Көп таңдауы бар тапсырма – оқушының жауабы ұсынылған тізімнің көлемінде шектелген, дәйекті жауабы берілген сұрақ түріндегі тапсырма. Мұндай тапсырма екі компоненттен тұрады: тапсырманың мәтіні және жауап нұсқалары, мұндағы дұрыс жауап – тапсырманың кілті, дұрыс емес жуаптары – дистракторлар болып табылады.
Тапсырманың мәтіні барынша қысқа бола тұрып, сұрақтың мазмұнын анық көрсетуі тиіс. Тапсырманың сауатты құрастырылуы өте маңызды. Тапсырма мәтінінің күрделі түрде берілуі тапсырманы түсінуді қиындатады. Тапсырма орфографиялық және грамматикалық ережелерді сақтай отырып құрастырылуы тиіс.
Тапсырма мәтінін құрастыру кезінде нені ескеру керек? Тапсырманың теріс мағынада берілуі оқушының қабылдауына және дұрыс жауапбын анықтауына қиындық туғызады. Сонымен бірге оқушының оқу материалын меңгеру деңгейін нақты анықтауға мүмкіндік бермейді. Алайда, тапсырманы теріс мағынада беру қажет болған жағдайда, қосымша графикалық әсерді қолдану қажет. Мысалы, көлбеу немесе қалың қаріппен көрсету, белгілеу, теріс берілуі бар бөлігін бас әріппен жазу. Бос орындарға қажетті сөздерді қою арқылы берілген мәтіннің сөйлемдерін толықтыруға негізделген тапсырманы қолданбауға тырысу қажет. Мұндай тапсырмалар ең әуелі оқушылардың көру арқылы есте сақтау қабілетін тексеруге бағытталады, өтілген материалды меңгеру сапасын көрсетпейді.
Көп таңдауы бар тапсырмаларда жауап нұсқаларының саны әртүрлі болуы мүмкін. Жауап нұсқалары көп болған сайын оқушылардың дұрыс жауапты кездейсоқ болжап табу мүмкіндігі азаятыны анық. Дегенмен ұсынылатын жауаптардың көп болуы оқушылардың тапсырманы орындауға жұмсайтын уақытының шамадан тыс артуына әкеледі. Жалпы, 2-ден 5-ке дейін жауап нұсқаларын қолдану ұсынылады.
Тапсырма құрастыру алгоритміне сәйкес көп таңдауы бар тапсырма құрастырғанда тапсырманың сұрағы мен дистракторларды құрастыруға дейін оның кілтін – дұрыс жауабын дайындап алу ұсынылады. Бұл тапсырманың нақты дұрыс жауабының бар екеніне кепілдік береді. Жауап нұсқаларын оқушылар дистракторларды қандай да бір белгісі бойынша анықтай алмайтындай етіп, өте мұқият құрастыру қажет.
Дистракторлар өтілген материалға сәйкес болуы және шындыққа жанасымды, бірақ дұрыс емес жауап болуы тиіс. Дистракторларды қолданудағы басты мақсат – оқу материалын жеткілікті меңгермеген оқушылардың зейінін шоғырландыру. Әдетте «жақсы» дистрактор оқушылардың жиі жіберетін қателерінен тұрады, мысалы, ғылыми негізделген «ақылды» сөздер, тапсырманың сұрағындағы терминдер, т.б. Егер дистракторды үлгерімі төмен оқушылардың басым бөлігі таңдаған болса, онда оны жақсы құрастырылған деп есептеуге болады, ол оқушыларды дайындық деңгейіне қарай саралауға мүмкіндік береді. Ал егер дистракторды білім деңгейі жоғары оқушылардың басым бөлігі таңдаған болса, онда дистрактордың сапасының төмендігі немесе тапсырманы құрастыруда қате жіберілгені туралы білуге болады. Егер дистракторды бірді-бір оқушы таңдамаған болса, онда дистрактордың қате құрастырылғаны туралы қорытынды жасауға болады; оны қайта құрастыру қажет.