Қазақстан К(б)П Орталық комитеті қаулы етті:
1. Қ.И.Сәтбаев жолдас Қазақ ССР Ғылым Академиясының президенті қызметінен босатылсын және оған есеп карточкасына жазылған қатаң сөзгіс берілсін.
КБП (б) Орталық комитетіне бекітуге жіберілсін.
2. Сәтбаев жолдасқа өзінің өмірбаянына тиісті өзгерістер енгізу міндеттелсін.
3 Ерекше іске тіркелетін ескерту.
Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің хатшысы – Ж.Шаяхметов»,– деген шешім шығарды.
Сол күні «Ерекше істегі аса құпия»:
«3. Қазақ ССР Мемлекеттік Қауіпсіздік министрі Фитин жолдасқа: «Алашорданың» Семейдегі комитеті Қ.И.Сәтбаев жолдасты үгітші ретінде пайданғаны туралы материалдарды тексеріп шығып, оның нәтижесін Қазақстан К(б)П Орталық комитетіне хабарлаңыз»,– деген қатынас та тиісті мекемеге жолданды.
Қазақстан Орталық Комитетінің және жеке Ж.Шаяхметовтің бар қолынан келгені, академиктің кейінгі өміріне тікелей қатысы шамалы: тегін жасырды, 1927 жылы кітаптың алғысөзінде қателік жіберді, «халық жауы» болып ұсталып, мерзімін өтеп қайтып келгендерді жұмысқа алды – деген сияқты Қ.Сәтбаев тәрізді ірі ұйымдастырушы ғалым үшін бір үшкіруден қалмайтын «айыпсымақтарды» тағумен шектелуі еді. Осыдан кейін Қ.Сәтбаев СССР Ғылым Академиясының кезекті сессиясын желеу етіп Мәскеуге баспаналап кетуге мәжбүр болды. Онда барған соң Сталинге хат жолдады, бірақ оның жауапсыз қалатыны әу бастан белгілі болатын.
Мәскеудегі одақтық деңгейдегі министр Тевосян мен СССР Ғылым Академиясының президенті Несмеянов Қ.Сәтбаевқа қамқорлықпен қарап, лауазымды қызметтер ұсынды. Анығында, БК(б)П Орталық комитетіне қалтқы тастап, қармақтың сабын ұстатып, астыртын ұйымдастырып отырғандар империялық өктем пиғылдағы, ұлы отан соғысы жылдарында он оқтың тоғызын шығаруды қамтамасыз еткен геолог-акдемиктің мәскеулік бақталастары еді.
М.-Х. және Ж.Сүлейманова: «Мәскеулік он академик, тау кен істерінің генералдары СССР Министрлер Кеңесіне: «академик Қаныш Сәтбаев халық шаруашылығына зиян келтіретін жалған болжаулар жасаумен шұғылданып жүр» – деген арыз жазған кезде, Ілияс Омаров тікелей байланыс арқылы Қара металлургия министрі Иван Тевосянға хабарласып, тағдыры тек Мәскеу арқылы шешілетін академик Сәтбаевті қорғауды өтінеді. Тевосян арызға қол қойғандардың барлығын өзінің кеңсесіне шақырып алып, оларды сол сәтте бөлмесінде отырған Қаныш Имантайұлынан кешірім сұрауға көндіреді. Ілияс Омаров телефон арқылы Сәтбаевқа Мәскеуде қала тұруға кеңес береді».
Бұл деректің шындығын академик Шафик Шокиннің мына естелігі растайды:
«Осыдан бұрын Сәтбаев пен Әуезовті Республикадан қудалап шығарған оқиғаның орын алғаны әркімнің есінде шығар. Ол елден кеткеннен кейін біраз уақыттан соң мен Қаныш Имантайұлымен Мәскеуде кезіктім. Ұстазым арандатуларды өте ауыр қабылдапты. Басшылар мен баспасөздің оған неге осыншама жабыла шүйіліп алғанын еш түсінбепті. Мен академиктің осыншама дәрменсіз, осыншама шарасыз күйге түскенін соған дейін де, содан кейін де көргемін жоқ. Сөйлесіп отырған сәттерімізде ол менен өзін демейтін қандай да бір сүйеніш, тым болмағанда, өзінің көңілін орнықтыратындай жұбату іздеп отырғандай сезілді. Қуғындалған ғалым маған: СССР Ғылым Академиясы екі қызмет – Академик-хатшының орынбасары мен СССР ҒА-ның Урал филиалының төрағалығын ұсынып отыр,– деді. Жалпы алғанда өте жоғары қызметтер, бірақ та мен оны осы екі ұсыныстан да бас тартуға көндірдім. Өйткені Сәтбаев – халықтың ортақ сүйіктісі. Оған ешқандай да жала дақ түсіре алмайды. Егерде ол осы екі ұсыныстың бірін қабылдай қалса, онда халықтың сенімі мен құрметіне кірбің түседі. Яғни, академик өзі құрмет тұтқан осы өмірдегі ең қымбатынан айырылады. Мен оған Жезқазғанға баруды ұсындым. Өмір жолын сонда бастады, ондағылардың бәрі мұны біледі әрі бағалайды. Сонда жұмыс істедіңіз, – дедім мен ойымды жалғастырып, – уақыттың өзі бәрін де орынына келтіріп, сізді Қазақстан ғылымына қайта алып келеді. Сәтбаев менің ұсынысыма қатты қуанды. Әңгіме «Москва» қонақүйінің бөлмесінде өтті. Әйелі Таися Алексеевна қосалқы бөлмеде желтанау болып ауырып жатқан. Қаныш Имантайұлы әйеліне: «Сенде ішетін бірдеңе бар ма? Жақсы ұсынысты жуу керек», – деп оны орынынан тұрғызды. Академиктің жұбайы да: «Несі бар, онда Жезқазғанға кеттік», – деді көңілденіп».
Қаныш Сәтбаевтің тағдыры ғылым мен мәдениет, әдебиет саласынағы көзқарас иелерінің бүкіл тағдырын анықтап беретін шешуші нысана боғандықтан да, қайта оралып жатпас үшін, оның кейінгі көрген қысымын келтіре кетеміз.
Ғылым Академиясының Жарғысы бойынша Орталық комитет орынынан алғанымен де, оның Президенті жалпы жиналыста сайлануы тиіс болатын. Бұл мәселе Орталық комитетті қатты алаңдатқан. Ақыры Қ.Сәтбаевті Сессияға шақырды. Қандай да бір ауызша уәдеге қарамастан басына төнген қатердің сейілгеніне сенбей Мәскеу мен Ленинградта жүріп күні кеше қол астында баяндама жасап жүрген, қазір Орталық комитеттің ғылым бөлімін басқарып отырған Н.Жанділдинге:
«15-көкекке белгіленді деген Ғылым академиясының мәжілісіне қатыса алмаймын... Егерде Орталық комитет қолдайтын болса, онда Академияның жалпы жиналысында жаңа президентті сайлардың алдында мына хатты оқып берулеріңізді өтінемін»,– деп хат жазды. Онда:
«Қазақ ССР Ғылым Академиясының дамуы мен өркендеу жолының күрделеніп бара жатқандықтан да, менің егде тартқан жасым мен сыр бере бастаған денсаулығыма байланысты бұрыннан бері жоғарғы жақтан мені Қазақ ССР Ғылым Академиясының президенті сияқты жауапты жұмыстан босатуды өтінген болатынмын.
Әділ сынның нәтижесінде: Ғылым Академиясының басшылығы мен Академияның президенті ретінде менің: кадрларды таңдау, қоғамтану институттарындағы ғылыми жұмыстарды қадағалау барысындағы елеулі идеологиялық бұрмалаушылықтар мен кемшіліктер жібергеніміз анықталғаннан кейін мен үшін бұл қадамның дұрыс екендігі тіпті анық бола бастады.
Сондықтан да мен Қазақ ССР Ғылым Академиясының жалпы жиналысынан мені президенттік міндеттен босатуды қатты өтініш етемін, сөйтіп менің бұдан былай өзімнің сүйікті геология ғылымы саласында бірыңғай қызмет етуіме мүмкіндік берулеріңізді өтінемін.
Қазақ ССР Ғылым Академиясының жаңа президенттігіне өз тарапымнан – кен орындарын өңдеудің ірі маманы, қазақстанның ауыр өнеркәсібінің даму мәселелерінің білгірі, мемлекеттік және ғылыми-өндірістік тәжірибесі мол, жас, денсаулығы жақсы, қуатты Димаш Ахметұлы Қонаевтің кандидатурасын ұсынамын әрі қолдаймын, оның жоғарыдағы қасиеттері Қазақ ССР Ғылым Академиясының ғылыми өмірі мен қызметін тиісті деңгейде басқаратынына үмітпен қараймын. Академик Сәтбаев»,– деп жазылды.
Сөйтіп, төрт жылға «өндірістік демалыс» алды. Әрине, мұның астарында үлкен жүректің үлкен күйзелісі жатты. Оған Ғылым Академиясының жаңа президенті Д.А.Қонаевтің:
«1952 жылы 16-17 көкек күні республика Ғылым Академиясының жалпы жиналысы өтті. Сессияның бірінші күні М.П.Русаков пен А.Қ.Жұбановты – академияның толық мүшелігінен, Қ.Ж.Жұмалиевті – мүше-корреспонденттік дәрежесінен айыру туралы мәселе қаралды. Русаков – Қазақстанның геологиялық ғылымына ерекше үлес қосты. Оны академияның құрамынан: «Кеңестік социалистік республикалар одағына қарсы бағыталған зиянкестік әрекет үшін» – деген айыппен шығарды. 1952 жылы мұндай айыптың тағылуы соттың үкімімен тең еді. Өз саласындағы ірі ғалымдар Жұбанов пен Жұмалиевті – «Қазақ ССР Ғылым Академиясынан қол үзгені үшін» деген желеумен шығарды. Орталық комитет пен Орталық комитеттің идеология жөніндегі хатшысы М.Сужиковтың тікелей басшылығымен қабылданған бұл шешімді мен мүлдем қате, әділетсіз деп есептедім және солай деп есептеймін. Ол күндері мен әлі академик емес едім, сондықтан да ағысқа қарсы жүзе алмадым, алайда мен, өз кезегінде бұл шешімнің күшін жоятынымызды білдім. Солай болды да. Әрине, жіберілген қатені осы бір тамаша ғалымдардың бұрынғы құқын белгілі бір қиыншылықпен қалпына келтіруіме тура келді. Ашығын айтқанда, соғыстан кейінгі кезеңде де Қазақстанның көрнекті ғалымдары мен мәдениет қайраткерлеріне қарсы орынсыз қуғын жүргізу тоқтатылған жоқ. Тарихшылар Ермұхан Бекмаханов пен Бекжан Сүлейменов тұтқындалып, ұзақ мерзімге сотталды. Сонымен қатар ғалым-әдебиеттанушылар Есмағамбет Исмаиылов пен Қайым Мұхамедханов та сотталды, соңғысына Абайдың әдеби мектебін зерттеу мәселесінде жіберген «ұлтшылдық қателері үшін» деген айып тағылды». Өкінішке орай, Орталық комитеттің басшылары бір қатар ғалымдарға негізсізден негізсіз жағымсыз көзқараста болды», – деген естелігі дәлел.
Сөйтіп, Д.А.Қонаев Ғылым академиясының Президенті ретінде өзінің №1 бұйрығымен: кеңес өкіметіне зиянкестігі үшін, академиямен байланысты үзгені үшін М.П.Русаковты, А.Қ.Жұбановты, Қ.Жұмалиевті Ғылым академиясының толық мүшелігі және корреспондент-мүшелігі атағынан айырды.
Жеме-жемге көшкенде Қ.Сәтбаев сияқты ірі ғалымнан айырылу – республиканың беделін түсіретін және ондай тәуекелге бара да алмайтын. Сондықтан да 1952 жылы Ж.Шаяхметов «Мәскеу» қонақүйінде сонда жатқан Қ.Сәтбаевпен оңаша кездесіп:
«Орталық басылымдардың мақалаларынан кейінгі аласапыранды оқиғадан соң сізді президенттік қызметте алып қалудың еш мүмкіндігі болмады. Алайда мен сізден Қазақстанға қайтып келуді табанды түрде өтінемін. Геология институтының директоры боп істеңіз. Егерде ол қызмет сізді қанағаттандырмаса басқадай орын табамыз. Қазақстан Компартиясының басшылығы сізге бұрынғыдай сеніммен қарайды. Сөгісті де алып тастаймыз, тек сабыр сақтаңыз. Бюрода қараймыз»,– деп ұсыныс жасаған болатын.
Ол өзінің бұл уәдесінде тұрды. Қазақстан коммунистерінің Ү сьезінде өнеркәсіптік маңызы зор кен орындарын барлаудың геологиялық картасын жасау міндеті Геология институтына жүктеліп, ғылыми жетекшілік ету академик Қ.Сәтбаевқа тапсырылатынын коммунистердің құрылтайына мақұлдатып алды. Сөйтіп, Д.А.Қонаев партияның қарарын орындау мақсатында шартты түрде өзінің №2 бұйрығымен Қ.Сәтбаевті геология институтының директоры қызметіне тағайындады.
Бұл кезде Мұхтар Әуезовтің де жеке басы таразыға тағы да тартылып жатты. Үш жылға созылған үлкен науқанның алғашқы талқысы, міне, осылай аяқталды.
Иә, бәрі де амалсыздың ырқы еді.
БЕСІНШІ ТАРАУ: КЕРАЗУЛАР КЕРГІСІ
(немесе «Абайдың атын бетқап етіп жамылған ... Әуезов»)
1.
Кенесары қозғалысының дауыл толқыны көтеріліп басылар деген үмітте болды ма, әлде Абайдың рухына сенді ме, кім білсін, сол көктемде Әуезов ағысқа қарсы жүзді. 1951 жылы 9-наурыз күні Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтының ғылыми Кеңесі Қ.Мұхамедхановтың «Абайдың ақындық мектебі» деген тақырыптағы диссертациясы туралы мәселе қарады. Қ.Жұмалиев пен С.Нұрышевтің ашық қарсылығына қарамастан, 6 адам – жақтап, 1– адам қарсы болып, Тарих, этнография, археология институтымен біріккен кеңесте қорғауға жіберілді.
Диссертация 7-көкек күні қорғалды. Кеңестің төрағасы М.Сауранбаев, оппоненттері Сильченко мен Әуезов, талқылауға қатысқандар: Қ.Жұмалиев, Тастанбеков, С.Нұрышев, Е.Бекмаханов, С.Аманжолов, Балқашев, Усанович, Тұрғамбаев, Б.Сүлейменов, М.Ғабдуллин т.б. Оппоненттердің пікірінен соң сөз алған Қ.Жұмалиев:
«Қызық, диссертант Әуезовтің бұл қателігін қатты сынаудың орынына оның жетегінде кеткен. Ал Әуезов жас ғалымға дұрыс бағыт берудің орынына, ғылыми Кеңестің алдында оған ғылыми дәреже беруді ұсынады... Бұл диссертация ғылымға қарсы ұстанымда жазылған. Мұнда Кенесары Қасымовты әспеттеген ақындардың шоғыры топтастырылған, пантүркизмнің, панисламизмнің идеяларын жаңғыртады, өзінің көзқарасы жағынан халыққа қарсы, жат ақындарды ақтауға тырысады»,– деп диссертантты да, оппонентті де, Көкбай, Әріп, Тұрағұлды да да жерден алып, жерге салды.
Ал әйгілі керазу С.Нұрышев тура Әуезовтің өзінің жағасына жармасты:
Достарыңызбен бөлісу: |