Бұл ауру өкпе бөліктері мен бронхылардың қабынуының әсерінен өкпе альвеолаларында құрамында-ақ қан, қызыл қан түйіршіктері, эпителиальді жасушалар бар эксудаттың жиналуымен сипатталады. Ауру бронхы мен өкпе ұлпасында серозды сұйықтың жиналуынан басталады. Бұл ересек малдың өкпесінің катаральді қабынуына сәйкес келеді. Қабыну бронхыдан басталып өкпе ұлпасына тез тарайтын болғандықтан оны «Өкпе мен бронхының қабынуы» деп бірге дәріптейді. Төлдерде танаудың, көмекейдің кілегейлі қабығының қабынуы, өкпенің қабынуының басқа түрлері сирек кездеседі. Кездесе қалған жағдайда, олардың ересек малдардікінен айырмасы аз болады.
Өкпе мен бронхының қабынуымен бұзаулар, торайлар, қозылар, бұғының бұзаулары, қолда асырайтын аңның төлдері жиі, ал құлындар сирек ауырады. Бұл ауру бұзауларда 30-45 күндік, торайларда 30-60 күндік, қозыларда 3-6 айлық кездерінде болады. Аурумен бұрын жас кезінде, әсіресе ас қорыту жүйесінің жедел ауруларымен (диспепсия) ауырған, организмнің ауруға қарсы тұру резистенттік қабілеті нашарлаған төлдер жиі ауырады.
Себептері.
Ауру организмнің, сыртқы ортаның қолайсыз жағдайына қарсы тұру қабілеті нашарлаған кезде жиі кездеседі. Әлсіз туған қозылар мен торайлар (гипотрофиктер) өкпелерінің толық жетілмеуі (гипопневматоз), онда ұсақ ателектаздардың болуы, бөлінетін жалқақтың жіңішке бронхыларды бітеп қалуы, әлсіз жөтелдің бронхыларды ондағы заттардан тазалай алмауы бұл аурумен ауруға әкеп соғады. Бұған жас төлдің анатомдық физиологиялық дене бітісінің құрылысы да көмектескендей болады. Қысқа кеңірдек, жіңішке бронх, олардың кілегейлі қабығындағы ұсақ қан тамырының көптігі, олардың сондай нәзік, тез жараққатанғандағы, альвеоллалардың қабырғасының созылмалдылығының әлсіздігі, ондағы сөл тамырларының көптігі бронхыдан басталатын қабынудың жылдам өкпе ұлпасына жетуіне бірден-бір себеп болады.
Аналық малдың азығында ретинолдың жетіспеушілігінен төлдер қабылдайтын сүтте А витамині аз болады да, ол төлдердің организмінің ауруларға қарсы тұру қабілетін әлсіретеді. Сондай-ақ А витаминінің жетіспеушілігінен эпителиальдық қорғаныс бұзылады да, олардың зиянды микробтарды ұстап қалу қабілеті азаяды.
Жас организмнің мүздап тоңазу немесе қалыптан тыс ыстықтауы, қан айналу, дененің ыстығын бақылау процестерінің бұзылуына әкеп соғады. Осының салдарынан өкпеде вена қанының бөгеліп, қысымының артқаны байқалады. Ол барып өкпе қабынуының себебі болады.
Төлдер тұратын жердегі қораның желдеткіші нашар болса, онда шаң-тозаң, көмірқышқыл газы, аммиак, күкіртті сүтегі, метан, су буы жиналады да тыныстану жүйесіне өзінің зиянды әсерін тигізеді.