Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



бет47/64
Дата04.11.2016
өлшемі10,61 Mb.
#96
1   ...   43   44   45   46   47   48   49   50   ...   64

«Мәселе мынада, Университеттің ректорының міндетін атқарушы адам маған ұлтшыл деген жаманатты жапсырып, мені қызметтен шығарды (көшірмесі қосымшада беріліп отыр). Эпос туралы талқыдағы өзінің баяндамасында доцент М.Ғабдуллин мені: өзінің бұрынғы саяси қате ұстанымында тұрақтап қалған, сондай-ақ өзінің эпос туралы мақалаларында кеңес еліне жау буржуазиялық-ұлтшыл идеяны насихаттап келген буржуазияшыл ұлтшыл ғып шығарды. Соңғы үш жылда республика көлемінде кеңінен орын алған әдебиеттану саласындағы буржуазиялық-ұлтшыл қателіктерді сынаған қажетті де маңызды сыни талқыларда менің қателерім туралы да көптеген әділ, принципті, обьективті тұрғыда дұрыс пікірлер айтылды. Ол туралы өткен көптеген жиналыстарда өз мінімді мойындай сөйледім, ол жөнінде жолд. Пономаренкоға да жаздым, ол туралы қосымшасы ұсынылып отырған талқыда сөйлеген сөзімде де айттым»,– деп түсінік берді.

М.Ғабдуллин (жалғасы): «Онысымен де қоймай, қазақ әдебиеті тарихының авторларының бірі ретінде оның өзі қазақ халқының қарақшысы Кенесары мен Наурызбайды және Қорқыт туралы феодалдық-хандық аңызды дәріптеді, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» тұрмыс-салттық жырын теріс талдады. М.Әуезовтің бұл еңбектерінде аталған туындылардағы әлеуметтік-таптық қатынастардың белгісі де жоқ».

Сонда «әлеуметтік-таптық қатынастың» белгісін анықтау үшін «Қорқытты» жоққа шығарып, Қодар құлды кедей тобының өкілі ретінде мадақтауы тиіс пе еді Әуезов? Бұл мінеу емес, жалаға жол ашатын логикалық қисынды іздеу ғана. Сондықтан да сөздің ретіне орай М.Әуезов өзінің «Ашық хатында»:

«Сонымен қатар, үш жыл бойы осы мәселелердің барлығын талқыға салған пікірлердің нәтижесінде маған айтылған сыннан, талқыланған жиналыстардың қорытындысынан (Қазақ университетіндегі сияқты) екіұшты сыңаржақ әділетсіздікке жол беріліп келеді»,– деген уәж білдірді.

Ал. М.Ғабдуллин оның бұл қателіктерінің саяси-идеологиялық «улы түп тамырын аршып», ол – кездейсоқ пікір емес, жүйеге түсіріліп, мақсатты түрде жүзеге асырылған ұстаным – деп баға берді.

М.Ғабдуллин (жалғасы): «Мұның барлығы, М.Әуезовтің өзінің бұрынғы буржуазиялық-ұлтшыл тұжырымын соңғы уақытқа дейін қазақ әдебиеттануында насихаттап, бүгінге дейін сүйрете жалғастырып келе жатқандығын дәлелдейді. Бұл ретте М.Әуезовтің қателігі кездейсоқ қате емес. Бұл қателіктің тамыры – оның қазақ әдебиетіндегі «Алашорда» идеясының көсемі болып жүрген жылдардағы қайраткерлігінде жатыр. Бұл контрреволюциялық партия талқандалғаннан кейін М.Әуезовке буржуазиялық-ұлтшыл ашық ұстанымнан кетуіне тура келді. Міне, содан бастап аталған «қателер» пайда болды, талдаулардың нәтижесі, мұның бәрі М.Әуезовтің сол бір буржуазиялық-ұлтшыл көзқарасының нақты және бүркемеленген жүйесі екенін танытты».

Бұған дейін үш жыл бойы айтылып келе жатқан айыптауларда дәл осындай «нақты, жүйеленген», ашық үкім шығарылған емес.

Баяндамадағы осы сөздермен «Кірбіңі кеткен көңілден» атты естеліктегі:

«Бір айта кететін нәрсе: мен баяндамамда батырлар жырын зерттеген жолдастарға «ярлық» тақпауға, бірақ олардың еңбектерінде жәберілген қате-кемшіліктерді ашып айтуға тырыстым. Осы ретте Мұқаңды «әдейі қате жіберген» деп айыптамай, оның батырлар жырын зерттеуге арнаған еңбектерінде елеулі қате -кемшіліктердің орын алғанын айттым»,– деген пікірлердің арасында қайшылық барлығы анық аңғарылады.

Мұндағы көрсетілген «қате –кемшіліктердің» өзі «қате –кемшілік» екеніне тоқталмаймыз. Бірақ, «әдейі қате жіберген» деп айыптамай... айттым» – деген сөздің әдібі жатқызыла айтылғаны анық.

Міне, осы тұста М.Әуезовтің жүрегі жанып-күйіп кетіпті.

М.Әуезов («Ашық хаттағы» жауаптан): «Біріншіден, менің өткен кезде жазған, оның ішінде қате пікірдегі мақалаларымды, көркем туындыларымды, сол талқыланып отырған тарихи тақырыпқа арналған көптеген пьесаларымды, повестерімді, романдарымды, тіпті қате пікірде жазылған мақалалардағы жайлардың өзі – пьесаларым мен прозалық шығармаларымда дұрыс көрсеткен жазушылық еңбегімді еш жерде және ешқандай сыншы ескерген емес. Менің негізгі шығармашылық еңбегімнің назардан тыс қалғаны сондай, таяуда эпос жөніндегі талқылауда негізгі баяндамашы М.Ғабдуллин менің барлық өміріме және қызметіме саяси қатаң үкім шығара отырып, өзінің қорытынды сөзінде: маған – жазушы ретінде емес, тек ғылыми қызметкер ретінде баға бергенін айтты. М.Ғабдуллиннің бұл үкімінің шындығын жоғарыдағы Алматыда өткен талқылауға қатысқан Л.И.Климович растай алады. Бір жағынан алғанда, адамды құртуға бағытталған сын айта отырып, екінші жағынан, сенің негізгі қызметіңді ескермейді. Адамға баға беруге келгенде мұнда қандай қисын, қандай әділет бар?»,– деп жан ұшыра жанашырлық сұрайды А.Фадеевтен.

«Адамды құртуға бағытталған, қисынсыз, әділетсіз сынына» қанағаттанбаған М.Ғабдуллин:

«Өзінің әдебиеттанушылық еңбектерінде осындай өрескел саяси қателіктер мен бұрмалаушылықтар жіберген М.Әуезовтің осы уақытқа дейін баспасөз арқылы жіберген қателіктерін мойындамай, сынға алмай келуі өзінің бұрынғы жіберген қателіктерін үнсіз және табанды түрде қорғағаны емес пе екен?»,– деген салмақты сұрақ қояды (Қазақ эпосының жағдайы мен зерттеудің міндеттері туралы. Вестник Академии наук Казахской ССР,1953, № 4).

Бұл – әдеби не ғылыми пікір емес, тура айыптау үкімінің өзі еді. Ал баяндамашыға бұл ренжитіндей сын емес сияқты көрініпті:



М.Ғабдуллин: «Байқаймын, айтыстан кейін Мұқаңның маған деген көзқарасы, қарым-қатынасы өзгеріп қалған сияқты.Сәлемімді жылы шыраймен қабыл алатын бұрынғы Мұқаң көрінбейді, өкпелі Мұқаң көрінеді. Бұл қалай? Мұқаңның маған дегенде өзгере қалу себебі неде? – деп көп ойландым. Байқаймын, арамызға от тастаушылар, Мұқаңа мені жамандап шағыстырушылар бар секілді... – Апыра-ай, мұнысы несі? Бір-екі ауыз сын айтты, сынады екен деп осыншы бұлан-талан болғаны қалай?»,– деп «таңданады».

Шындығына көшсек, ол өкпенің себебін түсіну соншалықты қиын ба еді? Бұл арада батыр-ұстаз жорта аңғалсып отырған жоқ па? – деген де ойға қаласың. Әйтпесе, басты «шағыстырушы» адам емес, өзі келісімін берген «Орталық комитет», Сужиков емес пе? Ал осы «бір-екі ауыз сынмен» Әуезовтің басы бәйгеге тігілгенін, өз еркімен «жер аударылуға» мәжбүр болғанын Мәкең – Мәлік Ғабдуллин білді. Дәл сол сәтте білмесе де, бір аптадан кейін көзі жетті ғой.

Ал өзін-өзі ақтауға тырысқан М.Әуезов бұған:

«Қазақ әдебиеттану ғылымындағы салт-саналық қателіктерді сынау, маркстік-лениндік тұрғыдан дәлелдеп сынау 1951 жылы «Правдадағы» «Қазақстан тарихы мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген мақала шыққан соң, әсіресе, мол өріс алды. Фольклор, XIX ғасыр әдебиеті, абайтану жөніндегі біздің қателерімізді анықтау – жыл санап менің де ғылымдық түсініктер мен міндеттерімді дұрыстап ұғынуыма себеп болды. Бірақ сол бағыттағы түзетулерді өз лекцияларыма кіргізе жүргеніммен, партияның қаулыларына сай боларлық кесек ғылыми еңбек жазып үлгіре алмадым»,– деп жауап берді.

Ұстазымыз болған марқұм М.Ғабдуллин өзінің осы баяндамасын Орталық Партия комитеті зорлап жасатқанын, еріксіз ұстазына қарсы шығуға мәжбүр болғанын, араздықтың ұзаққа созылғанын, «Қазақ әдебиеті» газетіне ашық хат жазған соң Мұхтар Әуезовтің өзі хабарласып, «Абай» романына «Кірбіңі кеткен көңілден» деп қолтаңба жазып бергенін қинала отырып, шәкірттерінен де кешірім сұрағандай нәумез күйде:



«Әрі ойлап, бері ойлап дегендей, менің бар тапқаным Мұқаңа хат жазу болды. Онда бүгінгі қазақ поэзиясының бір мәселесін сөз ете отырып, Мұқаңмен сөйлескім, пікірлескім келді. Егер ол хатыма жауап берсе, онда ұғысамыз... Ал жауап бермесе, хатты аяқсыз қалдырса, онда Мұқаңмен түсінісетін күнді алдан күтеміз деп ойладым. Сонымен, «Мұхтар Әуезовке хатымды» жаздым. Бірақ оны Мұқаңның үйінің адресіне жібермей, «Қазақ әдебиеті» газетіне жолдадым. Редакциядағы жолдастардан бұл хатты газетке жариялауды өтіндім. Олар тілегімді қабыл алды да, ешбір өзгеріссіз газетке шығарды («Қазақ әдебиеті», 1955 жыл, 28-октябрь,№ 43).

... Хат мынадай сөздермен аяқталады: «Қазақ әдебиетінің шешілмей жатқан мәселелері өте коп қой. Оларды бірлесе, ынтымақтаса, бір-біріміздің қате, кемшіліктерімізді жолдастық ниетпен сынаса отырып шешуге тиістіміз. Бұл айтылған жайлар соңғы кезге дейін болмай келді ғой. Бір кезде сын деп, сынау деп сыңаржақ кеткен, асыра сілтеген жеріміз болды. Ондайымыз үшін кешірім етуіңізді сұраймын».

Менің Мұқаңа айтайын дегенім, хат арқылы білдірейін деген ойым – хаттың осы соңғы абзацында берілген деуге болады. Таңернтең сағат тоғыздан асып бара жатқан кезі еді. Институтта қызметте отырғам. Телефон сылдыр ете қалды. Трубкадан таныс дауыс естілді. Кәдімгі Мұқаңның дауысы:

Мен Мұхтармын ғой. Хатыңды оқып шықтым. Кешірдім бәрін де. Сен қазір біздің үйге келші, отырып сөйлесейік...



Мұқаң үйіне түс кезінде келдім.Мұқаң күтіп отыр екен. Екеуміз құшақтаса кеттік. Ол мені көптен көрмеген туысындай құшақтап, сүйіп жатыр.

Мен сені жақсы көретін, сүйсінетін едім. Дос-жар көңілмен қарайтыныңды да білетін едім... Сөйткен сенің, айтыста бет-жүзге қарамай сынағаныңа қатты өкпеледім... Сынау керек, сынағаның жөн, бірақ, сынды сабау құралына айналдыруға болмайды... Бұл жолы саған тағы бір разы болғаным, сенің газет арқылы кешірім сүрағаның. Сен кешірімді маған келіп, менен ғана сұраған жоқсың, оны пәленбай мың оқушы жұртшылықтың алдында газет арқылы сұрадың ғой. Міне, мұның нағыз жігіттік. Біреуден біреудің кешірім сұрауы бір басқа, ал сол кешірімді көпшіліктің алдында сұрау бір басқа. Сені кешірім сұрады деп кішірейтпеймін, қайта оныңды білгендік деп түсінемін. Енді көңілімде еш кірбің жоқ, өкпе-араздығым жоқ. Мен сенің хатыңа жауап берем және оны өз қолыммен жазамын,– деді», – деп бізге де әңгімелеп беріп еді.

Мұхтар Әуезовтің «Мәлікке хаты» «Қазақ әдебиеті» газетінің 1955 жылғы қараша айындағы №45 санында жарияланды. Біз арлы ұстаздың арылуын түсіндік, келер ұрпақ та кешіріммен қабылдаса екен деген де тілек бар.

Осы талқылаудан кейін М.Әуезов А.А.Фадеевке жолдаған хатында жауапты қызметтегі (М.Ғабдуллин институттың ректоры қызметін атқаратын) ғалымдар өзін жауапкершіліктен құтылу үшін «мұны ұстап беруге барынша тырысып жүргенін баса айтты.

М.Әуезов (жалғасы): «Екінші, өзінің фольклор тақырыбына арналған және өткендегі өзге де еңбектерінде буржуазиялық-ұлтшылдық бағытта көптеген өрескел саяси қателіктер жіберген, соның ауыртпашылығын күнәсінің салмағы бұрыннан белгілі маған аудара салуға тырысып жүрген сыңаржақ бағыттағы ауқымды бір топ адамдар бар. Бұл адамдар: не ана, не мына тақырып бойынша алғаш пікір білдірген адамның ықпалында кетіп, қателікке ұрындық-мыс деп ұйымдасқан түрде мені нұсқайды. Сонымен қатар, партия мүшесі, аса жауапты қызметке ие, ғылым мен әдебиет майданында ондаған, одан да көп жылдар бойы істеп келе жатқан бұл адамдар: алғашқы қателескен адамды көрсету арқылы олар жауапкершіліктен құтылады, бұл олардың кінәсін жеңілдетеді – деп қарайды. Бірақ та, бұл адамдардың қателігі менің қателігімнен де үлкен әрі зиянды, олар тек мақала ғана жазумен шектелген жоқ, мектепке арналған оқулықтар жазды, хрестоматиялар құрастырды, бірігіп мектепке, вуздарға арналған (ұзақ жылдар бойы оқулықтың орынын алмастырып келген) бағдарламалар жасады, олар көптеген жылдар бойы, осы күнге дейін осы авторлық құрамды сақтай отырып өздерінің осы ұжымдық еңбектерін қайталап бастырып келеді»,– деп шағынды.

Баяндамашы Мәлік Ғабдуллинді өзінің басына тікелей қауіп төндіріп отырған дұшпан пиғылды адам ретінде қабылдады. Оған хаттағы мына сөздер дәлел.

Мұхтар Әуезов (жалғасы): «Алайда, талқылаулардағы, жиналыстардағы сөздерінде аталған адамдар біреулердің кінәсін жеңілдетіп, екіншісінің кінәсін ауырлатып, соның ішінде менің кінәмді ҚазГУ-дің ректорының бұйрығы сияқты талқандай көрсетумен келеді. Өзіме деген әділдікті ғана талап ете отырып, менің қаламымнан 21 пьеса, бірнеше роман, бірқатар повесть, көптеген әңгімелер шыққанын еске сала кетемін. Көрсетілген пьесалардың жартысынан астамы кеңестік тақырыпқа арналған, бұлардың көпшілігі қазақ театрларында тұрақты қойылды. Мен бұл арада Абай туралы романдар тізбегіне тоқталып жатпаймын. Бір ғана айтарым, менің интеллектулды-шығармашылық ізденісімнің ірі туындылары болып саналатын ірі шығармаларымның жекелеген кемшіліктеріне қарамастан, олар ұлтшылдықты насихаттайтын кітаптар болып саналмайды. Керісінше, олардың ең басты жетістігі, олардың ең қасиетті мәні – орыс мәдениетіне, орыс халқына деген терең де шынайы махаббат пен құрметте, яғни, қазақ ұлтшылдығына белсенді түрде қарсы тұрғандығында. Менің ұзақ жылдардан бергі еңбегімнің ең мәнді жақтары туралы үнсіз қала отырып, жүгенсіз саяси айып таға отырып, бұл адамдар менің жеке басыма аяусыз зорлық көрсетіп отыр, сол арқылы адал да ізденгіш кеңес жазушысына, маған – бүгінгі жауапты шығармашылық жұмысыммен айналысуыма зор кедергі жасап отыр»,– деп шағынды.

Бұл өкпе 1956 жылы 11 маусымы күні тарқады.

М.Ғабдуллин: «Уақыт өте берді. Келесі бір мәжілістес болып бас қосқанда Мұқаң жаңа ғана баспаханадан келген «Абай жолын» маған сыйлық етті. Кітаптың ішкі бетіне өз қолымен: «Кірбіңі кеткен көңілден…» – деп жазып берді. Ал бұл автографтың мәні мен сыры жоғарыда айтылған еді».

Төл шәкірті, бауырына тартқан бауыры С.Негимовтің:



«Осындай жайлардың обьективті, субьективті себептері барын көзі ашық, көкірегі ояу оқырман қауым түсінер деген ойдамыз»,– деген пікіріне біздің де алып қосарымыз жоқ.

Ол тұста миф те, аңыз да, әфсана да саясаттанып кетіп еді. Соның «үлгісін» Н.С.Смирнова да көрсетіп, «өңешін бір созып» қалды.

Н.С.Смирнова: «Қазақ халқының қас дұшпаны Кенесары Қасымов туралы халық арасында мынадай аңыз әлі де сақталып келеді. Бұл аңыздың кейіпкерлері – кедейлер, олар ханға қарғыс айтып, оның ажалын күтеді. «Сен өлген соң,– дейді кедей кейіпкерлер ханға үш жүздің барлығы күндей жадырап шыға келеді». Мұны «ішек-қарыны сыртынан көрініп тұрған» екі кедей жігіті айтады. Олар аштықтан сүйретіліп келе жатып, сұлтанның ауылының жанынан өткенде оның үйіне кіруге жасқанады. Олардың бірі: «Қасымның балалары – аталары Абылай мен Қасым сяқты қатыгез, қанішер деп естідім»,– дейді. Аштықтан бұратылған жігіттер ақыры ауылға келгенде Кенесарының қорлығына ұшырайды. «Аш қасқырдай жалаңдаған олар» жазықсыз жолаушыларды қамшының астына алады. «Егер Абылайдың ауылы он болса, біздің ауылымыз мың. Солар-ақ шынжырлы қарғыбауына байланып айдалада қала берсін. Аулақ кетейік бұлардан. Айналып өтіп, іргемізді ажыратайық»,– деген жәбір көрген жігіттердің сөзімен аңыз аяқталады».

Міне, осылай Кенесары мен Наурызбайды М.Әуезовтің бетіне шіркеу ретінде ұстай отырып, өзінің хатында «өзінің ауыртпашылығы мен күнәсінің салмағын» Әуезовке «аудара салуға тырысып жүрген сыңаржақ бағыттағы ауқымды бір топ адамдардың» бірі де осы Н.С.Смирнова еді. Ол:



«(...) Қазақстан фольклоршыларының ақсақалдық беделге (академическим авторитетом) бас иіп, ғылым мен әдебиеттің партиялық принципін елемеуінің кесірінен оқулықтардың, хрестоматиялардың, зерттеулердің ішіне жаулық пиғылдағы, халыққа жат нұсқалар мен буржуазиялық-ұлтшыл бағыттағы зерттеулер көптеп енгізілді. Бұған ең алдымен соңғы уақытқа дейін өздерінің фольклорға деген жат көзқарастарынан айырыла алмай келген М.Әуезов, Ә.Марғұлан, С.Мұқанов кінәлі»,– деп үш бірдей ғұламаның көзіне «қамшысының ұшын тигізді».

Бұл жолы Смирнова Әуезовтің жалғыз өзін түтпей, оған Марғұлан мен Мұқановты қоса шүйкелеп, «халық жауларының» тобын толықтапты. «У ішсе – ұлылар ішсін» – деген болуы керек. Осыдан кейін барып «қамырдан қылшықты айырып», Әуезовті ана екеуінен бөліп алды.

Н.С.Смирнова: «М.Әуезов 20-жылдардан бастап оның өзі редактор болған В.Сидельниковтың «Қазақ халық ертегілері» жинағына сын көзімен қарамады, марксизм-ленинизмнің талаптарын ескермеді, ұлтшыл көзқараспен өңделген фольклор үлгілерін халықтық шығарма ретінде ұсынып келді. М.Әуезов ұзақ жылдардан бері қазақ халқының жауларының бірі қағазға түсіріп, жариялаған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының Жанақ нұсқасын, «Қобыландының» Марабай нұсқасын және «Қыз Жібекті» зерттеп, мақала жазып келеді, осы тақырыптардың негізінде пьесалар («Айман – Шолпан», «Хан Кене», «Қара қыпшақ Қобыланды») жазды».

Осыдан бір жарым жыл бұрын ғана докторлық диссертациясына оппонент ретінде пікір білдіруге Қ.Сатбаевтан бастап М.Ғабдуллинге дейінгі аралықтағы адамдардан көмек сұрап, адақтап жүрген Смирнова енді көсемсіп шыға келді. Мұндай қорлықта жүргеннен көрі, олардан іргесін аулақ салғанды дұрыс көрген сияқты.

М.Әуезов: «Фольклор мен тарихи тақырыпқа қалам тартқан өзімнің жазушы және ғылым қызметкері есебіндегі еңбектерімді салыстыра келсем, қателіктің көбі ғылыми-зерттеу жұмыстарымнан кеткен екен, ал жазушы ретінде жазған көркем шығармаларымда олардың мазмұны идеялық-тарихи тұрғыдан толығырақ, дұрысырақ ашылғанын, танымды шыққанын аңғарамын. Бұның себебі, менің жазушылық еңбекте марксистік диалектиканы дұрысырақ меңгергенім, бұл алуандас еңбекке көбірек маманданғаным, көбірек әзірлігім, дайындығым болғаны әсер етті ғой деп білемін. Осы айтылғанға мысал ретінде өзім жазған «Айман-Шолпан», «Қобыланды», «Бекет», «Түнгі сарын» пьесаларын, «Еңлік-Кебектің» соңғы вариантын және Абай жөніндегі романдарды атауға болады. 1930 жылдарға шейін жазған «Хан Кене» сияқты өзім айыптаған пьесаларға, жаңағы аталған, 1930-1940 жылдар ішінде жазылған шығармалар ұқсамайды. Бұларда – феодалдық санаға қарсы халықтық сана немесе таптық, тарихтық озғын ойлар өткен заман оқиғаларын көрсетудегі негізгі бағыт, мақсат болып отырады».

Енді мұқым қазақ халқы үшін жағымсыз Қодар құл мен қарақшы Бекежанның күндері туып, кеңестік идеологияның және смирновалардың күшімен жағымды кейіпкерге айналып, олар таптық қаһарман ретінде дәріптелу құқына ие болды.

«Саяси әшкерелеушілігі» ерекше бағаланып, докторлықты қорғай салысымен Ғылым Академиясының мүше-корреспонденттігіне сайланды. Ашығын айтсақ, сайлаған жоқ, насихаты күшті үкімет сайлаттырды.

Н.С.Смирнова: «М.Әуезов осыларды және өзге де халыққа жат ауыз әдебиетінің туындыларын «көркемдік құны жоғары», «оқиға құрылымы күрделі әрі бай», «озық өңделген» деген сияқты желеумен әсіре мақтайды. Мысалы, М.Әуезовтің пайымдауы бойынша «Кенесары – Наурызбай» дастанының ««оқиға құрылымы күрделі әрі бай», аталған адамның өңдеуіндегі «Қыз Жібек» – «тұрмыстық-лирикалық дастандардың ішіндегі ең үздік әсерлі және формасы жағынан тамашасы» екен. Сонымен қатар М.Әуезов Жанақтың нұсқасындағы «...көшпелі тұрмыстың талантты бейнеленуін» де өзінше түсінеді. Алайда ол осы тұрмыс суреттері қандай ұстаным тұрғысынан бейнеленгеніне баға беретін ең маңызды методологиялық талапты айналып өтеді. М.Әуезов «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының Жанақ нұсқасындағы патриархальді-феодалдық қарым-қатынасты мадақтаған тұстарына тоқталмайды. Жанақ нұсқасында жырдың халықтық нұсқасында жоқ Тайлақ би бейнесі келтірілген. Осы кейіпкер арқылы Жанақ реакциялық феодалдың бейнесін мадақтайды. Керісінше, Жанақ нұсқасында Қодар жағымсыз, «қара сүйек» құл, «Қодардың өзі де, сөзі де дөрекі» боп көрсетіледі. М.Әуезов өзінің зерттеулерінде Жанақ ақынның нақты әлеуметтік ұстанымы – Қазақстанның Россияға қосылуына, қазақ халқының орыс халқымен барған сайын тығыз араласуына қарсылығы туралы үндемейді. Шоқанның сөзіне сүйенген Г.И.Потанин: «казак станицаларының маңында тұратын, шидем шалбардың орынына сидам шалбар киіп, өгіз мініп жүрген қандастарын көргенде» Жанақтың оларды қалай мазақтап күлгенін еске алады. Ш.Уәлиханов Жанақты кәрі, заманы өткен жыршы деп санаған. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының Жанақ нұсқасынан бұқарашыл көріністі іздеген М.Әуезов, оны Қодардың құдық қазуы мен байдың жылқалары туралы алаңдауынан табады. Ал Жанақ бұл нұсқадағы осы көріністе феодалдың мүддесі үшін істеген құлдың еңбегін дәріптеген».

Осыншама көсемсініп сөйлеген Н.С.Смирнованың «Қозы Көрпеш – Баян сұлудың» қолжазба нұсқасын оқып, талдап, М.Әуезовке ақыл үйретіп, жол көрсететіндей тілдік білімі күмәнді деңгейде еді. Әйтпесе, әдебиеттану білімінде бір тұжырымы қалса керек еді. Ал ондай оқымысты ой бізге беймәлім.

М.Әуезов (жалғасы): «Өзімнің зерттеуімде бірыңғай ағым жүйесін бұзып, «Қозы Көрпештің» кей нұсқаларын және «Қыз Жібекті», онан соң бір топ ертегілерді тыңнан сынап тексергеніммен, бұл істегендерім жеткіліксіз болды».

«Сонымен... партия мүшесі, аса жауапты қызметке ие, ғылым мен әдебиет майданында ондаған, одан да көп жылдар бойы істеп келе жатқан бұл адамдар, алғашқы қателескен адамды көрсету арқылы (өздері) жауапкершіліктен құтылады», М.Әуезов «олардың кінәсін жеңілдетеді – деп қарайтындардың» бірі Н.С.Смирнова М.Әуезовке қарата:

«М.Әуезовтің бір жақты, «сана ағымы» сарыны бойынша таңдап алған дерек көздері бүкіл тарихи-әдеби процесті буржуазиялық-ұлтшылдық тұрғыдан бұрмалаушылық болып табылады және бұл оның қазақ халқының орыс халқымен жақындасуының қас дұшпандары – Бұқар жырау, Дулат, Шортамбай, Мұрат сияқты феодалдық-хандық дәуірдің жыршыларын мақтаған «зар заман» теориясымен тікелей байланысты», – деген тұжырым шығарды.

Қазақ тілін білмей қазақ мифологиясы мен ертегілерінің, эпостарының көркем жүйесін Мұхтар Әуезовке, Әлкей Марғұланға, Сәбит Мұқановқа «түсіндіріп берген» Н.С.Смирнова да осылай кер заманның кернейін тартып, үкім айтты.

Ал «Зар заман» ақындарының күні тәуелсіздік алған соң бір-ақ туды.

2.

Эпос туралы талқы қаулысыз қалды. Өйткені ол майдан енді ушығып келе жатқанда ұлы көсем Сталин қайтыс болды. Жұрт қаралы күй кешті. Соған қарамастан «көсемді аза тұта жүріп» 1953 жылы 16-наурыз күні Ғылым Академиясының тіл және әдебиет институты мен Жазушылар Одағының төралқасы біріккен бас қосу өткізіп, алдағы болатын қазақ эпосы туралы өтетін талқыда жасалуға тиісті әлеуметтік-тұрмыстық жырлар туралы М.Ақынжановтың баяндамасының жобасын талқылады.



Негізгі әңгіме – баяндаманың мазмұны жөнінде қозғалған. Бүкілодақтық үлкен талқылауда М.Әуезовке қаратыла жасалған ең шешуші шабуылдың қарсаңындағы қара жарыс, яғни, дайындық болғандықтан да және Сталин жерленгеннен кейін іле-шала өткен мәжілістің қас-қабағын аңғарту үшін айтылған пікірлерді ішінара іріктеп, мазмұндап береміз.

Ғ.Мұсабаев (Тіл және әдебиет институтынан): «Институттың дирекциясының тапсырмасы бойынша Ақынжанов жолдастың қазақтың жырлары туралы 86 беттен тұратын баяндамасын мұқият оқып шықтым. Ол: 1. Қазақтың әлеуметтік-тұрмыстық жырларының тарихтағы орыны және олардың әдеби нұсқаларына біздің көзқарсымыз. 2. Қазақтың әлеуметтік-тұрмыстық жырларының туу кезеңдері туралы. 3. Қазақтың әлеуметтік-тұрмыстық жырларының әлеуметтік сыпаты – деген үш тараудан тұрады.



Баяндаманың басты принципті кемшілігі – баяндаманың ұзына бойында оның мақсаты мен міндеті анықталмаған. Қандай мәселе бойынша талас туып отыр, қандай тақырып бойынша пікір таласы туындап отыр, осы жағы түсініксіз қалған. Екіншіден, баяндамада нақты деректік дәлелдер жоқтың қасы. Автор, тіпті осы мәселенің өзіне тікелей қатысты марксизм-ленинизм классиктерінің пікірлері мен партияның идеология мәселесі жөніндегі шешімдерін келтірімеген. Үшінші, баяндаманың ғылыми деңгейі өте төмен. Қазақтың әлеуметтік-тұрмыстық жырларының мәселесіне зерттеу жасалмаған. Қорытындылары сенімсіз, автордың өз пікіріне қарсы шығады. Төртінші, баяндаманың мазмұнына қарағанда, автор деректер мен теориялық еңбектермен таныспаған сияқты әсер қалдырады.

... Осы тақырыпқа қатысты «мифологиялық мектеп», «көшпелі сюжет теориясы», «фольклорды салыстырмалы теория арқылы зерттеу теориясы», «өзара алмасу теориясы», «шығыс теориясы» сияқты теориялық мәселелер баяндамадан тыс қалған. Сондай-ақ, баяндамада: «сюжеттің өздігінен пайда болуы теориясы», «антропологиялық теория», «психологиялық мектеп», А.Веселовскийдің «тарихи мектебі», Карл Крон мен Анри Ааркенің «тарихи-жағырафиялық мектебі» немесе еңбекші қауымның қандай да бір шығармашылық қабілетін жоққа шығарып, оны тек ақсүйектерге телитін Ганс Науменнің теориясы сыни тұрғыдан талқыланбаған. Тіпті кеңестік фольклор ғылымындағы ескірген пікірлерге де тоқталмайды. Фольклордың шығу тарихы жөніндегі жоғарыдағы теорияларға, соның ішінде әдеуметтік-тұрмыстық жырлардың шығу тегіне де қысқаша анықтама бере кеткені дұрыс болады...

Қазақтың әлеуметтік-тұрмыстық жырларын кезеңге бөлу мәселесін «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастаны арқылы шешуге тырысқанымен, оның пікірлерінің барлығы ақ жіппен тігілген абстрактілі жалаң сөзге құрылған. Хан, сұлтан, би, старшина, басқақ, князь атауларының кездеспеуіне және оның зиратының басына қойылған балбалдарға сүйеніп, оның сібір татарлары мен Алтай якуттарында да (тобаларда Т.Ж.) бар екенін тілге тиек етіп, автор «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанын ІҮ ғасырдағы көне түркі дәуіріне жатқызады. ... Автор М.Әуезовтің: бұл дастан ХҮ-ХҮІ ғасырда шыққан деген тұжырымын дәлелмен жоққа шығара алмаған... «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанын башқұрттарға, татарларға, якуттерге, алтайлықтарға қазақтардан тарағаны жөніндегі жорамалы да сенімсіз, монғол тілінде Баян – бай, Қодар – дөрекі деген мағына береді – деген сөзі де ұшқары... Халықтық нұсқалар дегеннің өзі талданбаған, ақсүйектердің идеологиясын ұстанған дастан нұсқалары әшкереленбеген...


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   43   44   45   46   47   48   49   50   ...   64




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет