Әбелдаев Ж.Ә.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақстан, Алматы қ.
Zhenis_almaty@mail.ru
Түріктің Диван әдебиетіндегі ағымдар және "Үнді стилі"
В статье рассматривается поэтическое течение "Индийский стиль", которое появился в турецкой Диванной поэзии в XVII веке и продолжался вплоть до XVIII века.
In the article a poetic flow is examined "Indian style", that appeared in the Turkish Divan poetry in the XVII century and to proceed up to the XVIII century.
Түйін сөздер: Үнді стилі, Диван поэзиясы, әдеби ағымдар, символизм, Буддизм, сопылық ағым, Асаф Халет Челеби, Нешати, Наили, Шейх Галиб.
Түрік әдебиеті тарихында классикалық Диван поэзиясының өзіндік орны бар. Ол сол Осман империясы құрылған ХІІІ ғасырдан бастап, батыстық түрік әдебиеті қалыптасқан XIX ғасырға дейін өз жалғасын тапты. Сол кездегі атаулар бойынша - Диван әдебиеті, Диван поэзиясы немесе Диван прозасы деп аталды. Түрік зерттеушілері Диван әдебиетін көп жағдайда классикалық түрік әдебиеті деп те атайды. Өйткені, бұл әдебиет тудырған шығармалардың тілі, стилі, мазмұн мен пішіні алуан түрлі.
Сөз жоқ, Диван әдебиетінің қалыптасып дамуына араб-парсы әдебиетінің ықпалы зор. Шығыс әдебиетімен етене байланыса дамыған Анадолы түрік әдебиеті ара-тұра өзінің түркілік болмысын да ұмытпауға тырысты. Қиыннан қиыстырылған осман тілі бұған кейде кедергі де болып отырды. Сондықтан тіл турасындағы таластар түрік әдебиетінде әріден басталады.
Бүкіл дүниені бағындырып тұрған Осман империясының әртүрлі мәдениеттермен ықпалдасуы заңды құбылыс. Өйткені мәдени ықпалдастық болмаған жерде әдеби дамушылық та болмайды. "Өрлеу биігіне ұмтылған әрбір әдебиет томаға-тұйықтықтан бойын аулақ салып, дәстүрлі байланыстар орнауын, дамуын, нығаюын қажетсінген, талай озық ақыл-ой ізденістері осы бағдарға бағытталған" [1].
Диван поэзиясы өзінің даму жолында Таяу Шығыс әдебиетімен ғана емес Оңтүстік Азия, тіпті Қиыр Шығыс әдебиетімен де ықпалдасқан. Оның жарқын көрінісі ХХ ғасырдың өзінде де байқалды. ХХ ғасырдың белді түрік ақыны Асаф Халет Челеби өз поэзиясында түсініксіз тылсым тілмен Үнді философиясына, Буддизмге және көне үнді эпостарына үңілгендігін байқаймыз. Өз дәуірінде түсініксіз ақын аталып кеткен Асаф Халет поэзиясы кейінгі кезде ғана өзінің терең ойлы өлеңдерімен түрік әдебиетіне қайта оралды.
Ұлы шайыр Мәулана Жалаледдин Румидің ұрпағы болғандықтан "Челеби" деген лақап атпен танылған және бірнеше тіл меңгерген палиглот-ақын Асаф Халеттің Батыс-Шығыс мәдениетіне әбден қанық болғандығы соншалық, оның терең ойлы пәлсапалық тұжырымдары біртіндеп өз шешімін таба бастады. Асаф Халеттің әсіресе Үнді философиясына және көне үнді эпостарына, Буддизмге деген қызығушылығы ерекше. Ол Буддизмді сопылық іліммен салыстыра зерттеген. Үңгір адамдарын, перғауындарды, көне үнді эпостарындағы басты кейіпкерлерді өзінің замандасы деп есептеген. Оны "Көне Мысыр" (Mısr-ı Kadim) атты өлеңінде былайша жеткізеді:
Zaman unutulunca Mısr-ı kadim yaşanabiliyor
Kendimi unutunca seni yaşıyorum,
немесе "Сидхарта" деген өлеңінде:
Koskoca bir ağaç görüyorum
ufacık bir tohumda
o ne ağaç ne tohum
om mani padme hum (üç kere)
siddharta budha
ben bir meyvayım ağacım alem
ne ağaç ne meyva
ben bir denizde eriyorum
om mani padme hum, [2]-
деп, Будданың жаһандық дүниетанымын тануға тырысады. Оның бір мәуе ағашы екендігін, кішкене ғана тұқымнан алып бәйтерекке айналғандығын Будданың танымдық түйсігіне терең бойлай отырып жеткізеді.
Асаф Халеттің үнді әдебиеті туралы мақалалары мен зерттеулері және өлеңдерін жинақ етіп, "Асаф Халет Челеби" деген атпен шығарған Семих Гүнгөр деген ғалым [3]. Сондай-ақ, белгілі ғалым Мехмет Капланның "Жумхурийет кезеңі түрік поэзиясы" [4] атты зерттеуі мен Мехмет Доғанның "Алты ақын алты поэтика" [5] мақаласы Челеби поэзиясы туралы мағлұмат беретін еңбектерсанатында.
Сайып келгенде ортағасырлық (айрықша Диван әдебиеті) түрік әдебиетіндегі әдеби ағымдарға - Сопылық, Түрки-и басит (Түрікшілдік), Йерлилешме және Себк-и хинди (Үнді стилі) ағымдарын жатқызамыз [6]. Сопылық ағым күллі мұсылман әлеміне ХІІ ғасырда ұлы дәруіш, ойшыл- ғалым Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың дәнекерлігімен тарағандығын білеміз.
Ал "Түрки-и басит" деп аталатын ағым XV-XVI ғасырларда түрік әдебиетінде тіл тазалығын немесе тілдегі түрікшілдікті, өлең пішіні мен мазмұнындағы жаңашылдықты жақтаған поэзиялық бағыт. XІV-XV ғасырларды таза түрік тілін қолданған Диван ақындары уақыт өте оны тым қарапайым және жадағай деп ұғып, түрікше сөздерді аз қолдана бастайды, керісінше түрік өлеңін кірме сөздермен байытуға тырысты. Осылайша классикалық Иран поэзиясын үлгі тұтып, онымен иық теңестіруге ұмтылған түрік өлеңінің тілі өзінің болмысы мен байлығынан біртіндеп айырылып жатты. Бұл жағдай сол кездегі көкірегінде түрік рухы ойнап тұрған ақындардың бірсыпырасына ұнамады, олар қарсыласып бақты, сөйтіп, Түрки-и басит ағымы өмірге келді.
Түрки-и басит ағымын жақтаушылар аруз уәзіні мен Диван поэзиясы формаларын қолдана отырып, түрікше сөздерді айналымға шебер енгізе алған. Кірме сөздер мен сөз тіркестерін өлеңге жуытпады. Мазмұны тұрғысынан Шығыстық символдар (mazmun) орнына халық тіліндегі теңеулерді, сөз тіркестерін және мақал-мәтелдерді қолданды.
Қалай десек те, аталмыш әдеби ағымның ғұмыры ұзақ болмады. Өйткені негізгі ірі ақындар бұл игі бастаманы қолдамағандығы сияқты, кейінгі ғасырларда оны жалғастырушылар да табылмады.
"Түрки-и басит" ағымының көшбасшысы XV ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген Айдынлы Висали деген ақын. Оның мықты өкілдері ретінде XVI ғасырда өмір сүрген Едирнели Назми мен Татавлалы Маһремиді атауға болады. "Бұл үш ақынның да жоғарғы өнер табысына көтеріле алмауы аталмыш ағымды ғұмырсыз қылды", - деп тұжырым жасайды әдебиет зерттеушісі Ахмет Кабаклы.
"Йерлилешме" немесе "Махаллилешме" деп аталатын бұл ағым Диван поэзиясында түріктердің Стамбұлды бағындыруынан кейін көрініс тапты. Поэзияда Стамбұл диалектісіне және Стамбұл болмысына мейілінше жақындай түскен бұл ағымның алғашқы үлгілері Диван әдебиетінің мықты өкілі Баки шығармашылығымен тікелей байланысты болды. XVIІІ ғасырда бұл ағымды жалғастырған тағы бір Диван әдебиетінің ірі өкілі - Недим болды, ал, XIX ғасырда аталмыш ағымның кең етек жаюына Ендерунлы Васыф деген ақынның тигізген игі әсері көп болды.
Йерлилешме ағымы - саналы немесе жүйелі түрде орныққан ағым емес. "Ол ғасырлар сүрлеуінен өтіп, түрік ақындары Стамбұлды жанына жақын тарта бастаған сайын өздігінен пайда болған", - деп тұжырымдайды түрік әдебиет зерттеушілері. Диван әдебиетінің абстрактілі түйсігімен Стамбұлдың әдемі көріністеріне, оның адамдарына, өзге де ерекшеліктеріне көңіл бөлу о баста қиындықтар туғызғандығы рас, арман еткен кеңістікті табу да оңайға түспеген. Сондықтан "Йерлилешме" ағымының басты мақсаты әсем де әдемі Стамбұлдың халық тіліне жуықтайтын қарапайым стильге жетуге аңсары ауған. XVIІІ ғасырда, айрықша Недимнен кейін Стамбұл өмірінен алынған тақырыптар көбейе түседі. Стамбұлдың түрлі аудандары, жайлы саяжайлары, көңіл көтеру орындары, махаббат машақаттары, адам тұрпаттары тек мәснәуилерде ғана емес, ғазыл, шаркы тіпті қасыда кіріспелерінде, сондай-ақ "Шеһренгизлерде" [7] айқын көрініс тапты.
Диван поэзиясында қылаң берген әдеби ағымның бірі - "Үнді стилі" немесе "Себк-и хинди" деп аталады.
Үнді стилі түрік әдебиетіне парсы поэзиясы арқылы жеткен. Бұл XVIІ ғасырда Үндістанға сапар шеккен Иран ақындары ашқан жаңа бағыты. Түрік ақындары XVIІ және XVIІІ ғасырларда бұл ағымға деген өз қызығушылықтарын танытқан.
Иран әдебиетінде бұл ағымның ірі өкілі ретінде Тебризли Саиб пен Бухаралы Шевкет деген ақынды атайды. "Себк-и хинди" ағымы Диван әдебиетінде де өзінің мықты өкілдерін дайындап шығарды. Олар XVIІ ғасырда өмір сүрген Нешати (?-1674) және Наили (?-1666) деген ақындар, ал, XVIІІ ғасырда оны Шейх Галиб (1757-1799) деген ақынның атымен байланыстырады.
Бұл ағымның түрік Диван поэзиясына қандай жаңалықтар алып келді деген сұрақ та осы жерде орында болады. Жалпы "Үнді стилі" ағымының түрік әдебиетіне келуімен орынды өзгерістер болды деп бағамдайды Диван поэзиясын зерттеушілер. Мысалы: сөз ойындарынан гөрі мағына тереңдігіне, яғни мағына ойындарына ден қою, ашық немесе тура баяндаудан гөрі өлеңде теңеулерге толы, түсінікке ауыр тиетін тұспалдауларға апаратын поэзия жолын таңдау. Адам естімеген және түпсіз қиялға берілген тың теңеулер табу бұл ағымның айнымас кредосына айналған. Өлеңнің әр тармағына жоғары сипаттағы ішкі әуезді енгізу немесе сөз әуеніне көңіл бөле отырып белгілі бір үйлесімділікке ұмтылу және т.с.с.
Бұл ағым - XIX ғасырдың соңына таман Францияда көрініс тапқан және түрік әдебиетінде Ахмет Хашим өкілдік еткен символизм ағымына ұқсас келеді. "Сервет-и фүнун" әдебиетінің белді өкілі Женап Шахабеддиннің түрікшілдер тарапынан өздеріне қаратыла айтылған кінәларға қарсы: "Біз декаденттер емеспіз, Шейх Галиб мектебіненбіз" деуінде үлкен бір мән бар. Оның үстіне Женап Шахабеддин Себк-и хинди мен символизм арасындағы туыстық желілерді де тарқатып береді. Наили, Нешати және Шейх Галиб сынды мықты ақындардың өлеңін, бәйітін, оның әр тармағын келісті көмкерген Себк-и хинди ағымы сол кезде Нәби мен оны жақтаушылардың жалаң, әлеуметтік һәм хикметті поэзия стиліне қарсы шығуымен өмірге келген еді. Оның үстіне түрік поэзиясында ашық-тұспалды, жалаң-терең теңеулі секілді қолданыстар әдеби кезеңнің қай тұсында болмасын көрініс тауып отырған.
Мысалы Себк-и хинди ағымының бір бәйіті былай жырланады:
Bir şulesi var ki şem-i canın
Fanusuna sığmaz asmanın (Şeyh Galib), -
немесе:
Ettik o kadar ref-i taayyün ki Neşati
Ayine-i pürtab-ı mücellada nihanız (Neşati) [8].
Бұл бәйіттерді түрік сөздерімен әдемі келістіруге болар еді, алайда Диван ақындары оларды өзге кірме тіркестермен ауырлатып, мағынасын тереңдету мақсатында түрік оқырманының ойын түсініксіз тіркестермен әрлей түседі. Осы жердегі "Шем-и жан" деудің орнына "жан мумы", яки "жан шырағданы" деуге болар еді. "Фанус" деудің орнына "фенер", "асман" деуден гөрі "гөкйүзи", "реф-и тааййүн" деуден гөрі "белирлиликлери калдырмак" десе өлең әркімге түсінікті болар еді.
Қалай дегенменде араб-парсы сөздерімен көмкерілген түрік тілі XVIІ ғасырда "Үнді стилі" ағымының келуімен өлеңдегі мағынасыздыққа барар жолға шығып, үнді тілімен ықпалдасқан деген тұжырым жасауға болады.
"Үнді стилі" деп аталатын әдеби ағым түрік әдебиетінде әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Өйткені ол белгілі дәрежеде түрік поэзиясына өз әсерін тигізіп, түрік өлеңіндегі ушығып тұрған мәселені одан әрі көріктей түсті. Өлеңде түпсіз қиялға мән берген Себк-и хиндишілер екі жолдық бәйітке терең түсініктер енгізуді үлкен өнер санаған және сол жолда ізденістерге түскен. Өлеңнің ауыр оқылуын өздерінше үлкен өнер санаған Үнді стилі өкілдері осыған қарамастан түрік әдебиетінде ең сүйіп оқылған ақындар ретінде танылған. Оның бір дәлелі ретінде Диван поэзиясына тәнті болған XIX ғасырдың белгілі ақындары - Лескофчалы Галиб, Херсекли Ариф Хикмет, Йенишехирли Авни және алғашқы өлеңдерінде Намык Кемал да Нешати мен Наилиге, Шейх Галиб шығармашылығына үлкен мән берген, өлеңдерін сүйіп оқыған. Тіркестеріне таңдай қаққан. Ал XX ғасырда түрік өлеңінің мэтрі саналған Яхия Кемал Бейатлы бұл екі ақынды шексіз құрметтеп өткен. Олардың ғазалдарындағы әсемдікке ерекше қайран болған. Әсіресе Наили ақынға арнап жазған мына бір бәйітте оның терең мағынаға мән берген сөз зергеріне деген құрметі айрықша байқалады:
Böyle beş beyti bu guyende redif üzre Kemal
Naili söylese bir alem-i mana söyler.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Сәтбаева Ш. Әдеби байланыстар. -Алматы: Жазушы, 1974.
2. Ahmet Kabaklı. Türk Edebiyatı. Cilt 4, s.80-84, İstanbul, 1991.
3. Semih Güngör. Asaf Halet Çelebi. İstanbul, 1985.
4. Mehmet Kaplan. Şiir Tahlilleri 2. Cumhuriyet Devri Türk Şiiri. İstanbul: Dergah Yayınları, 2008.
5. Mehmet Doğan. Altı Şair Altı Poetika. Yeni Düşünce. Ekim, 1990.
6. Ahmet Kabaklı. Türk Edebiyatı. Cilt 1, s.268, İstanbul, 1994.
7. Шеһренгиз - Диван әдебиетіндегі әсем қалалар туралы жыр.
8. Ahmet Kabaklı. Türk Edebiyatı. Cilt 2, İstanbul, 1994.
Достарыңызбен бөлісу: |