Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



бет59/64
Дата04.11.2016
өлшемі10,61 Mb.
1   ...   56   57   58   59   60   61   62   63   64

Ал, сендерге тапсыратын сөзге әлі жеткем жоқ, сабыр етіп шыдай тұрыңдар! Жаңағы аударма қырсығының бөгелісімен дәлелдеп Кожевников («Знамя»): «Біз жақында баса алатын емеспіз, енді қайтып аласыз ба, қайтесіз»,– деп жазыпты. Мен осы сөзді ЦК КПСС отдел культуры Поликарповқа жазып, наразылық айттым. Себебі, аударма менің міндетім емес, «Знамяның» өзі ұйымдастыру керек, соның міндеті, ал Кожевников маған аударманы міндет қып теріс істеп отыр, аудармашыны тапсын да тез аудартып, бастырсын – деп талап еттім. Келесі жыл менің 60 жылдығым және жазушылық еңбегімнің соңғы кітабы – одақтық оқушының алдына шығуы, менің тарапымнан заңды талап екенін айттым. «3намя» дейтінім, басқадай жаңа журналмен келісуге енді кеш. Шарты, міндеті бар «Знамя» өзі ада қылса екен деп отырмын. Осы жайды, сен Тәкен, Семен Владимирович пен Тихоновтарға да білдіріп қоюың қажет болар.

Ал менің диктовать еткенімді айтса, мен анау «Абай» романының да қақ жарымын – жұрт сүйсініп жүрген қақ жарымын да солай жазғам. Мен диктовать еткелі 14 жыл болды. Заманында Марк Твен, Ло пе де Вега – талай жазушы тәжірибе ала келе жазған-ды.

Шынында «Абайда» ғашықтық тілі, сезім тілі басым болса, мына кітапта ойшыл болған Абайлардың аузында Абай өзі айтпаған, бірақ айтуға мүмкін шебер, терең философиялық афоризм толғаулар бар. 5-нші, 6-ншы бөлімдерді әсіресе еске алсаңдар екен. Бұл кітап «Абайдан» жоғары – қоғамдық жөнінде панисламизм, бурж. нац-змнен алысу дәл осында. Үлкен ойлар, кейінгі жайлар басы (тартыс жайлар) осында. Осыны баса айтып екеуің тең, аударылып басылуын талап етіп мақала жазсаңдар деймін. Мен Зоя Сергеевнаға да жаздым. Кейін сол кісіге табыс етіңдер, өзі түзей түссе қарсы болмаңдар. Ол сентябрь басында демалыстан қайтады, телефоны – д. 7-28-36 (үйі) – сонымен жалғасыңдар, газетаға бастырады. Осыны екеуіңнен қатты өтінемін. Өзім сентябрь ортасында барамын. Осыны алысымен жауап жаз, Тәкен!».

Иә, бұл хаттың емеуіріні мен талабы мүлдем басқа. Ал эпопеяның диктовкамен жазылуының дұрыс, бұрыстығы шығармашылық психологиясына қатысты дербес мәселе. Оның ұтысы мен ұтылысын саралау бұл әфсананың міндетіне жатпайды.

Сонымен, «жеке басқа табынушылықтың» әшкереленуінің нәтижесінде ел-жұрт та еркін тыныс алды. «Халық жаулары» да ақтала бастады. Ақталу үшін сол ұсталған «халық жауының» соңғы жұмыс орыны мінездеме беруі тиісті еді. 1957 жылы 26-көкекте Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет Майлиннің, Ілияс Жансүгіровтің азаматтық тұлғалары ақталып, Жазушылар Одағының мүшелігі қалпына келтірілді. Олардың шығармашылқ мұраларын ақтау туралы 1957 жылы 3-қыркүйекте Жазушылар Одағы төралқасының мәжілісі өтті. Ұлттық руханияттың салтанатын жариялайтын мұндай сәттерде тек ақ ниет қана, істің игілігі ғана ортаға салынуға тиісті бұл отырыста:

Ғ.Мүсіреров: Олардың шығармалар жинағы жазылу (подписка) арқылы жүргізілсін;

С.Мұқанов: Бұл жазушылардың шығармаларын жариялау мақсатында жеке-жеке реақциялық алқа құпылсын;

Ә.Тәжібаев: Бұл жазушылардың еңбектері, әрине, зерттеу үшін ғана керек, сондықтан да біз Ғылым Академиясының міндетін өзіміздің мойнымызға ала алмаймыз. Олардың шығармаларының барлығын жаппай жариялау да дарақылық (огульно) болады және бүгінгі күннің талабына жауап береді деп те айта алмаймыз. Әзірше үш том етіп басып шығарсақ та жеткілікті, қалғанын баспалар ойлана жатар. Мысала ірі ақын Ілияс Жансүгровтің «Дала» дастаны қысқартуды қажет етеді. Онда жариялауға жатпайтын, алып (изолировать) тастайтын тұстар бар. Бұл жазушылардың шығармаларын бүгінгі күннің талабынан қайтадан қарап шығу керек. Біз бұған барынша жауапты қарап әрі қатаң талап қоюымыз шарт»,– деген пікір білдірді.

Мұқым ұлттың өлгені тіріліп, өшкені жанған күні, Әбділдә Тәжібаевтің бұл қаупі неден туып отыр? Саяси қырағылық па, жоқ, әбден үрейленіп қалғандықтан да жауапкершіліктен қашып отыр ма, әлде, «ақындық бас асауына» ерік берген қызғаныштың қызыл тырнағы ма? Кім білсін. Қауіпсіздік комитетінің төрағасы В.В.Губин Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиев пен Зылиха Жұмабаеваның өтінішіне орай Шәкәрім мен Мағжан Жұмабаевты ақтау, не ақтамау туралы Жазушылар Одағының пікірін сұрады. Ғ.Мүсіреповтің оларды ақтау мәселесін қолдайтыны туралы хаты қоса тіркелді.

1957 жылы 20-қарашада Одақтың төрағасының орынбасары ретінде Ә.Тәжібаев оларды «мәңгілік ақталмайтын, ұлтшыл-буржуазияшылдар, шығармаларының көркемдігі төмен ақындар» деген мағынада хат жіберді. 1987 жылы ақпан айында Олжас Сүлейменовтің ұйымдастыруымен қауіпсіздік комитеті мекемесінің жеті полковнигімен өткен кездесудегі осы жолдардың авторының «алашордашыларды ақтау» мәселесі туралы сұрағына МҚК-нің орынбасары К.Әбдірахманов Ә.Тәжібаевтің осы хатын оқып беріп: «Мәселе бізде емес, өздеріңізде», деп еді. Сол отырыста Ғалым Ахмедов марқұм мұндай қатынасты кезінде жазудан бас тартқанын, бірақ оны еріктен тыс басқа біреуге жаздыртып, салдырғанын айтты. Бұған қарағанда жоғарыдағы пікірдің қалайда кездейсоқ айтылмағанын, ашығын айтқанда, Ә.Тәжібаевтің арнайы құпия мекемелердің тапсырмасын ұзақ жылдар бойы орындап келгенін дәлелдейді.

Оған кәрі ақынның шау тартқан шағындағы мына мінезі дәлел. Архивтегі осы дерекке кешкі сағат бесте көзіміз түсті, көшіруге толық үлгермей, ертеңге қалдырып кеттік. Сол түні таңғы 7-де Ә.Тәжібаев үйге хабарласып, шұғыл, бір сағаттың ішінде үйіне келуді бұйырды. Болымсыз әңгімемен тоғыз жарымға дейін ұстады. Ал архивке барғанымызда әлгі «істердің жоғалып кеткенін» білдік. Архивтегі арнайы мекеме адамдарының тапсырыстың ізін жойып үлгеруіне мүмкіндік беруі үшін бізді «бөгей тұрғаны» анық еді. Соған қарап ол кісі өзінің сол құпия мекемемен байланысын ғұмырының соңына дейін үзбеген екен-ау деген күдік ұялады. Бұл пікірімізді баспасөз арқылы ашық білдіргенімізде ол кісі ешқандай жауап бермеді, не қосымша пікір білдірмеді.

Сонымен Ә.Тәжібаевтің қарсылығына қарамастан 1957 жылы 18-қыркүйектегі отырыста: С.Мұқанов С.Сейфуллиннің, Ғ.Мүсірепов Б.Майлиннің, М.Әуезов – Ілияс Жансүгіровтің көп томдықтарының басылымының төрағалығына бекітілді. 1957 жылы 12-шілдеде М.Әуезовтің 60 жасқа толуына арналған мерейтой мәселесі қаралып, бас баяндамашы С.Мұқанов ұсынылды. Мұны М.Әуезовтің өзі де қолдады.

2.

1957 жылы 27-қыркүйекте Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің 60 жасқа толған мерейтойы бүкілодақтық көлемде, мемлекеттік деңгейде салтанатпен аталып өтті. Бұл Әуезовтің заманға кеткен бар есесін қайтарған және қазақ қауымы бұрын-соңды көрмеген рухани шеру болды. Соның қарсаңында ұйымдастырылған М.Әуезовтің шығармашылық жолы мен «Абай жолы» туралы ғылыми конференцияның материалдары жеке кітап болып шыққандықтан да айтылған пікірлердің барлығын баяндап жатпаймыз.



Тек осыдан алты жыл бұрын жерден алып, жерге салған қателіктер мен кемшіліктердің бәрі де роман-эпопеяның ұлы жетістігі болып бағаланды. Соның ішінде профессор Т.Нұртазиннің «Абай жолындағы» жағымсыз бейнелер және Құнанбай» туралы мақаласы құнын жоймайтын құлықты пікірлердің санатына жатады. Ал салтанатты рәсімді ашқан Ғ.Мүсірепов партия мен кеңес өкіметінің қадірін айта келіп:

«Киіз үйде сахна шымылдығын алғаш ашқан «Еңлік-Кебек» трагедиясы қазақ театр өнерінің алтын қорына қосылды. Ал бір кездегі жас Мұхтар қазір көпұлтты кеңес әдебиетінің аса ірі сөз шеберлерінің біріне, көрнекті кеңестік қоғам қайраткеріне айналды. Оның бурыл тартқан шашына академик деген даңқты атақ лавры көрік беріп тұр. Мұхтар Әуезов ең алдымен жазушы, жазушы болғанда да даңқты жазушы. Оның әдебиеттегі болсын, өнердегі болсын шығармаларындағы барлық шынайы талантқа тән қасиет – адамгершіліктің молдығы, қарапайымдылығы және анықтығы. Ол қашанда қайтпас қозғалысқа толы құштарлықпен және терең мағыналы поэтикалық көңіл-күйдегі болмысымен, тіршіліктің қуатты күшімен, шынайы сезімімен баурап алатын жігерлі тұлға. Әуезовтің қарапаймыдылығы – тырысқақ қарапайымдылық емес, халықшыл болып көрінгісі келген жалған қарапайымдылық емес. Оған әлденеден дәмететін, көпшіліктің қолы жете бермейтін мырзалық пен міншілдік жат»,– деп дәл және шынайы мінездеме берді.

Бұған қарағанда Сәбит Мұқановтың баяндамасы жеңіл, ауызекі сөйлеу мәнеріне құрылды. Кейде әзілі мен шымшуы аралас, кейде шыны мен жортағы аралас бұл сөз олардың тістескен өміріндегі мінбеден айтылған алғашқы лебіз болғандықтан да түйнекті тұстарды ғана түйіншектеп береміз:

Сәбит Мұқановтың сөзі өзі өмір бойы табанды түрде күресіп, «әшкерелеп келген, әшкерелей беретін» морганизмге, вильямизмге, тектік тұқымға қарсы «маркстік-диалектика» тұрғысындағы ұстанымын ұмытып, мақтай отырып мақтамен ысатын, екеуінің арасындағы ашық айтылмайтын басты құпияны емеуірін етіп:



«Ұрықсыз ешнәрсе өнбейтінін біз биология заңынан жақсы білеміз. Жер қанша құнарлы болғанымен, дән сеппесе ешбір өсімдік шықпайды. Жақсы дәннен – жақсы өнім, жаман дәннен – жаман өнім аламыз. Олай болса, егер, Мұхтар жаман болса, оны қаншама мәпелегеніңмен, қазіргі жақсы Мұхтар өспес еді, оның орынына әдеттегі Мұхтардың біреуі ғана өсер еді»,– деп тілінің астына маржан қоя сөйледі.

Осы бір нағашы мен жиеннің арасындағы «мысық жымиыс» пен «қазақы таба» екі тұлғаның арасындағы тепе –теңдікті бұзған басты кілтипанның бірі. Сол «үнсіз мысқылына» тиым салмауы арқылы Сәбит нені дәлелдегісі келді. Өзінің Ғ.Мүсіреповке жазған хатында Мұхтардың сол күні мұның сөзіне риза болмауының себебі – оның мақтауының жетпеуінде емес, жоғарыдағы мысқылдың астарында еді. Тым құрығанда сол күні жұртшылықтың көзінше миығынан жымимаса да болатын ба еді? Кейде ірі тұлғалардың осындай қазақшылыққа келгенде арынын баса алмай қалатын осалдығы болатыны да өкінішті. Бұл олардың арасын бұрынғыдан да ушықтырып, біріне-бірін тітіркендіре тіксіндіріп қойды. Ұлттық сәбилік түйсік – ұлыларға да тән.

Қазақ арасында таралған әлдебір «қазақы дақпыртқа емеуірін» танытып, тегін меңзеп, одан қайта шығармашылығына көшіп:

1921 жылы жазылған «Қорғансыздың» күні әңгімесімен-ақ ол қазақ әдебиетіндегі проза саласындағы әңгіме жанрын әлемдік деңгейге көтерді,– деп баға берді.

Бұдан кейін, тағы да ердің екі жағына кезек-кезек аунап алды:

Сол кездегі қалыптасқан тарихи жағдайға байланысты Мұхтар Әуезов қазақ кеңес әдебиетіне 30-жылдардың басында келіп қосылды. Әуезов жолдас 1932-жылы баспасөзге жарияланған мақаласында өзінің қателіктерін ашық мойындап, оны сынаған болатын. Сондықтан да өткенге қайтып оралып, тарихтың архив сөресін ақтарудың қажеті аз,– дей келіп драматургиясына тоқталды да, тағы да бүлкілдете қармағын тартты.

Осындай, жақсы шығармалардың арасында «Октябрь үшін», «Алма бағында», «Тастүлектер» пьесасы мен» «Іздер» сияқты дүниелері де бар. Олар Мұхтар Әуезовтің қаламынан шыққан шығармалар деуге татымайды,– деп тағы бір сипай қамшылады.

Егерде шындығын айтсақ, онда Абай Құнанбаевті әлемнің көптеген елдері тек Мұхтар Әуезовтің арқасында білді. Сондықтан да біз бүгін, салтанатты күні, біздің мерейтой иесіне – біздің халықымыздың ұлы перзенті Абай ағаның атынан алғыс айтамыз. Кез-келген, тіпті ең үздік шығарманың өзінде де кемшілік болады. Ондай кемшілік «Абай» романында да бар, алайда біздің мына үлкен мерекемізде оны көрсетіп жатудың қажеті жоқ,– деп «сылқ еткізе» тастай салды.

Мұны тыңдап отырған Мұхтар қандай көңіл-күйде болды? Лып-лып еткен өткір ұстараның жүзімен жүргендей әсер билеп, бір қызарып, бір сұрланып отырды ма, жоқ, оның бәрін де салтанаттың қуанышы басып кетті ме? С.Мұқанов өзінің Ғ.Мүсіреповке жазған хатында:

«Ол алпыс жылдық юбилейінің үстінде сонша құрмет көрсеткен, абырой әперген партия мен үкіметке халық алдында рахмет айтудың орнына, әлдеқайдағы мифтік «парнасына» шығып, тәсілқой «пегасына» мініп, еш жерде құйрығын ұстатпай, әлдене жұмбақтарды айтып кетті. «Құйрығы буырылдық» осы. Бұны мен өзім, жақсылыққа түкіру деп санаймын. Сонда осыны Ахмет айтқандай «алжығандықтан» істеп тұрған жоқ. Алжыса, ертеңінде академияда кеше күрмелген тілі неге шешіліп, «сүйікті елім», «алтын бесігім!» деп ағылып кетті?!. Ішін бермеуге, ең қатты адамның біреуі екен бұл. Ауа райына қарайтындарға осыдан үйрену керек екен»,деуінің астарында сондай алакөңілдік жатпады ма екен?

Содан кейін С.Мұқанов:Біз алдағы уақытта сізден бүгінгі шындық туралы, біздің өміріміз туралы үлкен шығарма күтеміз, оның көркемдік құндылығының «Абай» романынан кем болмауын қалаймыз, – деген ежелгі тілегін қайталап айтты.

Бұл талапты орындау мүмкін бе еді? Шәкірті Х.Сүйіншәлиев сондай тілек білдіргенде: «Сен не деп тұрсың? «Абайдан» артық шығарма бола ма? Бұл менің бүкіл өмірімнің қорытындысы емес пе!», деп налығанын еске алсақ, «Өскен өркеннің» ол талаптың деңгейінен шықпайтынын Әуезовтің өзі де білген. Сөзінің соңын:

Мұхтар 60 жасқа келді. Бірақ та біз оның ауызынан «кәрілік» деген сөзді ешқашанда естігеміз жоқ. Мына аздаған толықтығын есепке алмасақ, оның қартайдым деуге қақысы да жоқ. Ол әжімсіз жас жігіттен айнымайды, бұйра қара шашы басын жауып тұр, өткір азуымен тасты да шайнайды. Мұндай адамды кәрілік ала ма? Бұл оның тек сыртқы сипаты ғана, ал оның көңілі әлі жас. Да здравствует родная коммунистическая партия, ведущая нас от счастья к счастью! Да здравствует коммунизм!»,– деп (258 -іс) аяқтады.

Ұран тастауы ретті ме, ретсіз бе, білмеймін, М.Әуезовке қарата айтқан шымшымаларды жарасты қалжыңға балаған жұрт ду қол шапалақтаған шығар. Шапалақтаулары да заңды. Бірақ инемен түйрегендей болмай, ғұмырының бір күнін алғаусыз қуанышқа жеңдіруге де болатын еді. Одақтас республикалардан келген қонақтар оның бұл нәумез көңілін аспанға шарықтатып, дастархан басында тіпті, шалықтатып жібергені анық. Ертеңінде Ғылым Академиясында салиқалы баяндамалар жасалып, көңілін бір марқайтты.

Бұл құттықтауларға «Правда» газеті де қосылып:



«Сізді алпыс жасқа толған күніңізбен шын жүректен құттықтайды... Денсаулық, ұзақ жыл өмір және шығармашылық табыс тілейміз»,– деп жеделхат жолдады.

Өздері «шын жүректен тілеп» отырған, әлі де «сұр кардинал» Сусловтың уысында отырған басылым содан төрт-бес жыл бұрын Әуезовтің денсаулығы мен шығармашылық қайратын қажытып, жүйкесін шүйкелеген өзінің кінәсін өзі жуғысы келгендей де көрінуі мүмкін. Әрине, заманның қабағы да, идеология мен саясатқа ықтаған басылымның ұстанымы да, ондағы редакциялық алқа мен оның көзқарасы да өзгерді. Бірақ та бұл басылым қашанда «мылтығы оқтаулы» оқшантай күйінде қалды.

Ал Сақтаған Бәйішев бір кезде өзінің «Профессор Әуезов ескіліктің шырмауында» атты жаппай әшкерелеуші мақаласындағы Мұхтарды іске алғысыз еткен пікіріне мүлдем қарама-қарсы бағытта сөйлеп:

«... Ғылымның, әсіресе, оның аса маңызды тұлғаларының бірі – қоғамдық ғалымдардың Қазақстандағы ірге тасының қалануына, кейін құлаш сермеп өрлеуіне алдымен ат салысқан, өзіне лайық үлес қосқан азамат – дарынды ғалым М.О.Әуезов болды....Қазақстандағы мәдениеттің, оның ішінде ғылымның жаңа ғана аяқ басып, тұсауын кесер-кеспес кезінде М.Әуезовтің әдебиеттен тұңғыш рет оқулық жазуы аса сүйсінерлік іс еді, қазақ мәдениетінің тарихындағы зор табыс еді... М.О.Әуезов – барынша прогресшіл, өмірден үйренгіш, жаңаны сезгіш, болашақты болжағыш ғалым... Қазіргі кезде М.О.Әуезовтің тіклей басшылығымен қазақ әдебиетінің төрт томдық тарихы жазылуда. Мұның бірінші томы бұдан бірнеше жыл бұрын жарыққа шыққан болатын, ол қазір толықтырылып екінші рет басылуға әзірленіп жатыр. Қазақ ауыз әдебиетінің (фольклорының) де толып жатқан тамаша үлгілері М.Әуезовтің қатысуымен жарыққа шығуда. М.Әуезов соңғы жылдары қазақ мәдениетінің тарихына байланысты күрделі тарауларды жазу және редакциялау арқылы «Қазақ ССР тарихын» жасау жұмысына белсене қатысты»,– деді.

Сөйтіп, ол өзінің бұрынғы «ұлтшыл-буржуазияшыл бұрмалаушылыққа ұрынған», «Алашорданың» идеясын сыналап кіргізген», «ескіліктің шырмауынан шыға алмай жүр» – деген айыптауларын мүлдем ұмытып, енді оған – «барынша прогресшіл, өмірден үйренгіш, жаңаны сезгіш, болашақты болжағыш ғалым» ретінде баға берді. «Өз қатесін өзіне түзеттірген» (М.Әуезов) бұл да бір уақыттың үкімі шығар. Ең ауыр үкім, әрине.

Сол күннен бастап ол өзінің даңқ тұғырына көтерілді. Бұл туралы кеңестік кезеңдегі Мұхтар Әуезовтің соңғы мерейтойында жасаған баяндамасында Олжас Сүлейменов:

«Әуезов өзінің 60 жасын 57-жылы тойлады, Ленин орденімен марапатталды, тұңғыш рет өзіне қаратылған ресми және ырыс боп құйылған мадақты естіді. Бұл Әуезовтің салтанатты әрі жүрексінген сәті еді. Бұл кезде ол «қазақ әдебиеті» деген ұғымды отанымызға, әлемге толық танытқан, нақты шындыққа айналдырған ең басты кітабін жазып бітірген болатын. Роман әлем тілдерінде қуатты қарқынмен таралып, автордың есіміне бірінен бірі өткен шабытты теңеулер қосыла берді...»,– деп дәл баға берді.

Ол қыркүйек айының басында Шыңғыстауға барып, елімен, жерімен соңғы рет қоштасып қайтты.

М.Әуезов (Күнделіктен): «Туған жерің толық тілді, ең мол сырлы, ұлы әңгімеші екен. Есте жоқ жандар, ұмытылған талай-талай ұсақ оқиғалар... бәрі де өз өмірімнің желісін қайтадан бір тартып, ерекше айқын баян етті... Ауылдың таулары да сонау-сонау атам-анам бар шағындағы ең кішкентай момын да, ерке де болған қоңыр баланың барын айтты. Дүние-ай, туған жердің мұндай ұмытпас, өшпес ұлы мұңдас екенін сол күндер де біліп, бағаласам етті! Онда жақсырақ сүйіп, қарызын молырақ ұғынар ма ем. Кеш демеймін, көңіліме куә бол деймін мұңлы туған анам, тұрған жерім – Бөрлі, Қарасу, Бүйрекқараған, Жүрекадыр, Жамбасқұдық, Аяққараған, Жар.Қайран атам, жақсы қыстау, жайлы қонысқа барлық атты қайтып қана сүйіп тауып бергенсің?!. Әлде біздей нәсіліңнің бірін-бірі көп жыл көрмей, сағынып келіп көргенде: Жүрекадыр жүрегін тебірентсін, Бүйрекқараған сезімсіз бүйрекке өзі барып қатты білдірсін деген бе едің? Сағынып кеп, тағы да баяғы сабаққа бара жатқан күндердегі әрбір түп шилерге, әрбір асық ойнаған тауларға: енді қайта айналып сендерді көрем бе, жоқ па – деген қимас көңілмен кетіп барам.

Ағам (әкем), жеңешем (шешем), Кәрі апам (үлкен шешем), қадірлі ағам Қаске (Қасымбек), жаны жылы жақсы жеңгем Қалия (Ғалия), апам Күлсім, інім Сәбидал – бәріңнің де қабіріңді көріп өттім. Бір де біріңнен титтей де реніш шеккен шағым жоқ екен. Ойласам – мен өзімді соншалық жақсы көрген, соншалық сүйген мендей жаман баладан көп-көп үміт еткен жақсы жандар ортасында туып-өскен екем. Соңғы күндері Қаске түсіме енді. Әппақ киімі бар, бірақ ренішті қалде көрінді. Жан ағам, жаңылмаспын: «Жақсы бол, ұл бол, ел сүйетін азамат бол. Құр бос, күн көргіш пысықай бірдеме болам десең, ата-анаңның үмітін жер еткенің»,– деген сөзіңнен. Ендігі қалған тірлікте қарызым да сол, іздер, барар мұратым да сол ғана».

Қайыра туған жерге табанын тигізуді тағдыр нәсіп етпеді.

3.

Ұлттық әдебиеттің осындай әлемдік деңгейіне көтерілгеніне қарамастан, тыныш күнде найзағай ойнатып жүретін Қазақстанның Орталық комитетіне идеология жөніндегі хатшы боп келген жандарал Н.Жанділдиннің жүйкесіне «Қазақ әдебиеті» газетіндегі қазақ тағдыры, қазақ тілі, қазақ мектептері, ұлттық өнер, халықтың ән-күйі, салт-дәстүрі туралы басылымдар тікендей қадалды. Оның үстіне тың өлкесіндегі қазақ мектептерінің жаппай жабылуы да зиялы қауымды алаңдатқан болатын.



Осыған байланысты 1957 жылы 26-қарашада «Қазақ әдебиеті» газеті үлкен талқыға түсті. Ұлттық мәдениеттің мүддесін қорғап, «жаңа ұлтшылдықпен күреске» жол бермес үшін, іргелі жазушылар, соның ішінде М.Әуезов те талқыға қатысты. Іслам Жарылғапов пен Әлжаппар Әбішев баяндама жасады. Қазақ тіліне өнер, балмұздақ, аялдама, орам, гүлгүл, саяжай, жанұя, деректі, көрермен сияқты көптеген атаулардың баламасын кіріктірген Ісләм шешен өзінің қашандағы әдетімен ұзақ және кеңінен жайылған баянын қаулы шығаратындай дәрежеге жеткізбеді. Ал Ә.Әбішев біздің тақырыбымызға қатысты:

«С.Нұрышев Шортанбайдың «Бала зары» туралы өзінің мақаласында Шортанбай шығармаларының кейбір әлеуметтік сырын, реалистік сипатына, көзқарасына байланысты туған қайшылығын да жете талдап, оған нақты, обьективті баға берудің орынына С.Нұрышев ақын творчествосын бірыңғай жоққа шығаруға салынған. Ол Шортанбайды Абаймен салыстырады. Абайға қоятын талапты Шортанбайға да сол күйінде тұп-тура қоя салады. Өзгесін былай қойғанда, тіпті осының өзі-ақ зерттеушінің обьективті позиция ұстанбағандығын көрсетсе керек. Алты айдың ішінде арнап сөз еткені, негізінде, екі-ақ ақын болса, оның бірі Шортанбай әлі дүмбілез. Ол туралы бір-біріне мүлдем қайшы екі пікір айтылды. Бірінде ақтау басым болса, екіншісінде Шортанбай мүлдем қап-қара. Екеуінің қайсысы дұрыс екенін, яғни, Шортанбайдың кім екенін газет не өзі айтқан жоқ, не өзгеге айтқызған жоқ, сол дүмбілез күйінде қалдырып қойды»,– деген пікірді көтерді.

Қ.Қуандықов: Театр сыны қамтылмайды. Жеке спектакльдер мен рольдер талқыланбайды.

Ә.Тәжібаев: Газетте жазылған мақалаларда мәдениет, тереңдік жоқ. Ежелгі айтылып жүрген арзан сөздермен толтырып, құрғақ сөзуарлыққа салыну жағы күшті. Газетке тән жинақылық, ширақтық жоқ. Тіл ұстарту жөнінде тым салынып кетушілік бар. Мысалы, көрермен деген не сөз? Газетте кейде өзін сынаған адамдарға тиісіп, беттен тырнау әдеті бар. Мысалы, Ахтанов туралы осылай болды. Бұл партиялық принципке жатпайды. Әдебиетшілердің жиналысында Ахтанов газетті сынағандықтан да оның сөзін кекетіп пайдаланыпты. Жуырда С.Мұқановтың Сәкен жайындағы мақаласы басылды. Онда Сәкеннің кейбір мінездері, бүгін газетке басуға болмайтын сөздер кеткен. Ардақты адамдар туралы керексіз, айтылмайтын бір өсектерді бықсытқан. Редакцияда сергектік, зеректік жоқ. Мысалы, Әлжаппардың елу жылдығына арнап бет беріп отырып, сол номердің бас мақаласында Тәжібаевті балағаттайды. Оны келесі санда да жасауға болатын еді ғой. Газетке партиялық жетіспейді. Соны ескеру керек. Өнер, көрермен деген баламалардың орынына біз өзіміздің искусство мен зрительді қолдана береміз», – деп аяқтайды.

Ә.Тәжібаев газеттің ұлтшылдық сипатын осы «тіл ұстартудан» көреді.

Р.Бердібаев: «Біздің газеттің жұмысына байланысты Орталық комитеттің қаулысында менің де атым аталған еді. Сондықтан да өз қатемді түзету туралы өзімнің не істеп жатқанымды айта кеткім келеді. Мен редакция құрамында қалып бірсыпыра мақалалар жаздым. Оның бәрін жұртшылық жақсы қабылдады. Сөйтіп мен редакцияда жұмыста қалып қатемді түзеуге мүмкіндік алдым».

М.Әуезов әдебиет теориясы мен аударма теориясы, шығармалардың орыс тіліне аударылу мәселесіне тоқтала келіп:



«Бердібаев жолдастың сөзі мені сүйсіндірді. Ол Қаулы шыққаннан бері 18 мақала жазыпты. Әсіресе, оның орыс әдебиеті туралы бес мақаласы маған ұнады. Соны осы жағынан мамандандыру керек. Редакция осындай авторлармен жұмыс істеуі керек. Мұра жөнінде өз алдына талқылаған жөн. Айтыс ашу дегенді жиі қолданайық. Бірақ ол бет тырнауға апармайтын болсын»,– деді жас «ұлтшылды» қорғап.

«Бет тырнасудан» бұл жолы да Мұхтар құтылмады. Сол кезде араларына сызат түскен Ә.Тәжібаев оны «тырнап алды». Өзіне тура келмей, ол туралы өлеңді сынады.

Х.Ерғалиев: «Әбділдә Тәжібаев өзі оқымастан, біреудің айтуымен менің Мұхаң туралы жазған өлеңімнен саяси қате табады. Жазушыларды атыстырды – дейді. Ал шынында ондай ештеңе жоқ».

Бұл хаттаманы келтіруіміздің себебі, қазақ әдебиетінің ішінде әлі де ұлтшылдықты әшкерелеудің, өзара жікшілдіктің, ретін тауып Мұхтарды мұқатудың тиылмағанын аңғарту.

Шығындап шыңға шығып бара жатқан кешегі иықтастарын биікке ұзатып салып тұрып, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов оны тағы да бір рет және ең соңғы рет етегінен тартып қалуға тырысты. Оған себеп болған «Дос – бедел дос» атты пьесасы. Заманауи тақырыпқа жолы болмайтынын біле тұрып қалам тартты. Пьесада өзінің мұқым өткен өмірін елес арқылы сахнадан өткізді. Сондай-ақ мұнда өзінен сотталғаны туралы «қара күйені» алып тастағанда өкімет басшыларына айтқан «Алашорда» туралы жазамын деген романының да сұлбасы бар еді. Осы пьесаны қалайда құлатуға ықыласы ауған екі дос өзара хат алысты. Шағын қазақы майданда Ғ.Мүсірепов С.Мұқановтың жағына шықты.

Бұл оқиғаның саяси қуғынға қатысы шамалы, бірақ ұзақ жылдарға созылған қырғи қабақ ырғасудың соңғы сүркілі болғандықтан да тек С.Мұқановтың Ленинградта жүріп Ғ.Мүсіреповке жазған хатын түсініктемесіз ұсынумен шектелеміз.



«Құрметті Ғабит!(Өзің үшін ғана).


М.әуезов: үлгермедім.
Мен сүйдім елдің ұлы ер екен деп,
Марабай мен мергенбайдың нұсқасында қобыланды орақ батырмен бірге оның ағасы мамайға қарсы соғысады.
Сонымен, менің осы сөзімдегі ең басты міндетім, жоғарыда атап көрсетілген үш сұраққа жауап беру болып табылады.
Кейін бір кездескенде мұхаңнан: абайтану туралы лекцияңыздың жазбашасы бар ма, болса маған оқуға бересіз бе?,
Мұхтардың «дос – бедел досы» туралы берген телеграммамды алған боларсың. онда: «хат та жазам»,

Каталог: repository -> history -> 24%20%D1%82%D0%BE%D0%BC.%20%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B%20%D0%BC%D0%B0%D2%9B%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D1%80 -> %D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Халел досмұхамедов
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Абай мектетебі
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Мағжанға Сәбиттен


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   56   57   58   59   60   61   62   63   64


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу