Мақсаты: бөлім бойынша жиынтық бағалау тапсырмаларын әзірлеу жолдарын талдау
Кілт сөздер: білім, сапа, рубрикатор, критериалды бағалау, дескриптор, т.б.
Оқушылардың оқу жетістіктерін бағалауға арналған тапсырма əзірлеушіге арналған жалпы ұсыныстар
Дескриптор құрастыру
Балл қою кестесі.
1. Бағалауға арналған тапсырма əзірлеушіге арналған жалпы ұсыныстар. Құрастырылған тапсырманың анықтылығы субъективтілікті (жеке көзқарасты) шектейтін негізгі фактор болып табылады. Ол бағалаудың негізгі қағидаларын (негізділік, валидтілік, объективтілік, сенімділік) ұстануға көмектеседі. Критериалды бағалау жүйесінде бөлім/ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалау нəтижелерімен таныстыру үшін оқушының оқу жетістігі деңгейі көрсетілген рубриканы қолдану ұсынылады. Рубрика – бағалау критерийлеріне сəйкес білім алушылардың оқу жетістіктері деңгейлерін сипаттау тəсілі. Бағалау критерийі – білім алушының оқу жетістіктерін бағалауға негіз болатын белгі. Дескриптор – тапсырмаларды орындау кезіндегі нақты қадамдарды көрсететін сипаттама.
2. Дескрипторларды құрастыру. Дескриптор – тапсырмаларды орындау кезіндегі əрекетті көрсететін сипаттама. Дескрипторлар қалыптастырушы бағалау мен бөлім бойынша жиынтық бағалауды өткізу кезінде қолданылады. Тапсырмаларды тексеру үдерісінде бөлім бойынша жиынтық бағалауда қолданылатын əр дескриптор 1 балмен бағаланады. Дескрипторлар əрқашан тапсырмалармен қатар құрастырылады жəне тапсырманы орындау кезіндегі əр қадамның сипатын болжайды. Бұл тапсырманың мазмұны бойынша сенімді жəне жарамды болуын, сондай-ақ басқа мұғалімдердің тарапынан да объективті, дұрыс бағалануын қамтамасыз етеді.
Дескрипторларды құрастыру кезінде нені ескеру керек? Дескрипторларды тиянақтау кезінде «біледі», «түсінеді», «жасайды» жəне т.б. сияқты фразаларды қолданбаған дұрыс. Мұндай мазмұндағы сөздер бағалауға қиындық туғызады жəне тапсырмаларды орындау кезіндегі нақты əрекеттерді сипаттамайды. Дескриптор оқушының қиындықтарын анықтауға жəне кері байланыс ұсынуға мүмкіндік беруге көмектесуі қажет. Мысалы, «дұрыс жауапты көрсетеді» емес, «стандартты түрде жазылған сандардың ретін салыстыру негізінде артық сандарды көрсетеді» деп берілуі тиіс. Ашық тапсырмалар үшін дескрипторларды құрастыру таңдалған орындау тəсілдерін (егер талап етілсе) сипаттаудан басталады, мысалы, «дискриминант формуласын қолданады». Бұдан əрі алынған жауап пен аралық əрекеттер сипатталады, мысалы, «дискриминанттың мəнін есептейді», «теңдеу түбірінің санын анықтайды», «теңдеудің түбірін табады». Мұғалім өз тəжірибесіне жəне кəсіби пайымдауына сүйене отырып, тапсырмаларды орындау кезінде қандай аралық қадамдарды бағалауы керектігін анықтайды.
Тапсырмалардың дескрипторлары тапсырмаларды орындаудың қай кезеңінде оқушыларда қиындықтар туындайтынын анықтауға мүмкіндік беретіндей болуы керек жəне бағалау кезінде мұғалімнің шешімі объективті болуы үшін анық, нақты болуы қажет. Бұл оқушылар мен олардың ата-аналарына сындарлы (конструктивті) кері байланыс беруге жағдай жасайды (Негізгі жəне жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдеріне арналған критериалды бағалау бойынша нұсқаулық, 2016). Балл қою кестесі тоқсандық жиынтық бағалау тапсырмалары үшін құрастырылады жəне жиынтық жұмыстарды тексеру үдерісінде қолданылады.
3. Балл қою кестесі – тоқсандық жиынтық бағалау тапсырмаларына балл қою бойынша бірыңғай норманы белгілеу үшін мұғалімдер қолданатын кесте. Балл қою кестесі қашан, қалай балл берілетіндігін білдіретін, дұрыс (болжамды) жауаптар мен ұсыныстардың үлгілері туралы анық жəне нақты ақпарат ұсынатын құрал болып табылады. Балл қою кестесінің құрылымы мен мазмұны пəндер мен тапсырмалар түрлеріне қатысты ерекшеленуі мүмкін. Балл қою кестесінің құрылымы мынадай ақпараттардан тұрады: тапсырмалар нөмірі, тапсырмаларды орындаудың кезеңдері көрсетілген жауаптары, əр кезеңнің балдары жəне балдың берілуі туралы ұсынысы бар қосымша ақпараттар. Балл қою кестесінде көп таңдауды қажет ететін тапсырмалар үшін дұрыс жауабы (кілті) көрсетіледі. Ашық типті тапсырмалардың дұрыс (болжамды) жауаптарының үлгілерін құрастыру кезінде балл қою кестесінде бағалаудың үш аспектісі сипатталады: таңдалған орындау тəсілі; орындалатын аралық əрекеттер; алынған жауап. Бұдан əрі тапсырмаларды орындаудың əр кезеңінің балдары көрсетіледі. Барлық альтернативті жауаптар балл қою кестесінде көрсетілуі тиіс, мұндай жағдайда олар «/» қисық сызықпен не «немесе» шылауымен ажыратылады. Балл қою кезінде жауабы үшін екі жəне/немесе одан көп жауап көрсетілген жағдайда, олардың арасына «,» жəне/немесе «жəне» шылауын қойған дұрыс. Балл қою кестесін құрастыру кезінде нені ескеру керек? «Қосымша ақпарат» бағанында мұғалімге көмек ретінде төмендегілер нақтыланған:
балл нақты не үшін қойылады;
жұмысты тексеру кезінде қандай жауап нұсқалары есепке алынуы мүмкін;
оқушы жауабында қандай шектеулер болуы мүмкін;
оқушының орындаған жұмысын модерациялау кезінде қандай шешімдер қабылданады;
жұмысты тексеру кезінде пайдалы болатын кез келген басқа ақпарат.
Балл қою кестесінде берілген қосымша ақпарат төмендегілерді қамтиды:
бірнеше балл алуға болатын тапсырмалар. Қандай жағдайда нақты ұсыныстар беріледі, əр балл не үшін қойылады;
оқушының күтілетін жауабына қосымша анықтамалар;
есептеуге болмайтын жауаптар;
дұрыс жауап ретінде қабылдануы мүмкін барлық шешімнің альтернативті тəсілдері;
қателерді ауыстыру.
Ашық және жабық түрдегі тапсырмалардың жаңа форматы сабақта оқушылардың жас ерекшелігіне, оқу мақсаттарына қарай қарапайымнан күрделілігіне қарай күрделендіріп қолдануға мүмкіндік береді. Критерийлерді үш ойлау дағдылары тобына бөлу (оқу материалын білу және түсіну; оқушылардың білік пен дағдыларды оқуда қолдануы; оқушылардың талдау, жинақтау дағдылары, өз білімдері мен тәжірибелері негізінде бағалауды өткізу) сыныпта оқушылардың оқу материалын меңгеру деңгейін басқару, тиімді мониторингілеу, дифференциалды оқудың негіздемесі ретінде қызмет етеді. Мысалы, егер оқушылар жоғары деңгей дағдыларымен берілген тапсырмаларды 20%-дан төмен, ал қолдану дағдысындағы тапсырмаларды 80%-дан төмен орындаса мұғалім бұл жағдайға көңіл аударып, оның шығу жолдарын анықтауы қажет. Бөлім бойынша жиынтық бағалау кезінде барлық тапсырмалар дескрипторларға сәйкес (тапсырманы орындауы барысында қадамдарын сипаттау) немесе тоқсандық жиынтық бағалау кезінде балл қою кестесіне сәйкес тексеріледі. Сонымен қатар, дескрипторлар немесе балл қою кестесі мұғалімнің әр оқушыға қатысты объективті шешім қабылдауына көмектеседі. Аталған ақпарат қалыптастырушы бағалау кезінде де әрі қарай жоспарлау, қателіктердің алдын алу, сындарлы кері байланыс беру үшін қолданылуы мүмкін. Пәндер бойынша әдістемелік бірлестіктерге жиынтық бағалаудың барлық түрлеріне бақылау тапсырмаларын, әдістерін, оқу жылындағы өткізілу кезеңдерін қамтып, жиынтық бағалауды жоспарлау ұсынылады. Бұл оқушылардың жүктемесін рационалды бөлуге және графикті анықтауға мүмкіндік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |