Негізгі себебі төлді дұрыс азықтандырмау және далаға шығарып жүргізу жағдайына көңіл бөлмеу. Мал азығында кальций мен фосфор жеткілікті түрде болып қана қоймай, олардың өзара қарым-қатынасы да дұрыс болу керек (1,2:1, 2:1). Ауру әсіресе азықта кальций аз болып фосфор көп болғанда жиі кездеседі. Сондай-ақ кальцийферол, кальций, фосфорлары аз азықтармен қоректендіру аурудың бірден-бір себебі болады (құрама жем, картоп, сәбіз). Көп уақыт дәнді дақылмен азықтанған малдарда (олардың құрамында кальцийдің аз, ал фосфор нашар ыдырайтын фитинді түрінде болатындықтан жиі ауырады (сулы, арпа, жүгері). Бұл аурудың негізгі себебі кальциферолдың жеткіліксіздігі болып табылады. Сондықтан да бұл витамин жеткілікті болған жағдайда ғана организмінде кальций мен фосфор қалыпты түрде алмасады.
Дамуы. Кальциферол кальцийдің ішек арқылы организмге сіңуіне және сүйектегі қорынан босап шығуына өз әсерін тигізеді. Витаминнің өзі өте жай қорытылатындықтан ол организмде жылдамырақ қорытылатын басқа затқа айналады. Ол былай болады. Холекальциферол (витамин Д) бауырға барады, онда ферменттердің әсерінен 25-оксихолекальциферолға айналады. Ол барып бүйрекке түсіп онда гидроксил тобымен қосылып 1,25-диоксихолекальциферолға айналады.Бұл кальцийдің ішектегі қозғалысын жылдамдатып, оны сүйектегі қорынан алып шығады.
Патологиялық-анатомиялық өзгерістер.
Ауру малдың сүйектері жұмсақ, сынғыш келеді, Аурудың ауыр дамыған түрлерінде сүйекті пышақпен оңай кесуге болады. Жілік сүйектердің бастары үлкейген, қабыртқалардың төстікке қосылатын жерлері жуандаған, кей кезде қабыртқаның орта тұсында ойылған жерлер кездеседі.
Жіліншік сүйектерді ұзыннан тілгенде олардың эпифиз жағындағы шеміршекті көруге болады. Сүйек қабығы қызарған, қалындаған (остеройдтың өсуінің салдарынан). Сүйек майы қанталаған. Сүйектің тығыз жерлері жіңішкерген, май орналасқан қуысы кеңіп, ұзара түскен, ауру-рахит өкпе және бронхылардың қабынуымен, қаны азайғандықпен, созылмалы қарын мен ішектің қабынуымен, сальмонеллезбен, арықтауымен асқынған түрде де кездеседі.