Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»


Міне, осындай категорияға жататын пікірлерге тоқталғым да келмейді, бірақ үндемей өтуге тағы да болмайды, сондықтан да, бұған кейінірек қайтып ораламын



бет57/64
Дата04.11.2016
өлшемі10,61 Mb.
#96
1   ...   53   54   55   56   57   58   59   60   ...   64

Міне, осындай категорияға жататын пікірлерге тоқталғым да келмейді, бірақ үндемей өтуге тағы да болмайды, сондықтан да, бұған кейінірек қайтып ораламын.

Енді сөзсіз дұрыс айтылды деген ескертулерге келейін. Біріншіден, қазірдің өзінде менің тарапымнан көптеген өзгертулер жасалды, түзетулер енгізілді. «Абай» романының бірінші кітабының соңғы басылымында Дулатқа деген көзқарас өзгертілді. 1942 жылы роман алғаш жарияланған кезде оның шығармашылық жолы туралы барлық оқулықтар мен бағдарламалардың барлығында бүкілхалықтық идеологияның ақыны деп жазылып жүрген болатын. Ал Абайдың қалыптасып келе жатқан санасына рухани мәдениетті бойына сіңірген адамның жағымды ықпалы етуін көрсету керек болды, сондықтан да мүлдем шартты түрде алынған бұл тұлғаның орынына басқа бір кез-келген ақынды алып, суреттеуге болатын еді. Ол туралы жазылғандардың барлығы да, оның іс-әрекеті, толғаулары, бейнесі менің қиялымның жемісі болып табылады. Сондықтан да Дулаттың өзі бүгінгі қоғамға жат болғанымен, оның бейнесі қоғамға жат емес, Дулат деген атты пайдаланып жазған менің кескіндеуім ғана болғандықтан, Дулаттың атын өшіріп тастадым.

Бұл кітаптың мұндай кемшіліктерін уақыттың өзі түзейді. Бұқар жырау мен Шортанбайдан басталған қателіктерге байланысты көрсетілген кемшіліктер, тек қана кемшілік емес, феодалдардың бейнесін дәріптеген саяси қателікке айналып кетті. Мысалы, кеше Мұстафин: алашордашыл Тұрашты Абайға ықпалы бар адамдардың қатарына қосқан – деген оқыс пікір айтты. Ашығын айтайын, ол түймедейді түйедей ғып көрсетіп отыр. Менің қателігім сонда, Тұраштың атын атамауым керек еді. Ол екі жерде аталады. Ал осыны біздің уайымшыл сыншылар қампита үрлей келіп, Алашордашыл Тұрашты Абайға әсері тиген адам етіп суреттедің деп даурығып шыға келді. Бұл барып тұрған жала! Әрине, оның атын атауым ағаттық, олай істемеуім керек еді, ал осы қарапайым кемшілік үшін мені бүгінгі күннің ұлтшылы етіп шығаруға болмайды ғой. Бұл – сауатсыз, бейпіл (беззастенчивая) айыптау. Ал бұл қателікті түзету оңай.

«Ақын аға» романында қателіктер жіберілді. Жолдастардың айтуынша менің қателігім жекелеген ақындарды Абайдың шәкірті ретінде дәріптеуімде екен. Мен өткен жылы 8 баспа табақ көлемінде өзгерістер енгізгенімді айтқамын, сондықтан да енді менімен қоса (Көкбайды, Әріпті, Әсетті т.б. – Т.Ж.) жадтарыңыздан сызып тастасаңыздарда болады, «Абай жолының» жаңа кітабі жазылатын болады. «Абай жолы» менің Абайдың ақын шәкірттері жөніндегі қателігімді түзейтін болады, екіншеден (Кенесары туралы көзқарасым) түбірімен өзгереді.

Бүгін сөйлеген кейбір жолдастар «Абай жолының» жазылу барысында панисламизм өкілдерін Абайға қарсы тұрушы күш емес, сонымен қатар панисламизм мәдениетін әшкерелеу керектігі жөнінде ескерту жасады. Жолдастар, «Абай жолы» – өте күрделі жол, ол («Қайтқанда», «Қат-қабатта», «Шытырманда», «Оқапта», «Қақтығыста») – деген тарау аттарынан-ақ білінеді. Шұбар: «Қазақ халқын Абай жолы қайда апарады?»,– деп сұрағанда Әбдірахман: «Бұл жол – құтқарушы орыс мәдениетіне алып келеді»,– деп жауап береді. Екінші бағыт – ислам. Ал Абайдың жолы басқа, ол орыстың демократиялық әдебиетін Некрасовтың дәстүрі арқылы сіңіреді. Абайдың жолының – жол айрығы осы тұстан айырылады, ал қазіргі «Абай жолы» тарихи романы 90-жылдарға келіп тірелген, енді 1904-жылға дейін жететін болады, міне, тарихи шындық бойынша панисламизм мен пантүркизмнің барынша кең тарағаны осы жылдар, Татарстанға, сонымен бірге Әзірбайжанға таралған панисламиз мен пантүркизм ағымы буржуазиялық ұлтшылдықты да қоса ала келді. Олардың ішіндегі ең көрнекті қайраткерлері Мемлекеттік Думаның алғашқы депутаттары болып сайланды, міне, бұл Қодар оқиғасынан бастап бірінші орыс революциясына дейінгі Абай өткен тарихи жолды қамтитын 4-кітаптан орын алатын болады, 4-кітапта Абайдың өмірінің көпшілігі қала кедейлерінің арасында өтетін болады, міне, сонда жұмысшы табының қалыптасу барысы қозғалады, дәл қазір сол тұсты жазып жатырмын.

Кейбір кездері сыншылар (шығарманы талдауда) уақыттан озып кетеді де, (ол оқиғаның) келесі кезеңдерде қамтылуы тиіс екенін ұмытып, дәл қазіргі сәтте көргісі келген жайларды талап етеді. 13 жастан бастап 60-қа дейінгі Абайдың өмірі 4 кітапта жалғаса қамтылады. Сондықтан да маған, адамның өмірімен өлшенетін оқиғаларды тарихи шындыққа сәйкес, өмірдегі өз ретімен дамытуға мүмкіндік беріңіздер. Егерде орыс жазушысының бірі төңкерісші орыс жұмысшы табын көрсеткісі келіп 1905-жылғы революцияны 1900-жылға жылжытса қалай болады? Тура сол сияқты, бұл арада да іс-әрекеттің уақытын жылжытудың ешқандай қажеті жоқ, менің шығармамда да бұл оқиғалардың барлығы тарихи және көркемдік шындыққа сәйкес келетін кезеңдерде өз кезегімен қамтылады. Сондықтан да Шұбар мен Көкбай бейнесі 4-кітапта талқыға түседі және Шұбар мен Көкбайға қатысты ескертпелер сонда қарастырылады, Абаймен бірге өмір сүріп, байды сатқан Шұбар 1934-жылғы байлардың көтерілісі кезінде тау ішінде өзінің ажалын табады. Абайдың тірі кезінде оның, мен Шұбарды айтып тұрмын, сатқындығы ашық көрінбейді, ол өзінің бет-пердесін ашпайды. Ал жолдастар Абайдың ақындық мектебі туралы қате пайымдаулар туралы айтқанда осы жайды ұмытып кетеді. Мен Абайдың өмірін жазып жүрген кезімде мұны Тұрағұл айтып беріп еді, мен соған сеніп қалдым. Бұл біздің қоғамымыз үшін де, мен үшін де қымбатқа түсті.

Мен 1939-жылы «Абай» трагедиясын, содан кейін операға арнап либретто, «Абай әндері» атты картинаға (сценарий) жазғанымды еске алуларыңызды өтінемін – соларда Абайдың қоршаған ортасы екшеліп берілген емес пе еді. Ондағы оқиғалар 1903-1905 жылдардың арасында өткендіктен де олардың ішінде панисламистер де жүр емес пе. Абай өзінің өліміне жақындаған, егде жасқа жеткен кезінде Шұбардың өзін қалай ұстағаны көрсетілген. Мұндай ойға мен бұрыннан келгенмін, қазір сол бағытта жұмыс істеп жатырмын. Абайдың ақындық мектебін жоққа шығару тек 1951 жылы ғана пайда болды демеңіздер. Ол 1939 жылғы біздің шығармашылық ізденісімізден басталған. Тек Кенесарыға жеткілікті орын берілді ме деген ғана мәселе талас туғызған. Қателік кетті, мен оның феодалдық, реакциялық мәнісін толық аша алмадым. Бірінші топқа жатқызған сын ескертпелердің ішінен мен жұртшылықтың піркііне орай Шұбар бейнесін 4-кітапта өзгертуге келісемін. Абайға қарсы әрекет ететін күш ретінде оларға үлкен салмақ салынатын болады. Олар буржазияшыл-ұлтшылдардың көсемінің одақтасына айналады. Онда мұның Абайға деген қарым-қатынасы, Абайды өз жағына қаратып алуға ұмтылысы көрсетіледі. Қазір менде бұл туралы өте қызықты дерек те бар.

«Ақын ағада» көптеген қателіктер кетті, оны мойындаймын және оны түзеймін. Ол негізінен Кенесарыға байланысты. Кенесары жөнінде мен көп жаздым, бірақ мен Кенесарының кіріктірген кездегі Абайдың жасы 13-те ғана болатын, ол оқиға ол ауылдан 120 верст қашықтықта өтті. Кенесарыға қатысты оқиғаларға Абай сол кезде дұрыс баға бере алар ма еді? Бұл тұрғыдан мен түзету енгіздім және өзімнің ұстанымымда қаламын. Мен Кенесарыны және оның идеологін кемелденген Абайдың көзқарасымен әшкерелеймін. Дәрмен арқылы әшкерелеймін. «Ақын ағаның» соңғы нұсқасында мен қателерімді осылай түзетемін. Көп адамды толғандырып отырған мәселені мен осылай шешемін.

Енді, осында сөйлеген көпшіліктің және баяндамашының: орындалуға тиісті деп көрсеткен ескертпесіне, астың суреттелуіне қатысты мәселеге тоқталайын. Осы арада осы оқиғаны суреттеген кездегі авторлық ремаркаға, авторлық түсінікке қатысты пікірлер айтылды. Мен ол ескертуді ұмытқамын жоқ, алайда 13, 16, 18, тіпті 24 жасар Абайдың ол кезде орыс демократтарының ойларымен әлі білмегенін, озық ойлы адамдармен әлі кездеспегенін сіздер де ұмытпаңыздар, өз бетімен Абайдың мұны түсінуі мүмкін емес еді. Абай өзінің идеялық қалыптасуы өте баяу жүрді (шығармадан үзінді оқылады). Бұл Абайдың өз сөзі. Мен мұны орысшаға аудара алмаймын, бірақ та, сыни ойдың ол кезде қалыптаспағанын бәріңіз де білесіздер. «Айлаға да, ашуға жақтым шырақ» (дейтін кезі).

Жуан жұдырықтың кәдімгі заңды тәртіпке айналған тұсы және бұл тәртіпті Абай да орынды деп есептеген. Абайдың дүниетанымы бірте-бірте кеңейді. Қырдағы оқиғалардың барлығын сол кездің сүзгісінен өткізе алған жоқ. Оның көкжиегі бара-бара кеңейді, сөйтіп барып сол уақыттың әлеуметтік-тарихи мәнін біртіндеп түсінді. Қазақстандағы озық ойдың өзі халық арасында біртіндеп, баяу жетілді емес пе. Сондықтан да романдағы Абайдың өсуі де біртіндеп көрсетіледі.

Бірінші кітапты сынаушылар да көп, сонымен қатар, бірінші кітаптағы жазылған жайларды мақұлдайтындардың да саны аз емес.

Әрине, мен бұған да назар аударатын боламын, алайда сіздер де 13 жасар Абайдың біртіндеп ойлы адамға айналып келе жатқанын ұмытпаңыздар, табиғат пен қоғамдық өмірдің көптеген құбылыстарын материалистік тұрғыдан біртіндеп түсіне бастайды. Мұның барлығы оған орыстың демократ революционерлері арқылы жетті.

Мен өзімнің алдағы уақытта қайтадан ой елегінен өткізуді ойластырып жүрген жайларға қысқаша тоқтала кетейін. Бірінші топқа жататын асқа байланысты кедей табынан шыққандарды да суреттей кету туралы пікірге орай айтарым, кітартың бұл арасына тиісті өзгертулер енгізілетін болады. Бұл арада: ағаттықтардың қатарына байлардың ортасының тұрмысын, тоқмейілділігін, тоқшылығын, киіз үйлерін әсірелеп баяндау турасында көп айтылды. Мұның орын алуының себебі: мен өнердің реалистік сипатын тым әсірелеп бағалаппын, сондай-ақ, осы уақытқа дейін қазақ әдебиетінде халқымыздың ана ерекшеліктері, мына ерекшеліктері қамтылмағандықтан да, соны көрсеткім келді. Егерде менің алдымда, орыс жазушыларының алдында тұрғандай, Тургеневтің, Гончаровтың, Гогольдің және басқалардың шығармалары тұрса, онда, шындығында да тұрмыстық көріністерді осыншама суреттеудің қажеттігі де тумас еді. Біздің алдымызда ондай тәжірибе болған жоқ, сондықтан да мұндай көріністерді барынша көп әрі кең қолдануға ұмтылдық. Сөйтіп, тым әсіреленуге жол берілді. Бұл баяндаулар жеңіл қырналып кететін немесе сол кездің шындығының қайшылықты тұстарында әшкерелеп кетуге болатын кемшіліктер.

Мысалға, Абай қонақтарды салтанатпен қарсы алып жатыр, ал сол рәсім былай тарқайды. Құнанбай Мекеге аттанғалы жатыр (сол кезде Дәркембай мен Қиясбай келіп Қодардың құнын сұрайды), ал осы көрініс Құнанбайдың тағылық мінезін танытпай ма? Саятшылар суреттелетін көріністен кейін адамдар үш күнге созылған боран мен өгей шеше сияқты қатал табиғаттың шеңгелінде қалады, ал қазақты аңқау бала етіп көрсетсең бәрі де жарқын бола кете ме?

Кей-кезде автор барлығын тәптіштеп баяндап беруге міндетті емес, оны көркем қабылдауы арқылы оқырманның өзі ойланып табуы тиіс. Соған қарамастан кейбір тұрмыстық суреттеулерді қысқартатын шығармын.

Менің ойланып-толғануыма мүдделі ететін бір жайларды қойын дәптеріме жазып алдым, уақыттың тапшылығынан оны тізбелеп жатпаймын. Мүмкін, жазушылардың өзара оңашалау қоян-қолтық бас қосуы өте қалса, соның бәрін тізбелеп шығып, қажетті деген ұсыныстарды өңдеу барысында енгізуім де мүмкін.

Енді өзім үшінші топқа жатқызғандардың «Абай» романы жөніндегі айтқандарына тоқаталайын. Кешеден бері сөйлеген жолдастардың айтқанындай: әдебиеттің мүддесінен аулақ, кеңес жазушыларының алдына партия қойып отырған міндеттерден мүлдем мақұрым, өзінің жеке бақай қулықтарының мүддесін күйттеген, ойы пасық, өзінің міндетін тек құртып жіберу деп түсінетін жекелеген адамдардың арамызда отырғаны шындық. Ондай «қырыпсалушылық» осы арадан да, Досалиевтің сөзінен де байқалды. Шындығын айтсам, күйінейін деп – күйіне алмайсың, сүйінейін деп – сүйіне алмайсың, жетісіп емес, жерініп күлуге ғана тура келеді.

Сондай «қырыпсалдың» біріне мысал ретінде «Ғылым Академиясының жаршысының» №4 санындағы Әуезовті жамсатып салған мақаланы алуға болады. Онда автордың көзін құртуға арналған бір топ материал басылған. Осы арада кемшіліктер мен қателіктер туралы айтылды, мен олардың пікіріне сенемін, сол үшін алғысымды білдіремін. Нағыз талқылау – авторға септігі тиген талқылау дейді ғой. Ол жазушыны ғана емес, қоғамның өзін де демейді. Сол арқылы жұртшылық авторды ғана емес, өзіне де септігін тигізеді.

Мен сіздерге мынадай өтініш айтқым келеді: кеңес әдебиетін, кеңес жазушысын кез-келген бұзақы мен қаскүнем адамдардан қорғай көріңіздер, өйткені олар әдебиетке әдеби мүдде үшін келген жоқ, керісінше, өзінің сұрғылт өмірін әдебиеттің айналасында жүріп ағартқысы келгендер. Міне, жазушыларды осындай сұрқылтайдан қорғау керек, жазушыға заңды көмек көрсету дегеніміз осы. Мен сол көмекті күте отырып, біздің ақылымыздың, намысымыздың және арымыздың өкілі болып табылатын жоғары лауазымды мекемелерден сондай зор көмекті күтемін».

Ал тарихи уақыт пен дәлел, көркемдік шешім мен әлеуметтік жандүние психологиясы, көркемдік шындық деген асқақ ұғымдардан мақұрым мұндай саяси қысымдардың мәжбүр етуімен суреткер "Абай жолы" атты үшінші-төртінші кітабында идеологияға ырық беріп қойды.

Сонымен, қосымша "қыстырмалар" (Д.Әбілов) кіргізіп, "Қарашығын" сияқты тарау қосылды. Әкесі «қатыгез Құнанбай» мен «өзіне қарсы ағасы Тәкежан» және «әзәзіл Әзімбай» сияқты жағымсыз кейіпкерлерден басқа Абайдың айналасында туыс қалмады. Бәрінен тазартылды. Тұрағұл іспетті бесіктегі сәбиінің мандайынан иіскеудің өзі таптық-идеологиялық қылмыстың қатарына жатқызылды.

Әбдірахым Жаймұрзин: «Абай» романы туралы әңгіменің күрмеуі аталмыш мәселеден әлдеқайда күрделі болатын. «Абай» романы туралы «Казахстанская правданың» беттерінде жарияланған мақалар жөнінде өзіміздің көптеген жазушылармен әңгімелесіп, жеке пікірлерін сұрап көрдім. Олардың барлығы да ондағы мақаламен келіспейтінін ашық айтты. Мен Орталық Партия Комитетіне жазушылардың осы пікірлерін дұрыс деп білетінімді айтып, мұндай сыңаржақ, үстірт жазылған сындардын әдебиетке зияннан басқа пайдасы жоқ – дедім. Содан біраз уақыт өткеннен кейін табан астынан «Казахстанская правданың» редакторы Никитин мен мені Орталық комитеттің жабық бюросына шақырды. Бюрода екеуміз де өз пікірлерімізді айтып, біраз сайысқа түстік. Бюро ешқандай шешім қабылдамады. Екеуміздің де Орталық комитеттің мүшесі екенімізді, оның алдыңда жауапты екенімізді ескертумен аяқтады.



Енді «Абай жолы» романын талқылау үшін оған әзірлік жұмысына кірісуге тура келді. Ол кезде Жазушылар Одағында істейтін Сейітжан, Әнуар, Тайыр, Зейнолламен пікір алысып, осыған бір жақсы баяндамашы табуды ойластырдық. Бұдан бұрын Ғабиден Мұстафиннің «Қарағанды» романын талқылаған тәжірибеміз бар болатын. Онда келешегінен өте үлкен үміт күттірген, әсіресе сол кездегі жас жазушылар ортасында абыройлы, инабатты Мұқан Иманжанов марқұм баяндама жасап, жұртты қатты риза еткен еді. Енді тағы бір жаңа, соны баяндамашы іздестіруді ойластық. Көп кешіктірмей жолдастар: Тахауи Ахтановқа тоқталық деген пікір айтты және оны маған келешегі мол, біздің әдебиеттің «жас перілерінің» бірінің өзі деп мінездеме берді. Бұл бағаның дұрыстығын кейін өмірдің өзі көрсетті ғой. Баяндамашы да, шығып сөйлеген жолдастар да романға жоғары баға беріп, оны біздің әдебиетіміздің биік шыңы деп бағалады.

Романды талқылау: Қазақстан әдебиетшілерінің әдетте байқалып жүретін жікшілдікке, дөрекі социологиялық қисынсымақтарға еліктеушілікке қарсы тұра алатын бірлігі күшті қауым екендігін, оның шынайы әдебиет жетістіктерін бағалай да, қадірлей де білетіндігінің көрінісі болды. Қазақстан Орталық партия Комитеті талқылауды дұрыс, ойдағыдай өтті деп бағалады».

Бір заңды да кездейсоқ жай, арада тура жиырма жыл өткенде осы талқылауға қатысқан "қазақстандық сенімді адамдардың ақпаратымен қаруланған" мәскеулік Алла Марченко тура осы сынның ықпалымен қосылған тарауларды: "Роман-эпопеяға жат, шынжырлап жалғасқан жалған желі", – деп сынады. Т.Ахтанов өзінің «Ол биік бізге әлі бағынған жоқ» деген қарсы мақаласы арқылы тағы да төрелік айтты.

Ал сол биікті бағындыруға шабуылдап жүрген кім?

Ол қазақ әдебиетіне тұтқа болғысы келген, тұтқырдың бірі болатын. Кейін Әуезовшіл болды: «Менің екі бетім бар. Біріне түкірсе, екіншісін тосамын»,– депті бірде Тахауи Ахтанов пен Қалбай Мұхамеджановқа.

Біз үшін оның екі бетінің де қадірі жоқ. Сондықтан да ол бетті сіздерге де көрсетпей, жаба салуды жөн көрдік.

5.

Сталин өліп, Берия атылғаннан кейін жаңа саяси бағыт пен көзқарастарды екшеу мақсатында ұйымдастырылған СССР Жазушылар Одағының ХІУ плненумының қорытындыларына орай 1953 жылы 16-қарашада Қазақстан жазушыларының қалалық мәжілісі өтті. Бұл мәжілістің тынысы бұрынғы жаныққан әшкерелеулерден көрі шығармашылық талдау бағытына қарай ойысты.



Бұл тұста М.Әуезов Мәскеу университетіндегі дәрістерінің арасындағы тыныс сәтінде Алматыға келіп, түрлі шараларға қатысуға мүмкіндік алды. Одақтың жаңа төрағасы Ғ.Мұстафин баяндама жасап, жарыссөздің алғашқы кезегі М.Әуезовке берілді. Жаппай саяси-идеологиялық жазалау саясатының толас тартқанын және қандай да еркіндік тынысының ашылуын үнсіз дәметкен, бісмілләсін «халықтардың әкесі» Сталиннен бастайтын шығармашылық одақтың зиялыларының сөйлеу мәнері өзгере бастады. Бұл М.Әуезовтің де сөзінен байқалады. Біз жиырма жылға созылған қудалау мен құрсаудан құтыла бастағанын сезген жазушының психологиясын аңғарту мақсатымен оның бұл сөзін шамалы ғана қысқартып беруді жөн санадық.

М.Әуезов: «Жолдастар, сіздердің көпшіліктеріңіз СССР Жазушылар Одағының пленумына қатыстыңыздар, көпшіліктеріңіз пленумның материалдарын оқыдыңыздар, сондықтан да өздеріңіздің әдеби шығармашылықтарыңызды жауапкершілікпен, жан-жақты, ойлана, сын көзімен шолып шықтыңыздар. СССР Жазушылар Одағының кезекті пленумына партия қандай мән бергеніне тоқталып жатпаймын, тек біздің алдымызда тұрған түйінді мәселелерге назар аудармақшымын. Кеңестер Одағының жазушылар ұйымының осы пленумы өткеннен кейінгі ойларымызды жинақтаған соң Қазақстан жазушыларының кезекті съезіне қандай шығармашылық толғаныспен келетінімізді ойластыра бастаймыз. Көптен бері жазушылардың съезі өткен жоқ, сондықтан да жекелеген әр жазушы, қазақ әдебиетінің әр жанрына жауапты әрбір шығармашылық секциялар үлкен шығармашылық екпінмен съезге дайындықтың қарбаласына кірісуі керек...»,– деп бастаған сөзінің ауанынан саяси атмосферадағы өзгерісті бірден байқауға болады.

Бұрын тілге ең алдымен «халықтар көсемі», «партиялық сын», «саяси өрескел қателіктер» деген тіркестермен басталатын әшкерелеуші сөздер қатарға ілінбей қалған. Оның орынын «жауапкершілікпен, жан-жақты, ойлана, сын көзімен» деген шығармашылық ұғымдар ауыстырған. Қазіргі тақырыпты игеруге келгенде қазақ жазушыларының тосырқап жатқанын айта келе «өзара сынды» өзінің сүйікті драматургия жанрынан бастапты:

М.Әуезов: «Қазіргі күннің тақырыбына жазған Әуезовтің, Мүсіреповтің, Мұқановтың, Құсайыновтың, Әбішевтің, Иманжановтың пьесалары әлі де нағыз кеңестік драматургияның деңгейіне жеткен жоқ, олар тек маусымдық талаптарға ғана жауап беріп келеді, олар шығарманың әдеби, тарихи, көркем құндылықтарын анықтай алмайды. Қазіргі кеңес тақырыбына арналған көркем шығармалар да болуы тиіс. Бұл орайдан алғанда біздің борышымыз аса зор. Поэзия да, проза да, сын да осындай қарыздар күйде. Бұл жанрлардың игерілуі жөнінде ерекше тоқталғым келеді. Неге бізде жақсы драматургия жазылмайды, біз неге орыс драматургтерінен үлгі алмаймыз? Бұл тұрғыдан алғанда пленум өте маңызды өтті. Біздің мемлекетіміздің өмірінің екі маңызды кезеңі үш-ақ шығармада: «Қақ айырылуда», «Любовь Яроваяда», «Бронепоезд – 15-69»-да ғана шынайы көрініс тапты. Өзге шығармалар МХАТ-та, Кіші театрда қойылып жатқанымен де, тек К.Симоновтың «Басқыншылық», «Майдан», «Орыс адамы» пьесалары ғана нағыз құндылыққа ие болып отыр. Егерде сіздер «Қақ айырылу» мен «Любовь Яроваяның» қандай пьеса екенін көрген болсаңыздар, онда бұл екі шығарманың кеңестік драматургияны әлемдік деңгейге көтергенін мойындауларыңызға тура келеді. Бұрын сахнада заттық себепкерлікке құрылған тәсілдер қолданылатын. Алайда оның барлығы адамның тұтынушылық сұраныстары. Драматургиялық шығармаларда олар сахналық тартысқа шамалы ғана ықпал ете алатын. Мысалға, Чеховтың «Шие бағында» шіре (шкаф) туралы сөз қозғалады. «Бронепоезд – 15-69»-дағы заттық тәсілді алыңыз, темір жолға кім өзінің басын қоюы керектігі жөніндегі тартыс адам мінезін ашуға қандай ықпалды әсер етеді...»,– деп бұрынғы саяси тіркестердің орынын көркем талдаумен алмастырды.

Демек, Мәскеуден ескен «жылы лептің» бір «жылымық» әкелетіні мәтіннің ауанынан-ақ сезіледі. Әңгіме өзегі саяси бағамдаудан көрі көркем ойға құрылды. Нағыз лирик ақындардың шығармашылықтан шеттеп кетуінің себептерін емеуірін таныта сөйлейді. Бұл он бес – жиырма жылдан бері ұмытылған әдеби құбылыс еді.

М.Әуезов: «Қазір қостауға болмайтын беталыс байқалады. Біздің көптеген ақындарымызда өте тамаша шығармалар бар, бірақ олар ақындықтан бойын аулақ салып барады. Менің қояр сұрағым: Сәбит Мұқанов поэзиядан неге кетті, Әбділдә Тәжібаев поэзиядан неге кетті? Оның драматургиялық шығармалары сахнада ұзақ тұрақтамайтын дүниелер. Мен Ғали Ормановпен ерекше есеп айырысқым келеді. Ол өзінің мойынына аса жауапты істі – «Анна Каренинаны» аударуды жүк етіп алыпты, ал мен ол неге поэзиядан кетті? – деп сұрағым келеді. Менің ойымша, олар өзге де үлкен жанрда жұмыс істей отырып, поэзияны да ұмытпауы тиіс»,– деді.

Бұл сұрақтың астары өте терең. Жалған «жасасыннан!» жалыққан ақындар өлеңнен бас тартуға мәжбүр болды. Әсіресе, Ғали сияқты нәзік лириктер үнсіз қалды. Енді поэзияға жасалған бұл өктемдіктің күні санаулы еді. Мұхтар Әуезов соны мекзеп отыр. Иә, сөз түзеле бастады.

Қисыны келгенде сөз арасына сыналай кететін бір жай, М.Әуезов тура осы пікірді сол мәжілісте отырған «реперткомның» бастығы мен комиссия мүшелеріне қарата айтқан еді. Соның ішінде уақыттың ауанын аңғара алмаған репертуралық комиссияның мүшесі Қапан Сатыбалдин «еруліге қарулы» қайырамын деп орынсыз қағылған сынаға ұқсап қалды. Ол өзінің сөзінде М.Әуезовке жауап қайырамын деп қайранға шығып кетті.

Қ.Сатыбалдин: «Біз ғой драматургия артта қалып барады, ілгерілеу жоқ дейміз. Шындығында да драматургтердің жағдайы жылдан жылға құлдырап барады. Әуезов жолдас жаңа ақын Тәжібаев – драматург Тәжібаевтан жоғары деді. Мен Тәжібаевтің драматургиялық қабілетін бұлай бағалаған ж.Әуезовтің пікірімен келіспеймін... Біздің тәжірибелі жолдастарымыз пікір таластырғанды өте ұнатады. Мысалы, жаңа Әуезов өзінің шешендік қабілетін тамаша көрсете білді, бірақ өзінің (репертуарлық) міндеттемесін орындамады.

Жолдас Әуезов орынында отырып: «Роман жазып жатырмыз, немене оны жақтырмайсың ба?!,– деді.



Романды жазу керек. Бірақ та өзіңіздің негізгі жанрыңызды ұмытпағаныңыз жөн. Егер қателеспесем, драматургия сіз үшін басты жанр емес пе. Сіз ұзын-ырғасы 20-дан астам пьеса жаздыңыз, ендеше соңғы уақытта театрдың репертуарын неге ұмыта бастадыңыз?

Жолдас Әуезов орынында отырып: Роман жазып жатырмын дедім ғой, – деді.



Міне, бар кілтипан осында. Сіз неге роман жазуға уақыт табасыз, неге пьеса жазуға уақыт таба алмайсыз? Мүсірепов те – драматург, ол да роман жазып жатырмын дейді. Бұл жай ғана сылтау, бірақ сіз пьеса жазуды ұмытпауға тиіссіз. Мүсірепов пен Әуезов – жетекші драматургтер, тарихи оқиғалар мен ертегі, аңыздардың негізінде пьеса жазуға шебер, ал қазіргі тақырыпқа ұсыныс жасасаң, роман жазып жатырмын дейді. Репертуардың жоспары Қазақстан Орталық комитетінің бюросында бекітіліп қойған. 1952 жылы 27-желтоқсан күні Орталық комитеттің бюросы бекіткен тақырыптық жоспар бойынша бұл пьесалар осы уақытқа дейін жазылып бітуі тиіс болатын, олар неге роман жазады, пьеса неге жазбайды? Олар неге драматургияны екінші қатарға қояды? Мүмкін Әуезов пен Мүсірепов жолдастардың шеберлігі жетіспей ме? Жоқ, олай емес, олар бірінші кезекке кесек романды қойып, драматургияны кейінге ысырып отыр. Басқа жолдастарға басқа жағынан келейік, ал аталған жолдастар туралы жаңағыдан өзге себеп таба алмай отырмын»,– деп қадалды Қапан Сатыбалдин.

Әрине, қиын кезде моральдық, материалдық, шығармашылық демеу берген драматургияға екеуінің де өкпесі жоқ еді. Бірақ мынау туып келе жатқан «жылымықтың» қас-қабағының ашық кезінде өмірлік маңызы бар басты шығармаларын жазып қалуға ұмтылды.

М.Әуезов: «Енді сын туралы айтайын. Бұл пленумда сын мәселесі қалайда үнсіз, атаусыз қалды, өйткені пленумның сыни деңгейі төмен болды. Жасқаншақ, жарасымсыз сын ғана айтылды. Егерде бес қаруы сай, дайындығы мол, төңкерістен бергі кеңес әдебиетінің дамуына белсене қатысып келе жатқан Ермилов, Фадеев сияқты аса көрнекті оқымыстылары бар орыс кеңес сынының деңгейі мынадай болғанда, әрбір әдеби журналдың сын туралы үзбей жазып жатқанына қарамастан, орыс сынының деңгейі биік емес екені байқалады. Оның драматургиядан да, поэзиядан да кейін қалып қойғанын есекерсек, онда біздің сынымыздың деңгейі туралы қандай сөз болмақ? Біздің сынымыздың мәдениеті төмен, обьективті емес, өткеннің қалдығы дегенді малташа езіп, керексіз кикілжіңді жиі қоздырады, ендігі жерде біз бұрын айдағанына көндіріп келген ешқандай репертуарлық комиссиясының, ешқандай бастықсымақтардың бюрократиялық өктем пікірлерімен санаспауымыз керек. Біз енді еркін суреткерміз, ешқандай шенеунікке тәуелді емеспіз. Мұны Мұстафин жолдас өзінің баяндамасында: «Жиналысты азайтып, жазуды көбейтейік»,– деп дұрыс айтты. Мен онымен келісемін. Келіңіздер, бәріміз де дос ниетпен жұмыс істейік. Жиналыс – шығармашылықпен айналыса алмайтындарға, «шымшылап» сөйлеп, шырқыңды бұзу үшін керек. Біз оған осы уақытқа дейін төзіп келдік, енді бұдан әрі төзе алмаймыз»,– деп әбден мезі еткен «мәжілісқорлардың» мысын басты.

Шындығында да, кейінгі жиырма жылдың ішіндегі «таптық тартыстан», «ұлтшыл-буржуазияшыл идеологиядан», «өрескел саяси қателерден», «марксизимге жат пайымдаулардан», «сын мен өзара сыннан», жібермеген «кемшіліктері мен қателерден», «алашорданың бас идеологі міндетінен», «хандар мен билердің мұңын мұңдаудан, жоғын жоқтаудан» әбден мезі болып, кез-келген репертком мен қара шолақ «нәшәндік» жүйкесін тоздырып еді. Бұл пленумда шығармашылық еркіндік пен авторлық құқық мәселесі алғаш рет күн тәртібіне қойылды. Енді, мұндай тоңмойындар мен дөңмойындарға «бұдан әрі төзе алмайтынын» мінбеден мәлімдеді.

Сөзінің соңында М.Әуезов өзін де драматург – ақындардың санатына жатқызып, поэзиясыз пьеса тумайтынын, поэзиясыз пьеса жүректі жылытпайтынын тілге тиек ете келіп:


Каталог: repository -> history -> 24%20%D1%82%D0%BE%D0%BC.%20%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B%20%D0%BC%D0%B0%D2%9B%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D1%80 -> %D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Халел досмұхамедов
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Абай мектетебі
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Мағжанға Сәбиттен


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   53   54   55   56   57   58   59   60   ...   64




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет