14-практикалық сабақ
Тақырыбы: Пән бойынша оқушы білімін критериалдық бағалау. «Адам қаңқасының құрылысы. Тірек – қимыл жүйесінің маңызы мен қызметі» тақырыбына критериалдық бағалау жүргізу әдістемесі (8 сынып)
Мақсаты: күнделікті пән сабағында оқушылардың оқу әрекетін критериалды бағалау әдістемесін меңгеру.
Негізгі сұрақтар:
1. «Адам қаңқасының құрылысы. Тірек – қимыл жүйесінің маңызы мен қызметі» тақырыбы бойынша сабақтың мақсатын анықтау
2. Оқушылардың топтық, жұптық және жеке жұмысына арналған тапсырмалар құрастыру және бағалау
Сабақта ең маңызды мәселе мақсат қою. Сабақ бойы барлық әрекеттерді мақсатпен екшеу керек, өлшеу қажет: әр тапсырма, сұрақ пен дидактикалық тәсіл тек мақсатқа жетелейтіндіктен қолданатын құралдар деп танылады. Барлық тапсырма, сұрақ пен тәсілдерді не үшін сабақта қолданамыз? Әрине, мақсатқа жету үшін ғана. Олардың құндылығы оқушыларды мақсатқа қандай дәрежеде жақындататындықтарында.
Сабақтың мақсатын құрастырғанда «мақсат = нәтиже» формуласын қолданған дұрыс және мақсатта оқушы сабақ барысында (не сабақ нәтижесінде), яғни 40 минутта не үйренетіндігін, не жасай алатындығын көрсеткен орынды. Сонда мақсат құрастырудың қысқаша анықтамасы мынандай болар: «Оқушылар сабақта не үйренеді (немесе не жасай алады)?».
«Оқу мақсаттары – оқу бағдарламасына сәйкес пән бойынша оқу курсы аралығында білу, түсіну және дағды жетістіктеріне қатысты күтілетін нәтижелерді қалыптастыратын тұжырым».
Мақсат құрастыруды «Оқушылар» деп бастап (назар аударыңыз: атау септігінде! «Оқушыларды» не «оқушыларға» емес), әрі қарай олардың не үйренетіндігін немесе не жасай алатындығын, оқушы жұмысының қандай да бір нәтижесін келтірген дұрыс. Мұнда етістік 3-жақта болуы керек: Оқушылар түсіндіре алады (немесе бөледі, жіктейді, атайды, сипаттайды, шығарады, таңдайды, тізімін жасайды, сәйкестендіреді, анықтайды, т.б.). Мақсатта тұйық етістікті қолданбаймыз: түсіндіру (немесе бөлу, жіктеу, атау, т.б.).
Етістіктер нақты, деректі, қолмен ұстайтындай, көзбен көретіндей, құлақпен еститіндей болуы керек. Мақсатты құруда «біледі», «түсінеді», «жаттығады», «қалыптастырады» деген етістіктерді қолданбаған дұрыс, өйткені олар оқушылардың нақты әрекеттерін көрсетпейді.
Мақсаттарды құрастыруда Блум таксономиясын қолданған орынды. Мысалы, сабақтың тақырыбы «Дүние жүзілік мұхиттардың Биологиялық орналасуы» болса, онда сабақ мақсатын «Оқушылар дүниежүзілік мұхиттардың Биологиялық орнын диаграмма құрастыру арқылы салыстыра алады» деп алуға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |