Автореферат диссертации
Түркістан ұлттық элитасының қалыптасуы мен қызметінің тарихы (1900-1924 жж.)
ӘОЖ 958 4(584 5) : 947. Д83
Қолжазба құқында
Тұрсұн Хазретәлі Маханұлы
Түркістан ұлттық элитасының қалыптасуы мен қызметінің тарихы (1900-1924 жж.)
07.00.02 – Отан тарихы
(Қазақстан Республикасының тарихы)
Тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2007
Жұмыс Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасында орындалды.
Ғылыми кеңесші:
ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы,
профессор К.Н. Нұрпейіс
Ресми оппоненттер:
ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы,
профессор Асылбеков М.А.
тарих ғылымдарының докторы,
профессор Әбжанов Х.
тарих ғылымдарының докторы,
профессор Озғанбай Ө.
Жетекші ұйым:
ҚР БҒМ Ғылым комитетінің
Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты
Диссертация 2007 жылы ”____ “ _______________ сағат ______ ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29) тарих ғылымдарының докторы (кандидаты) ғылыми дәрежесін беру жөніндегі ОД 53.33.01 Диссертациялық кеңес мәжілісінде қорғалады.
Диссертациялық жұмыспен ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қолжазбалар қорында танысуға болады.
Автореферат 2007 жылы “___ ” ______________таратылды.
Диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы,
тарих ғылымдарының кандидаты Қ.С. Алдажұманов
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Қазақстанның тәуелсіз дамуы уақыт өткен сайын қарқын алып, ұлттық, жалпыадамзаттық және демократиялық құндылықтар мен ұстанымдар негізінде биік мұраттарға бағыт түзеп келеді. Елімізде әлеуметтік-экономикалық, саяси-құқықтық реформалардың іске асырылуы мәдени-рухани өмірімізге жаңа сипат, тың мазмұн берді. Сондай түбірлі өзгерістер тарих ғылымының әлеуметтік қызметіне де ықпал жасады. Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев “Тарих дегеніміз өткеннің ғана сабағы емес, ол едәуір дәрежеде болашақтың да көрінісі,” “қазақ тарихы фактілердің өлі қоймасы емес, бұл өзі орасан зор дәйектеуші және дәлелдеуші күш” [1] деп атап көрсеткен болатын. Бұл тұжырым еліміздің алдында тұрған қоғамдық сананың жаңару үдерісіндегі тарих ғылымының кешенді міндеттерін айқындайды.
Тәуелсіздік жылдары отандық тарих ғылымының мазмұны тоталитарлық жүйенің идеологиялық ықпалынан арылуымен бірге тәуелсіздік идеологиясының әдістемелік негізінде тарихи дамудың ақиқат болмысын қалпына келтіру бағытында түбірлі жұмыстар атқарылды. Дегенмен, мемлекеттік маңыз алған осы бағытта әлі де терең ғылыми талдау жасап, концептуалдық тұрғыда қайта қарауға тиісті мәселелер мен тақырыптар жеткілікті.
Отандық тарихтың мазмұнын байытып, осы кезге дейін қалыптасқан тарихи таным жүйесін қайта қарауда дәстүрлі тоталитарлық жүйенің әдістемелік негіздерінен бас тарта отырып, оны алмастыратын тың негіздер батыл тұрғыда іздестіріліп, зерттеу барысында қолданысқа енгізіліп келеді. Қоғам дамуының заңдылықтарын айқындап, тарихи үдерістерге баға беруде элита теориясы ұтымды тәсіл ретінде шетелдік қоғамдық ғылымдарда сәтті қолданыс табуда. Таптық қағидаларға балама позиция ұстанатын бұл концепция әзірге отандық тарих ғылымында іргелі зерттеу жұмыстарына негіз бола қойған жоқ.
Отан тарихының ең күрделі де түйінді нысаны болған Түркістан тарихы, әсіресе оның ұлттық-мемлекеттік мәжелеуге дейінгі кезеңі белгілі деңгейде зерттелгенімен бұл тақырып концептуалды тұрғыда терең қарастыруды қажет етеді. Өйткені ғылыми зерттеу бағыттары алдыңғы қатарға шығарып отырған күрделі тарихи үдерістердің себеп, салдарлы байланыстарын, ортақ заңдылықтары мен ерекшеліктерін айқындау ғылыми зерттеу жұмыстарында тың әдістемелік тәсілдерді қолданып, жаңа бағыттарды игеруді қажет етеді. Осындай ерекшеліктерге байланысты тақырыптың мынадай өзектілігі айқындалады:
- біріншіден, патшалы Ресейдің Қазақстанның оңтүстігі мен Орта Азияны отарлауы нәтижесінде құрылған әкімшілік-мемлекеттік бірлік ретінде Түркістан генерал-губернаторлығы мен кеңестік негіздегі Түркістан автономиялы республикасының тарихы отандық тарихтың ажырамас құрамды бөлігі ретінде үнемі назар аударуды қажет етеді. Тарихи жағдайлармен Түркістанға қосылған қазақ елі мен жерінің ұлттық мемлекеттілігімізді қалыптастырудағы маңызы өте зор. Жарты ғасыр әкімшілік-территориялық оқшаулық жағдайында бұл өлкеде патшалық, кеңестік биліктер отарлық тәртіпке тән озбырлықпен еркін ой-сананы бұғаулап, ұлттық рухани болмысты деформациялау саясатын жүргізді. Бұл саясат, әсіресе, өлкеде мемлекеттік билік құрылымдарының қалыптасуы мен ұлттық элита жүйесінің орнығуындағы кереғарлықтардан айқын байқалды.
Осыған байланысты өлкеде ұлыдержавалық шовинизмге қарсы кең өріс алған түркілік бірлік идеясы мен кеңестік тәртіптің ұлттық-территориялық межелеу арқылы ұлт республикаларын құру саясаты да тәуелсіздік идеологиясы талаптарына сай дәстүрлі тұжырымдардың ықпалынан арылып қазіргі заманғы әдістемелік тұрғыда қайта бағалауды қажет етеді.
- екіншіден, ХХ ғасыр басындағы дүниежүзілік ұлт-азаттық қозғалыстың Ресей отарындағы аймақтық көріністері түрінде пайда болып, даму барысында дербес саяси құбылыстарға айналған Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы мен Алаш қозғалыстары да қазіргі кезде тарихи ойдың қызығушылығын оятып отыр. Қазақстан мен Орта Азия республикалары тәуелсіздігінің бастауында тұрған бұл қозғалыстарды бірін-бірі толықтыратын біртұтас ортақ құндылықтарымен және бірін-бірі қайталамайтын ерекшеліктерімен дара құбылыстар ретінде қарастыру қажеттілігі айқын сезіліп отыр. Бұл мәселеге элита теориясы тұрғысынан назар аударылар болса онда тарихи танымның игілігіне айналатын соны нәтижелерге қол жеткен болар еді. Өйткені, бұл қозғалыстардың идеялық сабақтастығы мен бағдарламалық мақсаттарының сәйкестігі үйлестіруші факторларының ортақтығымен бірге олардың басқарушы элита өкілдерінің де саяси көзқарасы мен рухани-мәдени ұстанымдарының ортақтығынан туындап жатты. Бұндай саяси, мәдени-рухани ортақ ұстанымдардың негізділігі қазіргі бауырлас мемлекеттер арасындағы интеграциялық ықпалдастықты одан әрі өрбітуге жаңа тыныс береді. - тақырып өзектілігінің үшінші қыры – қазіргі заманғы тарихи таным тәсілдерінің бірі ретінде элита теориясы концепциясын қолдану мүмкіндігінен туындайды. Еліміздің тарихи Ресей мен Кеңес Одағы құрамындағы даму факторларының жүйесінде саяси басқару факторы маңызды орын алып келді. Бұл жағдай мемлекеттік басқарудың субъектісі болған саяси элитаның рөлін арттыра түседі. Түркістан өлкесінде іске асырылған кез-келген модернизация осындай себептермен “жоғарыдан төменге“ қарай бағытталғаны белгілі. Тоталитарлық билік қоғамдық дамудың эволюциялық ырғағына қарсы жүргізген саясаты терең әлеуметтік, саяси күйзелістерге ұрындырғандықтан да осының бәріне тікелей жауапты билік басындағы басқарушы элитаның қоғамдық құбылысқа айналған болмысын тану қажет-ақ. Осы міндетті шешуде жаңа әдістемелік тәсілдің маңызы арта түседі деп есептейміз.
Қазіргі әлеуметтік-экономикалық қайта құрулар мен бұрынғы кезеңдегі элитаайналымы үлгісінің түбірінен өзгергеніне қарамастан саяси элита бұрынғысынша еліміздегі саяси үдерістің маңызды факторы болып отыр. Соңғы кездегі саяси, әлеуметтік талдаулар көрсетіп отырғандай елімізде қалыптасқан мемлекеттік билік құрылымдарында саяси элита өзінің ролін нығайтып келеді. Бұл үдерістің алдағы уақытта да жалғаса түсетін тенденциясы байқалуда. Дәстүрлі қоғамдағы әлеуметтік институттардың билік құрылымдарын қалыптастыруда ұстанған құндылық бағдарлары қазіргі кезде де маңызын жойған жоқ [2]. Демек қоғамдық өмірде саяси элита ықпалының артуы Қазақстанда элитақалыптастырушы үдерістердің генезисін тарихи деректік материалдар негізінде концептуалдық тұрғыда зерттеудің маңыздылығы тақырыптың барынша өзекті екендігі танытады.
Бұл себептерге қосымша айтармыз, ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Түркістанның қоғамдық-саяси тарихын ғылыми ойдың тезінен өткізіп, тәуелсіздік идеологиясы талаптарына сай қайта қарау отандық тарихнамадағы олқылықтардың орнын толтырады деп есептейміз.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақ қоғамындағы саяси-әлеуметтік құбылыстар элита теориясы тұрғысында осы кезге дейін жеке тақырып ретінде зерттелген жоқ. Ал Қазақстан тарихында жан-жақты ғылыми негізделген әдістемелік тәсіл ретінде бұл аталған үлгінің қолданылмағандығы белгілі. ХХ ғ. басындағы Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының тарихнамасы аса қомақты, соның ішінде ұлттық элитаның қалыптасуы мен қызметіне қатысты зерттеулер сипаты, мазмұны жағынан өте күрделі болды. Тақырып тарихнамасының күрделі сипат алуының бірнеше себебі бар.
Біріншіден, Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы өзінің бағдарламалық мақсаттары, қызмет аясы, әлеуметтік-саяси негізі, тіпті ұйымдық құрылымы бойынша әлемде теңдесі жоқ қайталанбас ерекшеліктері мол тарихи құбылыс болатын. Сондықтан ол құбылыс аймақтық оқшаулауға көнбейтін, әлемдік ұлт-азаттық қозғалыспен саяси-идеялық тұрғыда сабақтасып жатты. Міне, осы күрделі сипат жүргізілген зерттеу жұмыстарының барынша әралуандығына негіз болды.
Тақырыптың зерттелуіне күрделі сипат берген екінші себеп – қоғамдық-саяси көзқарастар жүйесінің өзгермелігінен туындайды. Кеңестік қоғам тарихнамасы біртұтас жүйе ретінде қарастырылғанымен оның өзі қоғамдық-саяси құндылық бағдарламаларының өзгеруіне байланысты тұтас кезеңдерге жіктелсе, сол кезеңдер концептуалдық тұрғыда жекелеген ағымдарға таралып кетеді. Демек, әр кезеңнің, әр ағымның тақырыпқа қатысты зерттеулерінің деректік, әдістемелік негізі әртүрлі болғандықтан олардың арасында бір-біріне қарама-қарсы бағалар да кездеседі. Бұндай жағдайда мәселені кешенді түрде қарастырып, тарихи тұрғыда салыстыра бағалау қажеттігі туады.
Тақырыптың зерттелуіндегі ең түйінді деп есептеген үшінші себеп - зерттеу жұмыстарында қолданылған теориялық-әдістемелік тәсілдердің сипатымен айқындалады. Тақырып тарихнамасының қомақты бөлігін құраған кеңестік тарихнамада маркстік таптық-формациялық әдістеме тарихи танымының негізі болған еді. Бұл кезеңдегі қоғамдық ғылымдарда ғылыми зерттеудің элита теориясына орын болмады. Оның есесіне әлемдік ғылыми ойда бұл таным тәсілі қоғамдық-саяси құбылыстар мен тарихи оқиғаларға талдау жасап, ғылыми баға беруде батыл қолданып келеді. Ал идеологияланған кеңестік тарихнама оған “буржуазиялық қоғамның” кезекті сәтсіз тәжірибесі деген баға беріп қойды. Содан да кеңестік тарихнамадағы элитаға қатысты ой-пікірлерді ауқымды зерттеулердің арасынан біртіндеп іздеуге және ұқсас мәнді тұжырымдар мен концепцияларды элитологиялық қағидаларға сай талдап, тақырыпқа қарай “бұрып әкелуге” тура келеді. Демек, осы кезге дейін қолға алған тақырып концептуалды тұрғыда дербес зерттеле қоймағандықтан да алға қойған міндеттерді шешу ғылыми зерттеуді барынша мұқият жүргізуді қажет етеді.
Тақырыптың жаңа тарихи таным тәсілімен игерілуі жоғарыда айқындалған себептерді негізге алып, арнайы тарихнамалық талдау жасау міндетін алға тартады. Осы кезге дейін элита тақырыбының отандық тарихта жеткілікті дәрежеде қарастырылмауы тақырыптың зерттелу деңгейін айқындауды кешенді түрде жаңа көзқараспен жүргізуге итермелейді. Содан да зерттеу жұмысының мазмұнында бұл мәселе арнайы қарастырылды.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық зерттеу жұмысы ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы тарихындағы ұлттық элитаның қалыптасуы мен қызметін жаңа теориялық-әдістемелік концепция негізінде қарастыруды мақсат етіп қояды. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай міндеттер белгіленеді:
-элита теориясына қатысты әлемдік ақыл-ойды тарихнамалық тұрғыда талдау және жүйелік тәсілмен зерттеу;
-“элита” категориясын тарихи-әдістемелік танымның нысаны ретінде негіздеу;
-Түркістан қоғамындағы элитақалыптастырушы факторларды айқындау және жіктеу;
-дәстүрлі, ұлттық элита мен партиялық-мемлекеттік номенклатураның қалыптасу үдерісіне талдау жасау;
-кеңестік реформаларды іске асырудағы ұлттық элитаның қызметіне баға беру;
-ұлттық элитаның жеке құрамы мен олардың арасындағы саяси ағымдарды айқындау;
-Түркістан ұлт-азаттық қозғалысындағы ұлттық элитаның басшылық қызметін талдау;
-кеңес өкіметінің жергілікті ұлт өкілдерін саяси, мемлекеттік құрылымдар басшылығына тартудағы топтық, әлеуметтік шектеу тетіктерінің сырын ашу;
-Түркістандағы Алаш қозғалысы Оңтүстік қанатының қызметі туралы тұжырымды одан әрі тереңдету.
Диссертацияның ғылыми жаңалығы. Отандық тарихта теориялық-әдістемелік тұрғыда Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының тарихы алғаш рет элита теориясының әдістемелік негіздері бойынша қарастырылды. Осы кезге дейін тақырыптың бұл аспектісі отандық және шетелдік тарихшылар тарапынан қолға алынбаған болатын. Осыған байланысты зерттеу жұмысының мынадай маңызы мен жаңалықтарын атап көрсетеміз:
-алғаш рет шет елдік және отандық элита теориясына қатысты зерттеу жұмыстарына жүйелі түрде тарихнамалық талдау жасалып, қалыптасқан ой-пікірлердің мектептері мен ағымдары қарастырылды;
-отандық тарихта тарихи таным тәсілі ретінде ғылыми-зерттеу жұмыстарында элита теориясының әдістемелік мүмкіндіктерін қолданудың алғышарттары айқынды;
-нақты тарихи жағдайда элитақалыптастырушы саяси, әлеуметтік, рухани және этникалық факторлардың өзара байланысы жүйеленді;
-Түркістанның тарихи қоғамдық-мемлекеттік жүйелеріндегі элита айналымының саяси, әлеуметтік тетіктері жіктеліп, олардың ортақ белгілері мен ерекшеліктері ажыратылды:
-Түркістан жағдайында орныққан кеңестік қоғамның тоталитарлық жүйесінің билеуші тобына айналған партиялық-мемлекеттік номенклатураның қалыптасуы мен қызметіне талдау жасалды;
-ұлттық элитаның жоғарғы және орта буын өкілдері жеке құрамының сипатты ерекшеліктері айқындалып, олар ұлттық мүддеге қатысты әрекеттеріне қарай топтастырылды және олардың саяси көзқарастары мен қоғамдық ұстанымдары бір ізге түсірілді;
-қоғамдық-мемлекеттік билік институттарының қоғамды модернизациялау саясатына қатысты ұлттық элитаның ұстанған позициясы мен ықпал етуші қызметіне баға берілді;
-Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының негізгі кезеңдеріндегі ұлттық элитаның басшылық қызметтеріне және ұлттық күштердің арасындағы саяси ағымдарға талдау жасалды;
-партиялық-мемлекеттік номенклатураның элитаайналымының тетігі ретінде қолданған жоғарылату тәсілінің таптық сипаты мен саяси мазмұны жан-жақты сараланды;
-Түркістан ұлттық элитасы қызметі арқылы Алаш қозғалысының Оңтүстік қанаты жасырын жағдайда 1924 жылға дейін қызмет жасағандығы жөнінде концепция негізделді.
Тақырыптың хронологиялық шеңбері. Түркістан ұлттық элитасының қалыптасуы мен қызметінің тарихы тақырыбының хронологиялық кезеңінің бастауы 1900 жыл болып белгіленді. Өлкеде отарлық билік толық орнап, оның мемлекеттік билік құрылымдары қоғамдық, саяси, экономикалық модернизациялау міндеттерін іске асыруға шұғыл кірісуі ұлттық саяси элитаның қалыптасуы мен қызметін осы кезден бастауға негіз болады. Түркістан ұлт-азаттық қозғалысында қарулы күрестен бас тартқан ұлттық элита саясат сахнасына саяси күрес идеяларын алып шықты. Ал Орта Азиядағы ұлттық-территориялық межелеу әкімшілік, саяси бірлік ретінде Түркістан ұғымын тарих қойнауына жіберді. Ендігі жерде ұлттық элита қызметі жеке ұлттық мемлекеттер аясында қарастырылатын болғандықтан тақырыптың зерттеу кезеңі 1924 жылмен шектелді.
Диссертацияның практикалық құндылығы ретінде элита теориясының әдістемелік қағидаларын басшылыққа алып, бай деректік материалдар негізінде жасалған негізі тұжырымдар мен қорытындыларды, алынған нәтижелерді ғылыми еңбектер, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар дайындауға, сол сияқты әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы болашақ доктор, магистр, бакалавр мамандары үшін отан тарихының теориялық және әдістемелік мәселелеріне байланысты арнайы курстар дайындауда қолданылатындығын айтуға болады. Сол сияқты зерттеу жұмысында қалыптасқан әдістемелік тәсілдер ұлттық элита өкілдерінің қоғамдық-саяси қызметін жан-жақты зерттеп, тарихи таным нысанына айналдыруға мүмкіндік береді.
Диссертациялық жұмыстың деректік негізі. Отандық тарихнамада элитаға қатысты арнайы зерттеу еңбектердің болмауы және тәуелсіздік жағдайындағы тарихи таным қағидалары мен ұстанымдардың өзгеруі тақырыптың деректік негіздерін сұрыптаудың біршама күрделі сипатын айқындайды. Осыған байланысты зерттеу жұмысының деректемелік негіздері бірнеше бағытқа топтастырылды. Атап айтқанда:
- патша өкіметінің Түркістан өлкесі мен Далалық облыстарға қатысты реттеуші заңнамалық құжаттары;
- кеңес өкіметі мен үкіметінің, Коммунистік партия мен басқа да ұйымдардың Түркістан Республикасы мен Қырғыз (Қазақ) автономиялы Республикасына қатысты шешімдері мен қаулы-қарарлары;
- Түркістан өлкесі мен қазақ облыстарында жарық көрген мерзімдік басылымдар;
- тақырыптың хронологиялық ауқымы шегіндегі қоғамдық-саяси, тарихи оқиғаларды айғақтайтын түрлі кезеңдердің міндетін арқалаған құжаттық деректердің жинақтары;
- ұлттық элита өкілдерінің жарық көрген мемуарлық туындылары мен шығармаларының жинақтары.
Деректік негіз ретінде архив материалдары кеңінен пайдаланылды. Атап айтқанда Ресей мемлекеттік қазіргі заманғы саяси тарих архивінің (РГАСПИ) В.И. Ленин қоры (Қ.2), Халық Комиссарлар Кеңесі және Еңбек пен Қорғаныс Кеңесінің төрағасы В.И. Лениннің хатшылығы (Қ.5), РК(б)П ОК Саяси Бюросы (Қ.17), РК(б)П ОК Туркбюросы (1920-1921) (Қ.61), БК(б)П ОК Ортаазиялық бюросы (Қ.62), БОАК пен РКФСР ХКК Түрккомиссиясы (Қ.79), БОАК пен РКФСР ХКК Түркістан істері жөніндегі комиссия (Қ.122), П.А. Кобозев (Қ.133) қорлары, Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік архивының (ҚРОМА) Жетісу облыстық басқармасы (Қ.44), Уақытша үкіметтің Жетісу облыстық комиссариаты (Қ.Р-13), Верный, Әулиеата, Қазалы, Түркістан, Шымкент уездік басқармалары (Қ. 41, 140, 267, 119, 124) қорларында жинақталған деректік материалдар қамтылды. Ал Қазақстан Республикасы Президентінің архивындағы (ҚРПА) Халық Комиссарлар Кеңесі (Қ.14), Қырғыз Өлкелік партия комитеті (Қ.139), Қазақ Өлкелік партия комитеті (Қ.141) және Саяси қайраткерлердің естеліктері (Қ.811) қорларында ұлттық элита өкілдерінің 1924 жылдан кейінгі қызметтеріне қатысты мол құжаттық деректер талдау нысанына айналды.
Сол сияқты зерттеу мақсатына сай Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік Комитетінің және Қызылорда облыстық Ұлттық қауіпсіздік Басқармасы архивтерінің қорларындағы жекелеген тұлғаларға қатысты істердің деректері пайдаланылды.
Зерттеу тақырыбының негізгі нысаны болғандықтан басты дереккөзі ретінде Өзбекстан Республикасы Орталық Мемлекеттік архивының Түркістан генерал-губернаторының кеңсесі (Қ.1), Сырдария облыстық басқармасы (Қ.И-17), Сырдария облыстық соты (Қ.И-127), Түркістан Республикасы ОАК (Қ.17), Түркістан Республикасы Халық Комиссарлар Кеңесі (Қ.25), Түркістан Республикасы Ағарту Халық Комиссариаты (Қ.34), Түркістан Республикасы Ұлт істері жөніндегі Халық Комиссариаты (Қ.36), Түркістан Республикасы Кәсіподақтардың Орталық Кеңесі (Қ.735) қорларының, сонымен бірге Өзбекстан Республикасы Президентінің архивындағы ТКП Ферғана обкомы (Қ.25), ТКП Сырдария обкомы (Қ.56), ТКП Орталық Комитеті (Қ.60), ТКП Самарқанд обкомы (Қ.68) қорларының материалдары дереккөз ретінде қолданылды.
Аталған архивтерден қарастырылған құжаттар мен деректік материалдар авторға зерттеу барысында патша өкіметі мен кеңес өкіметінің және РК(б)П Орталық Комитетінің, оның Түркістандағы өкілетті органдары Түрккомиссия, Түркбюро, Ортаазиялық бюроның, жергілікті партия, кеңес органдарының ұлттық кадрларды билік құрылымдарына тартудағы қызметін талдап, оған ғылыми баға беруге мүмкіндік жасады.
ХХ ғ. алғашқы ширегінде жарық көрген қазақ тілді “Қазақ” (Орынбор), “Сарыарқа” (Семей), “Бірлік туы”, “Сана”, “Ақ жол”, “Шолпан” (Ташкент), өзбек тіліндегі “Улұғ Туркистон”, “Кенгаш”, “Хуршит”, “Наджот”, “Турон”, “Тарракий”, “Ойна” (“Айна” –Х.Т.) басылымдарында ұлттық элита өкілдерінің қоғамдық-саяси, әлеуметтік экономикалық мәселелерді көтерген құнды мақалалар жарық көрді. Ұлттық идеяның, тәуелсіздік идеологиясының қалыптасу эволюциясын анықтап, элита қызметіне баға беруде бұл деректемелік негіздің маңызы ерекше. Сол сияқты осы кезде Түркістанда шығып тұрған “Туркестанские ведомости”, “Туркестанский курьер”, “Туркестанское сельское хозяйство”, “Туркестанский вестник”, “Известия” (Түркатком мен ТКП ОК органы) басылымдарында өлкедегі қоғамдық-саяси үдерістің мазмұнын айқындайтын құнды деректер жарияланды.
Кеңес өкіметі мен Коммунистік партияның Түркістандағы қызметін бейнелейтін орасан зор көлемдегі саяси құжаттарды бұл күнде деректік құндылық ретінде қарастырудың маңызы үлкен. Сол сияқты партия, кеңес қайраткерлерінің еңбектері де тақырып мазмұнын ашуда маңызды дереккөз болмақ.
Осы аталған материалдарды талдау барысында, әсіресе, ресми құжаттарда кеңестік саяси жүйе мен оның басқару құрылымдарының, партиялық- мемлекеттік номенклатураның қалыптасуы мен қызметін идеологиялық тұрғыда біржақты бағалау ағымы үстем болғандығы бірден көзге ұрады. Ол құжаттарда кеңестік басқарушы таптың қалыптасуындағы олқылықтар мен кемшіліктер мүлдем аталмайды. Сондықтан да бұл құжаттарды сыни көзқараспен талдап, оның мазмұнын басқа құжаттардың дәйегімен салыстыра, саралай пайдалануға тура келді.
Тақырыптың құнды дереккөзі қатарында Түркістан ұлттық элитасы шоғырындағы М. Тынышпаев, С. Лапин, М. Бехбуди, Мұнауар Қари, М. Шоқай, Н. Төреқұлов, Т. Рысқұлов, С. Асфендияров, Ф. Хожаев, С. Қожанов, З. У. Тоған және т.б. қайраткерлердің мақалалары мен еңбектері, естелік жазбалары пайдаланылды. Сонымен бірге Түркістандағы саяси қозғалыспен тығыз байланыста болған Алаш қайраткерлері Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Қ. Кемеңгеров, Ж. Досмұхамедов, Х. Досмұхамедов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, М. Әуезовтердің шығармашылық мұраларында тақырып мазмұнын айшықтайтын деректер көптеп кездеседі.
Аса елеулі деректік база ретінде отандық және шетелдік архивтердің бұрын қол жетпейтін қорлардағы құжаттардың жарияланымы болды. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің архивы дайындаған жинақтар және Алаш қозғалысына қатысты құжаттардың жинақтарымен бірге Москваның «РОСПЭН» баспасынан жарық көрген жинақтар дереккөз ретінде кеңінен қолданылды.
Зерттеудің теориялық және әдістемелік негізі. Тақырыптың теориялық- әдістемелік негіздемесі диссертацияда арнайы қарастырылды. Зерттеу барысында талдау және жинақтау, индукция мен дедукция, тарихи-салыстырмалы, жүйелік – құрылымдық, теориялық таным, модельдеу мен типтендіру сияқты жалпы ғылыми, философиялық, әлеуметтанушылық, тарихи зерттеу тәсілдері қолданылды. Оның үстіне саяси тарихты зерттеу ғылымнан өткен күннің тарихи-саяси және әлеуметтік-мәдени дәйектерінен ой қорытқанда барынша шынайы болуды, саяси–идеологиялық феномендердің көптүрлі және қарама-қайшылықты жағдайын ескеруді талап ететін болғандықтан тарихи тәсілдерді қолдана отырып, ұлттық элита қызметін бағалауда зерттеу нысанасының көпнұсқалығы, олардың өзара байланысы мен ішкі тәуелділігі сияқты ерекшеліктер ескерілді. «Тарихты қайта жазып шығу» қағидасы емес, дәстүрлі тарихи танымдағы білімдерді толықтыратын, теріске шығаратын немесе қуаттайтын тың деректер мен тұжырымдар ұсыну қағидасы басшылыққа алынды.
Ұлттық элитаның қалыптасуы мен қызметі туралы теориялық танымымыз бен ұстанымдарымыздың қалыптасуына идеялық және әдістемелік тұрғыда елеулі ықпал жасаған және іргелі теориялық еңбектері басшылыққа алынған авторлар қатарында С. Зиманов, Р.Б. Сүлейменов, М. Қозыбаев, К. Нұрпейіс, М. Қойгелдиев, Х. Әбжанов, Т. Омарбековтерді атаймыз.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
-Қазақ мемлекеттігі құрылымының тарихи мәселелеріне теориялық талдау жасаудың элитологиялық концепциясы қоғамдық дамудағы саяси-әлеуметтік факторлар мен этникалық рухани үдерістердің өзара ықпалынан туындайтын ерекшелікті ескеруді қажет етеді;
-ұлт-азаттық күресі ең басты элитақалыптастырушы фактор болғандықтан осы рухта қалыптасқан ұлттық элита құрамы мемлекеттік басқаруда қарымдылық таныта алмады; оның бір айғағы - Кеңес Одағы құрамындағы ұлттық мемлекеттік құрылымды айқындауда ұлттық элита өкілдерінің қоғамды модернизациялаудың орнына полиэтникалық негізде Түрік Кеңестік Автономиялық Республикасын құру туралы жасаған саяси әрекеттері тарихи дамудың талаптарына жауап бере алмады; осы мәселеге байланысты Түрккомиссияның әрекеті біржақты шовинистік сипатта түсіндіріліп келді;
Достарыңызбен бөлісу: |