«Тұран» Университі



бет118/212
Дата15.03.2022
өлшемі2,53 Mb.
#135460
1   ...   114   115   116   117   118   119   120   121   ...   212
Байланысты:
философия лекция (7)

Неопозитивизм ағымы
Неопозитивизм ( neo - жаңа, positivus - латын сөзi,- оң, дұрыс деген мағна бередi) - Батыс философиясының шеңберiнде қазiргi ғылымның дамуының барысында пайда болған философиялық - танымдық мәселелердi талдап шешуге бағытталған ағым. Оның түп-тамыры позитивизмнiң негiзiн қалаған француз ойшысы Огюст Конттың (1789 - 1857ж.ж.) шығармаларына барып тiреледi. Сондықтан, ең алдымен позитивизмнiң негiзгi қағидаларына тоқталу қажет.
Егер немiс классикалық философиясында пайда болған панлогистiк көзқарасқа Шопенгауер Ерiктi, ал Кьеркогер жеке адамның тебiренiстерiн қарсы қойса, Конт оған қарсы ғылыми деректерге негiзделген қағидаларды қарсы қоюға тырысады. Конттың ойынша, ғылым - белгiлi бiр абстракциялық негiзден шығарылатын бiлiм жүйесi, ал тарих философиясы - рухтың дүниеге келiп дамуын суреттейтiн iлiм ғана емес. Ғылымның негiзiнде Дүниеде белгiлi бiр тәртiп пен өрлеу барлығын көрсететiн тәжiрибелiк байқаудың негiзiнде алынған ғылыми деректер және соларды теоретикалық деңгейге көтерiп талдау iс-әрекетi жатыр.
Конт адамзат ой-өрiсi өзiнiң даму тарихында 3 сатыдан өттi деген пiкiрге келедi. Олар: 1. теологиялық (жалғандық) саты - көне заманнан ХIУ ғ дейiн ; 2. метафизикалық саты - ХIУ-ХУIII ғғ; 3.позитивтiк саты - ХIХ ғ бастап пайда болады.
Теологиялық сатыда өмiр әлi ғылыми деректерге негiзделген жоқ, өмiрдегi барлық құбылыстар Құдайдың құдiреттi күштерi арқылы түсiндiрiледi. Метафизикалық сатыда адамның зердесiнiң дамуының негiзiнде барлық бұрынғы көзқарастар сыналып терiстеле бастайды, барлығына деген кұмәндану, сенбеушiлiк пайда болады. Өмiрдi тұсiндiру жолында абстрактылық алғашқы негiздердi iздеу басталады (материя, идея форма, рух т.с.с.) үшiншi - позитивтiк сатыда - өндiрiске негiзделген қоғам пайда болып, альтруизм (өзiнен гөрi басқаның қамын ойлау) эгоизмдi (өзiмшiлдiк) жеңген уақытта нағыз ғылыми сатыға өрлеу мұмкiндiгi пайда болды,- деп қорытады О.Конт.
Жоғарыдағы көрсетiлген ойларға сәйкес, Конт ғылымды сала-салаларға бөлу мәселелерiмен айналысып, бiршама жетiстiктерге жетедi. Оның ойынша, ғылым - тарихи ғасырдан ғасырға дамып тұрпайылықтан өтiп күрделенiп жатқан құбылыс. әрбiр жаңа пайда болған ғылым саласы өзiнiң қажеттi алғышарты ретiнде өткен сатыға негiзделедi. Бiрақ, өткен сатының негiзiнде жаңа пайда болған ғылымды толығынан түсiнуге болмайды, оның өзiндiк заңдылықтары пайда болады. Конт “тарихи күрделену анықтамасына негiздей отырып ғылым салаларын былайша орналастырады: математика - астрономия - физика - химия - биология - социология. Осы тәртiпке сәйкес социология биология ғылымына негiзделгенмен, бiрақ, адамдардың өзара iс-әрекет етуiмен байланысты жаңа заңдылықтарға ие болады. Социология ғылымының негiзгi мақсатын ол тәртiп пен өрлеудi бiр-бiрiмен ұштастыру қажеттiктерiнен шығарады. Ал ол ұшiн бүкiл адамзатты бiрiктiретiн жаңа дiн қажет. Ескi дүниежүзiлiк дiндер бiр-бiрiмен күресiп, адамзатты қайшылықтарға әкелдi және олардың қағидаларының көбi - жалған. Олай болса, жаңа ағарған дiн қажет - ол қазiргi өмiр сүрiп жатқан, бұрынғы тарихта болған және болашақта дүниеге келетiн адамдардан тұратын Адамзаттың өзi. Сондықтан, ол адамзатқа Құдай ретiнде қарап табынуға шақырды.
Конттың бұл соңғы ойын өз уақытындағы замандастары терiс қабылдағанмен, бұгiнгi таңдағы адамзатқа өте өзектi мәселеге айналуда. Өйткенi, бұгiнгi таңдағы адамзат “адамның мән-мағналық дағдарысына² келiп тiрелуде. Бұкiл Адамзаттың басын бiрiктiретiн терең рухани-адамгершiлiк мағнасы бар жаңа дiн - аса қажеттi де тағдырлы нәрсе. Бiрақ, ол, бiздiң ойымызша, Конттың айтқан Адамзаты емес, өйткенi, Дұниеде сол адамның өзiн тудырған бiздiң арғы анамыз “ұлы мәртебелi Табиғат² бар. Оған табыну - алғашқы қауымдық қоғамда пайда болған болатын. Шамасы, алғашқы адамдар ақиқаттан онша алшақ болмаса керек. Көшпендi өмiр салтын ұстаған бiздiң ата-бабаларымыз да Табиғатқа, Тәңiрге сенгенiн бiз жақсы бiлемiз. Мыңдаған жылдардағы өткен цивилизацияның жетiстiктерiне, өмiрден алған тәжiрибеге сұйене отырып, жаңа дәрежеде Табиғатты аялауға, оған табынуға, оны дiн тұтуға қайта оралып қана адамзаты өзiнiң өмiрiн сақтап қалуға мүмкiншiлiк алар ма екен деген сұрақ оқтын-оқтын ойымызға келедi.
ХХ ғ басындағы жаратылыстанудағы ашылған жаңалықтар (радиоактивтi сәулелер, электрон т.с.с.) осы уақытқа дейiнгi беделдi механистiк классикалық физиканың негiзгi қағидаларына үлкен соққы жасады. Электрон бөлшегiнiң тұрақты салмағының жоқтығы ғалымдарды таңғалдырды. Франция елiнiң сол кездегi iрi математик - ғалымы А.Пуанкаре “Олай болса материя жойылды²,- деген пiкiрге келдi. А.Эйнштейннiң салыстырмалы теориясындағы кеңiстiк пен уақыттың бiр-бiрiне өтiп бiртұтастық дәрежеге келуiн қалай тұсiнуге болады? Мұндай сұрақтарды жалғастыруға болар едi. Бұл сұрақтарға жауап беру жолында позитивизмнiң екiншi сатысы дүниеге келедi. Оның аты “эмпириокритицизм² , яғни тәжiрибенi сынға алу деген мағна бередi. Негiзгi өкiлдерi - Эрнст Мах (1838-1916 ж.ж.) , Рихард Авенариус (1843-1896 ж.ж.) т.с.с.
Жоғарыда көрсетiлген жаратылыстанудағы қиындықтар бұл ағымда “тәжiрибе² деген ұғымды қайта қарауға әкеледi. Олардың ойынша, бұл ұғым материя мен сананың, физикалық пен психикалықтың қарама-қарсылығын жояды. Тәжiрибенiң құрамдас бөлiктерiн алып қарасақ, оның физикалық және психикалық элементтерден тұратынын байқаймыз. Егер бiрiншiсi - сыртқы тәжiрибенiң мазмұнын көрсететiн болса, екiншiсi - iшкiнi көрсетедi. Ал элемент дегенiмiздiң өзi нақтылай келгенде адамның түйсiктерi болып шықты. Олай болса, олар субъектiсiз объект жоқ, объектiсiз субъект жоқ,- деген пiкiрге келедi. Мұны олар танымдағы “принципиалдық сәйкестiк² деп атады. Әрине, субъект, яғни танымдық қабiлетi бар адам бар жерде - объект, яғни танылатын жағалай дұние бар. Нағыз ақиқаттың өзi адамның жан-дүниесiнен өтiп, оның неше-тұрлi тебiренiстерiн туғызып, адамның осы Дұниенi телегей-теңiз ретiнде қараса, соның бiр тамшысы ретiнде сезiнгенде ғана пайда болса керек. Сонымен қатар, танымның бұл жақтарын абсолюттеп шегiне жеткiзсек, әрине, субъективтiк идеализм жолына тұсiп кетуге әбден болады. Сондықтан, марксизмде мұндай көзқарас уақытында сынға алынған болатын.
Эмпириокритицизмнiң негiзгi қағидаларының бiрi “ойлаудың тиiмдiлiгi² мен ғылымда тек суреттеу идеалына жету. Ойлау тиiмдiлiгiн олар организмнiң өз-өзiн сақтау ұшiн биологиялық қажеттiктердi өтеу жолындағы бейiмделуiнен шығарады. Ғылымдағы ойлау тиiмдiлiгi “субстанция, “себептiлiк², “алғашқы негiз² т.с.с. мазмұнсыз категориялардан бас тартуды қажет етедi,- дейдi олар. Олардың орнына ғылымдағы ашылған элементтердiң өзара байланыстарын суреттесе болғаны. Сол кездегi ғылымдағы ашылған күрделi жаңалықтарға философиялық-методологиялық тұрғыдан тұсiнiк бере алмаса да, олар ХХ ғ басында басталған ғылыми төңкерiске ғылыми қауымдастықтың көңiлiн аударды.
Ендi мiне, бiз ХХ ғ 20-шi жылдарында пайда болған позитивизмнiң үшiншi сатысы - неопозитивизмнiң өзiне келiп тiрелдiк. Негiзгi өкiлдерi - Мориц Шлик (1882-1936 ж.ж.), Рудольф Карнап (1891-1970 ж.ж.), Людвиг Витгенштейн (1889-1951 ж.ж.), Бертран Рассел (1872-1970 ж.ж.) т.с.с.
Неопозитивизм өкiлдерi белгiлi бiр толыққанды философиялық мектептi, ағымды құрмайды. Жалпы алғанда, ол философияның жеке ғылымдармен салыстырғандағы ерекше Дұниеге деген көзқарастық- методологиялық маңызы бар пән екендiгiн мойындамайтын әр-тұрлi кiшi-гiрiм ағымдардың жиынтығы десек те болады. Олардың ойынша, бұрынғы философия метафизиканың тартпалы батпағына батып жалған тексерiлмейтiн ұғымдардың iшiнен шыға алмай қалды. Мысалы, Б.Рассел тек қана сезiмдiк деректердiң шынтуайттығын мойындайды. Объективтi дүниенiң өмiр сүруiн мойындағанмен, ол оның негiзiн тек қана сенiмге негiздейдi - оны ғылыми жолмен дәлелдеу мұмкiн емес. Сонымен қатар, Б.Рассел эмпириокритицизмдегi сезiмдiк тәжiрибенi асыра тұсiнудi қолдамай, оны математикалық логика тұрғысынан толықтыру керек деген пiкiр айтты. Олай болса, философия дегенiмiз тәжiрибеден алынған негiзгi қағидаларды логикалық талдаудан өткiзiп қорытатын пәнге айналады. Осы логикалық позитивизмнiң келесi өкiлiн - Р.Карнапты алатын болсақ, ол математикалық логика арқылы бiлiмдегi негiзгi ұғымдардың мазмұнын, мән-мағнасын тексеруге шақырды. Ал оның негiзгi құралы - верификация (verificatio,- латын сөзi,- дәлелдеймiн деген мағна бередi) принципi. Тiкелей верификацияға келер болсақ, ол ғылымдағы белгiлi бiр қағидаларды өмiрдегi тәжiрибеге сәйкестiгiн анықтау болып табылады. Ал дамыған теориялардағы қағидаларға келер болсақ, оларды тек жанама түрде верификациялауға болады.Ол үшiн сол теорияның негiзiнде жатқан элементарлық, атомарлық, протоколдық сөйлемдерге шейiн жетiп, оларды өмiрдегi сезiмдiк тәжiрибеден шығатын деректермен салыстырып тексеру қажет. Әрине, мұндай жұмыстар философия саласында iстелуi керек. Олар бұл салада көп жұмыстарды атқарды . Бiрақ, қоғамдық-гуманитарлық пәндердi алар болсақ (әсiресе этика мен психологияны) верификация принципiнiң көп жағдайда әлсiздiгiн байқауға болады. Ал осының негiзiнде олардың бәрiн ғылымның шеңберiнен шығарып тастауға, әрине, болмайды. Бұл логикалық позитивизмнiң негiзгi кемшiлiктерiне жатады.
Б.Расселдiң әлеуметтiк философиялық көзқарастарына келер болсақ, ол қоғам өмiрiнде белгiлi бiр даму заңдылықтары жоқ деген пiкiрге келедi. Адамдардың iс-әрекеттерiне шешушi ықпалды көбiнесе олардың инстинктерi мен iңкәрлерi тигiзедi. Сонымен қатар, ол адамның ерiктiк өмiрге деген ынтасын терең бағалап, тоталитаризмнiң қай-тұрiн болмасын (сталинизм, фашизм) тұлғаны мемлекеттiң құрсауына алғаны үшiн қатты сынады.
Неопозитивизмнiң екiншi түрi - лингвистикалық философияның өкiлдерiне келер болсақ, олар философияның айналысатын негiзгi iсiн тiлдегi сөздердi, ғылыми сөйлемдердi логикалық жолмен талдаудан көредi. Л.Витгенштейннiң ойынша, философия тек қана “тiлге сын² ретiнде ғана өмiр сүре алады. Өзiнiң “Логикалық-философиялық трактаттар² деген еңбегiнде ол “Менiң тiлiмнiң шеңберi менiң Дүниемнiң шеңберiн құрайды²,- дейдi. Бұл философия саласында ашылған ұлкен жаңалықтардың бiрi болды, өйткенi, қайсыбiр ұлттық тiлдiң құрылымы сол халықтың дұниесезiмi мен дұниеқабылдауына, керек болса, дұниеге деген көзқарасына шешушi ықпалын тидiредi. Оны бiз қазiр “халықтың менталитетi² деген ұғыммен беремiз. Л.Витгенштейннiң негiзгi идеясы - тiлдегi сөздердi ұқыпты пайдалану, басқа жағдайда ол бiздi неше-тұрлi абстрактылық ұғымдардың құрсауына қамап алдастырады.
ХХ ғ 50 жылдарынан бастап позитивизмнiң соңғы сатысы дүниеге келдi - оны постпозитивизм (соңғы позитивизм) деп атайды. Негiзгi өкiлдерi - Карл Раймунд Поппер (1902-1994 ж.ж.) , Томас Самюэль Кун (1922 ж.), Имре Лакатос (1922-1974 ж.ж.), Пауль Фейерабенд (1924 ж.) т.с.с.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   114   115   116   117   118   119   120   121   ...   212




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет