.
Бұл аурудың жедел түрінде кілегейлі қабықтардың бозарғандағы, өкпе ұлпаларының қатайғандығы, кейде ателектазы, жоғарғы тыныс алу жолдарының қызарғандығы байқалады. Бронхы мен бронхиолаларда жалқақтың бар екенін көруге болады. Аурудың жедел түрі жоғарғы тыныс жолдары мен бронхалардың қабынуымен қабаттаса жүреді. Өкпенің түрі шұбарала. Қабынған жерлері қатты. Ондай жерлер өкпенің диафрагма бөлігінің алдыңғы және орта тұсында жиі кездеседі. Кілегей қабығы ісінкі, қызарған. Өкпені кескен жерден созылмалы жалқақ немесе ірімшік сияқты ақ затты қысып шығаруға болады. Орталық және бронхиальды лимфа түйіндері үлкейген, ісінген, кесіп қарағанда қан нүктелерін көруге болады.Кей кезде плевраның қабыну белгілері де болады.