Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»


Мұхтардың «Дос – бедел досы» туралы берген телеграммамды алған боларсың. Онда: «Хат та жазам»



бет60/64
Дата04.11.2016
өлшемі10,61 Mb.
1   ...   56   57   58   59   60   61   62   63   64

Мұхтардың «Дос – бедел досы» туралы берген телеграммамды алған боларсың. Онда: «Хат та жазам»,деген едім. Тез жазуға қолым тимеді, бөгетім – «Қытай очеркі». Ленинградқа қашуыма бір себеп, сол да болған еді. Телефоннан, жиналыстан... дегендей аулақ кетіп, очеркке (осы сөзді Сәкен «Шолу» деп атаған еді, сол дұрыс сияқты, қабылдау қажет сияқты) шұқшия кіріспек ем. Ол ниетім дұрысқа шығып, сарыла отырудың салдарында, қазір еңсеріп тастадым. Енді аздап дем алмақ болып ем, есіме саған хат жазам дегенім түсе кетті. Л.Н.Толстойдан біреу: «– Сіз көп жазасыз, сонда қашан, қай уақытта тынығасыз?», деп сұраса, шал: «– Бір жұмыстан екінші жұмысқа ауысқанда»,деп жауап беріпті-міс. Сол айтқандай, жазғандарымның дәрежесі қандайлығын әділ оқушының сынына тастап, өз айтарым: мен жазбай отыра алмайтын кісімін ғой. Бұл жағынан шын еңбекші екенімді өзің жақсы білесің. Бұл хат та сол «жазбай отыра алмаудың» салдарынан туған нәрсе.

Қытай шолуы туралы аз сөз: кейбір жазғанына қанағаттанып, кейін олқысыну – бүкіл жазушы атаулының басында болу керек. Өзімше: «егерде дүниеде Сәбит Мұқанов деген жазушы болса, ол тәуір бірдеме жаза қалса, алда да тәуір бірдеме жаза алатын болса, сол жазғандарының, жазатындарының ішіндегі ең тәуірінің бірі осы «Қытай» болуға тиісті; олай дейтінім, бұл шолуда мен ұлы қытай халқының еңбек сүйгіштік, еңбектенген ісіне ұқыптылық, шеберлік, образын жасай алған сияқтымын. Материалдарым бай. Соларға сүйіне, қызыға жазып отырып, көп қағазды шимайлап тастаппын. Тегі, бұл 15-20 баспа табақтық кітап боп қалуы мүмкін.

Тақырыпқа оралайын: Мұхтардың атап отырған пьесасының басы, мен Ленинградқа жүрерден 2-3-ақ күн бұрын «Қазақ әдебиетінде» (№28, 11 июль) жарияланды. Аяғы, мен жүргенше үлгермейтін болды. Менің бір «жыным», газет-журналда үзіліп басылғандарды жинап ап бір-ақ оқымасам шатасып қаламын. Бұнда да сөйтермін деп жүріп кеттім. Кешікпей пьесаның аяғы басылған 29-санды алдым да, бір күнімді соған әдейі қиып, тың отырған қалпымда, қолыма қарындашты ала отырып оқып шықтым.

Бұған дейін оқымауыма бас айыпты адам – Мұхтардың өзі: биылғы майдың басында, Абай театрының үйінде болып өткен Қазақ ССР Жоғарғы Советінің мәжілісінен Мұхтар екеуіміз түстен кейін шыға бердік. Абай көшесінде екеуіміз қоштасарда: «– Сәбит, – деді маған Мұхтар – ертең сағат бесте мен Москваға ұшам, сағат дәл үште Мәриям екеуің біздің үйге келіңдер». Аталған уақытта Мәриям екеуіміз барсақ, сен, Ғабиден, Шәкен ... деген сияқты бір топ адам дағдылы қарттарыңды ойнап жатыр екенсіңдер. Біз бара, хозяйка «ас дайын» деді де, бәріміз Мұхтардың әдеттегі дастарқанынан ішіп-жей бастадық. Тостар сөйлене бастады... Сонда Шәкен тұрып: «Біз Мұхаңның жаңа ғана жаңа пьесасын оқыдық. Бұл, ең алдымен сугубо партийная пьеса, екінші – қазақтың ғана емес, советтің ғана емес, бүкіл драматургияның тарихына кірген жаңалық бұл. Егер осы пьесаны қоюға маған сенсе, мен өзімді аса бақытты кісі сезінер едім»,– деді. Өзім оқымаған пьесаға Шәкен берген бағаны (өзі тәуір артист бола тұра, Шәкеннен құнды пікір шыққанын көрген емен) тыңдай, елеңдей отыра, өзгелерді ерте шақырып пьесасын оқып, жалғыз ғана мені 3-ке шақыруы көңіліме келді. Бұны ішімнен «Едігенің ескі кегі» дегендей, не ескі жікке, немесе, ойыма келген сөзді өзгелердей бүкпей айта салуымнан қорқу деп түсіндім (Соңғы жорамалым расқа шықты, оны кейін айтам).

Тамақтан жұрт тарағанда, мен аэропортқа бармай қалдым. Тахауи Ахтанов (ол – Мұхтарға поклонниктің бірі ғой) менімен бірге қайтты:«Қалай екен?»,– деп сұрап едім: «Менің ақылым жетпейтін нәрсе ме, болмаса, түкке тұрмайтын бірдеңе ме – түк түсінсем бұйырмасын», деді.

Кейін, союзда оқығанда, Әлжаппар хабарлағанымен, бармағаным рас. Бұрын алалап оқыған кісіге жарамсақтанып нем бар? Және Тахауидің сөзіне қарадым да: ол сөз рас болса, арандап қалармын дедім (Бұл жорамалым да расқа шықты. (Оны) бәрің жабыла мақтағансыңдар: егер сонда мен де болсам, осы хатқа жазғалы отырған сөздерімді айтар едім де, сендер «жақсы», мен «жаман» боп шыға келер едім. «Құдай» мені ол «пәледен» сақтады). Артынан өзіңнен сұрағанда: «Жақсы пікірдеміз, тек Әбділдә оңашада: «Бұл Мұхтардың өлім күйі» деді»– дедің. Одан кейін театрда оқығанда, жұрт жабыла тағы мақтапты, бірі – Гольдблат. Ол маған: «Ужасная пьеса, плоха, прежде всего как пьеса, а в идейном отношении, черт знает что-такое!», деді.

Пьесаңы өзім оқығанша естігендерім осылар. Өзім пьесаны бір емес, екі оқыдым, өйткені, ұнау-ұнамауын былай қойғанда, алғаш оқығанда автордың не айтқысы келуін олдә-білдә түсінген жоқпын! Екінші рет оқығанда, одан кейін ойланғанда да түсініп жарыған жоқпын. Ендігі сөз түсінбеу себептерім туралы және түсінгенімнен жасаған қорытындыларым туралы.

Ең алғаш, газетте басылған пьесаның Октябрьдің 40 жылдығына арналуын көргенде, газет аннотациясының пьесаны аспанның ар жағына шығара мақтауын көргенде: «Мына байғұсқа жаңа, социалистік өмірден құнды нәрсе жазуға болмай-ақ жүр еді, енді сәті түскен екен ғой!», деп қуанып кеттім. Пьесаны оқи бастасам, Мұхтардың өз өмірі: 57-жылы өткізілген юбилей, баяндамашы боп ішінде мен жүрмін. «Баяндамаммен ой салған екем ғой, бұл кісіге!..», деп тағы қуандым. Орысша айтқанда, «Увы!», босқа қуанған екем. «Прологтың» аяғында ұйқыға кетіп, түс көруден бастап Мұхтар да шатасты, «түсін» жәй ғана көріп қоймай сандырақтады!.. Пьесаның өн-бойы, түгелімен осы сандыраққа ғана құрылған!..

«Неге?» дейсің ғой?

Ең алдымен, пьесадағы герой атаулының шешелерінен бір рет емес, үш рет қайта тууы ешкім нанбайтын іс. Бірінші актіде бәрі де молда, екінші актіде бәрі де чиновник, үшінші актіде жаңағы молдалар мен чиновниктердің көбі коммунист!.. Түстегі шатасқан сандырақтаған болмаса, шындықты тарихта, бұндай сорақылық ешбір елдің коммунист партиясының тарихында, ешуақытта болмаған ғой? Бірен-саран (единицы) алдаушылар болғанын өзіміз де көрдік. Табынымен алдаушыларды қашан көрдік?.. Көркем әдебиетте, Горькийдің «Ағайынды Артомановтарында» екі-үш ұрпақтың жалғаса герой болуы бар, ал, мына «Дос – бедел Дос» сияқты шешелерінен бір емес, үш-үштен қайта туған адамды, әсіресе, геройды, түсінде шатасып көрмесе, өңінде көру мүмкін емес.

Тарихты герой ғып сөйлету, өзге елдің әдебиеті түгіл, қазақ әдебиетінде де Мұхтардан көп жыл бұрын салынған жол. Бір мысал, Ілияс Жансүгіровтың «Дала» атты поэмасы. Онда да ақын тарихпен сөйлеспей ме? Онда да тарих ақынға қазақ ауылындағы феодализмнен, капитализмнен, социализмнен нелерді көргенін айтпай ма?.. Бірақ, онда, тарих мына «Бедел – Достағыдай» босқа шатасып, ақылға сыймайтын былшылдарды айтпайды емес пе? Шын тарихты айтып, яғни, әртүрлі әлеуметтік формация тұсында, әр кезеңде болған тап қайшылығын, тап тартысын айтады емес пе? Ақыры, сарқып кеп, пролетариаттық революцияға, социалистік құрлысқа құяды емес пе?..

Міне, ояу адамның, өмірмен байланысы бар адамның, оның ішкі қайшылығын түсінетін, қорытынды жасайтын және өзгеше емес, маркисисше, лениншілше жасайтын адамның, адамзаттың тарихын түсінуі осылай емес пе? Мұхтардың пьесасындағы «тарихтың» шындықтағы тарихпен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Бұл, шатысқан, сандырақтаған тарих! Біреулер бұны «метафизика» дейтін сияқты. Дұрыс емес бұл. Метафизиканың қорытындысы қисық болғанымен, Маркстің тілімен айтқанда, «аяғымен емес, төбесімен тұрған» өмір шындығы бар. Ал мына пьеса да ол да жоқ. Бұл миф және жәй түріндегі миф емес, блеф түріндегі миф!..

Мұхтардың өзі ХХ ғасырда жасап келе жатқан адам. Пьесасының материалы да түгелімен осы ғасырдың материалы. Россия жағдайындағы ХХ ғасыр: пролетариаттық революцияның, ол революцияны коммунистердің басқаруының ғасыры, Россияда социализм құрылып боп, коммунизмге көшу ғасыры. Ендеше, (мысалы – Бейімбеттің «Шұғасы», Сәкеннің «Айшасы» т.т.) жеке адамдардың тағдырын жазбай, «Бедел-Достағыдай» бүкіл бір ұрпақтың елу-алпыс жылдық тағдырын жазған адам, олар ішінде қайнап өскен тіршілікті қалай аттап өте алады? Өте алмауын өзі де сезген Мұхтар, бұл мәселеге пьесасында лажсыз барады да, ішіне кіре алмай арам тер боп, айнала босқа шапқылайды.

Олай дейтінім, Беделді, яғни, Мұхтарды молдалықтан, ұлтшылдықтан құтқарған Октябрь болса, сол Октябрьдің осы пьесадағы ролі қайда? Октябрь тәрбиелеген қазақ коммунистері қайда? Орман (адам аты – Т.Ж.) ба ол? Не қылық, не ісімен коммунист ол? Жаппасқа: «– Беделге қарсысың?» – деп ұрсумен ғана ма?.. Орманың өзі де молда емес пе, бір уақыттағы? Өзі де ұлтшыл емес пе? Жапппасқа ұрсудан басқа өз өміріндегі былықтарын жуардай не істеді ол?. Түгі де жоқ қой ондай? Ендеше, несімен коммунист? Түкірдім мен ондай «коммунистерге»!.. Мен ғана түкірген жоқпын ондай «коммунистерге», бүкіл партия боп түкірген, яғни, сыры ашыла партиядан қуылған, өзіңде білесің, ондайлардың талайын.

Пьесасында бұны істемеуі керек еді, Мұхтардың. Екінің бірі ғана керек еді Мұхтарға: не, Октябрьге жоламай-ақ, «Шұға» сияқты жеке адам тарихын ғана алып, оны либерально-просветительдік түрде аяқтап шығуы керек еді, әйтпесе, октябрьді араластырғысы келсе, өз мәнінде, сенімді түрде араластыруы керек еді. Пьесада «о» да болмай, «бұ» да болмай, түстегі сандырақ болған да шыққан!..

Ал, осы сандырақ қалай шыққан? Әлдеқалай ма бұл? Әйтпесе, тамыры бар ма? Ахмет Жұбановтың айтуынша, (жуық арада жолықтым) бұл: «Мұхтардың алжуға айналуының белгісі». Москвадан Алматыға біздің театрдың репертуарларын көруге әдейі келген Штейн, Гончаров, Осипов үшеуінің жазып берген және көп алдында айтқан сөздеріне қарағанда, бұл – «метафизический бред» (қайран қалатын бір нәрсе, Министерство культуры СССР-дің репертуарын басқаратын Осипов Алматыға барып жазушылар жиналысында осы пікірді айтқан. Бір ай бұрын диферамба оқығандар түгел отырып, ешқайсысы қарсы шықпаған. Олардың мақтауының құны қанша екенін осының өзі-ақ көрсетеді).

Мен өзім «алжу» деген сөздің де, «метафизика» деген сөздің де жаны бар ғой деп ойлаймын. Бірақ, бұл физический Мұхтардың емес, творческий Мұхтардың алжуы. Сол барып, оны «метафизический бредке» еріксіз қамап отыр. Бұл алжуда үш себеп бар:

Бірінші себеп: жеңілуі: советтік құрлысқа, социализмге қарсы жүрген уақытын (1932 жылға дейін) былай қойғанда, одан бергі – «Совет әдебиетінің платформасына түстім» деген жылдардың өзінде, 1957 жылы он шақты күнге, «Түркістан» совхозына барып келгеннен басқа, бұл кісі әдейілеп барып, не бір өндіріс орынының, не бір колхоз, совхоздың есігін ашқан емес қой. Ендеше, социалистік құрлыстың үнемі сыртында боп келе жатқан адам ғой. Қолында құрылыс материалы жоқ ешбір шебер архитектордың, ешбір үйді сала алмауы сияқты, қандай данышпан жазушы болса да, материалын көрмеген, білмеген өмірден ештеңе жаза алмауы заңды нәрсе ғой. Ескі, өзі білетін тақырыпқа бірнеше құнды шығарма берген талантты, білімді Мұхтардың, совет тақырыбынан, социалистік революция тақырыбынан, жазушылық бойына лайықты бір де нәрсе бере алмай келуі осыдан.

Екінші себеп – біріншіден ауырлау: Мұхтар қазақ әдебиетінде осы тақырыпқа ең көп мақала жазған адамның біреуі. Соның бәрін жинағанда, бедел есебінде, марксизм класиктеріне, әсіресе, Маркс пен Ленинге сүйенген бір де бір мақаласын көрдің бе? Көп жағдайда олардың еңбегіне сүйену түгіл, аттарын да атамайды ғой. Марксизм-ленинизм ғылымына сүйеніп, әдебиетке солардың көзімен, яғни тап тартысының көзімен, қарау, бұл кісіде жоқ қой. Бұның жететін биігі мәдени просветительдік қана ғой. Сондықтан да маған, соғыстан бұрынғы бір жиналыста сөйлегенін естіген Семен Липкин: «Сіздің Радищевтарыңыз осы екен ғой», деген. Сөздің қысқасы, марксизм-ленинизмді ғылым деп зерттеп жүрген, оны қолданып жүрген Мұхтарды көрген емен.

Бұл арада «Абай» романы ше?– деген сұрау туады. Оның биік дәрежедегі көркем шығарма екеніне ешкім таласқан емес. Мен де оған таласқан емеспін. Құнанбай және оның тобы арқылы ол кездегі қанаушы таптың да бейнесі айқын көрінеді. Төңірегіндегілердің бәрі кәкір-шүкір болғанымен, гуманист Абай да сенімді жасалған. Осындай көркем де, сенімді де, шын да көрсетілетін картиналардың ішінде, ХІХ ғасырдың орта кезінде тап боп ұйымдасып, тап боп байларға қарсы шыққан Дәркембай тобы сияқты, заманына амалының түк байланысы жоқ, жасанды, жалған картиналар да жүреді. Ондай ұйымдасқан саналы тап, өткен ғасырдың ортасында қазақтың көшпелі, оқымаған ауылы түгіл, оқуы бар, отырықшы орыс крестьянында да болған емес. Марксизм-ленинизм қағдидасында крестьяндар саналы түрде еш уақытта саяси жетекші бола алған емес. Ол революцияны бастаушы емес, қостаушы ғана. Осындай өрескел социологиясы бола тұра «Абай» романының Абайға да, Мұхтардың өзіне де, қазақ халқына да абырой әперуі рас.

Үшінші себеп: алғашқы екеуінен келіп шығады. Социалистік құрылыстың жетістіктері мен қиындықтарын көзімен көріп таныспаған соң, араласпаған соң, сыртынан ғана қараған соң, марксизм-ленинизм ғылымымен қаруланбаған соң, советтік темаға, әрине, шығарма жаза алмайды. Ал осы кемшілігін жоюға тырысушылық бар ма, Мұхтарда? Қатты сынға қарау, көңіл бөлу, сабақ алу, ісіне қолдану бар ма? Менімше, жоқ сияқты. Дәлелдерім:

1) 1932 жылы тұтқыннан босанып, газет бетінде ескі жолын сөккеннен кейін, «таныдым» деген совет әдебиетінің жолымен алаңсыз тартып кетудің орнына, «Алма бағы», «Шатқалаң», «Іздер», «Тастүлек» сияқты шындыққа жанаспайтын, көркемдік құны нашар халтуралармен жұрттың көзін алдады, «Бекеті», «Айманы» сияқты халық әдебиетінің әдемі шымылдығына жасырына қойды.

2) Өзіңе белгілі – 1943 жылы, Орталық комитет маған тағы да Жазушылар Одағын басқар деп ұсынғанда, мен жалғыз ғана тілек қойдым, оным, со жылға дейін судимосы мойнында жүрген Мұхтардан бұл лағынет қамытын түсіру. Бұл тілекті үкімет пен партия қабылдады да, Жоғары Совет председателінің кабинетіне бүкіл президиум боп жиналып, азаматтық бетіндегі қара күйені сүртті. Сонда: «Абай» туралы жазып жүрген екі томды романның бірін аяқтадым, екіншісін де тез аяқтап, одан кейін Октябрь революциясы қазақ даласына қалай орнауын жазам», деді. Президум қол шапалақтады. Онысы да алдау боп шықты.

3) Енді «Октябрьге» келген түрі, мына «Дос – бедел дос». Бүйтіп карикатуралық түрде келгені құрысын!..

Бұдан не шығайын деп тұр енді?

Соғыстан кейінгі бір жиналыста: «Жеті томды роман жазам, төртеуі – Абай туралы, үшеуі Қазақстандағы Октябрьдің іске асып, социализмнің құрылуы туралы» деуі есіңде ме? Әнеукүні «Қазақ әдебиетінде» Мұхтардың венгер жазушысымен әңгімесі басылды, сонда Мұхтар жазам деген үш томды романының желісі, мына пьеса боп шықты. Бұның қай жері Октябрь? Шығармалық алжу, шығармалық сандырақ деген осы емес пе? Көзге баттия көрініп тұрған осы кемшілікті орыс жолдастар (Москвадан келген) ашып айтқанда, Әбділдә, Ахмет, Тахауи, Гольдблат сияқты қазақстандықтар неге сырттан күңкілдейді? Ішіне өзіңді қоса бірталай адам көрмеуге мүмкін емес мына мінді көре тұра, ап-айқын сандыраққа неге қол шапалақтайды? Біреуді сыйлау, осырса да «жәрәкім-алда» дей беру ме екен? Мынау сол ғой!..

Мұхтардың көзге бадырайған шығармашылық кемшіліктерін бетіне айтудан қалғанымызға көп болды, жолдас. Мысалы: «Абай» романның төртінші томына сенің оңашада берер бағаң: «Ең биігі – бірінші кітап, екінші – одан төмен, үшінші одан да – төмен, төртіншісінде – құлаған» (деген еді ғой). Жұрттың бәрінің де пікірі осы. Ендеше неге бұны үйде сыбырлап айтамыз да, неге көпке айтпаймыз?

Мұхтар жазған пьесаның ең тәуірі – «Еңілік-Кебек». Бірақ шындыққа жақыны қазіргісі емес, бұрынғысы. Қазіргісі «зарлы заман». Жарты мың жыл бұрын жасаған Асан қайғыны, екі жүз жыл бұрын жасаған Бұқарды, жүз жыл бұрын жасаған Шортанбайды үмітсіздікке салындың деп, көрдегі сүйегін тепкілейміз де, бүгінгі сахнадан: «Бәріңнің де нәрің жоқ, елім қайтіп күн көрер» деп отырған Мұхтарға үндемейміз. Әділеттілік қайда? Большевиктік принцип қайда?

Мұхтардың бір пьесасында «қуғынды көп көріп, құйрығы бурылданған түлкі» деген сөз бар. Бұл оның өз образы. Талай «қуғынды» көрген ол, жалтарудың, құтылудың да әдісін ерте және алыстан болжайды. Өзге әріптестері түгел өртенгенде бұның бір топ көдедей қалып қоюы да, жалтара қаша білуінен. «Осы пьесасынан қорқулы» деген сөзді өзің айтып жүрсің. Мені алғашқы оқуына шақырмауы да содан.

Мұхтар қорықпаса сыйламайтын да, ұялмайтын да адам. Оны алпыс жылдық юбилейінің үстінде де көрсетіп, сонша құрмет көрсеткен, абырой әперген партия мен үкімет, халық алдында рахмет айтудың орнына, әлдеқайдағы мифтік «парнасына» шығып, тәсілқой «пегасына» мініп, еш жерде құйрығын ұстатпай, әлдене жұмбақтарды айтып кетті. «Құйрығы буырылдық» осы. Бұны мен өзім, жақсылыққа түкіру деп санаймын. Сонда осыны Ахмет айтқандай «алжығандықтан» істеп тұрған жоқ. Алжыса, ертеңінде академияда кеше күрмелген тілі неге шешіліп, «сүйікті елім», «алтын бесігім!» деп ағылып кетті?! Ішін бермеуге, ең қатты адамның біреуі екен бұл. Ауа райыңа қарайтындарға осыдан үйрену керек екен.

Сонымен, осынша ұзақ хат жазғанда не дегім келіп отыр менім?

Дегім келіп отырғаны: жеке беделге сиынбауымыз керек, кемшілігі бар шығарманы, кімдікі болса да сынауымыз керек. Әрине, «құлындағы сақау, құнандағы тісеуін» қазбай, әр шығармасының кемшілігін де, жетістігін де өз бойындағы материалға сүйеніп айту керек. Бұны істемей: «Анаған тимей-ақ қояйық, мынаны сынайық».дегенге кім көнеді? Мұхтар жайында, басы сен болып, осыны істеп отырмыз. Әр төзімнің өлшеуі бар. Бұл төзімнің жарылар уақыты жетті. Мұхтарды алдағы трилогиялық романында бұл қаталықтарға жібермеу үшін, мына пьесаны қатты сынауымыз керек. Союз Мұхтарың жетегінде емес, Мұхтар союздың жетегіне еруге тиісті. Соңғы бірнеше жылда – наоборот. Сен, әрине, даяр «жағдайды» соңғы бір жылдың ішінде ғана көрдің. Бұл тамырын әлдеқайда бұрын жайып алған жағдайда еді. Енді осы «арбаны сындырмай, өгізді өлтірмей» дегендей, кәдімгі партиялық обьективтік, жолдастық сынмен түзеп алуың қажет.

Осы пьесаны талдайық десең, мен, мысалы, қандай жиналысыңа болса да, тек өз материалдарына ғана сүйеніп, пьесаның бақайшығына дейін шағып бере алам.

Бұл өзіңе ғана жазған хатым. Басқаға оқуыңа рұқсат жоқ. Өзгесін бара кеңесерміз.

Сәлеммен, – Сәбит.

12-ҮІІІ-1958 жыл. Ленинград».

Бұл пікірге қандай түсінік беруге болады? Қандай ниетте жазылмасын, С.Мұқановтың М.Әуезов туралы оның көзі тірісінде де, дүниеден өткеннен кейін де жалпыға ашық айтып жүрген пікірі осы хатта барынша қамтылған. Сондай-ақ пьесаның идеялық нысанасы мен түрлік құбылтуына, өмірлік және көркемдік шындығына, орындалу деңгейіне еркін пікір білдіруіне және ол пікірін сол кездегі Жазушылар Одағының басшысына хат арқылы жеткізуге Сәбит Мұқановтың толық құқы бар. Мұндай кемшілікті М.Әуезовтің бетіне айта алатын жалғыз бедел иесі де С.Мұқановтың өзі. Айтылған сынның ішіндегі маркстік, лениндік, большевиктік, таптық пайымдаулардың мүлдем жоқтығы да, не оны игере алмағандығы да шындыққа жанасымды, табиғи да болуы мүмкін. Алайда М.Әуезовтің жеке басына қарата:

Тахауидің: «Менің ақылым жетпейтін нәрсе ме, болмаса, түкке тұрмайтын бірдеңе ме – түк түсінсем бұйырмасын»;

Әбділдәның: «Бұл – Мұхтардың өлім күйі»;

Гольдблаттың: «Ужасная пьеса, плоха, прежде всего как пьеса, а в идейном отношении, черт знает что-такое!»;

Ахмет Жұбановтың: «Бұл Мұхтардың алжуға айналуының белгісі»;

Штейн, Гончаров, Осиповтердің: «Метафизический бред»;

С.Мұқановтың: «Мұхтар шатасты, «түсін» жәй ғана көріп қоймай сандырақтады! Пьесаның өн-бойы, түгелімен осы сандыраққа ғана құрылған!»; «Мен өзім «алжу» деген сөздің де, «метафизика» деген сөздің де жаны бар ғой деп ойлаймын. Бірақ, бұл физический Мұхтардың емес, творческий Мұхтардың алжуы»; «Мұхтардың бір пьесасында «қуғынды көп көріп, құйрығы бурылданған түлкі» деген сөз бар. Бұл оның өз образы. Талай «қуғынды» көрген ол, жалтарудың, құтылудың да әдісін ерте және алыстан болжайды. Өзге әріптестері түгел өртенгенде бұның бір топ көдедей қалып қоюы да, жалтара қаша білуінен»; «Мұхтар қорықпаса сыйламайтын да, ұялмайтын да адам»; «Ішін бермеуге, ең қатты адамның біреуі екен бұл»; «Жеке беделге сиынбауымыз керек»; «Союз Мұхтарың жетегінде емес, Мұхтар союздың жетегіне еруге тиісті. Соңғы бірнеше жылда – наоборот»; «Осы пьесаны талдайық десең, мен, мысалы, қандай жиналысыңа болса да, тек өз материалдарына ғана сүйеніп, пьесаның бақайшығына дейін шағып бере алам», деген пікірлерді қалай түсінеміз?

Адал ниеттен туған ба, жоқ, сұраушы адамның көңілін жықпас үшін айтылған «шығарып салды» ма, әлде шынында да «Бұл – Мұхтардың өлім күйі»; «Бұл – Мұхтардың алжуға айналуының белгісі», «Бұл физический Мұхтардың емес, творческий Мұхтардың алжуы» ма еді? Обал-сауабын әуелі айтушылар, содан кейін хатқа түсіруші адам көтерер мәселе бұл.

Әрине, пьеса сахнаға жіберілмеді. Бірақ та оған енді М.Әуезовтің жығасы қисаймайтын. Оның есебі – өзге, адымы – алыптана бастап еді. Енді оған тек таң қалып қана қарау жарасатын. Жеңсе – мақтап қана жеңе алатын – өзге бір уақыт пен кеңістікке көтеріліп кетіп еді.



Қашан кеңес өкіметі құлағанша басылымға рұқсат етілмеген Дулат, Шортанбай, Мұрат, Шәңгерей, Мәшһүр Жүсіп позиясын ақтап алудың орайы келген 1959 15-19 маусым аралығында өткен «Әдеби мұра және оны зерттеу» атты ғылыми-теориялық конференцияның түпкі мақсаты да сол болатын. Өзге республикаларда да жарыса өткен мұндай бас қосуда бұрынғы қателіктерін орынына келтіріп, Шәміл сияқты күрделі тұлғалардың да басын ашып алды. Сондай дәмелі үмітпен Сәйділ Талжанов – Шортанбай Қанайұлы, Ханғали Сүйіншәлиев – Дулат Бабатайұлы, Заки Ахметов – Шәңгерей Бөкейұлы, Ісләм Жарылғапов – Машһүр Жүсіп туралы дербес баяндама жасады, бұл мәселе Қ.Жұмалиевтің, Б.Кенжебаевтің, Ы.Дүсенбаевтің да талдауының арқауы болды. Осы конференцияда қазақ әдебиеттану ғылымы өкілдерінің негізгі көзқарастары екіге бөлінді: Қ.Жұмалиев – қазақ әдебиетінің тарихы Бұқар жыраудан, ал Б.Кенжебаев – көне түркі дәуірінен басталып, жыраулар поэзиясымен жалғасады – деген тұжырымды ұстанды. Бұл тұжырым қашан кеңес өкіметі жойылғанша өзінің пәрменін сақтап қалды. Міне, осының барлығына тоқтам айтып, «жазықсыз жазалыларды» жарыққа шығаруға болатындай пәрмен мен құқық Мұхтар Әуезовке берілді. Ол өзінің қорытынды және конференцияның қарар қабылдауына тікелей ықпал беретін тұжырымды сөзінде:

«Шортанбай жайында С.Талжанов ... Шортанбайдың көпке мәлім керітартпа, қайшылығы мол мұраларын, сол қайшылықтарды атай отырып, ақтау жағына бейім болды. Ал анығында Шортанбайдың бар көзқарасының бір ғана шыны бар емес пе еді? Ол – діншілдік, керітарпалық сарынға соғатын. Шортанбайлық көзқарастың түп қазығы, сарқып құяр сағасы қайсы десек, ол: «заман азды, бұл ақырзаман ғаламаты» дегенге саятын. Осы сияқты Ханғали Сүйіншәлиевтің Дулат турасындағы тексеруі де сыңаржақ боп шықты. Дулаттың идеялық тарихтық керітартпалығы, міні деп айтылып жүрген жайлардың бәрін баяндамашы бүркемелеп, көмескілей сөйледі. Көпке мәлім даулы, күдікті жерлердің бәрін де «әрі итеріп, бер жығып» дегендей бұлдырға соға берді... Машһүрде іздесең – пантюркистікті де, панисламистикті де табуға болады. Бірақ ол жайлар бұнда Гаспиринский тәрізді пантюркистердей програмдық бағыт, өріс алған ойлар емес еді десе – бір сәрі... Қожахмет Яссауи туралы сөйленген сөздерге жауап ретінде айтарымыз: Яссауи сияқты адамдарды кітаби жазушылардың да қатарына кіргізуге мүлде болмайды. Яссау ескі шағатай тілі деп аталатын, беріде, қазір де көне өзбек тілі деп аталып жүрген тілде жазған. Ол тарихқа кірсе тек өзбек әдебиеті тарихына кірер еді. Бірақ мұрасының залалды мистикалық діншілдік, керітартпалық санасы себепті өзбек тарихынан да шығарып тасталған. Бір кезде оны өзбек ұлтшылдары әдебиет тарихына кіргізе бастаса да, кейінгі маркстік-лениндік әдебиеттану негізі бойынша өзбек ғалымдары Яссауиді жоғарыда айтқандай, әдебиет тарихынан мүлде өшірген... Жоғарыда айтқандардан ұзамай, әрі сондай пікірлерге жол бере берсек, біздің әдебиеттану ғылымымыз тағы да қырқыншы жылдардың ішіндегі көпшілігіміз жіберген қателіктерге тағы да қайта соғар еді. Шортанбай, Мұрат, Дулаттардың бәрі де бірдей «анау ақауы», «мынау кемшіні», ол-пұл міні бола тұрса да, «жақсы ақын дейтін болсақ, тағы да бірыңғай ағын арнасына түсеміз. Ал бұған бізге тарих та, партия да бір де бір рұқсат етпейді. Солары шексіз дұрыс, біздің ғылымның ырысы»»,– деп екіұштылау қорытынды жасады.

Керісінше, Шортанбайды – Шоқанға, Дулатты – Ыбырайға, Мұратты – Абайға қарсы салыстыра «тексеруді» ұсынды. Оның бұл сөзі қаулыға негіз қалады. Сөйтіп, олар тағы да отыз жыл бойы тылсым тағдыр кешті. Ал өзбектер Яссауиді дербес зерттеп, қолжазба жинағын шығарып, ұлттық руханиятының меншігіне айналдырып та үлгерді. Бұл тұста Әуезовтің сөзі – сөз, айтқаны – үкім, дегені – орындалатын. Құнанбай туралы да осындай пікір ұстанды. Зады, зауығы сөнген көңілге қайта шоқ тастағысы келмеді ме, екен? Соның нәтижесінде Кенесары қозғалысы да «керітартпа» күйінде қалды.

Тағдыр талқысындағы осындай қарсы ағыстардың мағынасын да сол Олжастың:



М.әуезов: үлгермедім.
Мен сүйдім елдің ұлы ер екен деп,
Марабай мен мергенбайдың нұсқасында қобыланды орақ батырмен бірге оның ағасы мамайға қарсы соғысады.
Сонымен, менің осы сөзімдегі ең басты міндетім, жоғарыда атап көрсетілген үш сұраққа жауап беру болып табылады.
Кейін бір кездескенде мұхаңнан: абайтану туралы лекцияңыздың жазбашасы бар ма, болса маған оқуға бересіз бе?,

Каталог: repository -> history -> 24%20%D1%82%D0%BE%D0%BC.%20%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B%20%D0%BC%D0%B0%D2%9B%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D1%80 -> %D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Халел досмұхамедов
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Абай мектетебі
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Мағжанға Сәбиттен


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   56   57   58   59   60   61   62   63   64


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу