Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»


Енді мен осы конференцияның міндеттері ретінде көрсеткен негізгі мәселеге қайтып ораламын»,–



бет204/271
Дата22.12.2021
өлшемі10,61 Mb.
#440
түріБағдарламасы
1   ...   200   201   202   203   204   205   206   207   ...   271
Енді мен осы конференцияның міндеттері ретінде көрсеткен негізгі мәселеге қайтып ораламын»,– деп ойын бір қайырып тастады.

Өз елінде осы пікірлері үшін қудалау мен әшкерелеуге ұшырап жүріп мұндай батыл пікірді айтуға М.Әуезовті не мәжбүр етті? Жалаңтөс баһадүрліктің заманымен жалаң жақсыатанудың уақыты өткен, қырғыз ғылымының іші де мамыражай емес болатын. Оған бірінші себеп, әрине, қырғыз халқы мен «Манастың», сол арқылы өз ұлтының халықтық мұрасының алдындағы өтелетін парызы.

Екінші, жиырма жетінші жылғы «Күнделік» қатирасындағы жырдың жазбасынан бастап осы баяндаманың мәтінін қағазға түсірген сәтіне дейінгі аралықтағы ғылыми кешулерінен кешірім өтінбесе, отыз жетінші жылғы мақаланың мазмұнынан хабардар сессияға қатысып отырған қазақ, қырғыз ғана емес, одақтық ғалымдар оның «құбылып түсіп», халыққа бет беруін театрдың іші-сыртын кернеп, қамшысын білеп тұрған «алдыңғы қатарлы жұртшылықтың» алдында жақсы атану деп бағалауы заңды еді. Сонымен қатар, Разақов пен Қазақбаев сияқты өзі жақсы араласатын республика басшыларының, Аалы, Түгелбай, Қуанышбек сияқты достарының құпия қолдауы да қолтығынан демегені анық. Бұл мәселеге қазақ зиялылары мен ғалымдары да, өзге республикалардың жұртшылығы да назарын тігіп отырған.

М.Әуезов (жалғасы): «Сіздердің өздеріңізге мәлім болып отырғанындай, біздің жағдайымыз бен саралауларымыздың басын бірден ашып алу үшін, мен: «Кеңестік қырғыз халқына «Манас» эпосы керек пе, жоқ па?»,– деп бірінші мәселені турасынан қойдым. Өйткені бұл сұрақ конференцияға да, баяндамашыларға да, қосымша баяндамашыларға да бет пе бет қойылып, нақты жауабын талап етіп отырған негізгі мәселе болғандықтан да, бұл сұраққа бірінші сөз алған бас баяндамашы Боровков жолдастың қалай жауап бергенін еске түсіре кетпесек болмайды. Өзінен өзі: біз жоғарыда қойылған сұраққа баяндамадан, қосымша баяндамалардан жауап ала алдық па, жоқ па?– деген сауал туындайды. Мойындауымыз керек, өкінішке орай, ондай жауапты біз ести алмадық. Ал оған нақты жауапты баспасөздегі талқылаулар мен жолдас Жәкішевтің баяндамасы және қосымша баяндамалар берді, ал Боровковтың баяндамасындағы жауабы не ол емес, не бұл емес болып шықты. Оның баяндамасының 99% Сағымбай нұсқасының әсеріне құрылғанын бәріміз біліп отырдық. Баяндамашының талдаулары тек қана жағымсыз, дөрекі, халыққа жат көріністерден алынған үзінділерге құрылған. Оның есесіне эпостың өзінің бойындағы негізгі оқиғалардың желісіне құрылған халықтық көріністер тиісті дәрежеде іріктеліп алынбаған. Сөйтіп, баяндамашы «Манасты» зерттемеген, тек «Манасқа» жапсырылған жамаулардың барлығын жөргеп шыққан. Соның нәтижесінде, жағымды көріністерге бір-ақ пайыз орын берілген, өзінің қолында бар материалдың негізінде эпостың тууы туралы мысқалдап қана пікір білдірген. Боровковтың баяндамасының осы соңғы тұжырымы дұрыс әрі маңызды. Егерде, бәрі де шындығында да осындай болып шықса, өзінің баяндамасындағы тұжырымның дұрыстығына сенсе, онда баяндамасының құрып кеткенде тең жартысын соған негіздеуі керек еді. Әйтпесе, эпосты жағымсыз жағынан көрсеткен ұзақтан да ұзақ келтірілген үш үзіндіден кейін оның бұл қорытындысы тосын әрі өзара қарама-қайшы пікір боп шықты».

Міне, енді мәселенің басын ашып алған соң, «жағымсыз, дөрекі, халыққа жат көріністерді» қасақана мысалға келтірген Бороковтің пікіріне тойтарыс бере отырып, тереңдей талдайды.

М. Әуезов (жалғасы): «Ал, «Манастың» кеңестік қырғыз халқына керек екендігі айдан анық. Мұны: кеңестік қырғыз халқының ойы мен сезімін жеткізген жазушылар мен ғалымдар ғана емес қолдап отырған жоқ, сонымен қатар, қырғыз халқының өзі де социалистік дәуірдегі түлеген тарихы мен мәдениеті арқылы соған үнін қосып отыр. Міне, бұл ретте кеңестік қырғыз халқының 34 жылдан бері «Манасты» пайдаланып келе жатқанын қалай еске алмайсың? Ол баспасөзде, мектепте, әдебиетте, өнерде насихатталды. Қырғыздардың онкүндігінде мәскеуде Сталин жолдастың өзіне көрсеткен «Айчүректі», көптеген мақалаларды, кітапшаларды, жинақтарды, эпостан үзінді берілген оқулықтарды еске алайықшы, оларды қайда жібереміз, есептен қалай шығарып тастаймыз? Рас, Климович жолдаспен басқа да шығып сөйлеушілер дұрыс көрсеткен идеялогиялық қателіктерді де атап өту керек. Алайда сонымен қатар, кеңестік Қырғызстанның «Манасын» қай совхоз, қай колхоз, қай өндіріс білмейді?



Сонда осы уақытқа дейін панисламизм, пантүркизм насихатталып келген бе, сонда олар «Манасты» буржуазиялық ұлтшылдардың рухымен айтып, жырлап келген бе? Халықтың өзі «Манасты» кеңес заманында барынша дәріптеп, барынша халықтық етіп көрсетіп, көптеген жамау-жасқауды алып тастады емес пе.

Кеңестік дәуірдің болмысына кіріккен «Манас» оның бойына жапсырылған жұғымсыздықтан әлі тазарған жоқ па? Қазір «Манастың» қай жерінен пантүркисті, панисламисті немесе ғазауаттың шейіті болған «Манасты» қайдан көрдіңіз? Әлде, бүгінгі кеңестік қырғыз халқының бойы мен ойында батыр Манас емес, хан Манас жүр дейсіз бе, Қырғыз халқының бүгінгі «Манасқа» деген назары бұрынғы нағыз халықтық негіздегі Манасқа – халықтық қасиетті бойына тоғытқан батырға ауып отырған жоқ, ерлік, намыс, адамгершілік, ізгілік, отанға деген махаббат сияқты қасиеттерді үлгі тұтады. Одан басқаша болуы да мүмкін емес».

Иә, қырғыз ұлтының «Манассыз» өмір сүруі мүмкін емес. Себебі ...

М.Әуезов (жалғасы): «Төңкеріске дейін қырғыз халқының төл жазуы жоқтың қасында болғанын еске алайықшы, онда феодальдар мен феодалдарға тәуелді бұқараның арасында эпос үшін күрес жүріп жатты, әсіресе, төңкерістің қарсаңынан он жыл бұрын тіпті шиеленісіп кетті. Ал кеңес халқы қарама-қарсы идеялогияның күресін бейнелейтін мұраға иелік ете отырып, өзінің бүгінгі толыққанды тұрмысына сай үндес келетін тұстарды іріктеп алуы керек болды.

«Манас» кеңес халқына керек пе, жоқ па, деген мәселені шеше отырып, біз аса маңызды өзге бір жайтты есте ұстауымыз керек. Қырғыз халқының өткендегі рухани мәдениетінің бірден бір мұрасы ретінде, мұнда халықтың поэтикалық рухани мәдениетінің, сөздік қоры мен сөйлеу мәнерінің өте құнды қазыналары шорлана жинақталған. Мұнда социализмге жол тартқан қырғыз халқының әдеби тілінің көп ғасырлық қалыптану, қалыптасу, даму үрдісі көрініс тапқан. Өзінің классикалық жазушылық үлгісі жоқ, немесе жоққа тән, өзгедей шығармалары да көп емес халықтың тілінің орасан зор әдеби-бейнелі жібі тоқылған, лексикалық, синтаксистік, поэтикалық қазыналы қордан қандай лингвист бас тартып, қолын сермей алады? Сонымен қатар поэтикалық мәдениеттің ғасырлар бойғы даму қайнары осыдан бастау алады. Жоғарыда айтып өткенімдей, мұнда мифтер, аңыздар, нақыл сөздер, тұрмыстық, отбасылық, қоғамдық, экономикалық қарым-қатынастар көрінісі де жинақталған. Мұнда халықтың көп дәуірлі сатыларындағы, тек қана ХІҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы қырғыз – қалмақ соғысы емес, одан бұрынғы, яғни, монғол шапқыншылығы тұсындағы, одан да бұрынғы қырғыз халқын жұтатқан түрік қағанаты, ежелгі үйсін патшалығы кезіндегі тарихы баяндалған.

Айтылғандардың барлығы, «Манас» эпосының қырғыз халқына өзінің өткен тарихының құнды мұрасының ескерткіші ретінде керек екендігін аңғартады. Сондықтан да «Манас» эпосы басылып шығуы керек, оқылуы керек. Өткен онжылдықтардың тәжірибесімен шектеліп қалуға болмайды. Ол қандай сапалы деңгейде басылып шығуы тиіс? Оған жауап беру үшін екінші мәселеге көшемін».

Сөйтіп, ең басты мәселені айтып қана қоймай, оны қорғап та қалды. Мұндай қисынды да мағыналы, намысты сөзге қарсы шығу – мұқым қырғыз ұлтына рухани ғазауат жариялау болатынын ғалымдар да, коммунистер де, олардың партиясы да түсінді. М.Әуезов бұдан кейін «Манастың» жиынтық нұсқасын жасаудың әдіс-тәсілдеріне, нұсқалардың мазмұнына, қажетті, қажетсіз көріністерді іріктеуге, басылым шарты мен көлеміне қатысты ғылыми мәселелерді көтерді. Бір ғалымның пікірін қостап, сынап, кеңес берген тұстары да бар. Біз Мұхтар Әуезовтің сондай қысылтаяң тұста барынша қанаттанған ғылыми ойының қисыны мен толысқандығын, «Манасты» соншама терең білетінін аңғарту үшін осында айтылған пікірлерін қысқаша мазмұндай түйіндеп береміз.



М.Әуезов (жалғасы): «Осы орайда: жиынтық нұсқаның жасалуы мүмкін бе? – деген сұрақ қойылып жатты. Баяндамашылар мен өзге де сөйлеушілердің пікіріне қосылып, мен де: Иә. Мүмкін, ол нұсқаны міндетті түрде жасау керек – демекпін. Ал оны қалай жасау керек? Бұл сұраққа жауапты бірінші боп: үш манасшының орындауынының негізінде өзінің нұсқасын жасап шыққан Радлов жауап беріп кеткен болатын. Манас жырының ортақ өлшемі, бейнелеу мәнерінің өзіндік ерекшеліктері, әдетте барлық манасшыға ортақ болып келетін оқиға желісі, тақырыбы мен құрылым тұтастығы эпостың радловтық нұсқасын жасауға мүмкіндік берді. Әр орындаушы «Манастың» авторы, әр нұсқаның өзіндік ерекшеліктері, поэтикалық бейнелеу әдіс-тәсілі, мәтіндік бояулары сол орындаушыға ғана тән – деген ғылымға жат пікірден бас тарту керек. Барлық нұсқалардың ортақ тұстары бар, бұл тек эпикаға тән триадалық қайталаулар мен жалпы қалыптануында ғана кездеспейді, сонымен қатар бәріне ортақ жырлардың өзінде де болмашы ғана поэтикалық-сөздік айырмашылық ұшырасады. Сондықтан да сөйлеушілердің барлығы да: Радловтың нұсқасы пен кейінгі нұсқалардың арасындағы, Сағымбай мен Қаралаевтің, Сағымбай мен Шапақовтың, Қаралаев пен Шапақовтың нұсқаларының арасындағы ұқсастықты атап өтті. Бұлар өзара идеялық-тақырыптық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар кеңінен таралған сюжеттік-поэтикалық, бейнелеу-мәнерлік жағынан да қарайлас келеді. Сондықтан да, жырдың мазмұнын: Сағымбайдың нұсқасы мен кейіннен Сағымбайға еліктеп айтушылардың нұсқасының арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтар – деп талдау дұрыс емес, керісінше, мұны ғылыми тұрғыдан, өзіміздің жазба әдебиетінің емес, ауызша жеткен поэтикалық өнімді салыстырып отырғанымызды есте ұстай отырып, кейінгі жазба нұсқаларды – өзгертілген, жасанды, эпосты бұрмалап, ойдан қосқан Сағымбайдың нұсқасымен салыстырмау керек, керісінше, Сағымбайдың және басқалардың жазба нұсқасын баяғыдан бері халық арасында кеңінен сіңген «Манастың» негізгі, тұрақты желісімен салыстыру керек. Егерде жинақталған нұсқаны құрастыруда барлық жазбаларға осындай талаппен келсек, онда барлық жамаулар өзінен өзі бөлініп шыға келеді, ал негізгі желінің ұқсатығынан көрі айырмашылығының өте аз екені байқалады, ол айырмашылықтардың басым көпшілігі жырдың басы мен соңында шоғырланған, онда эпик жыршылар эпикалық баяндаудың желісінен тыс өзінің ойын, сезімін, түйгенін жеткізіп отырған. Дегенмен де, Сағымбайдың реакциялық нұсқасында, менің «Манас» жөніндегі алғашқы зерттеулерімде байқағанымдай, жыршының жырға енгізген қоспалары тек қана басқы кіріспесі мен аяғында ғана кезікпейді, сонымен қатар жекелеген жағдайларда шектен шығып, оқиғаның желісі мен кейіпкерлердің бейнелерін суреттеуге де араласып кетеді, алайда мұндай «өрнектерді» жалпы халықтық негізден оңай ажыратуға болады. Жалпылама соғыс майданын, майдан басталғанға дейінгі және майдан аяқталғаннан кейінгі көріністерді, ерекше ұзақ баяндалатын батырлардың жекпе-жегін, әр тұлғаның бейнесі кейіптенетін суреттерді, ерлікті және кейіпкердің астындағы аттарының барлық қасиеттерін жырлайтын тұстарды еске алыңыздаршы, сонымен бірге тағы да табиғаттың барлық құбылыстарын, жерді, елдерді, халықтарды суреттейтін тұстарды, тұрмысты, отбасын, қоғамдық көріністерді, халықтық сайысты баяндау барысындағы тапқыр, күлкілі жағдайлардың барлығын естеріңізге түсіріңіздер, оған қоса тағы да босанған кездегі, үйлену сәтіндегі, жерлеу рәсіміндегі салт-дәстүрді бейнелеген тұстарда аналық сезімнің мейірімі, жеке достықтың қадірі, үлкенді сыйлаудың ізеттілігі жөніндегі халықтық ұғымның көріністерін еске алыңыздар, немесе жақсылық пен жамандық, феодалдық-рулық отбасылардың арасындағы тартыс жөніндегі халықтық түсінікті еске алыңыздар, осылардың барлығы, адамның өмірі мен табиғаттағы көптеген тылсым құбылыстарды түсіндерудегі ғажайып қиял байлығы, оқиға желісі, даму қозғалысы бәрі де кең тараған халықтық эпостың нақты оқиғалық желісіне айналған. Бұл көріністердің барлығы да негізгі нұсқаларда бір-біріне төркіндесе кең көлемде орын алған, ең бастысы, осы құбылыстардың барлығы халықтық түсіну рухында баяндалған.

Уақыттың тарлығынан мен әр түрлі нұсқаларға ортақ осындай поэтикалық көркем кестелердің барлығын тізіп шыға алмаймын, алайда, өздері талдаған нұсқалардағы халықтық үлгілерді зеректікпен дәл тауып, көрсетіп берген Жәкішев жолдастың баяндамасына және «Манастың» тамаша білгірлері Маликов, Тоқомбаев, Сыдықбеков жолдастардың, сонымен бірге Валитованың сөзіне иек артамын. Бұл жолдастар өздерінің тиянақты пікірлерімен, зерек зерделеуімен жинақы нұсқаға тиесілі іріктеуді бастап кетті деп ойлаймын».

Соңғы сөз – сенімнің сөзі. Сенімді сөз. Түйін сөз. Енді: «Манас» керек пе, жоқ па?»,– деген күдіктің күбірткісі ешкімді мазаламайтыны анық. Басқа республикалардан, тіпті, қырғыз ғұламаларының өзінің біразына бейтаныс 1 миллион 200 00 жолдан тұратын ұланғайыр эпосты қалай реттеп, жинақтау керек? Мақсаты айқын, міндеті анық, жұмысы ауыр, намысты іс. Бұл «жұмыстың да жоспарын» кейінге қалдырмай осы тағдырлы ғұламалық сөзінде Мұхтар Әуезов шешіп, онымен кімдердің айналысуы тиіс екенін де айтып кетті.



М.Әуезов (жалғасы): «Сонымен біз, кез-келген нұсқаға ортақ көріністердің ондап емес, жүздеп, мыңдап саналатынына көз жеткіздік. Сондықтан да әр нұсқадағы жекелеген жырларды, бөлімдерді, яғни, әдетте 25-30 беттен тұратын, бір жолда жырланып бітетіндей көлемдегі жазбаларды жекелеген жолдар мен үзіктер арқылы емес, тұтастай алып салыстырып, мәтіндік тұрғыдан іріктеп кітапқа кіргізу керек. Ол жырдың басындағы, соңындағы қосымшалардың кейбіреуін ғана болмаса, әр жыршының өзі қосқан тұстарын алып тастау керек. Сонда өзіндік оқиғасы, поэтикалық-сөздік негізі, өлеңдік құрылымы, тұтаса біткен мәнері ұқсас жырлар өзінен өзі іріктеліп шыға келеді. Сол жырлардың өзі-ақ, көптеген жырларды шығарған, оны айтып отырған манасшының емес, оның алдында өткен сандаған жыршылардан жатталып қалғанын айтып береді, міне, ғасырлар бойы өмір сүрген, ұрпақтан-ұрпақ ауызша жалғастырып келген, біз жалпы халықтық негіз – деп атап отырған ұжымдық орындаушыларға тән эпикалық поэзияның мәні осында.

Жоғарыда айтылғандардың негізіне сүйене келіп, осы арада: жинақталған нұсқаға іріктеп алатындай ортақ оқиғалық желі жоқ – деген пікір білдірген кейбір жолдастар қателеседі деп ойлаймын. Ортақ желі бар. Баяғыдан бері қалыптасқан сол желіні негізге ала отырып, әр орындаушы сол тақырыптық, құрылымдық жүйе бойынша тыңдаушыларға жеткізген. Оған нақты мысал ретінде әрі осы мәселе жөніндегі кейбір жолдастардың күдігін сейілту үшін, бізге берілген уақыттың шектеуін алып тастап, осында отырған Исақ Шайбеков, Молбасан, Ыбырай, Саяқбай және тағы да басқа бірнеше манасшыны жарыстыра «Манасты» түгел айтқызып шығуға мүмкіндік бар, тіпті олардан бүкіл шығарманы емес, әр қайсысынан бір-біріне жалғас жекелеген жырларды ғана орындауын өтінсек те, олардың барлығы да «Манастың» тұтас сюжетін толығымен ауызша айтып шыққан болар еді. Олар: халыққа жат, бір кезде Сағымбайдың зиянды қиялынан қосылған жамауларды жырдың желісінен алып тастап, ауызша айтылуы арқылы халыққа белгілі желіні жырлап берер еді. Сонда: өлеңдік мәнер мен өлшемнің, бейнелік-мәнерлік жүйесінің, сөздік қорының, баяндау тәсілдерінің, диалогтар мен монологтардың құрылымының, тұтастай алғанда, олардың өзара стильдік сабақтастығының ортақтығына нақты мысалдар арқылы біздің көзімізді жеткізер еді. Бұл ұқсастықтардың өзі жинақталған нұсқаның мүмкін екендігіне сендіреді.

Енді осы жинақталған нұсқа туралы айта кетейін. Әрине, эпостың құрамындағы кейбір қатпарларды ерекшелеп атап сынаған кейбір манасшылардың пікірлерін ескере отырып, бұрынғы методологиялық және идеялық қателіктерден бас тарту керек. Бұл қатпарларды олар: ертедегі аңыздық-әсіреәфсаналық, көне тарихи және кейінгі тарихи дәуірлер – деп атады. Бұл орайдан алғанда, Маррдың ұстанымына жүгінген мұндай дәуірлік жіктеулерді жоққа шығарған Боровковтың пікірі дұрыс.

Осы мәселеге байланысты жинақталған нұсқа жөніндегі ұсыныстарымды нақтылай келе айтарым, алдын-ала ешқандай бір нақты нұсқаға, мейлі, Қаралаевтікі болсын, мейлі Шапақовтікі болсын, бәрібір, басымдық бермеу керек, алайда Қаралаевтің, Шапақовтың, бұған мен Радловты да қосар едім, нұсқаларын назарға ала отырып, осы үш нұсқаны бағыт етіп ұстау керек. Қажет кезінде өзге нұсқаларды да пайдалана отырып, осы негізде жинақталған нұсқаны құрастыру керек. Сонымен қатар, мен халық арасында табиғи түрде өмір сүріп келе жатқан нағыз халықтық нұсқаларды мұқият іздестіріп, жазып алуды ұсынамын.

Өзімнің ұсынысымды одан әрі нақтылай түсіп, мен редакциялық құрамның іскер де, жетекші тобына «Манастың» нағыз және беделді білгірлері Тоқомбаев, Маликов, Сыдықбеков сияқты көрнекті ақындар мен жазушылардың кіруі аса қажеттілік деп санаймын, өйткені олар «Манастың» мәтінін және оның әрбір иірімін өзгелерден әлдеқайда терең біледі, дәл осы жағдайдағы шешуші сөз де соларға тиесілі».

Ол бұдан кейін миллион жолдан асатын «Манас» жырының толық және қысқартылған нұсқасын жан-жақты, мазмұнды, дәлелді ғылыми түсініктермен жарыққа шығаруды ұсынды. Сондай-ақ конференцияда өзіне қаратыла айтылған пікірлерге:

М.Әуезов (жалғасы): «Манастың» туу дәуіріне байланысты мен профессор Климовичке мынаны ескерте кетемін: «Манастың» көне тамырын осы арадағы біздің көбіміз бірінші рет естіп отырған ІХ ғасырдағы анадолы түріктерінен іздеуді алғаш рет ұсынған адам – сіздің өзіңіз жиі-жиі сілтеме жасаған, «Манасты» Орхон жазуымен салыстыра зерттеуді қажет деп есептейтін марқұм Фалев болатын. Ал Сіздің өзіңіз қазір зорлықпен тықпалап отырған, «Манастың» дәуірін тек ХҮ–ХҮІІІ ғасырдағы дүнген-қалмақ соғысымен байланыстырған идеяның иесі, сіздің өзіңіз оны осы уақытқа дейін табанды түрде жоққа шығарып келген Жирмунский болатын. Соған қарамастан мен: бұл мәселені дәл қазір бір ғана пікірге бағындырып қоюға мүлдем болмайды, бір дәуірді ғана көрсеткен өзінің пікірін зорлап таңатындай, адам сенерлік қана емес, сол деректің өзі сендіретіндей дәлел ешкімде жоқ. Ал Бартольдтан алынған, оның өткендегі қалмақ дәуірін еске алуы керектігі жөніндегі тым жалпылама пікірі негізсіз, өйткені Бартольд «Манас» жөнінде пікір білдірмеген, себебі ол, оны білген жоқ және фольклортанушы, осы мәселенің маманы болмағандықтан да бұл арада оның беделі жүрмейді»,– деп жауап бере кетті.

Бұдан әрі осы ойын жалғастырып, «Манас» эпосы мен көне түркі «Күлтегін», «Тоныкөк» жазба ескерткіштеріндегі қырғыздарға қатысты деректерді салыстырып, жырдағы тарихи дәуірлерге қатысты бұрынғы пікірін дамытып, жырдың қырғыз-қалмақ кезеңінде пайда болғанына күдіктене ой қозғады.

М.Әуезов (жалғасы): «Эпостың туу дәуірін анықтауда, міне, осындай жағдайлар ескерілуге тиісті, бұл реттен алғанда өзінің баяндамасында: эпоста көне заманның көріністері бар –деп пікір білдірген Л.И.Климовичтің айтқаны дұрыс, алайда осы шындықты мойындау үшін де өзіңнің пікірлеріңнің жүйелі болғаны дұрыс, әйтпесе, «Манастың» көне дәуірде пайда болғаны туралы болжам айтуға батылы барғандардың барлығын соншама қаталдықпен қаймықтырудың жөні жоқ».

Осы пікір арқылы: көшпелі халықтарда мідениет жоқ»,– деген еуропалық үстем көзқарасқа тосқауыл қойды. Л.И.Климович сияқты беделді ғалымды нысанаға ала отырып, «Манасты» масқараға айналдырғысы келгендерге, соның ішінде Боровков сияқты ғылым докторларының «мәдениетсіз қолданыстарын» мекзеп, ақыл-ойдың сабырына шақырды.

Ол сөзінің соңын:

«Сөзімнің соңында пікір таластырудің әдісі мен әдебі, яғни, «Манасқа» байланысты таласқа қатысқандардың тәртібі қақында екі ауыз сөз айта кеткім келеді. Әрине, пікір таластыру керек, бірақ та өзіңнің қарсыласыңды, сол арқылы талқыланған мәселені масқараға айналдыруға ұмтылмау керек. Бұл тек қана сыңарезулік болып қана табылмайды, сонымен қатар біздің жұртшылығымыз соншама зейінмен көңіл бөліп отырған біздің барлық бастамалы ұмтылысымызға көрсеткен көргенсіздік болып табылады. Біз өзіміздің барлық күш-қуатымызды жұмсай отырып, халықтың дүниесін – халыққа қайырып беруіміз керек, оны халыққа жат жұққан кірден тазартып, нағыз қасиетті «Манасты» қайтадан тірілтуге тиіспіз»,– деп аяқтады.

Мұның соңы – театрдың ішінде шапалақтың жаңғырығына, ал сыртта қамшысын білеген қырғыздардың «Манас! Шоң қазақ!» – деген ұрандауына ұласты.

Жиналыс төрағасы Т.Алтмышбаев кешкі сағат жетіге дейін үзіліс жариялауға мәжбүр болды.

Әрине, «Манас» эпосы туралы аса шиеленісті өткен талқының мың беттік хаттамасын келтіру не талдау біздің міндетімізге жатпайды. Анығы, сол «Манас» жырында Қаныкей өзінің қайнысы Ер Ағышқа айтқан: «Алақандай қырғыздың, ар-намысын алып бер»,– деген намысты өтінішін ХХ ғасырда Мұхтар Әуезовтің орындағандығы. Ол ерліктің де, ерлік туралы жырдың да, ақыл-ойдың да намысын қырғыздарға алып берді.

4.

Туы қайта желбіреген «Манастың» жинақталған нұсқасын іріктеудің жолын көрсетіп берген Әуезовтің көмегіне қырғыз ағайындар әлі де мұқтаж еді. 1952 жылдың қараша айында СССР Ғылым Академиясы Қазақ ССР Ғылым Академиясының жаңа президенті Д.А.Қонаевқа: «Манастың» басылымын іріктеуге көмек көрсету үшін академик Мұхтар Әуезовті Қырғыздың Тіл, әдебиет және тарих институтына ұзақ мерзімге жіберу туралы өтініш білдірді. Оған 22 қараша күні: Мұхтар Омарханұлы Әуезов 1953 жылдың 1 қаңтарынан бастап СССР Ғылым Академиясының Қырғыз бөліміне көмекке баруына рұқсат етілсін,– деп Д.А.Қонаев бұйрық берді.



Бірақ ол бұйрық орындалмады. Өйткені М.Әуезовті «Манастың» жырын емес, өзәнің басын қорғайтындай, тіпті, қорғай алмайтындай шамырқанулы күндер күтіп тұрды. «Манастың» кезекті конференциясы 6-шілдеге қойылды. Тура сол күндері «Абай» мен «Абай жолы» романдарының тас-талқанын шығарған мақаланың әлегімен басы дауға қалып, шытырман ойға шырмалып жүрген еді. «Манастың» бұл дауына қатыса алды ма, жоқ па, ол жағы бізге беймәлім.

Реті келгенде айта кетейік, 1954 жылы 11-наурыз күні ол өзінің көптен күпті боп күткен еңбегінің өтеуі ретінде А.Дәулеткелдиевтен:



«Құрметті Мұхтар Омарханұлы! СССР ҒА Қырғыз академиялық филиалы сізге «Манас» эпосының жинақталып, іріктелген трилогия жобасының үш бөлімін жолдап отыр. Мүмкін болса, наурыздың аяғына дейін өзіңіздің қорытындыңызды жазбаша жіберуіңізді өтінеміз»,– деген хат алды.

«Абай жолын» аяқтап көңілі көтеріліп жүрген шалқымалы тұсына тап келген бұл хаттың жауабы тез қайырылуы да мүмкін. Тек қырғыздардың мынандай рухани ерлікке барып жатқан кезінде қазақ эпостарының қапасқа қамалып, жариялануына тиым салынуы жүрегін бір шымшып өткені анық.

Ол 1956 жылы 3-шілде күні «Манастың» басылымын жүзеге асыру жөніндегі кеңейтілген редакциялық мәжіліске қатысып, өзінің осыдан төрт жыл бұрынғы пікірлерінің орындалу барысымен танысып, төрт кітаптан тұратын «Манас» жырының соңғы нұсқасының бекітілуіне қолын қойды. Қазақ тіліндегі аудармасына алғысөзді, әрине, оның өзі жазды.

Өзгесін былай қойғанда, Мұхтар Әуезовтің «Манас» эпосының тағдырын шешкен осы еңбегінің өзі-ақ оның есімін әлемдік руханият тарихында мәңгі қалдыруға толық татитын ерлікке пара-пар оқшау оқиға еді.

Әрине, мұндай көсемдік парасатты кеңестік идеология кешірмейтін. Сондықтан да олар Мұхтар Әуезовке қарата шұғыл да шөгел жазалау шарасына кірісті. Бірінші болып партияның «көксемсерлі жауынгері» «Правда» газеті жаза зүлфүһарын көтерді.

АЛТЫНШЫ ТАРАУ: ПӘҢГІНІҢ ТАЛҚЫСЫ





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   200   201   202   203   204   205   206   207   ...   271




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет