Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



бет42/64
Дата04.11.2016
өлшемі10,61 Mb.
#96
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   64

«Құрметті Мұхтар Омарханұлы! СССР ҒА Қырғыз академиялық филиалы сізге «Манас» эпосының жинақталып, іріктелген трилогия жобасының үш бөлімін жолдап отыр. Мүмкін болса, наурыздың аяғына дейін өзіңіздің қорытындыңызды жазбаша жіберуіңізді өтінеміз»,– деген хат алды.

«Абай жолын» аяқтап көңілі көтеріліп жүрген шалқымалы тұсына тап келген бұл хаттың жауабы тез қайырылуы да мүмкін. Тек қырғыздардың мынандай рухани ерлікке барып жатқан кезінде қазақ эпостарының қапасқа қамалып, жариялануына тиым салынуы жүрегін бір шымшып өткені анық.

Ол 1956 жылы 3-шілде күні «Манастың» басылымын жүзеге асыру жөніндегі кеңейтілген редакциялық мәжіліске қатысып, өзінің осыдан төрт жыл бұрынғы пікірлерінің орындалу барысымен танысып, төрт кітаптан тұратын «Манас» жырының соңғы нұсқасының бекітілуіне қолын қойды. Қазақ тіліндегі аудармасына алғысөзді, әрине, оның өзі жазды.

Өзгесін былай қойғанда, Мұхтар Әуезовтің «Манас» эпосының тағдырын шешкен осы еңбегінің өзі-ақ оның есімін әлемдік руханият тарихында мәңгі қалдыруға толық татитын ерлікке пара-пар оқшау оқиға еді.

Әрине, мұндай көсемдік парасатты кеңестік идеология кешірмейтін. Сондықтан да олар Мұхтар Әуезовке қарата шұғыл да шөгел жазалау шарасына кірісті. Бірінші болып партияның «көксемсерлі жауынгері» «Правда» газеті жаза зүлфүһарын көтерді.

АЛТЫНШЫ ТАРАУ: ПӘҢГІНІҢ ТАЛҚЫСЫ



(«Ең сорлы өзімшіл ... күншіл күйік…бақытсыз жазушы»)

1.

Кеңестік Сталин дәуірінің соңғы жихад дауылы 1953 жылы 13-қаңтар күні соқты. «Халықтар көсемінің», «ұлттардың әкесінің» ми қан тамырларының жұмысы бұзылып, дауасыз дерті мизаялыққа ұласып, емделуден күдер үзе бастағанда ғаззауаттың бас сұрқылтайы Берия өзін әрі сақтап, әрі ақтап қалудың амалына көшіп, жаңа лаң бастады.



Сол күні барлық ТАСС жүйесі мен «Правда» газетінде «Бір топ дәрігер-зиянкестердің тұтқындалуы» туралы дүрбелең хабар басылды. Бұл соңғы үш жылдың ішіндегі жүргізілген саяси жазалау мен қастандықты әшкерелеуге нүкте қоятын, Мұхтар Әуезовтің өзі «жеті басты жалмауызға» теңеген айдаһардың жетінші басы еді. Онда:

«Осыдан біраз уақыт бұрын Мемлекеттік қауіпсіздік мекемесі өздерінің алдына зиянкестік емдеу арқылы кеңес өкіметінің белсенді қайраткерлерінің өмірін қысқартуды мақсат етіп қойған бір топ дәрігерлердің террористік тобын әшкереледі. Бұл террористік топтың қатарында: профессор Вовси М.С.; емдеуші-дәрігер, профессор Виноградов В.Н.; емдеуші-дәрігер, профессор Коган М.Б.; емдеуші-дәрігер, профессор Коган Б.Б.; емдеуші-дәрігер, профессор Егоров П.И.; емдеуші-дәрігер, профессор Фельдман А.И.; дәрігер отоляринолог, профессор Этингер Я.Г; емдеуші-дәрігер, профессор Гринштейн А.М., дәрігер-невропатолог, емдеуші-дәрігер Майоров Г.И. бар.

Деректік құжаттар, медициналық экспертизаның зерттеулері мен қорытындылары, тұтқындалғандардың көрсетіндісі бойынша, қылмыскерлер, жасырынған халық жаулары ауруларды қасақана зиянкестікпен емдеп, олардың денсаулығын бұзған. Тергеу жұмыстары мынаны көрсетті: террористік топтың мүшелері өздерінің дәрігерлік құзыры мен аурулардың сенімін пайдалана отырып емделушілердің денсаулығына қасақана зиян келтіріп, зерттеу барысында нақты анықталған дертке жалған диагноз қойып дауасын өзгертіп, шипасына сай келмейтін ем жасады. Қылмыскерлер, Жданов жолдастың сырқаттығын пайдаланып, оның жүрек талмасы бар екенін біле тұра мұндай ауыр дертке қарама қарсы әсер беретін ем қолданды, сөйтіп Жданов жолдасты қасақана өлтірді. Тергеу барысында қылмыскерлер А.С.Щербаков жолдастың да өмірін қысқартты, оны емдеуде аса күшті дәрілерді қолданғандықтан да ол кері әсерін берді, оны осындай жағдайда өлім ауызына әкелді. Дәрігер қылмыскерлер ең алдымен кеңестік әскери жауапты басшылардың денсаулығына зиян келтіріп, оларды қатардан шығарып, отанымыздың қорғанысын әлсіретуге тырысты... Бұл, кісі өлтіруші дәрігерлердің, ғылымның қасиетті туын таптаған, ғылым қайраткері деген атты қорлаған адам кейпіндегі қанішерлердің – шет ел барлауының жалдамалы агенттері екені анықталды... Тергеу таяу уақытта аяқталатын болады»,– деп атой салынған.

Иә, әдейі келтіріп отырған бұл мәтіндердің бәрі де бізге таныс сөз тіркестерінен құралған. Отыз жетінші жылы да дәл осындай «шет ет барлауының жалдамалы шпиондарының» тергеуі жаппай ату жазасына бұйырылумен аяқталған болатын. Енді, «ашынған халық» пен еңбешілердің, жұмысшылар мен оқшантайдағы зиялылардың «ашу-ызаға» толы хаттары мен мәлімдеулері газеттерге жаппай жамырай басылатын.

Әбден тақыстанған әдіс көп күттірмеді, бүкіл кеңес зиялыларының ішінен «халық жауларын», халықаралық еврей қауымдастығының астыртын мүшелерін, ал республикаларда буржуазияшыл-ұлтшылдарды іздестіріп, тауып, әшкерелеу сүркіні жүрді. Олардың әр қайсысының басына түскен талқы жеке адамның тағдыры болудан қалып, ұлттық, тіпті, жалпы кеңес халқына ортақ зауалға айналды. Енді Қ.Сәтбаевқа, М.Әуезовке шындап қауіп төне бастады. Өкінішке орай С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Ә.Тәжібаев арасындағы кикілжің де тиылмады. Керісінше, мына бас көтерген саяси науқан одан әрі ушықтыра түсті. Т.Жароков та оларды сыдырта әшкерелеумен болды. Әр жиналыста, жазушылардың пленумдарында бет жыртысу жалғаса берді. Үш жылдан бері шайқалып барып түзелетін бәйтеректің (М.Әуезов) де түбі босап, енді құлауға бет алды. Бұрын жалғыз бәйтеректің тамырын қопсытатын, енді олардың саны екеу болды.

Қазақ әдебиеті мен тарихына, сол арқылы зиялыларына кеңестік ғазауат жариялаған Мәскеу мен оның жандайшабы «Правда» газеті Қазақстандағы бұл майданды жеңіспен аяқтау мақсатымен, соңғы, шешуші шабуыл ретінде 1953 жылдың 30-қаңтары күні, яғни, «дәрігерлер ісі әшкереленгеннен кейін» 17 күннен кейін шұғыл түрде П.Кузнецовтың «Сынау орынына мадақтағандық» атты мақаласын жариялады. Бұған себеп болған З.Кедринаның «Мұхтар Әуезов», Т.Нұртазиннің «С.М.Мұқановтың творчествосы туралы» зерттеу кітаптарының орыс тілінде жарыса жарық көруі еді. Мақаланың мұндай шұғыл ұйымдастырылуына бір кездері «Звезда» журналы туралы қаулыға орай Алматыға келіп баяндама жасап, қазақ әдебиетін «дұрыс жолға» қойып кеткен, соның ішінде М.Әуезовке де «кеңес берген» сол кездегі Орталық комитеттің бөлім меңгерушісінің орынбасары Н.Н.Поспелов болатын. Ол М.Әуезов пен С.Мұқановтың өзара бақталасын да, мақаланы кім жаза алатынын да жақсы білетін.

«Правдаданың» мақаласында сыналған жекелеген адамдар туралы оларды мадақтаған монографияның жаряланып жатуы «аға басылымның» шамына тисе керек. Жарияланған сын мақалаға іліккен Е.Бекмаханов жиырма бес жылға сотталып, жер аударылып жатса, керісінше, Қазақстан тарихы мен Кенесары көтерілісі туралы мақаладағы басты кінәлінің бірі М.Әуезов марқайып, мардымсып отыр. Бұл олар үшін төзбейтін мәселе еді. Өйткені...

П.Кузнецов: «Әдебиет зерттеушілері мен сыншылар әдебиет пен искусствоның идеялық және көркемдік дәрежесін арттыру үшін сүреңсіздік пен шалағайлыққа қарсы, совет халқына жат идеологияның қандай да болса көріністеріне қарсы белсене күресуге міндетті. Біздің әдебиетіміз – бүкілодақтық әдебиет. Туысқан республикалардың бірінің жазушысы жазған шығарманың табысы бүкіл совет әдебиетінің табысы болып табылады. Және мұның керісінше, жазушының (өз) творчествосында сәтсіздікке ұшырауы немесе идеялық олқылыққа түсуі көп ұлтты совет әдебиетін өркендетудің ортақ ісіне зиян келтіреді. В.Сосюраның «Украинаны сүй» деген идеялық жағынан зиянды өлеңіне берілген сын бүкіл жазушылар жұртшылығы үшін, идеологиялық майданының барлық қызметкерлері үшін сабақ алатын сын болды. Әрбір әдеби-зерттеу немесе әдеби сын еңбегі біздің бүкілодақтық әдебиетті өркендетудегі оның маңыздылығына қарап, («Правданың» пікіріне сәйкестендіріліп – Т.Ж.) бағалануға тиіс»,– болатын.

Сондықтан да П.Кузнецовтың:

«Осыған байланысты қазақ жазушыларына арналған екі кітапқа Т.Нұртазиннің «С.М. Мұқановтың творчествасы туралы» (Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, Алматы қаласы) және З. Кедринаның «Мұхтар Әуезов» («Советский писатель» баспасы, Москва қаласы) деген кітаптарына назар аударуына тура келді».

Шындығында да «Правданың» тәжірибесінде мұндай оқиға партиялық принцип пен ішкі партиялық тәртіпті өрескел бұзу болып табылатын. Әрине, «Правда» газеті редакциясының қызметкерлері кітаптың шығып жатқанынан бимағлұм екені анық, демек, бұл оқиғаны жеткізіп отырған адам республиканың өзінің ішінде, оның ішінде қазақы пәленшелер мен түгеншелер емес, бақылау мекемелері мен олардың идеология саласындағы сақшылары. Әйтпесе, бас жазудан қолы тимей жүрген П.Кузнецовтың өз еркімен «шабыттануы» неғайбыл. Отызыншы жылдары бүкіл Қазақстанды шулатып, көкте де, жерде де жоқ халық ақыны туралы «Правдаға» мақала жазып, Жамбылдың жырын аударып «жүрегін жалғап жүрген» П.Кузнецовтың сондайлық бір қадірі жоқ болатын. Мұны 1953 жылы 23-ақпанда өткен Жазушылар Одағындағы жиналыста Ғ.Орманов П.Кузнецовтың өзіне жұрттың көзінше ашық айтты. Бірақ қадірсіздің қадірі Ғылым академиясына жүріп тұр еді.

Бұл тұста «дәрігерлер ісі бойынша» жауапқа тартылғандарды Мәскеудің Лубянка түрмесінде күндіз-түні тік тұрғызып қойып, түнгі он бірден таңғы алтыға дейін тергеу жүргізіп, таң атқан соң, қайтадан камерада тағы да тік тұрғызып қойып ұйықтатпай, келесі кешкі тергеуге «есінен тандырып» апарып:

«Не сіз бізге қажетті көрсетіндіні беретін боласыз, онда осында қаласыз, демалыс үйі болмаса да ептеп-септеп күн көруге болады, ал қасарыса берсеңіз, онда сізді арнайы режиммен тергейтін жерге ауыстырамыз... Сіз ақылды адамсыз, бірақ өзіңізді нақұрыстың қатарында ұстайсыз... Мұның барлығы жоғарыдан түсіп жатқан пәрмендер. Сондықтан да өміріңізді сақтап қалуға тырысыңыз. Бәрібір жазасыз құтылмайсыз. Ату жазасына кесілулеріңіз де мүмкін. Халық соны талап етуі де ғажап емес »,– деп қинап жатқан болатын.

Үш тәуліктен кейін адамның жүйкесі ұйқысыздықтан жындануға жеткен тұста түрме бақылаушылары олардың төбесінен суық су құйып жіберіп, әлсін-әлі есін кіргізіп тұрыпты. Бұған көнбесе, онда қолын кісендеп, біресе ыстық, біресе суық камераға салып, «асып қойыпты». Кіресілі-шығасылы есі барлар бұл азаптан құтылу үшін басын қабырғаға соғып, өзін-өзі жаралайды екен. Я.Рапопорттың айтуынша, ең ауыры өзіңнің әріптесіңді ұстап беру көрінеді.

Ал қазақ зиялылары ешқандай тергеушісіз-ақ «сын және өзара сын» деген партиялық принципті ұстана отырып, бірін-бірі ашық көрсетіп берді. Баспасөз беттерінде де қысылып-қымтырылмай бірін-бірі белсенді түрде әшкереледі. Бұл қинаулар мен «халықтың ашу-ызаға толы талабы» М.Әуезовке таныс болатын. Мұндай азаптан сақтану мақсатында ол «Менің қателерім жайында» деген Ашық хат жазып, соны осы талқылауда кеңейте оқып берді.
2.
Сонымен, 1953 жыл. Жиырма үшінші ақпан. «Шұғыл түрде ұйымдастырылған» Жазушылар Одағының төралқа мәжілісі. Ол кезде Жазшылар одағын: «партияның қатал тізгінін ұстап, екі алыпты ауыздықтап, сабасына түсіруге жіберілген, әйтпесе, олардан сөзсіз айырылып қалатынын ескертіп, тәртіп орнатуға тапсырма алған» (өз сөзі) тура мінезді Ә.Жаймурзин басқаратын. Ол талқылаудан бұрын өткен партия жиналысында өзара қатынасы әбден асқынып кеткен М.Әуезов пен С.Мұқановты шақырып алып: олардың бұл ырғасуы бұдан әрі жалғаса берсе, бірін бірі арандатып тынатынын ашық айтып, алдын-ала екеуін де ықтырып алып еді. Онсыз әуелі Әуезовтен, содан кейін Мұқановтан екеуінде көз жазып қалу қаупі төнгенін Орталық комитеттің І.Омаров сияқты ұлтжанды идеологтары ескерткен екен. Оны жазалауға емес, дауды доғартып, сақтандыруға жіберіпті.

Әбдірахым Жаймурзиннің баяндамасы қатқыл және ашық пікірге құрылып, өзі одаққа келгенде тап болған «қазақы тап тартысын» қатты сынға алды. Алайда саяси айып тақпай, партиялық принципті алдыға тартып, жазушылардың бәріне ортақ мәселені нақты қойды. Бас баяндамаға бір адамнан басқа ешкім қарсы пікір білдірмегендіктен де және оның негізгі мазмұны қорытындыда берілетін болғандықтан да, бұл арада тоқталып жатпаймыз. Біз, тақырыпқа қатысты тұсын ғана пайдаландық. Алдыңғы қатарда сөз алған С.Бақбергенов бірден:



«Жаймурзин Жазушылар Одағына төраға болып келгенде әділ сот болады, сөйтіп, Әуезов пен Мұқановтың топтарының көзін құртады деп сеніп едік. Ол былай істей алмады, оның өзі Әуезовтің ықпалына түсіп кетті»,– деп Жаймурзиннің жағасынан алды.

Зады, осы сыннан кейін М.Әуезов пен С.Мұқанов және Ғ.Мұстафин аман қалмайды деп ойлады ма, кім білсін, әлде, шынымен қитығына тиген қытымырлық болды ма, деректі шығармалары енді ғана жариялана бастаған Сәуірбек Бақбергеновтің сөзінің мазмұны дәл қазіргі күннің өзінде жағаңды ұстатады.

С.Бақбергенов: «Әуезовтің тобы Жаймурзинға сүйеніп алып ашық қорқыту мен арандатуға көшті. Мысалы, бірде, «Гүлден, дала!» – деген пьесасын сынағаным үшін Тәжібаев маған тап берді. Ол маған: «Байқа, өзі ештеңе жазбайтын адам ғана осылай сынайды»,– деді сес көрсетіп. Біреулер Әуезовті Алексей Толстоймен қатар қояды. Бұл теңестіруді байсалды және ақылды пікір деуге әсте болмайды. Өйткені, кеңес жерінің аса ірі жазушысы Алексей Толстой кеңес әдебиетіне көп нәрсе берді, Ленин мен Сталиннің бейнесін және ұлы орыс адамдарының бейнесін сомдады. Ал Әуезов бізге «Абайдан» басқа не берді және оның өзі идеялық қателіктен сау емес!».

Ал керек болса! Абайдан артық ұлы тұлға қазақта бар ма? Әуезовті былай қойғанда, Абайды менсінбейтіндей көркемдік пайым Сәукеңе – Сәуірбек Бақбергеновке кемел жасқа жеткенде де біткен жоқ болатын. Бұдан кейін оның сөзіне де, мына болмысына да теріс қарап, қолжазбасының бетін жаба салуға болатын еді. Тек кейін хаттамаға байланысты қажет болғандықтан да сәл үзінді келтіреміз.

С.Бақбергенов (жалғасы): «Сондай-ақ, Жаймурзин өзінің мақаласында біздің әдебиетіміздің «алтын қорына» Мұстафиннің «Қарағанды» романын қосады. Ал осы «алтын қордың» өзі қандай екенін көрейік. Міне, қызық деп осыны айт. Осыдан он төрт жыл бұрын «Әдебиет және искусство» журналында сол кезде әлі аты белгісіз жазушы Ғ.Мұстафиннің «Өмір мен өлім» атты романы жарияланды. Бір жылдан кейін роман жеке басылып шықты. Мұндай айқайлаған ат өзін ақтап шыға алмады. Бұл туындыдан оқырман ешқандай жаңалық, ешқандай жақсылық, ешқандай пайдалы нәрсе таппады. Ол тез арада ұмытылып кетті, көркемдігі нашар, мазмұны сұйық бұл романның бірнеше кейіпкерлерінің аты ғана есте қалды. Біраз уақыт өткеннен кейін, яғни, былтыр, баяғы сол «Әдебиет және искусство» журналында сол автордың «Қарағанды» деген романы жарияланды».

Мұндай жеккөрініш неден туындап отыр, түпкі тамыры қайда жатыр, оны білудің реті енді түсе қоймайды. Дегенмен де мұндағы «қырыпсал» пиғылды жоққа шығара алмайсын.

С.Бақбергенов (жалғасы): «...Анығында бұл жаңа атпен жарияланған бұрынғы роман. Әрине, кейбір сәтті, сәтсіз жаңа тараулар қосылған, жаңа кейіпкерлер бар, қысқасын айтқанда, роман қампиып шыққан. Мұның барлығы романның ескі сюжеті мен композициясын өзгертпеген. Оқығанда аты өзгерген ескі кейіпкер есіңе түседі. Журнал таралып болмай жатып бұл роман баспадан жеке кітап болып 25 мың данамен шықты да аяқ астынан жоғалып кетті. Сөйтсе, романда түзетуге келмейтін авторлық бұрмалаушылықтар кетіпті де кітап алынып тасталыпты. Сонда қаншама адамның еңбегі еш кетті, осы басылымды шығаруға кеткен қағаз үшін мемлекеттің қаншама қағазы мен қаржысы рәсуа болды десеңші... Үш айдан кейін роман сапалы қоңыр, мазмұнына сай емес салтанатпен қайта басылды. Бесінші басылымының өзінде көптеген шындықты бұрмалаулар, идеялық-саяси қателер, теріс баяндаулар, буржуазиялық-ұлтшыл көріністер орын алған... Феодалдық-байшыл ескі қазақ өмірін мұқият, ойдан шығарып, көркемдеп баяндайды... Қазақ байларын ешқандай қанаушы емес, момын көшпенді етіп көрсетеді... Автор халықтар достығын мазақ етеді, ұлт араздығын тудырады...Бондаренко мен Жұмабайды ылғи төбелестіріп қояды. Бондаренко: «Калбит», «қырғыз», «мал» – десе, Жұмабай оны: «Кедей хахол, сенің жерің бұл емес» – дейді. Беті-аузы қан болған Жұмабайға басқа бір қазақ: «Міне, көріп тұрсың-ғой, орыс ағаңның қалай үйрететінін»,– дейді... Романда жағымсыз кейіпкерлер көп... Олар кеңестік Қарағандының көркін бұзады... Орыс кейіпкері Щербаков мәдениетсіз, әдебиет оқымайтын сауатсыз адам болып суреттелген... Отызыншы жылдарға дейін Қарағандыда кеңес өкіметі болмаған... Бұл – Қарағандыдағы кеңес өкіметі мен саяси мекемелердің орынын жоққа шығарған өрескел саяси қателік...».

Бұдан асқан өрескел қателіктің болуы мүмкін емес еді. Бірақ С.Бекбергеновтің айтуынша:



«Бұдан да өзге өрескел қателер романда толып жатыр екен. Сол қателер туралы Қазақстан кеңестік Жазушылар Одағы Президиумының төрағасы Жаймурзинге айтып едім, оның жауабы мені қанағаттандырмады.

Жаймурзин жолдас менің өте салмақты ескертпелерімнің бар екенін біле тұрып, роман Сталиндік сыилыққа ұсынылған төралқаның мәжілісіне проза секциясының мүшесі болсам да мені қатыстырмады, менің ескертпелерімді хаттамаға кіргізуден қорықты... Бәрібір, романның алты беті баспаханада жыртылып алынып тасталды. Мұндай роман неге Сталиндік сыилыққа ұсынылды? Өйткені Жаймурзин жолдас өзінің автормен сыбайластығын танытып, романның кемшіліктері туралы табанды түрде жұмған ауызын ашпайды...

Осының барлығына қарамастан, жазушы Әуезов өзінің «Литературная газетаға» берген сұқбатында (1952 жыл, 16-желтоқсан) Мұстафинді негізсіз мақтайды. Ол Мұстафиннің өткенді суреттеген, қаракесек, сармантай, мұрат руларын мадақтаған тұстарын жағымды бағалады. Тіпті Әуезов: роман Мұстафиннің өзінің руластары туралы жазылған – деп қалды. Әуезов романды орынсыз мақтаса да: «Қарағандының өнеркәсіп өмірін жақсы біле тұрса да кей тұстарда жалаң баяндап кетеді»,– деп ескерту жасады. Әуезовтің осы «кейбірінің» астарында өрескел кемшіліктер мен идеологиялық қателіктер жатыр...

Жаймурзин жолдас басқаратын кеңестік Жазушылар Одағына кадрлар өздерінің сыбайластық қарым-қатынасына, жағымпаздығына, жеке басының берілгендігіне қарап қызметке алынады. Мысалы, Тиесов деген кім? Қандай қасиетіне қарап әуелі одақтың проза бөлімінің сектор меңгерушілігіне, содан кейін «Әдебиет және искусство» журналының редакторлығына тағайындалды? Жазушы ма, журналист пе? Менің ойымша ол ешкім де емес, әдебиеттің айналасында жүрген кәдімгі хальтурщик... Алаяқ Тиесов Жаймурзинге жағымпаздығымен ұнаған... Турасын айтқанда, Жазушылар Одағында сынның орынын салтанат пен мақтау алмастырған. Одақтың басшылығы, соның ішінде Жаймурзин мен Тиесов – сынды сүймейді де, сыйламайды да, сынаған адамды қуғындайды. Біз оларға Андрей Александрович Ждановтың: «Өзінің жұмысын сынаудан қорыққан адам, ол жеккөрінішті қорқақ, халық тарапынан сыйлауға татымайтын адамдар»,– деген сөзін олардың есіне түсіреміз».

Шындығында да, Әуезовті мұндай басынып сөйлеген адам бұрын-соңды болған емес. Тіпті Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің өзі оны дәл осылай бөзек етпеген. Ал С.Бақбергеновтің Мұстафинге шабуыл жасауы да бірінші рет емес. Кейін М.Тиесовтің: жеке басымды қорлады – деген арызына орай С.Бақбергенов одақтың мүшелігінен шығарылды. Әрине, ол ұсынысты Әуезов те, Мұқанов та, Мұстафин де қолдағаны кәміл. Ал талқыланып отырған П.Кузнецовтың мақаласы оның мүлдем назарынан шығып кеткен.

Ғали Орманов өз кезегінде П.Кузнецовтың өзіне жекіре сөйлеп алады да, «Правдаға» ауысқанда сыпайылыққа көшеді.

Ғ.Орманов: «Правда» газетінің «Сын орынына мадақтау» атты мақаласында Нұртазиннің кітабы мен Кедринаның монографиясының идеялық, зиянды кемшіліктерін дұрыс көрсеткен және мына екі көңілжықпастар соншама жасырып баққан Әуезов пен Мұқановтың қателіктерін де ашып көрсеткен. Бұл екі жазушы біздің әдеби өміріміздегі шешуші буын болып табылады. Олар Жазушылар Одағының төралқа мүшелері, қалған жазушылар оларға сеніммен, құрметпен қарады, ал қазір бәрі де басқаша болып шықты.



Нұртазиннің кітабінің шығу тарихы туралы бірер сөз айтайын. Ол кезде мен баспада қызмет істеп жүргемін. Бұл кітапты төралқа мүшелері екі рет қайтарып жіберді, соған қарамастан, көзге көрінбейтін бір күшті қолдың демеуімен бұл кітап шығып кетті, ал ол кезде Мұқанов жолдас Жазушылар Одағының басқарма төрағасы болатын. «Бұл кітаптың шығуына ешқандай қатысым болған жоқ»,– деп сендірсе де, мені мына жағдай алаңдатып еді. Біз Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романының қайта басылымының келісім шартын бұздық, кейін қарасақ, ол шарт қайта жасалыпты, сонда ғана білдім, мұның аудармашысы Нұртазин екен, содан кейін таңғалуды тоқтаттым. Мұқанов жолдас Одақтың төрағасы ретінде бұл еңбекті бір емес, бірнеше рет талқылатуға моральдық та, саяси да мүмкіндігі бар еді. Нұртазин екеуінің арасы жақын болғандықтан да, Мұқанов бұл кітапты мінсіз жаздыруға керемет мүмкіндігін жіберіп алды.

Менің ойымша, Әуезовке Кедринаның көмегінің еш қажеті жоқ еді, оған «Абай» романы үшін Сталиндік сыилықты берген мемлекеттік қолдаудың өзі жетіп жатыр еді. Әуезовтің өзі 1932 жылы көптеген туындыларынан бас тартқаны белгілі, ал енді Кедрина сол туындыларды шығармашылықтың шыңына теңейді. Мұны оқып отырғанда сенгің де келмейді және екеуінің пікірі бір-бірімен қиыспайды. Біз сіздің, жолдас Әуезов, аттап басқан әр қадамыңызды білеміз, соған қарамастан сіз Кедринаның мақтауын қабыл алдыңыз.

Дегенмен де айта кетейін, Әуезов пен Мұқанов өздерінің топшылдықтарын әлі тастаған жоқ, Моргун айтқандай, кеңес әдебиетіне еш қатысы жоқ, Гогольдің Иван Ивановичі мен Иван Трофимовичінің кебін кешіп жүрсіздер. Мұстафиннің романы талқыланғанда Мұқанов та, Әуезов те оған қатысқан жоқ. Бұл дұрыс емес, әділеттілік емес, өзіңнің жалған жарылқаушылық сезіміңе алданып, айналаңның мүддесін ұмытуға болмайды. Бұл ретте тағы да Абайдың: «Біздің доспыз, асықпыз дегеніміз, жалғандықтан жасалған көңіл жібі»,– деген сөзі еске түседі.

Бұл жолдастар, өздерінің қателіктерін мойындайды және біздің қазақ кеңес әдебиетін жан-жақты дамыту үшін нағыз шығармашылық қайраткерлік өмірлерін одан әрі жалғастырады – деп айтуға толық негіз бар».

Жиналыстың қарсаңында Ғ.Ормановтың осыншама алашапқынға шырға салған, бүкіл қазақ әдебиетіне кекесінмен қарайтындай қадірі жоқ П.Кузнецовтың бетінен жасқағаны да ақындық мінезге жататын. Ал әшкерелеуші партиялық жиналыста партия ұйымының хатшысының мынадай: «Бұл екі жазушы біздің әдеби өміріміздегі шешуші буын болып табылады», «қазақ кеңес әдебиетін жан-жақты дамыту үшін нағыз шығармашылық қайраткерлік өмірлерін одан әрі жалғастырады»,– деген ақ тілек білдіруі замандастарының:



«Ғ.Орманов – С.Мұқановқа, М.Әуезовке, Ғ.Мүсіреповке, Ғ.Мұстафинге тура, еркін сөйлейтін және оларды аса құрмет тұтатын адам болды. Үлкендер де одан сескенетін әрі сыйлайтын. Өйткені әділ адам еді. Әділетсіздігін байқаса Орталық комитеттің өзіне қарсы шығатын»,– деген пікірдің шындығын дәлелдейді.

Оның мұндай мінезі осындай әшкерелеуші хаттамалардан анық аңғарылады.

Бірақ мына талқылаудың жөні басқа, беті суық еді. Өйткені мұның барлығы қазақ тарихына қатысты талқылаудың «биік саяси дәрежеде» өткеніне масаттанып, БК(б)П Орталық комитетіне мәлімет беріп тұрған «Правданың» бас редакторы Л.Ф.Ильичев «Правданың» меншікті тілшісі А.Черниченконың, Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің екінші хатшысы С.И.Кругловтың, үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Храмковтың тікелей ұйымдастыруымен және бақылауымен жүргізіліп отырған болатын. Тура осы кезде аталған «оқшантайлар» «Правда» газетімен біріге отырып Қ.Сәтбаевтің үстінен Мәскеуден арнайы комиссия шақыртып, оған қауіпсіздік мекемелерін араластырып, оған жаңадан қызметке тұрған Н.Жанділдинді «айдап салып», өздері соның қызығына қарап отырған.

Шындығын да бұл қазақ ұлтының мәйегін ірітуге бағытталған науқан еді.

Қайталап айтамыз, оның басты ұйымдастырушысы «Правда» газеті, оның Қазақстандағы «жандайшаптары» А.Черниченко, С.И.Круглов, Храмков, Жанділдин, Т.Шойынбаев, Х.Ғ.Айдарова, ал «жандайшаптардың жандайшаптары» Ғылым академиясының академиктері С.Бәйішев, С.В.Юшков, өздері де жиырма бес жылға сотталып кеткен корреспондент-мүшелері Қ.Жұмалиев, Б.Сүлейменов және С.Нұрышев, У.Ғұмарова, Якунин, Тәкежанов сияқты ақмылтықтар еді. Оларды бұл бетінен Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің хатшылары Ж.Шаяхметов те, І.Омаров та, бөлім меңгерушілері мен қалалық хатшылар Жұмағазин де, Жүнісбеков те, Т.Ысқақов та, Қ.Сәтбаев та қайыра алмапты. Міне, осыны біліп отырған М.Әуезов пен С.Мұқановтың жанұшыра қорғанудан басқа амалы да жоқ еді.

Сондықтан да осы жиналыстағы М.Әуезов пен С.Мұқановтың сөзін түгелдей келтіреміз. Иә, үзінді ұзақ. Бірақ амал жоқ. Өйткені мұнда бізге аяулы екі тұлғаның кісінеген жан дауысының жаңғырығы бар. Жалыққан оқырман бұл беттерді жауып кетуіне еркі бар. Сондықтан да бұл емеуірінді сесті үнсіз түсінген М.Әуезов өзіне көрсетілген мұндай «ілтипатты» қуана қарсы алып:

М.Әуезов жолдас (стенограмма бойынша аударылды): «Правда» газетінің осы жылғы 30-ақпандағы «Сынау орнына мадақтағандық» атты мақаласы Қазақстанның жазушылар қауымының талқылауына ұсынылып отыр, ал бұған оның бар жағынан алғанда да өмірлік, заңдық, саяси-идеялық негізі бар. Осы мақаладағы пайымдаулардың басты обьектісі ретінде, әрине, бұл талқылаудан мен де тыс қала алмаймын. Сонымен қатар, жалпы мақала туралы өзімнің көзқарасымды анықтай отырып, ең алдымен мынаны мәлімдеймін: менің түсінігімше «Правданың» мақаласы – партияның, кеңес халқының бізге бағытталған үні. Және ескерту берген, обьективті сынаған, әділетті дауыс. Аталған мақаланы көп рет қайтара оқығандағы менің алған әсерім осындай.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   64




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет