Уәлихановескерткіші - бірнеше мағынадан тұратын сөз.
1.1969 ж. Алматы қаласындағы ҚР ҰҒА бас ғимаратының қасбеті алдындағы алаңда ашылды. Мүсіншісі – Хакімжан Есімханұлы Наурызбай, архитекторы – Ш.Ы. Уәлиханов (Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлығы, 1970). Биіктігі 8 м мүсін қоладан құйылып, тұғыры жалтырата өңделген қара түсті габбро тасынан жасалған. Тұғырға Шоқан Уәлихановтың сөзінен үзінді, ол салған суреттен көшірме және қазақтың ұлттық ою-өрнегі шекіп түсірілген. Ескерткіштің қос қапталы өрнекті тас тақталармен безендіріліп, қарсы алдындағы симметриялы композиция “су-айнамен” толықтырылған. Уәлиханов ескерткішінің алдыңғы екі бүйіріне (алты-алтыдан он екі) шағын габбро сандықтастары қойылған. Ескерткіш-мүсіннен гуманист ғалымның өз халқының келешек тағдырына деген терең толғанысы аңғарылады. Уәлихановтың бейне-мүсінінде тұлғаланған тұрысы жинақы, қарапайым әрі табиғи. Ол ой үстінде, эполетті әскери киімде мүсінделген. Сол қолын иегіне жақындатып, кітап ұстаған екінші қолын төмен түсіріп тұр. Көркем бейненің сезімдік әсер күші пластикалық пошымның нақтылығы арқылы ашыла түскен.
2.1971 жылдың 20 тамызында Көкшетау қаласында (қазіргі Ақмола облысы) ашылды. Мүсіншісі – Т.Досмағамбетов, архитекторы – К.Әбдалиев. Уәлиханов ескерткіші қоладан құйылған, биіктігі 5 м, тұғырының биіктігі 4,18 м. Ескерткіште Кадет корпусының әскери киімімен, қолына қолжазба ұстап тұрған сәті бейнеленген. Ескерткіш тұғырының жоғары белдеуінде “Ш.Уәлиханов” деген жазу бар.