Алайда мен, жүйелі түрде болмаса да, «Манастың» кейбір нұсқаларын зерттеуге белгілі бір дәрежеде қатысым болғандықтан да, «Манас» жөніндегі өзім атқарған сол жұмыстарды қысқаша еске сала кеткім келеді».
Оның осы сөзінің өзі-ақ «Манастың» тағдырының қалай шешілетінін анықтап бергендей еді.
Шындығында да «Манас» эпосын жиырмасыншы жылдардың екінші жартысынан бастап зерттеп, жинақтай бастаған М.Әуезов сол тұста өзінен басқа тәжірибелі де беделді манастанушының жоқ екенін және оның қырғыз халқының өмірінен қандай орын алатынын білді. Сонымен қатар отызыншы жылдардан бастап СССР Ғылым Академиясының аясында зерттеуге қатысып, ғылыми мақалалар жазды. Оның бір данасын біз 2000 жылы Санкт-Петербургтағы Кунсткамераның архивінен көріп едік. Бұл туралы М.Әуезовтің өзі осы сессиядағы сөзінде:
«Мен «Манасты» 30-жылдардың басынан бастап зерттей бастадым да, 1935 жылы өзімнің зерттеуімнің алғашқы нұсқасын жаздым, содан кейін 1937 жылы өңдедім, ал 1942-1943 жылдары оны осы арада менсіз өңдепті, алайда 1944 жылы мен оны қайтадан өңдеп шықтым да соңғы нұсқасын Тіл, әдебиет және өнер институтына ұсындым. Айта кетейін, жоғарыдағы зерттеулердің негізінде жазылған менің жекелеген газеттік мақалаларым болмаса, менің жұмысым толығымен ешқандай редакцияда жарияланған жоқ. Сол жылдары, яғни, отызыншы жылдардың басы мен аяғында Сағымбайдың нұсқасынан басқа бір де бір өзге нұсқа болған жоқ. Қаралаевтің нұсқасы 1936 жылы жазылып алынды, мен ол жазбаны оқып шықтым, ал бітпей қалған жерлерін оның өз орындауында тыңдадым, бірақ Молдбасанның нұсқасын оқығамын жоқ.
Сонымен, тек қана Сағымбайдың ғана толық нұсқасын алдыма қойып, сол арқылы өзімнің зерттеулерімді жүргізуімнің нәтижесінде, мен оның нұсқасын ғана емес, мұқым «Манас» жырын феодалдық деп таптым. Рас, «Эпостың жазылу жағдайы» деп өзім атаған тарауда одан қайтқаным да бар, бірақ негізінен сол кезде бүкіл эпосты феодалдық идеологияның көрінісі деп есептедім. Оның үстіне ол кезде бұлай айтуымның үлкен себептері де болды, сол себептер мені қате пікірге жетелеп әкелді, ал ол себептің мәнісі, сол кезде халық эпостарына жаппай феодалдық, кньяздық-жасақтық, боярлық ортаның мұрасы деген қате пікір үстемдік алып тұр еді. Ол кезде буржуазиялық фольклор ілімінің елесі сақталып қалған, веселовщинаның дүрілдеп тұрған кезі еді. Бірақ, кейін, Камералық театрдағы Д. Бедныйдың «Батырларының» қойылымы туралы БК(б)П Орталық комитеті мен «Правда» газетіндегі батырлық быльиналарды халықтық мұралардың қатарына жатқызған пікірден кейін мен де өзімнің «Манасқа» деген бұрынғы көзқарасымды өзгерттім. Мен: Сағымбай өзінің нұсқасына барлық феодалдық көріністерді, халыққа жат панисламистік, пантүркистік және контрреволюциялық-ұлтшыл сарынды эпосқа күштеп кіргізгенімен де, соның барлығының астарында, ұжымдық шығарма ретінде, Сағымбайдан бұрын, оның өзі жаттап алған, ғасырлар бойы айтылып келе жатқан көптеген жырлардың түбінде халықтық негіз жатқанына сенімді болдым. Сыни көзбен қарай отырып, Сағымбайдың ертегілік қоспалары мен оны айтқызғандарды, Сағымбайдың кейбір бұрмалауларын әшкерелей отырып, эпостың ескі, тұрақты желісін халық мұрасы деп таныдым. Халық эпосы жөніндегі бұдан кейінгі ізденістерімді кеңестік фольклористиканың тәжірибесі ғана емес, сонымен қатар туысқан республикалардың Мәскеуде өткен онкүндікте көптеген халықтардың эпостық шығармаларының көрсетілуі одан әрі нығайта түсті.
Осында жасалған Климовичтің баяндамасында, мен өзімнің бір еңбегімде пайдаланған пародияны ескертіп өтті. Бұл пародияны келтіру деген сөз – мұқым «Манасты жоққа шығару деген сөз емес, соның ішіндегі феодалдық, манаптық нұсқаны жоққа шығару болып табылады. Мүмкін, мұнда сол әжуа-әзіл арқылы эпосқа жапсырылған жалған манасшыл қасиеттерге халықтың көрсеткен қарсылығы жатуы мүмкін.
Өзімнің «Манас» туралы жұмысыма анықтама дәрежесіндегі сөзіме қосымша, мен мынаны мәлімдеймін: «Манас» туралы талқылаудың барысында конференцияның, алдыңғы қатарлы жұртшылықтың қабылдаған қорытындылары мен нәтижесіне сүйене отырып, мен өзімнің ертеректегі зерттеулерімдегі кейбір қате пайымдауларды қайта қарауға, өзгертуге дайынмын.