Өзіндік дайындыққа арналған сұрақтар: Сезімдік танымның формаларын келтіріңіз.
Интуиция (ішкі көкей көз) дегеніміз не?
Ақиқат дегеніміз не?
Ақиқатқа жетудегі жаңылу мен жалғанның айырмашылығын көрсетіңіз.
Танымдағы методтардың қызметі қандай?
Теория дегеніміз не?
Экспериментті кейбір кезде неге “табиғатты тергеу” дейді?
Категориалдық синтез дегеніміз не?
Дедукция кеңінен қай ғылымдарда қолданылады?
10.Қазіргі ғылымдағы моральдық құндылықтар маңызының өсуінің себебі неде?
16 тақырып. Қоғам болмысы 16.1.Қоғам ұғымы Болмыс категорияларын талдай келе енді бүгінгі таңдағы ғылымға мәлім ең күрделі дәрежеде ұйымдасқан - қоғам болмысына келіп тірелдік. Өйткені, біз білетін Ғарыштағы Жер бетінде өмір сүріп жатқан саналы пенде – адамдар - бір-бірімен бірігіп, сан-қилы қарым-қатынастарға түсіп қоғамды құрайды.
Қоғам ұғымының орнына көп жағдайда оған мән-мағнасы жағынан жақын категориялар қолданылады. Сондықтан, ең алдымен біз оларды бір-бірінен айыра білуіміз қажет. “Ел” және “қоғам” категорияларын салыстырсақ, біріншінің географиялық жағы басымды. Мысалы, Қазақ елі – Азия құрылығының ортасында, мұхиттардан алыс орналасқан ел. “Қауым” және “қоғам” категорияларына келер болсақ, біріншіге жан-ұя, ру, тайпа, халық, ұлт секілді әлеуметтік ұйымдасу формалары жатады. Ал “мемлекет” пен “қоғамды” салыстырсақ, - ол мұхиттағы айсберг сияқты: судың бетіндегі көрінетін алып мұздың кішкентай ғана бөлігі – ол мемлекет болатын болса, су астындағысы - қоғам. Қоғам өміріндегі сан-алуан қарым-қатынастардың ең негізгілерін ғана мемлекет заң арқылы ретке келтіре алады, қалғандары әдет-ғұрып, моральдық, эстетикалық, т.б. әлеуметтік нормалардың негізінде қалыпқа келеді.
Кең түрде алғанда, қоғам деп адамдардың арасында қалыптасатын сан-алуан байланыстар мен қарым - қатынастардың жиынтығын айтамыз. Бұл арада мына нәрсеге көңіл аудару қажет – ол байланыстар мен қарым-қатынастар сол қоғамның өзіндік өмір сүруіне жеткілікті болуы керек. Алайда, “өз-өзіне жеткілікті” деген ұғымның өзін нақтылай түсу қажет. Өйткен себебі, бүгінгі таңда бірде-бір мемлекет, қанша алып болса да, барлық қазіргі өмірге керекті заттарды шығара алмайды. Сондықтан, басқа елдермен экономикалық, саяси-құқтық, мәдени-рухани байланыстарға түседі. Олай болса, “өз-өзіне жеткілікті” деген ұғымды қалай түсінуге болады? Белгілі қоғам өзінің мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан руханияты, дүниесезімі, өмір салтын сақтай отырып, негізгі өмірге қажетті нәрселерді өзі өндіруі қажет. Мысалы, бүгінгі өтпелі қоғамда жер көлемі бойынша 10-шы орында болсақ та, ет, көгөністерді басқа елдерден алатын болсақ, онда біз өз-өзімізге жеткіліксіз боламыз. Әрине, Қазақстан - Бразилия емес, сондықтан, тропикалық аймақтарда өсетін апельсин, мандарин, банан сияқты жемістерді, кофе, шай сияқты тағамдарды шет елдерден алмаса болмайды. Сондай-ақ жеңіл мәшине, неше-түрлі компьютерлер, радио – теле аппаратураларды да алуға болады. Сонымен қатар, жер бетіндегі үлкен егін өсіретін ел болғандықтан, ауыл-шаруашылығына керек механизмдерді өзіміз шығармай көсегеміз көгермейді. Күнбе-күн өмірге керек заттардың көбін де өзіміз дүниежүзілік талаптарға сай етіп шығара білуіміз қажет. Сонда ғана біз өз-өзімізге жеткілікті қоғам боламыз. Бұл мәселелер қазіргі саясаттану ғылымында “ұлттық қауіпсіздік” категориясы арқылы талданады. Оқырманның байқағанындай, бүгінгі таңда біз көп өмірге керек тауарларды шығара алмай, сырттан әкелуге мәжбүр болып отырмыз.
Екінші үлкен сұрақ - қоғам өміріндегі сан-алуан байланыстар мен қарым-қатынастардың ішіндегі негізгі - оның іргетасын құрайтындар қандай болмақ?
Сонау көне заманнан бері созылып келе жатқан үрдіс - қоғамдағы рухани, саналы байланыстарды негізгі деп есептеу. Өйткені, бір қарағандағы қоғамның жануар тобырынан айырмашылығы – ондағы рухтың пайда болып сол қоғамға тигізетін зор әсерінде болса керек. Қоғам өмірінде өмір сүріп жатқан нақтылы тірі адам басқалармен саналы қарым-қатынасқа түседі. Ол өз алдына неше-түрлі мақсат-мұраттар қойып, оларды іске асыруға тырысады. Яғни, идея әрқашанда алда, соңынан ол іске айналады. Олай болса, қоғам өмірін анықтайтын - билік басындағы ұлы тұлғалардың саналы іс-әрекеті. Мұндай көзқарасты сонау Көне заманнан бастап Жаңа дәуірде өмір сүрген ағартушылардың еңбектерінен байқауға болады.
“Халық - шөп, ел билеуші – жел. Жел қай жаққа үрлесе, шөп сол жаққа майысады”,- дейді көне Қытай философиясы.
Орта ғасырдың ұлы ойшылы Аль-Фарабиге келер болсақ, ол қоғамның ақуалын Халифтің адалдығы, әділеттілігі, көрегендігімен байланыстырады. Сол замандағы Еуропа ойшылдары А.Августин, Ф.Аквинский қоғамның дамуын алдын-ала болжанған Құдайдың әмірімен ұштастырады.
Жаңа дәуірде өмір сүрген француз ағартушысы Ш.Л. де Монтескье қоғамның өрлеуін “ағарған монархтың” іс-әрекетімен байланыстыра отырып, қоғам өміріндегі заңдарды жетілдіруді бірде-бір шешуші фактор ретінде қарайды (мұны “құқтық көзқарас” деп әдебиетте атап кеткен болатын). Бүгінгі таңда да мұндай көзқарастар кеңінен таралған. Әрине, қоғам өміріндегі заңдар сапасының биік болғаны оның дамуын тездететіні сөзсіз. Сонымен қатар, заңның өзі – адамдардың (кәсіби заңгерлердің) рухани туындысы емес пе?
ХХ ғ. ұлы ойшылы К.Ясперс те тарихтағы рухани төңкерістерді қоғамның дамуының негізіне жатқызады. Оның ойынша, “адами ақуал - әрқашанда рухани ақуал”. Мұндай көзқарастарды қорыта келе, қоғамды талдаудағы идеалистік жол десек те болғаны.
Сонымен қатар, ХІУ ғ. өмір сүрген араб ойшылы Ибн-Халдун қоғамды талдауға жаңа үлгі еңгізеді. Оның ойынша, әр-түрлі қоғамдардың бір-бірінен айырмашылықтары негізінен алғанда материалдық игіліктерді қалай өндіру, бөлу, тұтынуымен байланысты,- деген қорытындыға келеді. Алайда, ұлы ойшылдың көзқарастары соңынан ұмытылып, тек қана 5 ғасырдан кейін К.Маркстің еңбектерінде жаңадан негізделеді.
К.Маркс қоғамтану саласына, негізінен алғанда, екі жаңалық еңгізеді. Оның бірі - қосымша құн теориясы, ал екіншісі – тарихты материалистік тұрғыдан түсіну қағидасы. Ең алдымен, бұл екі жаңалықтың да дүниеге келуі капиталистік қоғамның қалыптасып, дамуымен байланысты болғанын атап өту қажет. Егер К.Маркс Дүниеге келмегеннің өзінде басқа ғалымдар ертелі-кеш оларды ашатыны сөзсіз еді. Өйткені, мыңдаған жылдар бойы бұрынғы қоғамдарда әр-түрлі сословиялық-заңдық қатынастармен бүркеленіп келген экономикалық қатынастар Жаңа дәуірде ашылып ғалымдардың назарын аудара бастайды.
Енді К.Маркстің бірінші ашқан жаңалығына келер болсақ, капиталдың өндіріс айналымында өсуі - оның ерекше бір ғажап қасиетінен туындамайды. Бұл үрдіс тарих сахнасында ерекше тауардың пайда болуымен байланысты. Ол – жұмысшы және оның еңбекке деген күш-қабілеті. Оның тек өзіне ғана тән қасиеті - өз бағасынан да жоғары қосымша құн тудыруында жатыр. Мысалы, капиталист жұмысқа қабылдаған адамға 500 доллар жалақы төлейді. Ол оның жан-ұясын асырауға, өзінің күнбе-күнгі жұмысқа деген күш-қуаты мен қабілетін толықтырып отыруға жетеді. Бірақ, ол шынында 1000, я болмаса, 1500 долларға жуық материалдық игіліктерді жасауы мүмкін. Ол – капиталистің байлығын өсіретін қосымша құн. Оны халықтың жалпақ тілімен айтсақ - қанау дейміз. Әрине, К.Маркстің ашқан бұл теориясының уақытында қоғамның саяси саласы мен жұмысшы қозғалысына тигізген үлкен әсерін айтпай кетпесе болмайды. Өйткені, ол бұл құбылысты жеке меншікке негізделген шаруашылыққа ғана тән, - деген тұжырымға келеді.
Алайда, адамды адам қанау (эксплуатация) мемлекеттік (яғни, қоғамдық) меншікке негізделген қоғамда да болуы мүмкіндігін өткен Кеңес қоғамының тарихы айқын көрсетті. Бұл қоғамда, әсіресе, ауылдағы механизаторлар, сауыншылар, кен өндірісіндегі шахтерлар, металлургтар т.с.с. топтардың қаналғаны қазір баршаға мәлім.
Екінші жағынан алып қарағанда, бүгінгі дамыған капиталистік елдерде капиталдың өсуі, негізінен алғанда, жұмысшыларды қанаудан емес, ғылыми-техникалық революцияның жетістіктерін ұтымды пайдалану арқылы іске асып жатқанын айтып өту керек.
Негізінен алғанда, қанаудың негізгі анықтамасы – адамның мерзімсіз азып-тозуы, оның өмірінің қысқаруы болып табылады. Ал бүгінгі таңдағы дамыған елдерде адам өмірінің ұзақтығы өте биік дәрежеде болғандықтан “қосымша құн” теориясы өзекті мәселе деп айта алмаймыз.
Ал К.Маркстің ашқан екінші – тарихты материалистік тұрғыдан түсіну қағидасына келер болсақ, қоғамтану саласында оған пара-пар тұжырымдама әлі жасалған жоқ, - деп айтуға болатын сияқты.
Сан-алуан қоғам өміріндегі байланыстар мен құбылыстардың ішінен К.Маркс материалдық қарым-қатынастарды басымдық түрінде бөліп алып олардың іргетастығын көрсетеді. Оның себебі қарапайым да табиғи күнбе-күнгі адамдардың өмір сүру қажеттіктерін өтеу керектігінде жатыр. Расында да, адамдарға күнбе-күн тамақ ішу, киім кию, баспана, т.с.с. материалдық мұқтаждықтарын өтеу керек. Оларсыз өмір жоқ. Ол үшін материалдық игіліктерді өндіру қажет. Оны өндіру барысында адамдардың санасы мен еркіне тәуелсіз өндірістік қатынастар пайда болады. Соңғы - қоғамның іргетасын құрайтын шынайы базис болып есептеледі. Ол адамдардың санасы мен еріктеріне тәуелсіз қалыптасады да оның үстінде қондырма ретінде оған тәуелді мемлекет, саяси, құқтық, моральдық, эстетикалық, діни т.с.с. құбылыстар орналасады.
К.Маркстің ашқан бұл ұлы жаңалығын жете түсінудегі негізгі қиындық - өндірістік қатынастардың адамның сана-сезіміне тәуелсіз қалыптасуы. Адам - әрқашанда саналы пенде ретінде өмір сүреді. Адам өзінің жанұясында, күнбе-күнгі жүріс-тұрысында басқа адамдармен саналы қарым-қатынасқа түсіп, өндірістік қатынастарға келген кезде "санасын үйде қалдырып кететінін" көзге елестету тіпті мүмкін емес. Олай болса, К.Маркстің негізгі қағидасын қалайша түсінуге болады?
К.Маркстің ойынша, әрбір дүниеге келген жаңа ұрпақ бұрынғы бабалардан қалған қоғамның материалдық өмірімен кез болады. Ол өндіргіш күштерді (машиналар, неше-түрлі жабдықтар, байланыс жүйелері т.с.с.) жаңа ұрпақ өз еркімен ысырып тастап, өмірді "таза беттен" әрі қарай жалғастыра алмайды. Ол сол материалдық игіліктерді игеруге және өз өмір шеңберінде оны әрі қарай дамытуға мәжбүр болады. Сол өндірістік қатынастарды игеруде жаңа ұрпақ өз сана сезімін соған сәйкес қалыптастырады. Яғни, қоғамдық болмыс қоғамдық сана-сезімнің қалыптасуына шешуші ықпал жасайды.
К.Маркс өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастардың қайшылықты бірлігін өндіріс тәсілі деген ұғымды қалыптастыру арқылы түсіндіреді.