Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



бет43/64
Дата04.11.2016
өлшемі10,61 Mb.
#96
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   ...   64

«Правданың» бұл сөзін онда көтерілген мәселелердің, менің шығармашылығыма қаратыла айтылған сыни ескертпелердің шеңберінде ғана түсінуге тырысқамын жоқ, керісінше, кең ауқымда терең түсінуге ұмтылдым, өйткені осы мақала арқылы біздің қоғамдық пікірімізді қалыптастыратын мұндай беделді мінбенің бүкілодақтық көлемді деңгейде менің қайраткерлігіме назар аударғанына құрмет көрсетіп, лайықты бағалауға мен міндеттімін.

Мен шын асылды қадірлей білуге тиіспін және онда жанашыр-жақындықпен, батыл, негізді айтылған сөздердің ішінен өзімнің алдағы іс-әрекетіме пайдалы пікірлерді барынша іріктеп алуға міндеттімін, бұл сөздер – жетістіктерді сызып тастап, жазушының жеке басына үкім шығару үшін айтылмаған, қайта сол жазушының еңбегін барынша құнды, барынша пайдалы ету жолында кедергі келтіретін қателіктерден арылту үшін айтылған.

Мұның барлығы тұтастай алғанда қазақ кеңес әдебиетіне, оның идеялық тазалығына деген асқан қамқорлықты көрсетеді, соның ішінде маған – кеңес суреткеріне деген, кеңес жұртшылығының маған деген үлкен сенімін ақтасын деген қамқорлықты сезініп отырмын. Мұның барлығы: Ленин-Сталин партиясының маған, кеңес қазақ жазушысы ретіндегі тағы бір нақты қамқорлығы екенін түсінбесем, онда мен кеңес жазушысы деген атқа лайық болмаған болар едім»,– деп сөзін бастады.

Сөйтіп, «кеңес қазақ жазушысы ретінде» «Правданың» сынау арқылы назарына алғанын оның өзіне көрсеткен «тағы да бір нақты қамқорлығы» екенін түсінді.

П.Кузнецов: «М.Әуезовтің творчествосы туралы москвалық сыншы З.Кедринаның кітабынан да оқушы жеке бастың немесе жеке топтардың жақтайтын көзқарасына байланыссыз принципті, объективті пікірлер мен бағаларды таба алмайды. Бұл кітап та көкке көтеріп мадақтаған сөздерге толы. Бет-жүзіне қарамайтын сын керек болған жерлерде жазушы Әуезов не мадақталады, немесе оның қателіктерін жеңілдетуге әрекет жасалады...»

Кеңес жазушысы деген атқа лайық болмай қалмау үшін»:

М.Әуезов (жалғасы): «Осындай алғышарттарды алғай отырып З.Кедринаның мен туралы кітабына мақалада көрсетілген мен туралы көзқарас тұрғысынан қараймын. Бұл кітап – менің де, қазақ кеңес әдебиетіне де пайдасын тигізу үшін жазылмаған, бұл – жазушыға және оның шығармашылығына кеңестік принципті бұқаралық сынның қазіргі талабы тұрғысынан жауап беретін кітап емес. Кітап жалаң мадақтауға құрылған, ол «Правданың» мақаласындағы: «М.Әуезов, өзге де кеңес жазушылары сияқты, оның жетістіктері мен кемшіліктерін көрсететін принципті әділ сынға зәру»,– деп әділ айтқан негізгі талабына жауап бермейді»,– деп «ризашылығын» білдірді.

Мұқым жазушылық өмірі сыннан көз ашпаған М.Әуезов осындай сынға шынымен «зәру» ме еді? Жоқ. Бірақ оның бұлай айтпасқа амалы да жоқ болатын. Өйткені:

М.Әуезов (жалғасы): «Көзі тірі жазушы туралы газет, журналдағы кез-келген мақала, кез-келген оқулықтағы, жинақтағы, арнайы монографиялардағы, қыл аяғы диссертациялардағы пікірлерді оның жеке басы мен жеке шығармашылығының жылнамасына айналдыруға қақы жоқ, тірі авторға ескерткіш қоюға тырысуға да құқы жоқ. Зерттеп отырған авторын өмір сүріп жатқан замандастарының, жазушылардың ортасынан бөліп алып, жеке тұғырға шығаруға ұмтылған Кедринаның ұмтылысы әбестік. Оның үстіне отбасылық, тамыр-таныстық, топтық пиғылдың мүддесін көздеп бір авторды екінші автордан жоғары қою – орынсыз дәріптеу, ұятты және зиянды талпыныс болып табылады».

П.Кузнецов: «Т.Нұртазин С.Мұқановтың творчествасын ғана емес, сонымен қатар қазақ совет әдебиетінің өркендеу процесін де сын көзімен зерттеуді өзіне мақсат етіп қойған. С.Мұқанов көптеген жақсы өлеңдер, әңгімелер мен повестер жазды. Бірақ оның творчествасында, әсіресе, роман жанрында және әдебиет зерттеу саласында елеулі идеологиялық кемшіліктер мен сәтсіздіктер де болды. Әрине, арнаулы зерттеуден принциптік сын, осындай идеялық кемшіліктер мен қателіктерді тудырған себептерді талдаған зерттеу тапқың келетіндігі заңды нәрсе. Оқушы Нұртазинның кітабының бүкіл үш жүз бетінен осы міндеттің қалай шешілгенін табамын деп текке әуре болады. Кітаптың алғашқы тарауларынан бастап-ақ жүрек айнырлық жағымпаздық сарынның лебі келеді. «Негізін қалаушылардың бірі», «бастаушы», «қазақ халқы Мұқановты өзінің ой-пікірін білдіруші деп айтады», «Мұқановтың «30-жылдардың өзінде айтылған ой-пікірлері бүгінгі күнге дейін зор маңызы бар», «Мұқанов өзінің творчествосымен қазақ оқушыларының рухани дүниесіне тереңнен енді», «Қазақстандағы ең көп жазатын жазушы, ол сонымен қатар, ең әйгілі, қазақ оқушыларының ең сүйікті авторы», «С.Мұқановтың ондаған жылдар бойы талдап шешкен программалық ой-пікірлері», міне, бүкіл кітап осындай шектен асқан мадақтауларға лық толған».

Сөйтіп, «кәдімгі С.Мұқановқа» бұрын-соңды естіп көрмеген, естимін деп ойламаған одақтық деңгейдегі саяси сын айтылды.

Өзге-өзге, дәл Сәбит Мұқанов, «өз өкіметінен» өзі мұндай үкімді күтпеді. Жазғырушы өзге емес, өзі апта сайын сілкілеп алатын Кузнецов боп шыққанына өзі де қорланған шығар. Өкімет «өзінікі емес, оныкі» екенін қаперіне алды ма екен, жоқ па, кім білсін. Әйтеуір жасып қалғаны анық.

П.Кузнецов: «Жағымпаздық әуеніне түсіп алған сыншы С.Мұқановты қазақ әдебиетшілерінің патриархы, тіпті айта берсең бірден-бір тәрбиешісі деп көрсетумен ғана тынбайды, оның үстіне мүлде таңданарлық жағдайға дейін барады: көрдіңіздер ме, С.Мұқановтың «өзінің творчествосында баса көңіл бөлген мәселелерінің маңыздылығы сондай, бүкіл Қазақстанның тағдыры (!) осы мәселелердің дұрыс шешілуіне байланысты болды». Кейде кітаптың авторы түкке тұрмайтын мүлде мағнасыз қайдағы бірдеңелерді айтуға дейін барады. Мысалы, ол мынадай жаңалық ашады: «қазақ совет әдебиеті советтік өмір шындығын көркемдік жағынан бейнелеу болып табылады деген қағиданы Мұқанов теория жүзінде дәлелдеп берді». Және, сонымен қатар, жазушы «отыра қалып еңбек жаза салады» деп мәз-мәйрам болады»,– деп «большевиктіктерше турап» тастады.

Біз де «большевиктерше турасына» көшсек, екі алыптың ортасында ызыңдап жүрген бөгелек оларды осылай уын жая шағып алды. Әрине, арандатушы идеология қызметкерлері мәжбүр етпесе П.Кузнецовтан мұндай деңгейдегі көсемдік шықпайтыны анық болатын.

Ұзақ жылдар бойы бірін-бірімен ырғасып келген екі тұлғаның да жеке басына шынымен қауіп төнгені енді белгі еді.

П.Кузнецов: «Т. Нұртазинның Мұқанов жайындағы пікірлері, әдетте, әлсіз, дәрменсіз және көп реттерде қате. Жазушының «Балуан Шолақ» деген повестіне баға бере келіп, Т. Нұртазин бұл повестің елеулі идеялық қателіктері (повестің казақ тілінде жарияланған вариантында қазақ халқын тұншықтырған Кенесары Қасымов дәріптелген болатын, сыншы бұл туралы жұмған аузын ашпайды) «жазушының социалистік реализм әдісінен шеттеуінің тікелей салдарынан болды» дейді. Әдіс туралы мәселе, сөз жоқ, маңызды мәселе, бірақ шығарманың мазмұнына айқын саяси баға бермей, тек осыны айтумен ғана тыну өрескел қате болған болар еді».

Ал бұрын мұндай «партиялық айыптауды» естіп те, оқып та көрмеген С.Мұқанов есеңгіреп қалса керек, өзінің қысқа сөзінің соңында ғана:

«Президиумның осы мәжілісінің алдында бұл мәселе жабық партия жиналысында талқыланды. Онда бұдан да қатаң және әділетті пікірлер айтылды, менің шығармаларымдағы жекелеген кемшіліктер қатты сыналды. Жекелеген адамдар мұны пайдаланып Мұқановтан есе қайырғысы келіп жүр »,– деп жауап қайырды.

Әрине, бұрынғы кез болса, тізгінін тартпайтыны анық.

П.Кузнецов: «С.Мұқановтың Жұмалиевпен бірігіп жазған революция алдындағы қазақ әдебиетінің тарихы туралы орта мектепке арналған оқулығын Т.Нұртазин мақтайды. Бірақ ғылымға жат «бірыңғай тасқын» теориясын насихаттап, оқулықта нағыз реакцияшыл қараниеттілердің ұлтшылдық шығармаларын мадақтап келген ұлтшыл Жұмалиевті Қазақстанның совет жұртшылығы әшкереледі. С.Мұқановтың саяси жағынан шалағайлығын пайдаланып бұл жалған ғалым қазақ мектептеріне арналған оқулықтарға ұлтшылдық бықсықты тықпалап келген болатын. Сыншы Т.Нұртазин осындай «достық ынтымақты» С. Мұқановтың сіңірген еңбектерінің бірі деп есептейді».

Мұндай сүйкете соққан, «С.Мұқановтың саяси жағынан шалағайлығын» атап көрсеткен сынға С.Мұқанов:

«Мен – кеңес адамымын, мен партиядағы адаммын, сондықтан да «Правданың» мақаласына жауап беретін шығарма жазатын күш-қуатты бойымнан табамын – деп ойлаймын»,– деп түйіп жауап берді.

С.Мұқановтың бұл сөзі – шын сөз. Өйткені оған басқадай кез-келген айыпты тағуға болса да, кеңестік коммунист екендігіне ешкім де күдік келтіре алмайты. Тіпті «Правда» газетінің өзі де. Сондықтан да П.Кузнецовтың:



«Т.Нұртазинның зиянды кітабының жарыққа шығуы қазақ жазушылары арасында әлі де жойылмай отырған жікшілдік пен семьяшылдық жағдайында ғана мүмкін болды, міне, сондықтан да мұндай кітаптың зыяндылығы ерекше сезіледі. Москвадағы әдебиет зерттеуші М.Ритман-Фетисовтың осы кітапты редакторлығына алып, оның осыншалық айқын кемшіліктерін жоймағаны тіпті таңқаларлық іс»,– деген сөзін жауапсыз қалдырды.

Мұндай мүмкіндік М.Әуезовте жоқ болатын. С.Мұқановтың басын осылай қайырып алып, енді М.Әуезовке шүйлікті:

П.Кузнецов: «З.Кедрина М.Әуезовтің творчествосындағы идеялық қателіктер туралы талай рет айтқан, бірақ оның айтқандарының бір-біріне қайшылығы, бір-біріне жанаспайтындығы соншалық, мұның өзі оқушыны тек шатастыруы ғана мүмкін. Мысалы, біз кітаптың бас кезінде М. Әуезов әдеби қызметінің алғашқы жылдарында (ал бұл қызметі 1917 жылдың өзінде-ақ басталған) «революция ісіне пайдалы адам болуға шын ниетімен ұмтылғанын» көреміз. Бірақ, көп ұзамай, бұған қарама-қарсы келетін сөз оқыймыз: Әуезов ескі құрылысты қорғаушыларға қарсы күресте «тиянағы жоқ позиция» ұстаған. Ал осыдан кейін тағы мынаны көреміз: «контрреволюцияшыл алашордашылар белгілі уақытқа дейін «Әуезовтің қаламын өз ықпалына бағындырып алды». Мұндай қайшылық бүкіл кітапта көп кездеседі.

Әуезовтің творчествосында болған бірсыпыра идеялық қателіктер туралы сөз қылып өткеннен кейін, З.Кедрина принциптік қорытынды жасаудан бой тартып, оның орнына лирикалықпен, кешірім сұрап, кейін шегіншектейді, ал содан кейін масаттана былай дейді:«...М.Әуезов бұрын оның идеялық-көркемдік жағынан өсуіне кедергі болып келген буржуазияшыл-ұлтшылдық тенденцияны жеңе білді...», «М.Әуезов революциядан бұрынғы қазақ даласының тұрмысын тарихи жағынан дұрыс маркстік-лениндік тұрғыдан, Лениннің – Сталиннің революциялық іліміне сәйкес баяндайды», «...М.Әуезов өзінің қате көзқарастарын батыл қайта қарап, өз творчествосын дамытуда өзгеріс жасай білді», тағысын тағылар.

Ұлтшылдық бұрмалаушылықтарға қарсы күрес енді өткен кезең деп ойлауға болмайды. 1952 жылғы сентябрьде Қазақстан Коммунистік партиясының VI съезінде былай деп атап көрсетілді: «әдебиетшілер мен искусство зерттеушілері – Жұмалиев, Әуезов, Мұқанов, Жармағамбетов – өз шығармаларында буржуазиялық-ұлшылдық сипатты қателіктер жіберді», «марксизм-ленинизм позициясынан және социалистік реализм әдісінен алыстады, кейбір реакцияшыл хандарды және олардың сарай ақындарын дәріптеді. Қазақстанның Россияға қосылуының ұлы прогрестік маңызын дұрыс көрсетпей, бүркемеледі, орыс халқы мен қазақ халқының қасиетті достығының мүдделеріне зыянын тигізді».

Әрине, монографиялардың жарыса шығуының өзі де кездейсоқтық емес болатын. Өзге-өзге, М.Әуезов пен С.Мұқановтың қазақ халқының алдында да, қазақ әдебиетінің алдында да мұндай ілтипатқа бөленуге толық құқы бар болатын. Бірақ тура соған қасақана жасағандай баспада үш жылдан бері кезек күтіп тұрған З.Кедринаның да монографиясы тізгін таластыра жарық көре қалуы кеңестік идеология сардарларына да, қазақстандық зиялы сарбаздарға да ұнамады. Олар бұдан М.Әуезов пен С.Мұқановтың арасындағы баяғы бақталастықты көрді. Әйтпесе, жөн де, жол да осы екеуінікі еді.

П.Кузнецов: «З.Кедринаның бұлтақ және сонымен бірге жүзге жағымды сыны жазушыға көмектеспейді. Барлық совет жазушылары сияқты М.Әуезов те мадақтауды, мақтау өлеңдерін емес, қайта оның табыстарын да, кемшіліктерін де атап көрсететін принципті, әділ сынды күтіп отыр. Т. Нұртазин мен 3. Кедринаның кітаптары бізде совет жұртшылығының жаршысы болмай, топтардың, санаулы адамдардың жаршысына айналып отырған, әдебиетке прициптік, мемлекеттік көзбен қарамайтын сыншылардың әлі де бар екендігін көрсетеді».

Енді Т. Нұртазин мен З.Кедрина үшін М.Әуезов пен С.Мұқанов екеуінің жауап беруіне тура келді. М.Әуезов монографияның жазылу тарихына:



«З.Кедринаның кітабына байланысты менің кінәм – одан менің шығармашылығымды талдау барысында обьективті бағыт ұстанып, сыни тұрғыдан талдап, пайымды тұжырымдама жасауды қатаң талап етіп, ескерту жасамағандығым. Бұл қолжазбаны 1950 жылдың басында оқып шыққаннан соң, мен оған: менің 1932 жылға дейінгі шығармашылығымды зерттеудің қажеті жоқ, егер қажет бола қалса, өткенімді сыни тұрғыдан қарастыр,– деген болатынмын.

Осы әңгімеден кейін қалғандарының барлығын Кедринаның өзіне сеніп тапсырдым. З.Кедрина – маған жауапты, байсалды сыншы боп көрінгендіктен де, оған сеніп қалуым да менің қателігім болып табылады, оның үстіне З.Кедринаның кітабін Москвадағы Кеңестік Жазушылар Одағының президиумының қолдауымен «Советский писатель» баспасының өзі жоспарға енгізген еді. Ол кітап Сталиндік сыйлықтың лауреаттары туралы басылымдардың қатарында 1949 жылы, яғни, мен сыйлық алған жылы жариялануға тиісті еді. Бұл сериямен шыққан кейбір кітаптар, мысалы Е.Мозольковтың «Якуб Коластың шығармашылығы», Брайнинаның «К.Фединнің шығармашылығы» туралы кітаптар бүгінде Сталиндік сыйлыққа ие болып отыр», – деп амалсыз түсіндірме берді.

Әрине, мұнда тұрған ешқандай әбестік жоқ. Ал отызыншы жылдары түрмеден шыға салысымен танысқан сыншыны М.Әуезовтің өзіне тіптен жат адам етіп көрсету, әрине, сенімсіздік тудыратын. Сондықтан да жауапкершілікті З.Кедринаның өзіне аудара отырып, идіріп тартып:

М.Әуезов (жалғасы): Маған белгілісі, З.Кедринаның кітабі Қазақ әдебиетінің Москвадағы онкүндігінен кейін іле жазылып, соңғы уақытқа дейін ұсталып тұрғаны. Бұл кітаптың өзінің жеке редакторы бар, ал Москвадағы баспалармен менің ешқандай да байланысым, өзара ықпалым болған емес. Мұнымен қоса, белгілі сыншы ретінде З.Кедрина туысқан республикалардың көптеген жазушыларының шығармашылығы жөнінде орталық баспасөзде пікір білдірді және қазір де ол аса кең таралған және беделді басылым «Литеретурная газетаның» туысқан республикалар әдебиеті бөлімін басқарады. Ол тек қана Әуезовтің шығармашылығы туралы емес, сонымен қатар Мұқановтың, Мұстафиннің, Мүсіреповтің, т.б. шығармашылығы жөнінде журналдық, газеттік мақалалар жазды. Менің шығармашылығым жөнінде, соның ішінде менің «Абай», «Абай жолы» романдарым туралы 1949 жылы осы «Правда» және 1951 жылы «Известия» газеттерінің беттерінде мақала жариялады.

Мұның барлығын айтып отырған себебім, жеткілікті дәрежеде дербес пікірі бар қуатты сыншы, сондықтан да өзінің мақалалары мен кітаптарына өзі жауап бере алады, бұған қоса айтарым, менің шығармашылығым туралы бұл зерттеуін декада кезінде мен жөнінде жазылған, жарияланған материалдардың, тыңдаған баяндамалары мен пікірлерінің, менімен ғана емес, Қазақстанның өзге де жазушыларымен жүргізген сұхбаттарындағы пікірлердің негізінде жазды.

Шындықты қалпына келтіру мақсатында келтіріп отырған бұл мағлұматтардың өзі бұл кітапты Кедрина менің қолпаштауыммен, арбауыммен, қитұрқылығыммен және менің топшылдық ұмтылысыммен жазбағанын анық көрсетеді, З.Кедринаның өзім туралы кітабын сынай отырып, оны жақтамай, керісінше, міней сөйлеуімнің себебі де, міне, сондықтан»,– деуге мәжбүр болды.

Бұл мәселеге С.Мұқанов та жауап беруге тиісті еді.


3.
Сәбит Мұқановтың сөзінің аңғарына қарағанда, өзінің 50 жасқа толуы қарсаңында пәленшелер мен түгеншелер оның құлағының түбіне ызыңдап: Кеңес өкіметін қолымен құрған, сол үшін ұлтшылдармен жағаласып келе жатқан С.Мұқанов туралы моногрфия әлі орыс түгілі, қазақ тілінде жарияланған жоқ. Ал ұлтшыл-алашордашыл М.Әуезов туралы Мәскеуден (!) монография шығып жатқан көрінеді. Бұл қалай, неткен әділетсіздік! Сіз де қалыспаңыз, Сәбе! Елу жасыңыз ескерусіз қалмасын. Ана қудалаудан келген, орысша сауатты Темірғали Нұртазин қызметсіз, қаражаттан қысылып, Мұхтардың романын орысшаға жолма жол аударып жүр. Оның қолынан келеді. Масқарадан сөйтіп құтылайық, Сәбе!,– десе керек. Сөйтіп, С.Мұқановтың 50 жасқа толуы құрметіне арналған ол кітап та тез жазылып, жарыса басылды. Қазақ сыны «масқарадан» сөйтіп құтылыпты. Бұл туралы С.Мұқанов:

«Нұртазиннің кітабі жарық көрген соң жауапты бір қызметкер менен: «Нұртазин Сіздің туысыңыз емес пе?,– деп сұрады. Оның менімен ешқандай туыстық жақындығы жоқ екенін ашық мәлімдеймін»,– деп түсініктеме берді.

Алайда «Правда» мен П.Кузнецовтың пиғылы тым әріде жатыр еді. Өздері шығарған Кенесары қозғалысы туралы шудың басылып бара жатқаны «аға газеттің» көңіліне келсе керек, мақалада соны қайта жаңғыртады:

П.Кузнецов: «З.Кедринаның кітабында партия баспасөзінің сын мақалаларында жазушының кемшіліктері, ол кемшіліктерді жазушының жоюға тиіс екендігі қалай атап көрсетілгендігі айтылмаған. Таңданарлық іс: кітаптың соңында бірсыпыра газеттер мен журналдардың жазушы туралы мақалаларын тізіп көрсете келіп, З.Кедрина ол жайында Қазақстан баспасөзінен бірде-бір мақала келтірмеген. М.Әуезовтің жұртшылыққа кеңінен мәлім болып, совет оқушылары мақұлдап қарсы алған және Сталиндік сыйлық берілген «Абай» романының бірінші және екінші кітаптары жазушының творчестволық өмірінде өзінің бұрынғы идеологиялық позицияларын қайта қарауға, буржуазиялық-ұлтшылдық адасулардан арылуға елеулі әрекет жасағандық болды.

Осы романның үшінші кітабы – 1951 жылы «Знамя» журналында жарияланған «Абай жолы» әлі де жете талдап шығуды керек етеді (очеркте ол туралы жанамалап қана айтылған). Қазір жазушы біртұтас циклдің төртінші кітабын жазуда. М.Әуезовтің ірі шығармасы әлі аяқталмаса да, сыншы ол шығармадағы кемшіліктерді, автордың жете айтпағанын немесе оның теріс айтқанын көрсетуге міндетті еді. Мұндай көмекті, объективті бағаны М.Әуезов сыншыдан алған жоқ. Мұның орнына З.Кедрина шығарманы «көшпелі қазақ даласының тарихы, этнографиясы, экономикасы және правосы жөніндегі күрделі ғылми еңбек» деп жариялауға асыққан. Мұндай сөздердің тек таңдандыруы ғана мүмкін, ал роман авторының өзін қолайсыз жағдайда қалдыруы ықтимал. Мысалы, қазақ және орыс халықтарының қас жауы Кенесары ханның он жыл бойы қан төгіп ойран салғаны сияқты Қазақстан тарихындағы қасіретті кезең М.Әуезовтің романында бейнеленбегендігі жұртқа мәлім. Ал шынында мұның өзі романдағы басты кейіпкерлердің бірі, Абайдың әкесі – Құнанбайдың тірі кезінде болған уақиғалар болатын».

Сыншы П.Кузнецов «Абай жолы» романдарында Кенесарының бейнеленбегеніне шын өкініп отыр ма, жоқ, жорта арандатқысы келген бе? Өйткені осының алдында ғана шығармада Кенесарының аты аталғаны ғана үшін ұлтшыл саналып, ол тұстарды қысқартқан болатын. Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов 1951 жылы қазан айында өткен пленумда:



«М.Әуезов отызыншы жылдардың өзінде «Хан Кене» деген ұлтшылдық пьесасында Кенесары Қасымовты және оның қозғалысын жақтады. М.Әуезовтің 1949 жылы «Әдебиет және искусство» журналында басылған «Ақындар ағасы» деген жаңа романында да Кенесары Қасымовтың өз басын біраз дәріптегендік болды. С.Мұқанов 1923 жылы «Жайлауда» деген поэмасында Кенесары мен Наурызбайды «өткен заманның батырлары», «қазақ халқының сүйікті және зор құрметті батырлары» деп атады. С.Мұқанов Кенесары қозғалысын 1942 жылы шыққан «Балуан Шолақ» деген повестінде де дәріптейді»,– деп ескертіп те өткен.

Егерде М.Әуезов Кенесарыны романда Құнанбаймен қатар суреттесе, онда бұл шығарманың жолы кесілетін еді. Сондықтан да М.Әуезов (жалғасы):



«Мақалада көрсетілген менің шығармашылығым жөніндегі нақты ескертпелерге келетін болсақ, мен ең алдымен Абай туралы романдарға тоқталамын. Мақаладағы: романда Абайдың және бұқара жұртшылықтың Кенесары Қасымовтың халыққа қарсы рекациялық қозғалысына көзқарасы екіұшты емес, нақты және анық көрсетілуі тиіс – деген пікір өте орынды. «Ақын аға» кітабында Кенесары мен Көкбайдың дастанын бағалауда кеткен идеялық-саяси қателіктерімді айтқанда, бұл мәселе жөніндегі өзімнің әдеби шығармашылығым мен зерттеулерімде ұзақ уақыт адасқанымды ескере келіп, оған жадағай мәлімдеме арқылы емес, шығармашылығыммен, нақтырақ айтсам, «Абай жолы» атты кітабымда, Абайдың Кенесарының өзін де және оның қанды жорықтарын жырлаған феодалдық реакционер ақын Көкбайды да қатты сынаған көзқарасы арқылы жауап беруге ұмтылдым. Абайдың Кенесарының монархиялық-реакциялық қозғалысына көзқарасын «Правданың» мақаласында көрсетілген талаптар тұрғысынан білдірдім және мұны Абайдың бала кезіндегі өткен оқиғаларының қатарында емес, кейінгі, ойшыл, қайраткер Абайдың ауызымен жеткіздім, онда тек Кенесары мен Наурызбайды сынап қана қоймайды, сонымен қатар орыс халқымен арадағы достықты терең толғаныспен, айнымас сеніммен айтады.

Романның осы тұсынының әділ сыналғанын мойындай отырып, мен бұл мәселе жөніндегі өз қайшылықтарымды «Абай жолы» романының соңғы кітабында ескеретін боламын. «Правданың» мақаласында көрсетілген романдағы тағы бір кемшілікті ескерсек, ол – өткенді дәріптейтін тұстарға қатысты. Осы мәселе жөнінде романның бірінші кітабына айтылған сыншылардың дауысына құлақ түре келіп, кезінде «Абай» романының екінші кітабіна – ауылдағы таптық тартысты күшейте көрсететін бірнеше көріністер қостым. Оны кезінде біздің сыншылар да, Шаяхметов жолдас та өзінің сөзінде атап өтті»

П.Кузнецов: (жалғасы): «З.Кедрина М.Әуезовтің творчествосындағы феодалдық-рулық ескілікті дәріптеу және революциядан бұрынғы қазақ ауылында болған таптық қайшылықтарды жуып-шаю сияқты кемшіліктерді бүркемелейді. Материалдарды атүсті зерттеу және олардың мағынасын нашар түсіну сыншыны қате немесе күмәнді қорытынды жасауға әкеліп соқтырады. Мысалы, З.Кедрина феодалдық дәуірдегі қазақ ауылындағы ру таластарының бір белгісі болып табылатын «барымта» мен орыс шаруаларының помещиктерге қарсы көтерілістері арасында ұқсастық бар деген қисынсыз теңеу жасауға тырысады; Абайдың «Ғақлиялар» жинағы қазақ халқының орыс мәдениетін үйрену қажеттігі туралы идеяны тұңғыш рет ашты деудің ешқандай жөні жоқ сияқты.



З.Кедрина М.Әуезовтің Абай шығармаларының орыс тілінде басылғандарына жазған кіріспе мақалаларын оның зор еңбегі деп көрсетеді. Алайда, сыншы бұл мақалалардағы өте өрескел қателіктер жайында бір ауыз сөз айтпайды, ал бұл мақалаларда, атап айтқанда, Мағауия мен Көкбайдың халықты тұншықтырған жауыздар – Шәміл мен Кенесары туралы нағыз ұлтшылдық поэмалары дәріптеліп, уағыздалған».

Саяси-идеологиялық тұрғыдан сауатты тағаланған Мұхтар Әуезов өзінің сөзінде бар зар-мұңын арыла төкті. Біздің ойымызша, бұл оның мінбедегі шешен, аңғарлы, шынайы, «Абай» романын тәргіден аман сақтап қалуы үшін өзінің өмірлік көзқарасы мен ғылыми қайраткерлігінен бас тарта сөйлеген жан айқайы еді. Әрі үш жыл бойғы кешкен азап жолынан арылу үшін ұмтылған соңғы бір мүмкіндігі еді.

М.Әуезов: «Дәл қазір, ХІХ ғасырда өмір сүрген біраз ақындардың шығармашылығының халыққа қарсы, реакциялық мәні ашылған соң, «Абай» романының бірінші кітабінің соңғы басылымы тұсында өзіміздің «Мемлекеттік көркем әдебиет» баспасының басшыларымен ақылдаса отырып, бұрын өзім дәріптеген Дулат, Шортанбай сияқты халық ақындарына байланысты түбірлі өзгерістер енгіздім. «Абай жолының» соңғы өңделген нұсқасында Абай Кенесарының қарақшылық қозғалысының маңызына мүлдем жағымсыз баға беретінін жоғарыда айтып өттім. Алайда тек мұнымен ғана, сегіз баспа табақ көлеміндегі өңдеумен шектеліп қалғамын жоқ, сонымен қатар жұртшылықтың абайтану жөніндегі талқыда айтылған сындары мен пікірлеріне орай да өзгерістер енгізілді.

Абай мектебі жөніндегі өзімнің қателіктеріммен қоса біздің оқулықтарда жіберілген қателіктерді сезіне отырып, романда бейнеленген Абайдың айналасындағы образдарды суреттеулеріме қатаң шығармашылық сын көзімен қайта қарадым; Абайдың ықпалы үшін күрескен, мақсаттары қарама-қарсы, өзара идеялық тұрғыдан жау екі топтың: біріншісі – өткеннің дәріптеушілері Шұбар, Көкбай сияқты панисламшыл-реакционерлер тобының, екінішісі – Абай арқылы Россиямен жақындасуды барынша жақтайтын Әбіш, Дәрмен, тағы да басқа жастар тобының тартысын суреттедім»,– деп «Абай» романын қорғауға мәжбүр болды.

«Абай» романы оның өмірдегі де, өнердегі де өзекті мақсаты болатын. Сондықтан да М.Әуезов (жалғасы):



Каталог: repository -> history -> 24%20%D1%82%D0%BE%D0%BC.%20%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B%20%D0%BC%D0%B0%D2%9B%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D1%80 -> %D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Халел досмұхамедов
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Абай мектетебі
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Мағжанға Сәбиттен


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   ...   64




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет