Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



бет50/64
Дата04.11.2016
өлшемі10,61 Mb.
#96
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   ...   64

Ал шығарманы талдауға келетін болсақ, онда баяндамашы кейіпкерлер бейнесіне, адамдардың ара қатынасына, тіл мен махаббат мәселелеріне, еңбек үрдісіне тоқталған. Баяндамашы мәселенің нақты байыбына барған, мұнда ғылыми талдау бар, бұл баяндамада әлі де өңдей түсетін құнды пікірлер бар».

Міне, алдағы кезеңде бүкілодақтық деңгейде өтуге тиісті эпостар мен лиро-эпостар туралы аса маңызды ғылыми талқылаудың алдында өткен пікір алысулар осындай еді.

Бұдан бір байқалатыны, ұлы көсемнің қазасынан кейін «буржуазиялық-ұлтшыл», «кеңес өкіметінің жауы», «идеологиялық-саяси өрескел қателік», «халық жауы» деген тіркестерді – «халықтық» деген жаймашуақ, сан мағыналы сөздің ауыстырғаны аңғарылады.

Тіпті, Сәбит Мұқановтың өзі «ұлтшылдық» дегенді сақтықпен қолдану туралы ұсыныс айтты.

СЕГІЗІНШІ ТАРАУ: ТЫЛСЫМ ТАЛҚЫСЫ.

(«Тірідей теріңді сыпырудың жолы…»)

1.

Ауада әлде бір тылсым тыныштық орнаған. Өзгеріс болатыны, бұрынғы «Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің» атының өзгертілуінен-ақ аңғарылатын. Егерде Берия үкімет тізгінін алса, онда бұл сүркілтайдың күшейетіні анық. Ал Маленковтың беті жұмсақ көрінетін. Тура сол талқылауға қатысқандар қызылкеңірдек болып жатқанда, яғни, 3-көкек күні «Дәрігерлер ісіне» байланысты:



«РСФСР-дің қылмыстық-процесуальдық Кодексінің 5 бабына сәйкес бұрынғы СССР Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің тергеуінде болған азаматтардың (аты-жөні) қылмысты іс тоқтатылып... толықтай ақталып, бостандыққа шығарылып» жатқан еді.

Ал келесі күні таңертең Левитанның таңғажайып дауысымен СССР Ішкі Істер министрлігінің:



«Кеңес мемлекетінің белсенді қайраткерлеріне қарсы зиянкестік жасап, шпиондықпен және террорлық қастандықпен айналысты деп айып тағылған бір топ дәрігерлердің тергеу ісінің материалдары тиянақты түрде тексерілді.

Тергеудің барысында бұрынғы СССР Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі оларды қандай да бір заңдық негізсіз тұтқынға алған... Тексеру барысында: аты аталған адамдарға тағылған айыптың жалған екендігі, ал тергеу қызметкерлері сүйенген айғақтар дәлелсіз екені анықталды. Сонымен қатар бұрынғы СССР Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің тергеу бөлімдерінің қызметкерлері тұтқындалғандарың өзінің қылмысын мойындайтыны туралы көрсетінділерді алу үшін кеңестік заңмен қатаң тиым салынған, жол беруге болмайтын тәсілдерді пайдаланған. Осы іс бойынша тұтқындалғандар босатылып, бостандыққа шығарылды. Тергеуді теріс жүргізген айыпкерлер тұтқындалып, жауапқа тартылды»,– деген мәлімдемесі жария етілді.

Талқылау осындай дүрбелеңді алаңмен өтсе де «КПСС-тің айбынды жауынгері – Қазақстан Компартиясы» өзінің атойлаған екпінін баса алмады. Алдағы үлкен әшкерелеулерге дайындалып, қаулының жобасын жасап, тұтқындалуға тиісті «қылмыскерлердің» тізімін жасап жатты. Осы эпостар жөніндегі талқылаудың тұсында университеттен шеттетілген Төлеген Тәжібаевтің орынындағы ректордың міндетін атқарушы Асқар Закарин сақтық шарасын қолданып, Мұхтар Әуезовті ұлтшыл ретінде жұмыстан шығарды.

Жазалау шарасына шұғыл кіріскен Академия «Правдадағы» мақала жарияланғаннан кейін бір аптаның ішінде М.Әуезовтің жылдық есебін сұратқан болатын. Манастанудан дүниежүзілік бедел жиып берген баяндамасы да, «Қазақ әдебиеті тарихының» І томын редакциялағаны да, классикалық үлгіге айналған «Ертегілер» атты монографиялық зерттеуі, «Абай жолының» бірінші кітабын қазақ, орыс тілдерінде Алматы мен Мәскеуден шығарғанына, И.С.Тургеневтің «Дворяндар ұясын» қазақ тіліне аударғанына, тағы да толып жатқан ғылыми басылымдарына қарамастан дикуссия өткеннен төрт күннен кейін, яғни, 6-көкек күні оны :

«Әрекетсіздігі және «Қазақ әдебиеті тарихының» І томын кешіктіргені үшін Қазақ ССР Ғылым Академиясының толық мүшесі М.Әуезовті Қоғамдық ғылымдар бюросының мүшелігінен босатты».

Академияның президенті Д.А.Қонаев емес, вице-президент М.И.Горяев пен бас ғалым хатшы Д.В.Сокольский қол қойған бұл шешімнен Мұхтар Әузовтің соншама секем алуы орынды еді. Өйткені екі бірдей үлкен мекеменің жарыса – академик, профессор, ғылым докторын «ғылыми қабілетсіздігі үшін» жұмыстан шығаруы тегеуріні мықты тепкінің ырқымен жүзеге асқанын танытатын.

Демек, бұған мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің араласқаны анық. Өйткені тұтқындалатын адамды алдын-ала қызметтен шеттету олардың үйреншікті тәсілі еді. Сонымен қатар оны алаңдатқан түрмеде жатқан Қ.Жұмалиевтің беруге тиісті айғақтары сияқты. Тергеу ісіндегі жауаптың айыптау үкіміне алып келетінін ол бәрінен жақсы білетін. Және мұның шындыққа жақын екенін төмендегі естеліктер растайды.

Ә.Жаймурзин: «Осы кезде, қазір еске түскенде күлкі келетін тағы бір уақиға болды. Кешке таман жұмыстан келіп үйде отыр едім. Машинадан түсіп жатқан екі таныс кісіні көзім шалып қалды, пәтерім бірінші қабатта болатын. Әлден кейін есік қағылды. Келгендер Әбділда Тәжібаев пен Ғабиден Мұстафин екен. Екі бірдей үлкен адамдардың келгеніне таңырқаңқырап қалдым. Амандасып отырғаннан кейін Ғабиден аға өзіне тән сабырлы, байсалдылықпен бір суық хабар естігендіктерін, соның шын-өтірігін өзіңнен білелік деп келіп отырмыз деді. Ол қандай хабар деп едім, ертең Мұхтар Москваға ұшқалы жатыр, билет алып қойды деді. Мен Мұқанның осыдан біраз бұрын Москваға барып қайтам-ау дегенін, онда МГУ-де қызым оқиды, соның жазғы демалысын қалай ұйымдастыруды қарастырайын деп едім, сосын өзімнің біраз шаруаларым бар еді деген. Мен оған барыңыз, қазір пәлендей күн тәртібіне қойылып тұрған мәселе жоқ қой дедім де, біраз желпініп алдық қой, сол жететін шығар, енді жұмыс істеу керек болар дегенмін дедім. Ғабиден аға: жоқ мәселе олай емес, Мұхаңды түрмеге жабайын деп жатыр деген лақап тарады, сол шын деседі, Мұхаң содан қатты шошынуда деді. Осының шын өтірігін сен білетін шығар деп, өз аузыңнан естігелі келіп отырмыз деді. Лақаптың, өсектің қандай оңғаны болушы еді, бірақ мынау бір шектен шыққаны болды.

Бұл бекер, ондай нәрсе жоқ, ал бола қалса, маған соқпай кетуі мүмкін емес,– деп келген конақтардың көңілдерін шақ-шақ бастым.

Ертеңіне қызметімді Орталық партия Комитетінен бастадым. Ондағы жолдастармен әртүрлі мәселелер жөнінде сөйлесіп, тамырларын басып көрсем, ондай жамандықтың еш белгісі сезілмейді, ал кеше болған уақиғаны айту маған да ұят. Жауапты басыңмен сондай сөзге мән беруің ұят емес пе десе не демекпін...».

Ғалым Ахмедов бізге (20/ Х 91 жыл): «Мұхтардың ұсталатын алдын-ала белгілі болған. Сол кездегі Алматы қалалық Фрунзе аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Бектембай Медеуов маған мынадай әңгіме айтып берді. Қалалық белсенділердің бір жиналысында сөз сөйлеп, Мұхтар Әуезовті мақтап өттім. Сол түні басқа бір жұмыс ауанында мені Жұмабай Шаяхметов өзіне шақырды. Сөз арасында: «Сен неге бүгін Әуезовті мақтадың? Мұхтар таяуда қамалады. Бұл ұсынысты біз еріксіз қолдауға мәжбүрміз. Бюроның шешімін күтіп отырмыз»,– деді. Түнгі 2-де үйге қайтқасын, Әбділдә Тәжібаевқа звондап: «Сіздің үйге кіріп шығайын»,– дедім. Барған соң Әбділдә Мұхаңа хабарласып: «Барып шығамыз»,– деді. Мұхтардың үйіне бардық. Мен естігенімді айттым. Ол Москвадағы достарына телефон шалып: – Жағдай қиын. Мені қудалап жатыр. Қамайтын түрі бар. Сендерге барсам қайтеді»,– деді. Содан кейін ұшып кетті»,– деп маған айтты»,– деп мағлұмат берді.

Бұл: ұсталуға бұйрық берілді, тек Орталық комитеттің келісімін күтіп отыр,– деген сөз. Шындығы да солай еді.

Ал бұл хабардың жалғасы былай дамыған.

Университет ректоры А.Закарин М.Әуезовті жұмыстан шығару туралы бұйрыққа қол қойылған сәтте дәріс тыңдауға келген шәкірті Әнуар Әлімжанов бұл хабарды кездейсоқ (шындығында қауіпсіздік комитетінде істейтін немере ағасынан) естіп қалады да, лекция оқып тұрған ұстазына:

«Сізге тұтқындалудың қаупі төніп тұр. Осы дәріс үстінде тікелей Мәскеуге ұшыңыз»,– деген мағынада тілше жібереді.

М.Әуезов депутаттық мандатпен билет алып, асыға ұшаққа отырады. Ұшақ Ақтөбе қаласына қонған кезде Жазушылар Одағының төрағасы Ә.Жаймурзинге Ә.Тәжібаев телефон шалып:



«Сіз не қарап отырсыз? Халық жауы ретінде ұсталғалы тұрған Әуезов Мәскеуге ұшып кетіпті. Масқара ғой, талтүсте халық жауынан айырылып қалғаныңыз!»,– дейді.

Тура осы сөздің екінші нұсқасын сол кездегі Жазушылар Одағының бірінші хатшысы, осы оқиғаның тікелей куәгері Әбдірахым Жаймурзин:



«Мен мұны білмейтінімді, егерде мәселе сондай насырға шапса, бірінші басшыға хабарламай, шешім қабылдамайтынын ескертіп: «Сіз алаң болмаңыз. Москва да кеңес одағының жері және ешкімге айтпаңыз. Бұл партиялық тапсырма. Ал енді сіз бұл хабарды қайдан алдыңыз?»,– дегенімде Әбділдә Тәжібаев трубканы тастай салды. Орталық комитетпен хабарластым. Олар: ондай жаманаттың барлығын, қауіпсіздік комитеті жағынан ұсыныс жасалғанын, мәселе түн ортасына таман шешіліп қалуы мүмкін екенін, ал Әуезовтің жаңа ғана Ақтөбеден Мәскеуге самолеттен ұшып кеткенін, енді оны қайтарудың жолын іздестіріп жатқанын айтты. Мен: Әуезов – СССР Жазушылар Одағының басқарма мүшесі, оны тұтқындау үшін Фадеевтің келісімі керек. Сіздер өте сауатсыз саяси қателік жібергенсіздер. Әуелі одақта шешілуі тиіс еді»,– дедім. Өзім түн ортасында Мәскеуге хабарластым. Фадеевті таба алмадым. Екі күннен кейін Константин Фединнен: «Әуезов – біздің одақтың мүшесі. Біз өзіміз шешетін мәселеге сіздер араласпаңыздар»,– деген хабар келді. Ол бұл пікірін Орталық комитетке де жеткізді»,– деді бізбен әңгімесінде.

Оның бұл сөзі кейін естелік ретінде баспасөзде жарияланды.

Сол кездегі Орталық комитеттің идеология жөніндегі хатшысы Мұхамедқали Сужиков – қазақ руханиятындағы орыны анықталмаған қайраткердің бірі. Ол өзінің «Мен ол туралы жақсы көзқарастамын» атты Ж.Шаяхметов туралы естелігінде (естеліктің мәтінін сәл кейін назарларларыңызға ұсынамыз) Қ.Сәтбаев пен М.Әуезовті қуғыннан аман алып қалған адамның бірі өзі екенін айта келіп, оны «қазақ халқына жасалған ұмытылмайтын жақсылықтың» қатарына қосады. Ал М.Сужиковтың бұл пікіріне сол кездегі Ғылым Академиясының президенті Д.А.Қонаевтің естелігі мүлдем қарама-қайшы келеді.

Д.А.Қонаев: «Бірде мені Орталық комитеттің хатшысы Шаяхметовке шақырды. Мені бөгеліссіз тез қабылдады, ерсілі-қарсылы жөн сұрасқаннан кейін ол: тарих, Тіл және әдебиет институты қандай мәселелермен айналысып жатқанынан мәлімет беруді өтінді. Мен әлеуметтік саламен айналысатын аталған институттардың немен айналысып жатқанына қысқаша тоқталдым. Орталық комитеттің хатшысы: Ғылым Академиясының тарихшылары өзінің жіберген қателерін баяу түзетуде, ал Тіл және әдебиет институты оның жұмысы туралы Орталық комитеттің қаулысын нашар орындап жатыр – деді. Мен қателікті түзетуге қажетті шаралардың барлығы жүзеге асып жатқанын айттым. Маған: Орталық комитеттің шешімі бойынша қазақ эпосы жөнінде өткізілуге тиісті дикуссияға Орталық комитеттің хатшысы қатысуы тиіс екеніне көзін жеткізуімді күткендей көрінді. Шаяхметов: өзінің дикуссияға қатыса алмайтынын, оған Орталық комитеттің идеология жөніндегі хатшысы (М.Сужиков –Т.Ж.) баратынын айтты. Мен кетуге ұмтылғанда Шаяхметов мені тоқтатып:

Әуезов қазір не істеп жүр?,– деп сұрады. Мен:

Оның немен айналысып жүргенін білмеймін, жаңа роман жазып жатқан шығар,– дедім. Хатшы маған:

Сізге, әрине, профессор Бекмахановтың Қазақ ССР-нің тарихын бұрмалағаны және Кенесары Қасымовтың қозғалысын саяси зиянды тұрғыдан көрсеткені үшін оны кеңес соты ұзақ мерзімге соттағаны белгілі ғой. Сонымен қатар мүше-корреспондент Жұмалиев пен басқа да ғалымдар сотталды. Бізге қазір: Әуезовтің өзін-өзі нашар ұстап, ескі қателіктерін қайталап жүргені, Қазақстаннан мүлдем қол үзіп, үнемі Мәскеуде тұрақты тұратыны туралы хабарлар түсіп жатыр. Оны Академиктердің құрамынан шығаруы керек,– деді сөзінің қорытындысында. – Мұны Оталық Комитеттің ғылым бөлімі мен Орталық комитеттің хатшысы Сужиков талап етіп отыр. Олардың өзімен сөйлесіңіз, сонда көзіңіз анық жетеді.

Мен мұндай мағлұматқа таң қалдым. Мұның мүмкін емес екенін ашық айттым.

Әуезов – аса көрнекті жазушы, кеңес мәдениетінің белгілі қайраткері, Мәскеудің және қазақ университетінің профессоры, тамаша мамандар даярлап жүр. Ғалымдар ғана емес, сондай-ақ миллиондаған оқырмандар да біздің бұл шешімімізді түсінбейді. Сонымен қатар Академияның Жарғысында Академияның құрамынан шығару туралы мұндай ереже қарастырылмаған. Академик дегеніміз – мәңгілікке берілген атақ.



Ал Кенесары Қасымовтың қозғалысын бағалауға келгенде еріксіз мынадай ой келді: біздің кеңестік сот қаншалықты әділ болғанымен де бұл (үкім шығару – Т.Ж.) оның міндеті емес, ертеде өткен заманның аса күрделі, қарама-қайшылығы мол тұлғасының тарихи салмағы мен маңызын анықтау – оны білетін тарихшылар мен қоғамтанушылардың еншісі болса керек. Алайда, өзіне тікелей қатысы жоқ іспен жоғарыдағылардың нұсқауынсыз, сот өз бетінше айналысты деп айтсам, жалғандық болмай ма?

Орталық комитеттің нұсқауын орындау керек, жолдас Қонаев,– деді соңын ала Шаяхметов.



Содан кейін мен Әуезовті қорғау үшін шұғыл түрде Мәскеуге ұшып кеттім. КПСС Орталық комитетінің Ғылым бөлімі арқылы Әуезовті сондай бір қиыншылықпен әзер қорғап қалдым. Бұл туралы П.К.Пономаренко 1954 жылғы Жазушылардың сьезінде айтты. Ол менің аты-жөнімді атап: ол Орталық комитеттің нұсқауын орындаудан жалтарып, Әуезовті қорғады, бұл істе ол үлкен табандылық танытты – деген сөзін сондай бір таңданыспен тыңдадым. Тек бір ғана жайды түсінбедім: менің ол әрекетімді Пономаренко қайдан білді? Әуезов туралы мен оған ештеңе айтқан жоқ едім ғой. Кейіннен білдім. Пономаренко бұл мағлұматты КПСС Орталық комитетінің ғылым бөлімінен алыпты».

Әрине, аса кірпияздықпен жазылған бұл естеліктің мәтінінің астарында тағдыр мен талқыға негізделген, емеуірін мен егжейі терең әрі күрделі, мүмкін қарама-қайшылығы да бар, тылсым құбылыстар жатыр. Оны дәл қазір тарата пайымдаудың уақыты ерте. Ол үшін бұрынғы партия, қазіргі Президент мұрағатының қатпарлы сөрелерінің көбесі сөгіліп, таяу тарихтың ықпалынан ада зиялы ой иесі пікір қорытуы абзал. Ол күндер де кезегімен жылжып келері анық. Ал Д.А.Қонаев пен М.О.Әуезовтің арасындағы жоғарыдағы байланыс кейін нысаналы сарсүйектікке ұласты.

Бұл деректі ұстазымыз Зейнолла Қабдоловтың:

«Университетке келіп, қазақ әдебиеті кафедрасына кірдім. Қаңырап тұр. Бұрышта Байкенжин (Кенжебев– Т.Ж.) күбірлеп отыр. Әуезов жоқ. Университеттің ректоры Төлеген Тәжібаевті ұлтшыл әрі «халық жауы» Ермахан Бекмахановтың пікірлесі ретінде қызметтен босатыпты. Оны алмастырған ұлтшыл емес Асқар Закарин ұлтшылдардың ішіндегі сенімсіз ұлтшыл ретінде Әуезовті де жұмыстан шығарыпты. Байкенжин құлағымызға сыбырлап қана:

Шаяхметовтің өзі Әуезовті тұтқынға алу туралы қаулыға: «Қарсы емеспін»,– деп бұрыштама қойса, Закарин не істей алмақ?,– деді»,– деген естелігі де растайды.

Расында да, жоғарыдан келген пәрменге Закарин түгіл Шаяхметовтің өзі не істей алар еді және не істей алды? Мұны М.Әуезовтің өзі мөлдірете жазған, бүкіл қазақ үшін махаббаттың асыл бейнесіне айналған Тоғжанның төлі, қатымды да татымды журналист Мәдет Аққозин өзінің Жұмабай Шаяхметов туралы кітабінда:

«Жоғарыдағы деректі растайтын өзге бір естелік «Қазақстан милициясы» журналының 1998 жылғы №3 санында, 12 жыл қатарынан Ішкі Істер министрлігін басқарған Шырақбек Қабылбаевтің туғанына 90 жыл толуына арналған арнайы санында жарық көрді. Қабылбаевтің көмекшісі, отставкадағы полковник, ҚР ІІМ-нің ардагері З.М.Исғатов былай деп жазды: Қабылбаев Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің әкімшілік бөлімінің меңгерушісі болып істеп жүрген кезінде оған Қауіпсіздік комитетінің төрағасы келіп Әуезовті тұтқындау туралы санкцияға рұқсат беруді сұрайды. Бұл туралы Шаяхметовке баяндаған Қабылбаев өзінің қауіпсіздік комитетіндегілермен мүлдем келіспейтіндігін білдіреді. Содан кейін Жұмабай Шаяхметов БК(б)П Орталық комитетінің хатшысы Г.М.Маленковпен хабарласады, сөйтіп, Әуезов тұтқыннан аман қалды»,– деген деректі келтіреді.

Демек, Ж.Шаяхметовтің де қолынан «бірдеңе» келген, «комитетчиктердің» ырқында кетпеген, М.Әуезовті ұстау туралы бұйрыққа қол қоймаған, шама-шарқынша уақытша қолдаған. Мұны бұрынғы партия, кейінгі президенттік архивтің құпия сөрелеріндегі деректерді қарастыруға мүмкіндігі еркін жеткен қайраткер, қаламгер Мұхтар Құлмұхамед:



«Сол кездегі өмір сүрген партиялық идеология мен саяси қондырғылардың қатаң тәртібіне қарамастан Жұмабай Шаяхметов белгілі ғылым мен мәдениет қайраткерлерін батылдықпен қорғау жағында болды. Тарихи шындықтың салтанат құруы үшін Жұмабай Шаяхметовтің Әуезов пен Сәтбаевтің тағдырынан ерекше орын алғанын, соның нәтижесінде олардың 50-жылдардағы жаппай қудалаушылықтан аман қалғанын бүгін ашық айтуымыз керек. Шаяхметовтің кеңесі бойынша ғылыми жұмысын жалғастыру үшін Қаныш Сәтбаев Мәскеуге жіберілді»,– деп сеніммен мәлімдеді.

Ал қазақ зиялыларының қамқоры, өзі де тура осы күндері қуғынға түсіп, Орталық комитеттің идеология жөніндегі хатшылығынан алынып, бір жыл жұмыссызген Ілияс Омаровтың «Күнделігі» мен «Жазбаларына» сүйене отырып ғұмырнамалық баян жазып шыққан М.–Х. Сүлейманова, Ж.Сүлейманова, А.Голубевтің «Ілияс Омаров: өмір және философия» атты кітабінда М.Әуезовтің жасырын түрде Мәскеуге аттануын барынша сенімді түрде былай баяндайды:



«Мұхтар Әуезовті құтқару үшін оны Мәскеуге жасырын жіберу ісіне Ілияс Омаров мұқиятты түрде құпия араласты. Әуезовтің басына төнген қауіпті бір қалтарыс тауып кешке жақын оның үйіне келген Рахымжан Мусиннен естиді (Р.Мусин – Қауіпсіздік мекемесінің жауапты қызметкері, қайын жұртының ағайыны, отыз жетінші жылы да оны ұсталудан сақтандырған адам – Т.Ж.). Ұйғарым бойынша бір күннен кейін (Әуезов) тұтқынға алынуға тиісті екен. Ілияс Омаров дереу Сыртқы Істер министрі Төлеген Тәжібаевпен хабарласып, таңертең ерте Орталық комитеттің ғимаратының кіреберісінде кездесуге уағдаласады. Кездесу барысында екеуі: Сыртқы Істер Министрлігінің қызметкерлері Мұхтар Әуезовтің атына билет алып, оның ешқандай кедергісіз ұшып кетуін қадағалап, депутаттар бөлмесі арқылы жазушыны ұшаққа отырғызып жіберетін болып келіседі. Түстен кейін Тәжібаев оған бәрі де орынында (все в порядке) деп хабарлайды, Ілияс Омарұлы дереу өзінің қызметкері Іслам Жарылғаповты шақырып алып Мұхтар Әуезовке мына сөздерді ауызша жеткізуді өтінеді: ол кісі Мәскеуге ұзақ уақытқа іссапарға шұғыл аттануға дайындалсын. Алматыда қалу қауіпті, поезбен жүру де қауіпті, сондықтан да ұшаққа кешікпей мінсін. Мұны мен айтты деп жеткіз,– дейді. Ілияс Омаров Жарылғаповқа: Әуезов пен дипломаттардың уақытында аттанып кетуін қатты қадағалауды тапсырады. Бұл хабарды Жарылғапов тек кешке ғана ебін тауып (жазушыға) жеткізеді. Келесі күні таңсәріде Жарылғапов ұлы жазушының үйіне келеді. Көлік те кешікпейді. Сыртқы Істер министрлігінің екі адамы үйге кіреді, іле Әуезовті ертіп бірге шығады. Олар автомобиьлге отырып жүріп кетеді. Жарылғапов Бас почтаға барып Омаровқа хабарласады. Телефон арқылы уағдаласу бойынша белгіленген: «Сәби ұйқыға кетті»,– деген екі сөзді ғана айтады. Қарсы жақтан: «Рахмет» деген сөзді ғана естиді».

Сонда шындық қайсы? Біздің ойымызша осы айтылғандардың барлығының дүбарасында. Соның ішінде, Қ.Сәтбаевтің ең сенімді серігі, әрі ізбасары, бірінші деректің иесі, яғни, олардың айтқандарын сөз бе сөз келтірген көз бе көз куәгер Шафиқ Шокиннің естелігі мен Ілияс Омаровтың «Жазбаларын» нысанаға алып пікір түйген лазым сияқты. Сонда барлығы да өз орынына келеді.

Ал сол тұстағы жүрек лүпілін сол кездегі бірінші курстың студенті Т.Молдағалиев:

«... Мұхаң бізге абайтану дейтін пәннен дәріс оқуы тиіс еді. Тағдырдың тәлкегімен ол кісі Москва университетіне лекция оқитын бопты. Саяси қателері үшін тұтқынға алынатынын біліп қалып, Москваға тартып тұрыпты Мұхаң. Александар Фадеевтің көмегімен пәле-жаладан құтылып МГУ-де қала беріпті. Біз екі жылдай өзімізідің сүйікті ұстаздарымызды көре алмай жүрдік...»,– деп еске алыпты.

Бұлтсыз күнгі найзағайға тап болған М.Әуезовтің тағдыры санаулы пиғыл иелерінің бәрінің де көңіліне осындай мұң ұялатқаны анық. Ал ол кезде болашақ ақынның ұстазы «Менің қателерім жайында» шарасыздықтан туған шағымын өңдеп қайтадан жазып жатқан болатын

Қырандар торға түскен, сауысқандар аспанды билеген сол бір «қызылөңеш кезеңде» Қ.Сәтбаев пен М.Әуезов Мәскеуге барып бас паналады.

Мәскеуге бара салысымен СССР Жазушылар Одағының төрағасы А.А.Фадеев бастатқан бірнеше жазушыға Ашық хат жазды.

Ашық хаттың жазылған күні 1953 жылдың 2-көкегі. Тіркелген күні 12-мамыр. Араға бір ай он күн өткен. Алматыдан Мәскеуге жасырын жету, аталған адамдармен құпия кездесу, хатпен олардың танысып, шешім қабылдап, ресми тіркетуі осынша уақыт алған. Хат:

«Александр Александрович Фадеев, Алексей Александрович Сурков және Константин Михпйлович Симонов жолдастарға – СССР Жазушылар Одағы басқармасының мүшесі, жазушы М.Әуезовтен ӨТІНІШ

Өмірімнің бір сәтінде, адамгершілік тұрғыдан аса ауыр құмығуға ұшыраған өмірімнің ең қиын сәтінде Үшеуіңізге адамның – адамға, жазушының – жазушыға шағынуы ретінде сіздерге хат жазып отырмын. Мен сіздерден көп ештеңе сұрамаймын, тек менің осы өтінішіммен және өзімнің осы өтінішіме қосып жіберіп отырған екі материалмен өздеріңіздің танысып шығуларыңызды және тиісті жерде (қайда және қалай ұйғарсаңыздарда) жазушыға, тым құрығанда сіздерге өзінің шығармашылық қызметімен таныс жазушыға өз пікірлеріңізді айтуларыңызды сұраймын», – деп басталады.

Иә, басына қауіп төніп, шынымен де құмығып жүргені, алас ұру мен үрей қатар билеген, түрмеден жүрегі шайлыққан, абыройлы жасында абұйырлы өткен өмірінің қапаста аяқталатынына алаңдаған шерлі көңілдің қамығулы күйі аңғарылады. Сәбит Мұқановты шығармашылық жарысқа шақырған көтеріңкі екпіні басылған. Бальзактың шегірен былғарысы сияқты көнек өмірдің көні кеуіп, шындап қусырыла бастағаны аңғарылады.

Бұл деректі академик Шафик Шокиннің мына естелігі растайды:

«Осыдан бұрын Сәтбаев пен Әуезовті Республикадан қудалап шығарған оқиғаның орын алғаны әркімнің есінде шығар. Ол елден кеткеннен кейін біраз уақыттан соң мен Қаныш Имантайұлымен Мәскеуде кезіктім.

... Одан да сәл кейінірек Мұхтар Әуезовпен де Мәскеуде кезіктім. Күні бойы Ленин кітапханасында отырдым да сергу үшін «Метрополь» кинотеатрына дейін жаяу келдім. Қалың нөпір адамның арасында Мұхтар Омарханұлы екеуміз бетпе-бет келіп қалдық. Сондағы оның түрін көрсеңіз! Өңі қабара қарайып кеткен, костюмі мыж-мыж. Мен шошып кетіп: «Сізге не болған, Мұқа?»,– деп сұрадым жазушыдан. Үнсіз, баяу жымиып, екі қолын жайды. Екеуіміз ең бірінші кезіккен ресторанға кірдік те бос орынға отырдық. Бір-бір рюмке коньяк ішкен соң, әңгіме басталды. Оның Мәскеуге келген беті де сол екен. Қазір мәдениет жөніндегі Мемлекеттік комитеттен келе жатқан беті екен. Костюмінің ішкі қалтасынан екі бүктелген қағазды алып шықты. Бұл – Әуезовті ММУ-нің профессоры етіп тағайындау туралы Комитет төрағасының бұйрығы екен. Психологиялық өзгеріске бейімделе қоймағаны бірден білініп тұрды. Сонымен қатар, өзінің профессорлық қызметке ауысуының қаншалықты орынды болғанына күмәндана қарайтынын да аңғардым. Шындығына көшкенде бұдан басқа оның барар жері қалыппа еді?

Сөйтіп, Кенесары мен Шәмілдің айналасындағы науқан Сәтбаев пен Әуезов үшін осындай сергелдеңге ұласты. Олардың халық алдындағы сіңірген еңбегі бір демде жоққа шығарылды. Әрине, олардың әлеумет арасындағы орыны сәл төмен болғанда ғой, олардың күні қараң болар еді. Себебі, атағы олардан сәл қалыңқы тарихшы Бекмахановтың тағдырының тас-талқаны шығып, талқыға түсіп, түрмеге қамалды».

Бұл жолдар түсінікті қажет етпесе керек. Адамның дауысын жұтып қойған тылсым заманның тылсым тағдыр иесі туралы жарылып не айтуға болады?

2.

Ең қауіпті, ең ауыр, ең шындыққа жақын айыптаулардан аман құтылған Мұхтар Әуезов эпос туралы пікір талқысы тұсында неге сонша мазасызданып, қамығып, өзін өзі ерікті қуғынға түсіріп, Мәскеуге барып шағынады? Эпос туралы пікірлерінің кеңес өкіметіне қарсы қастандық әсері соншама күшті ме еді? Әлде М.Ғабдуллиннің, Н.С.Смирнованың, С.Нұрышевтің шығарған үкімі сондай пәрменді ме еді?



Марқұм Мәлік Ғабдуллин өзінің фольклор туралы дәрісінің тең жартысын осы жағдайды түсіндіріп беруге арнаушы еді. Екі қолын кеудесіне айқастырып алып толғана айтқанда өне бойымыз шымырлай отырып тыңдаушы едік. Тура сол түршігуді С.Нұрышевтің мақаласын оқып шыққанда да басымыздан кешірдік.

Соншама апшысын қуырған қандай жағдай? Мұны С.Нұрышевтің мақаласының кіріспесіндегі:




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   ...   64




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет