Умкд. 042-18-22 58/03-2015 2015 ж. №2 басылым


Әдебиеттер. Бірінші дәрістің соңында берілген. № 13 дәріс тақырыбы – Эндокриндi бездер



бет11/19
Дата27.03.2018
өлшемі2,69 Mb.
#39678
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   19

Әдебиеттер. Бірінші дәрістің соңында берілген.
№ 13 дәріс тақырыбы – Эндокриндi бездер

Жалпы сұрақтары: Ішкі секреция бездерінің жалпы сипаттамасы. Гипофиз, қалқанша без және бүйрекүстi без.

Дәрістің қысқаша жазбасы. Өнiмдерiн (гормондарды) тiкелей қанға бөлетiн бездердi iшкi секреция, немесе эндокриндi деп атайды.

Гормондар - аса жоғары биологиялық белсендi заттар, түрлi ұлпалар жасушаларының (нысана-жасуша) өсуiн, әрекетiн реттейдi. Себебi, олардың арнайы гормон қабылдағыштары болады.

Эндокриндi реттеу белгiлi реттелу әсерлерiнiң бiрi, мыналарды: өзi бөлетiн (аутокриндi-бiр түрлi жасушалар деңгейiнде); жұп бөлiнетiн (паракриндi-бiр түрлi жасушалар өнiмiнiң екiншi жасушаға әсерi); iшкi ортаға бөлiнетiн (эндокриндi-гормондардың қан ағысымен жүрiп, реттеуi); жүйкелi (нейрон өсiндiсiнiң нысана-ағзаға беретiн әсерi); нейроэндокриндi (эндокриндi, жүйке белгiлерi үйлесуi) бөледi. Бұл әсерлердiң алғашқы екеуi-жергiлiктi, кейiнгi үшеуi-ара қашықтықтан iске асады.



Эндокринді бездердің құрылысы әртүрлi. Бiр жасушалы (эндокриндi жүйенiң араласу элементтерi), ұсақ тығыз жасушалар шоғыры (ұйқы безi аралшығы) түрiнде, iрi ағзалық құрылым (қалқанша, қалқаншамаңы бездерi, эпифиз, гипофиз, бүйрекүстi безi) ретiнде болады. Кейбiр эндокриндi бездер (гипофиз, бүйрекүстi безi) әртүрлi ұрық жапырақшаларынан дамитын ұлпалардан құралғандықтан, төменгi сатыдағы омыртқалыларда жеке-жеке орналасады. Басқалары-Лангерганс аралшығы, iшек, жыныс бездерi эндокриндi элементтерi эндокриндi емес ағзаларда жатады. Мезгiл-мезгiл пайда болып, жойылып кететiн эндокриндi ағзалар (сары денешiк, жұмыртқалық фолликулы) да кездеседі. Ағза құрылымы бар эндокриндi бездер әдетте тығыз дәнекер ұлпадан тұратын қапшықпен жабылады, одан ағза iшiне борпылдақ дәнекер ұлпадан тұратын, тамырлар мен жүйкелер қоса жүретiн, жұқа перделiктер өтедi. Көптеген эндокриндi без жасушалары желi құрып, қылтамырларға тығыз жанасады, гормондардың қан ағымына түседi. Қылтамырлар өте қалың тор құрады, құрылыс өткiзгiштiгi жоғары - фенестрлi, немесе қуысы кең синусоидты болады. Гормондар тiкелей қанға өтетiндiктен бездерде шығару өзектерi болмайды.

Эндокринді бездер жасушалары жоғары өнiм бөлiп, шығару белсендiлiгi, түзiлу (синтез) аппараты жақсы дамуымен сипатталады. Құрылысы өндiрiлетiн гормондардың химиялық қасиетiне байланысты болады. Пептидтi гормондар құратын жасушаларда түйiршiктi эндоплазмалық тор, Гольджи аппараты, стероид гормондарын түзетiндерде - түйiршiксiз эндоплазмалық тор, митохондрийлер күштi дамиды. Без жасушаларының бiр мезгiлде бiрнеше гормон өндiре алатын қабілеттiлiгi дәлелденiп, бұрын тұжырылымданған «бiр жасуша - бiр гормон» қағидасын жоққа шығарды. Полипептидтi гормондар iрi құрушы - молекулалар түрiнде түзiлiп, жасуша iшiндегi ферменттiк өңдеуге ұшырап, белсендi гормондарды бөледi. Гормондар жиналуы, әдетте жасуша iшiнде түзiндi түйiршiктер ретiнде жүредi; нейрогормондар аксондар iшiнде үлкен мөлшерде жиналып, кейбiр бөлiмдерiн күрт созады. Гормондардың жасушадан тыс жиналуы қалқанша без фолликулаларында байқалады. Жасушалары гормон өндiретiн ұлпалар эндокриндi бездердің басты қызмет атқаратын ұлпасы болып саналады. Ондай қабілет организмдегi барлық ұлпаларда байқалады.

Эпителий - эндокриндi бездер (қалқанша, қалқаншамаңы без, гипофиздiң алдыңғы, аралық бөлiктерi, бүйрекүстi безiнiң қыртысты заты, жұмыртқалық фолликулалар жасушалары) қызметiнiң жетекшi ұлпасы.

Дәнекер ұлпадан жыныс безiнiң (Лейдиг жасушалары, жұмыртқалықтағы фолликул қаптамасының iшкi қабатындағы жасушалар) эндокриндi бөлiктерi пайда болады.

Жүйкелiктен гипоталамус, эпифиз, нейрогипофиз, бүйрекүстi безi милы затындағы эндокриндi жасушалар пайда болады.

Бұлшық ет ұлпасына бүйрек шумақшасындағы қызылтамырша ортаңғы қабығындағы юкстагломерулалық жасушалар, түзiндi бөлетiн кардиомиоциттер жатады.

Эндокриндi жүйе құрылымының жалпы заңдылықтарына сай, оған сатылы қағида, керi қатынас жүйесiнiң бары кiредi.

Сатылы қағида эндокриндi жүйенiң бiрнеше құрылым деңгейi барын көрсетедi. Төменгiсiне гормондар өндiрiп, организмнiң әртүрлi ұлпаларына әсер ететiн (атқарушы, ағзалық, шеткiлiк) бездер жатады. Бұл бездердiң әрекетi гипофиздiң алдыңғы бөлiгiнiң ерекше гормондарымен реттеледi (бұл, екiншi аса жоғары деңгей). Өз кезегiнде гормондардың бөлiнуi гипоталамустағы арнайы нейро гормондармен бақыланады. Ол эндокриндi жүйе құрылымы сатысының ең жоғарғы деңгейiндегi орынға ие болады. Сатылы, қағидаға, сай, шеткi бездер әрекетiнің бұзылуы бездегi өзгерiстерге, тиiстi гипофиз, немесе гипоталамус себепшарттары бөлiнуiнен болуы мүмкiн. Бұзылу деңгейiн тауып, бiлудiң клиникалық маңызы аса зор болып саналады.

Керi қатынас жүйесi (терiс) эндокриндi жүйеге қажет деңгей белсiндiлiгiн қамтамасыз етедi. Шеткi бездерде гормондар өндiрiлуi күшейсе, тиiстi гипофиз гормондары мен гипоталамус себепшарттары бөлiнуi тежеледi, ол әлсiресе - онда кейiнгiлерде бөлiну ынталанады.

ЭЖ басқа реттелу, әсiресе иммунды, жүйкелiк жүйелермен өзара iс-қимыл жасайды. Жүйкелену арқасында ЭБ жүйке жүйесiнiң бақылауында болады, оның әрекеттерiне гормондар әсерiн тигiзедi. Жүйке, эндокриндi жүйелердегi өзара байланысты, эндокриндi жүйенің орталық ағзасы, организмнiң басқа жүйелер әрекетiндегi қызметтердi бiрiктiрушi - гипоталамустың өзi орталық жүйке жүйесi бөлiгi екенiнен - ақ көруге болады.



Гипоталамус - аралық ми бөлiгi, ерекше нейросекреттiк ядролар сақтайды, жасушалары нейрогормондар өндiрiп, қанға бөлiп шығарады. Бұл жасушалар жүйке жүйесiнiң басқа, бөлiктерiнен орталыққа бағытталған тiтiркенiстi алады, олардың аксондары қан тамырларында (аксо-тамырлы (вазальдi) жалғама) аяқталады. Нейросекреттiк жасушалар-өсiндi тәрiздi, iрi көпiршiкше ядросы болады, ядрошығы жақсы байқалады, цитоплазмасы базофильдi, дамыған түйiршiктi эндоплазмалық торы, нейросекрет түйiршiктерiн бөлетiн iрi Гольджи аппараты сақталады. Түйiршiктер аксонда 1-4мм/сағат жылдамдықпен орталық микротүтiкшелер, микрофиламенттер шоғырын бойлай тасымалданады, кейбiр жерлерде аксонды созып, зор көлемде жиналады. Мұндай iрi жерлер жарық микроскопта жақсы байқалып, нейросекрет денешiктерiнiң қоры (Херринг денешiгi) деп аталады. Онда нейросекреттiң 60% шоғырланады, қалған пайызы аксо-вазальдi жалғамада болады. Жалғамада түйiршiктерден басқа, ақшыл көпiршiктер байқалады. Гипоталамустың нейро секреттiк ядролары, жасушалар көлемiне, атқаратын қызмет ерекшелiктерiне байланысты iрi, ұсақ жасушалы ядролар болып бөлiнедi.

Iрi жасушалы ядроларды гипоталамустың басқа бөлiктерiне қарағанда 2-3 есе iрi жасуша денелерi құрады. Оларға, супраоптикалық, паравентрикулярлы ядролар жатады.

Супраоптикалық ядро көлемi паравентрикулярлыдан 3-4 есе үлкен, кейiнгi орталық бөлiкте iрi, шеткi бөлiмдерде ұсақ нейросекреттiк жасушалар болып келедi. Екеуiнiң де аксондары гипоталамустан гипоталамо-гипофизарлық жол құрамымен шығып, гемато-энцефалиялық тосқауылды қиып өтiп, гипофиздің артқы бөлiгiне өтiп, қылтамырлардың соңын (терминалдарды) құрады. Iрi жасушалы ядролар антидиурез гормондарын (бүйрекке әсер етiп, қаннан сүзiлген зәрден сұйықтықтың 99% қайта сiңiредi)-вазопрессин (қызылтамырша бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушалары тонусы күшейуiн, артериялық қысым көтерiлуiне жеткiзедi), окситоцин (бұлшық ет қабығы үйлесiмдi жиырылуын туғызады) бөледi. Бұл гормондарды әртүрлi жасушалар өндiредi.

Ұсақ жасушалы ядролар гипофизотроптық себепшарттарын өндiредi, алдыңғы бөлiкке тамырлар жүйесi, қақпағынан түсiп, жасушалардың гормондар өндiруiн күшейтедi (рилизинг себепшарттары, либириндер), немесе әлсiретедi (тежегiш себепшарттары, статиндер). Мұндағы нейросекреттiк жасушалар аксоны алғашқы қылтамырлар торының ортаңғы көтерiңкi жерiнде соңдарын (терминал) құрады. Бұл торлар одан кейiн гипофиздiң алдыңғы бөлiгiне өтетiн, қақпа көктамырына жиналып, бездi жасушалар - аденоциттер желi арасында екiншi қылтамырлар торына бөлiнедi.

Гипофиз - iшкi секреция бездерi белсендiлiгiн реттеп, гипоталамустың iрi жасушалы ядролары гормондарын бөлетiн орын. Ол ұрықтық, құрылым, қызметi жағынан әртүрлi екi бөлiктен: аралық мидың өсiндiсi-нейрогипофиз, жетекшi ұлпасы эпителий болып келетiн - аденогипофизден тұрады.

Аденогипофиз аса iрi-алдыңғы бөлiкке, енсiз-аралық, нашар дамыған-туберальдi бөлшектерге бөлiнедi. Гипофиз тығыз талшықты ұлпа қапшығымен жабылған. Стромасы борпылдақ дәнекер ұлпаның жұқа қабатынан тұрады. Ол ретикулин талшықтар торымен байланысып, аденогипофиздегi эпителий жасушалары мен ұсақ тамырлардың желiлерiн қоршайды.

Алдыңғы бөлiк қойнау қылтамырлар жүйесiмен тығыз байланысқан аденоциттер желiлерi (перделiктер) жалғамаларынан құрылған. Аденоциттер пiшiнi сопақшадан көп бұрыштыға дейiн болып, цитоплазмаларының боялу ерекшелiктерi негiзiне қарай - хромофильдi (қарқынды боялатын), хромофобты (бояғыштарды нашар қабылдайтын) болып бөлiнедi.

Хромофильдi аденоциттер (хромофилдер) түзiндi аппараты дамуымен, цитоплазмасында гормондар сақтайтын секреттiк түйiршiктер жиналуымен сипатталып, олардың (секреттiк түйiршiктердiң) боялуын, көлемiнiң ұқсастығын электронды микроскопта зерттеп, хромофилдер – ацидофильдi, базофильдi деп, ажыратты.

Ацидофильдер - ұсақ, домалақ жасушалар, тұрақты қосындылары жақсы дамыған, iрi түйiршiктерi болады. Онда - самототропты (организм бойының қауырт өсуiне ықпал ететiн), лактотропты (сүт безi дамуына, сүт шығаруға жағдай жасайтын - пролактин), қыртыстық (кортикотропты, бүйрекүстi без қыртысы гормон құрылу қызметiн көтередi) гормондар бөлiнедi.

Базофильдер - ацидофильдерден iрi, түйiршiктерi ұсақ, саны аз, жыныс бездерiндегі (гонадотропты), тиротропты, қыртыстық (кортикотропты) деп, үшке бөлiнедi.

Гонадотропты базофильдер а) жұмыртқалық фолликулалары мен аталық жыныс жасушалары өсуiне жағдай жасайтын - фолликулаларды ширату гормонын; б) жыныс гормондары бөлiнуiне мүмкiндiк туғызатын, овуляция дамуын, сары дене қалыптастыратын - лютеиндейтiн гормондарды өндiредi.

Тиротропты базофильдер тироцит белсендiлiгiн күшейтетiн тиротропты гормондар бөледi.

Кортикотропты базофильдер - бүйрекүстi қыртысы белсендiлiгiне түрткi салатын адренокортикотропты гормондар өндiредi, iрi проопиомеланокортин молекулаларының ажырату өнiмi болып келедi. Бұл молекулалар: меланоциттердi белсендiретiн - меланоцит ширату гормонын, май алмасуына түрткi салатын - липотропты гормондарды құрады.

Хромофобты аденоциттер (хромофобтар) әртектi жасуша тобы, құрамында: секреттi түйiршiктер шыққаннан кейiнгi-хромофильдер, базофильдерге, ацидофильдерге ауысуға қабылеттi-нашар жетiлген түзушi элементтер, секреттi емес, пiшiнi жұлдыз тәрiздi, өсiндiлерiмен секреттi жасушаларды қоршап алатын, ұсақ фолликулалар құрылымын төсейтiн-фолликулалы-жұлдызша жасушалар болады.

Аденогипофиз аралық бөлiгi нашар дамыған, енсiз үзiлмелi базофильдi, хромофобты жасушалар желiнен тұрады. Олар меланоцит ширату, липотропты гормондар бөледi. Туберальдi бөлшектiң құрылысы аралық бөлiкке ұқсас, жұқа тармақ тәрiздi гипофиз аяқшасын жауып, одан енсiз дәнекер ұлпа қабатымен бөлiнедi. Ол хромофобты және хромофильдi жасушалар желiнен тұрады.

Нейрогипофиз (артқы бөлiк) нейроглиядан, жасушасы-питуициттерден (өсiндiлi глиалық жасуша, үш өлшемдегi тор құрады, нейросекрет жасушалары аксондарын, терминалдарын қапсыра құшақтайды, ұстап тұру, қоректiк қызметтер орындайды, нейросекрет бөлу процессiне әсер етуi мүмкiн) түзiлген. Гипоталамус супраоптикалық, паравентрикулярлық ядролардағы нейросекреттi жасушаларда пайда болған нейросекрет, өсiндiлерi, соңдары (терминалдары) арқылы, құрамындағы антидиурездiк (вазопрессин), окситоцин гормондарын тасымалдап, қанға бөледi. Өсiндi жолындағы кеңейген бөлiмдер, терминалдар аймағы нейросекрет денешiктерiнiң қоры (Херринг денешiгi) деп аталып, фенестрлi қылтамырлармен байланыста болады. Нейрогипофиз гипоталамуспен тығыз байланысып, бiрыңғай гипоталамонейрогипофиздi жүйенi құрады.



Эпифиз (томпақ без, мидың үстiңгi қосалқысы)-нейроэндокриндi ағза, ақпаратты жүйке, эпифиздің жасушасы–пинеалоциттер белсендiлiгiн реттейдi. Бөлiкшелер үлпершегi жасушалар желiсi, топтары жалғамаларынан, екi түрлi жасушалар-пинеалоциттер, iшкi жасушадан (интерстициальдi) құралған фолликулалардан тұрады. Стромасында тығыз қабатты құрылымдар - милы құмдар байқалады. Пинеалоциттер пiшiнi ұзынша, ядросы домалақ, ядрошықтары iрi, жиi қатпарлы, цитоплазмасында тұрақты, iшiнде қызметi анықталмаған ерекше - түйiспелi бауы, оның көптеген ұзын өсiндiлерi, тұрақсыз қосындылары болады. Пинеалоциттер екi түрлi: индоламиндер, пептидтер заттарын өндiредi. Индоламиндер-меланоцит ширату гормонының қарсыласы-мелатонин гормоны, гонадолиберин бөлiнуiн тежейдi, сөйтiп жыныс бездерiнiң белсендiлiгiн төмендетедi. Пептидтерге iшiндегi ең маңыздысы фолликулалар ширату, лютеиндеушi гормон бөлiнуiн тежейтiн аргинин-вазотоцин, пинеалды антигонадотропты пептидтер, олармен қатар кейбiр либериндер, статиндер жатады. Интерстициальдi жасушалар - ұзын өсiндiлi, оларды пиеалоциттер толық қоршамайды, қылтамырлар арасындағы кеңiстiктерге өтедi. Ядросы ұзынша, тығыз, цитоплазмасы орташа дамыған тұрақты қосынды, қалың филаменттердi сақтайды. Үлпершектегi жасушалардың 5% құрады, өзгертiлген астроциттер болып есептеледi, тiректiк қызмет атқарады. Милы құм - әртүрлi мөлшердегi қабатша құрылым, фосфат және кальций карбонатынан тұратын кристаллдар. Онда магний iзi байқалады.

Қалқанша без - организм эндокриндi бездерiнiң ең iрiсi, сүтқоректiлерде күрделi дамиды, зат алмасу реакциясы белсендiлiгiн, даму процессiн реттейтiн - тиреоидты (йоды бар), кальций алмасуын реттеуге қатысатын - кальцитонин гормондарын өндiредi. Йод сақтайтын гормондар фолликула қабырғасындағы эпителий жасушаларын, кальцитонин - ақшыл жасушаларды өндiредi. Қалқанша бездiң әр екi бөлiгi тығыз талшықты ұлпадан тұратын қапшықпен жабылған. Одан ағза iшiне тамырлар мен жүйкелердi алып, жұқа қабатшалар өтедi. Үй жануарлары iшiнде, тек iрi қара малда ғана, бөлiкшелер жақсы байқалады. Фолликулалар - бездiң құрылым, қызмет бiрлiгi. Олар домалақ түстi жабық құрылым, қабырғасы негiзгi жарғаққа бекiген бiр қабатты текше эпителий жасушаларынан (тироциттерден), негiзгi жарғақпен тироциттер арасында кездесетiн iрi ақшыл, К-жасушалардан тұрады. Фолликулалардың кеңiстiгiнде түзiндi өнiм - коллоид сақталады. Әр фолликула себет (корзинка) тәрiздi қылтамырлар торымен қоршалған, көлемi өзгермелi, саны 3-30 млн. жетедi. Тироциттер пiшiнi қызмет күйiне орай жайпақтан цилиндр тәрiздiге дейiн өзгередi. Тироциттер қызметi йод сақтайтын тиреоидты гормондарды - үш- және тетрайодтиронин, немесе тироксин түзiлiп, бөлiнуiмен бiтедi. Онда йод сiңiрiлуi мен тотығу, тироглобулин құрылуы, оның фолликула кеңiстiгiне бөлiнуi мен йодпен қосылу, басқа процесстерi өтедi. Түзiлген гормондар белоктармен қосылып (тиреоглобулин құрамында) коллоидта жиналады. Гормондарды бөлу фазасында тироцитте: коллоид эндоцитозы, лизосоманың протеин ыдыратуынан тиреоидты гормондардың бөлiнiп, қанға ауысуы iске асады. Бұл гормондар зат алмасу реакциясын реттеуге қатысады, ұлпалардың өсiп, жетiлуiне, әсiресе жүйке жүйесiнiң дамуына, әсер етедi. Фолликуларалық эпителий фоликулалар арасында тығыз топ түрiнде орналасып, жаңа фолликулалар құру көзi саналғанымен, фолликулалардың бөлiнуiнен де, қалыптаса алады. Ақшыл (фолликула маңындағы, К) жасушалар кальцитонин гормонын өндiредi. Ол қаннан кальцийдiң сүйекке түсуiне себепшi болады. К-жасушалар арнайы бояғыштарда ғана байқалады. Олар жеке, ұсақ топ құрып жатады. Физиологиялық жағдайда қалқанша бездiң қайта қалпына келуi өте баяу iске асады, бiрақ ағза үлпершегiнiң өсу қабылетi өте жоғары болады.

Қалқанша маңы бездерi 3-, 4-шi желбезек қалташасы алдыңғы қабырғасы қалың iшқабық (эндодерма) бастамасынан дамиды, мезенхимадан дәнекер ұлпа қабықшасы, без жұқа қабатшалары құрылады. Кейiнгiлер бездi бөлiкшелерге бөледi. Бөлiкшелер iшiндегi дәнекер ұлпада фенестрлi қылтамырлар торы, жас өскен сайын молайатын май жасушалары кездеседi. Без үлпершегiн желiлер, эпителий жасуша топтары (паратироциттер) құрады, онда кейде оксифильдi ұсақ фолликулаларда кездеседi. Паратироциттердi - басты, қышқылсүйгiш деп, екi түрге бөледi. Басты паратироциттер - ұсақ, көпбұрышты, цитоплазмасы нашар оксифильдi жасушалар. Олардың өзi әртүрлi қызмет күйiн көрсетiп, ақшыл, қоңыр болып жiктеледi. Қоңыр паратироциттер белсендi қызмет атқарады, онда түйiршiктi эндоплазмалық тор, Гольджи аппараты өте жақсы дамиды, ақшыл (белсендi емес) - онда гликоген, лизосома, май тамшылары, түзiндi түйiршiктерi көп сақталады. Басты жасушалар биосинтездi iске асырып, паратгормон бөледi. Паратгормон қанда кальций деңгейi көтерiлсе - тежеледi, төмендесе - белсендiлiгiн арттырады. Бұл гормон сүйек ұлпасындағы остеокластар құрамын көбейтiп, қызмет белсендiлiгiн арттырып, бүйрек арналарында кальцийдiң қайта сiңiрiлуiн ынталандырады. Қышқыл сүйгiш паратироциттер бастылар арасында орналасады, олардан iрiрек келедi, үлкен түрлi түстi ядролары мөлшерi кiшi болады. Цитоплазмасы қышқыл бояғыштармен қарқынды боялады, сондықтан онда басқа тұрақты қосындыларға, түзiндi түйiршiктердiң жоғына қарамай, iрi митохондрийлер құрамы жоғары болуымен ерекшеленедi. Қалқаншамаңы бездерiнiң қызметi гипофизге байланысты болмайды.

Бүйрекүстi безi - эндокриндi без, екi бөлiктен–қыртысты, милы заттардан тұрады. Даму көзi, құрылысы, қызметi әртүрлi болады. Қыртысты зат соңғы қуысты (целом) мезодерма қалың эпителийiнен дамиды, милы зат, сезiмтал түйiн жасушаларындай, жүйке айдаршық ұлпаларынан пайда болады. Бездiң дәнекер ұлпасы мезенхимадан құралады. Қыртысты зат алмасу түрлерi, иммунды жүйе, қабыну процесстерi ағымына әсер ететiн кортикостероидтар - гормондар тобын бөледi. Милы зат жүрек - тамырлар, жүйке жүйесi, бездi эпителий, көмiрсулар алмасуы мен жылу даму процесстерi әрекеттерiн өзгерте алатын катехоламиндер өндiредi. Бұл без сыртында тығыз дәнекер ұлпадан тұратын қалың қабықшасы, одан қыртысты затқа тамырлар мен жүйкелердi алып өтетiн жұқа перделiктерi болады. Перделiктер мен қабықшадан ағза iшiне ретикулин талшықтары өтiп, үлпершектiң қыртысты, милы зат жасушалары айналасында жұқа тор құрады.

Қыртысты зат желiлерi бағытталуына, арнайы құрылысына, қызметiне қарай, үш: шумақша - қабықша астында жататын жұқа, сыртқы; шоғырлы - ортаңғы, қыртыстың негiзiн құратын; торлы - iшкi, енсiз, милы затқа жанасатын, аймақтардан тұрады.

Шумақша аймақ цитоплазмасы бiркелкi боялған кiшкене жасушалардан құралған, домалақ шумақ құрады. Жасушаларында түйiршiксiз эндоплазмалық тор, Гольджи аппараты, жақсы дамыған, май тамшылары аз болады.

Шоғырлы аймақ iрi оксифильдi көпiршiктенген жасушалардан (спонгиоциттер) тұрады, қойнаулы қылтамырлармен бөлiнген, күн сәулесi тәрiздi тарамданған желiлер (шоғырлар) құрады. Оларға мол май тамшылары, митохондрийлер, күштi дамыған түйiршiксiз эндоплазмалық тор, Гольджи аппараты болуы тән.



Торлы аймақ эпителий желiлерi жалғамаларынан құралған, олар әртүрлi бағытта өтедi, араларында қан қылтамырлары орналасады. Жасушалар мөлшерi шоғырлы аймақтағыға қарағанда кiшi, цитоплазмасында митохондрийлер болады, түйiршiксiз эндоплазмалық тор жақсы дамыған. Май тамшылары аз, көптеген лизосомалар, липофусциндi түйiршiктер кездеседi. Өлi жасушалар байқалады.

Бүйрекүстi без қыртысты зат гормондары – кортикостероидтар - негiзiнен үшке бөлiнедi: шумақты аймақта минералкортикоидтар өндiрiледi. Қан электролиттерi деңгейiн, артериялық қысымға әсер етiп, минералдар алмасуын реттейдi. Оған бүйрек арнасында натрийдi қайта сiңiрудi реттейтiн альдостерон жатады; шоғырлы аймақта глюкокортикоидтар (кортикостерон, кортизон) түзiледi. Олар әртүрлi алмасу түрлерiне (әсiресе, көмiрсу), иммунды жүйеге нақтылы әсер етедi; торлы аймақ жыныс стероидтарын (андроген) өндiредi. Көкiрек, iшперде қуыстарында бүйрекүстi без қыртысты зат жасушалары жеке орналасып, ұсақ денешiктер түзедi.

Оларды бүйректен болатын, немесе интерренал денешiктерi деп атайды. Бұл денешiктер без қыртысты затымен бiрге интерренал жүйесiн құрады. Оның қызметi гипофиз алдыңғы бөлiгiмен реттеледi. Ерекшелiк тек шумақша аймағына тән, себебi оның қызметi гипофизге байланысты болмайды.

Милы затты жүйке айдарынан дамитын хромафиндi, түйiндi, қолдаушы жасушалар құрады. Хромаффиндi жасушалар - милы зат негiзгi элементi, ұя, желiлер тәрiздi орналасқан, пiшiнi көп бұрышты, ядросы iрi, цитоплазмасы ұсақ түйiршiктерге, немесе көпiршiктерге толы болады.

Гистохимиялық әдiс олардың екi түрi: норадреноцит, адреноциттер болатынын көрсеттi. Алғашқыдан норадреналин, екiншiден адреналин өндiрiледi. Түйiндi (ганглиозды) жасушалар саны аз, олар вегетативтi нейрондар. Қолдаушы жасушалар - өсiндiлi, мидың дәнекер тiнiнен пайда болады, хромаффиндi жасушаларды қоршап жатады. Симпатика түйiндерiне жақын орналасып, қосылатын бүйрекүстi бездiң милы зат жасушаларының кiшкене тобын хромаффиндi денелер - параганглий деп атайды. Ол бүйрекүстi без милы затымен бiрге хромафин жүйесiн құрады. Оның қызметi гипофизге байланысты болмайды, бiрақ жүйке жүйесiнiң симпатика бөлiмiмен реттеледi.

Өзін - өзі бақылау сұрақтары:


      1. Эндокриндi жүйеге жалпы сипаттама берiп, қалай жiктелетiнiн түсiндiр.

      2. Гипоталамус қандай гормондар, селбестiргiштер өндiредi? Гипоталамус гипофиздiң алдыңғы және артқы бөлiктерiмен қалай байланысады?

      3. Эпифиздiң шығу тегi, құрылысы және қызметi қандай?

      4. Қалқанша бездiң құрылым, қызмет ерекшелiгi неде?

      5. Қалқанша маңы бездiң дамуы, құрылысы, қызметi және жасқа қарай өзгеруi туралы баяндаңыз.

      6. Бүйрекүсті безi қабығының құрылымы қандай?

      7. Бүйрекүсті безi қыртысты затында қандай бөлiктер болады, ол бөлiктердi қалай деп атайды?

      8. Бүйрекүсті безi жұмсақ затының даму көзi неде, онда қандай гормондар бөлiнедi?

      9. Интерренал денешiгi және параганглий дегенiмiз не?

      10. Бүйрекүсті безi стромасын қандай ұлпа құрады, оның даму көзi неде?

      11. Қалқанша маңы безiнiң құрылысы мен атқаратын қызметi неде?

      12. Эндокринді бездердің құрылысындағы ерекшеліктер қандай?

      13. Эндокринді бездер қандай ұрық бастамаларынан дамиды?

      14. Пептидті гормондар қай ағзада түзіледі?

      15. Гипофиздің алдыңғы бөлігінде түзілетін гормонды ата.

      16. Аденогипофиз қандай бөліктерге бөлінеді?

Әдебиеттер. Бірінші дәрістің соңында берілген.
№ 14 дәріс тақырыбы – ЖҮЙКЕ ЖҮЙЕСI

Жалпы сұрақтары: Жүйке жүйесiнiң жалпы сипаттамасы, микроскоптық және электронды микроскоптағы құрылысы. Жүйке, оның құрылысы және қызметi.

Дәрістің қысқаша жазбасы. Жүйке жүйесi организм бөлiктерiн бiрiктiрiп, түрлi процестердi реттеп, ағзалар, ұлпалар қызметтерiн үйлестiрiп, организмнiң сыртқы ортамен өзара iс-қимыл жасауын қамтамасыз етедi. Ол сыртқы ортадан, iшкi ағзалардан түсетiн әртүрлi хабарларды қабылдап, өңдеп, сигналдарды туындатып, тiтiркендiру әсерiне сайма-сай жауап реакциясын қамтамасыз етедi.

Жүйке жүйесiн анатомиялық құрылысына қарап, орталық, шеткi деп екi үлкен топқа бөледi.



Орталық жүйке жүйесiне бас миы, жұлын, шеткiсiне - түйiн, жүйке, жүйке ұштары кiредi. Ағза, ұлпалардың жүйкелену түрiне байланысты жүйке жүйесiн денелiк (сомалы, грек. «sоmа» - дене, анимальдi), дербес (вегетативтi) деп бөледi.

Денелiк көбiнесе ерiктi қозғалыс қызметiн - физиологиясын, дербес жүйке жүйесi iшкi ағза, тамырлар, бездер жұмысын реттейдi.

Дербес жүйке жүйесi бiр-бiрiмен өзара iс-қимыл жасайтын симпатикалық (грек. «sуmраthеs» - сезгiш, сезiмтал, қабылдағыш), парасимпатикалық (грек. «раrа» - жанында, қасында; iшкi ағзалар қызметiн реттеуге қатысады: жүректiң соғуын баяулатып, ас сөлiнiң бөлiнуiн жеделдетедi; энергия мен заттардың жинақталуын күшейтедi) бөлiмге бөлшектенiп, мида орталық, шеткi түйiн құрып орналасуымен, iшкi ағзаларға деген әсерлер түрiмен ерекшеленедi.

Бұл бөлiмдерге орталық, шеткi жүйке жүйесi топтары кiредi. Орталық жүйке жүйесiндегi нейрондар тобын - ядролар, шеткi жүйке жүйесi нейрондар тобын-түйiндер деп атайды. Орталық жүйке жүйесiндегi жүйке талшықтары шоғырын - жол деп атайды, шеткi жүйке жүйесiнде олар - жүйкелердi құрады. Жүйке орталықтарын орталық, шеткi жүйке жүйесiндегi нейрондар шоғыры түзедi. Нейрон шоғырының екi: ядролық, қалқанды (экран) түрлерi болады. Олардың арасындағы байланыс түйiспе арқылы iске асады. Олар белгiлi арнайы қызметтер орындайтындықтан, құрылысы күрделi, iшкi, сыртқы байланыстары өте көп, әртүрлi болады. Жүйке орталығы ядролық түрiнде (дербес түйiндер, бас миы, жұлындағы ядролар) нейрондар көрiнбейтiн тәртiпте орналасады. Қалқанды түрдегi бiр түрлi қызмет атқаратын нейрондары қалқанға (экранға) ұқсас, жеке қабатқа жиналып, жүйке тiтiркенiсiнiң кескiнiн (мишық, ми қыртыстары, көздiң торлы қабығы) көрсетедi. Жүйке орталықтарында жүйке қозуы бiрiгу (конвергенция), шашырау (дивергенция) процестерi пайда болады, қайта байланысу механизмi жұмыс iстейдi.



Жүйке тiтiркенiстерiнiң қабылдағыштан атқарушы ағзаға дейiнгi өтетiн барлық жолы-«рефлекс (рефлекторлық) доғасы» деп аталады. Рефлекс (лат. «rеflехиs» - жауап қайтару) - жүйке жүйесiнiң негiзгi қызметi, организмнiң қабылдағыш тiтiркендiруiне қайтаратын жауабы. Рефлекс доғасы 5 бөлiмнен тұрады: қабылдағыштар - сезгiш жүйке ұштары (талдағыштар жүйесiнiң шеткi бөлiмi); орталыққа бағыттаушы жүйке талшықтары - қозуды шеткi ағзадан орталыққа өткiзетiн жүйкелер; жүйке орталықтары; шетке бағытталған талшықтар, жүйкелер; жұмыс атқаратын ағза, аксон ұшы. Бұл доғада нейрондар бiр-бiрiмен түйiспе арқылы байланысып, қабылдағыш (орталыққа бағыттаушы), шетке бағытталған, арасында орналасатын байланыстырушы (ассоциативтi) топтарды құрады. Жүйке жүйесi денелiк, дербес бөлiмдерiндегi рефлекторлық доғалар бiрталай ерекшелiктерге ие. Денелiк доғаның қабылдағыш тобын орталыққа бағыттаушы жалған бiр өсiндiлi нейрондар түзедi, олардың денесi арқалық түйiнде орналасады. Дендриттерi терiде, қаңқа бұлшық етiнде қабылдағыштар құрады, аксондары жұлын құрамындағы артқы түбiрiне енiп, сұр затының артқы бағанына бағытталып, ассоциативтi нейронның денесi мен дендритiнде түйiспе құрады. Жалған бiр өсiндiлi нейрон аксонының кейбiр тармақтары тiкелей алдыңғы бағандарына өтiп, қозғағыш (мото) нейрондарда (екi нейронды рефлекторлық доға құрып) аяқталады. Байланыстырушы топты көп өсiндiлi аралық нейрондар құрып, дендриттерi, денесi жұлынның артқы бағанында орналасады, аксондары алдыңғы бағанға барып, шетке бағытталған нейрондар денесi мен дендриттерiне тiтiркенiстi бередi. Шетке бағытталған топ көп өсiндiлi қозғағыш (мото) нейрондардан құралған, денесi, дендриттерi алдыңғы бағанда жатады, аксондары жұлыннан, алдыңғы түбiрiмен шығып, арқалық түйiнге бағытталып, одан аралас жүйке құрамында қаңқа бұлшық етiне барып, талшығында, олардың тармақтары жүйке-бұлшық ет түйiспесiн (моторлы, қозғаушы, шытыра (бляшки) құрады. Дербес рефлекс доғасының қабылдағыш тобыда денелiктердегiдей, бiрақ мұндағы нейрон дендриттерi iшкi ағза, тамыр, бездер ұлпаларында қабылдағыштар құрады. Аксондары жұлынға, оның артқы түбiрiмен өтiп, артқы бағанына соқпай, сұр зат бүйiр бағанына бағытталып, ассоциативтi нейрондар денесi, дендриттерiнде түйiспе құрады. Байланыстырушы топтың ерекшелiгi сол, нейрондардың дендриттерi мен денелерi жұлынның бүйiр бағандарында жатады, аксондары (түйiн алды талшықтар) жұлыннан, олардың алдыңғы түбiрiмен шығып, дербес түйiннiң бiреуiне бағытталып, шетке бағытталған нейрондардың дендриттерi мен денелерiнде аяқталады. Шетке бағытталған топ көп өсiндiлi нейрондардан құралған, денелерi дербес түйiндер құрамында жатады, аксондары (түйiн соңы талшықтар) жүйке жолдары, тармақтарымен жұмыс ағзалары - бiрыңғай салалы бұлшық ет, бездер, жүрек жасушаларына барады. Жүйкелер (жүйке дiңi, бағанасы) ми, жұлындағы жүйке орталықтарын қабылдағыштар, жұмыс ағзаларымен байланыстырады. Жүйкелер жүйке талшықтары шоғырларынан құралып, дәнекер ұлпа қабықтары: эндоневрий, периневрий, эпиневрийлерге бiрiгiп, жабылған. Көптеген жүйкелер аралас, немесе орталыққа және шетке бағытталған талшықтардан тұрады. Жүйке түйiндерi - орталық жүйке жүйесiнен тыс орналасқан нейрондар топталуы. Олар сезгiш (сезiмтал, сенсорлы), дербес (қозғылы ерекше) болып, бөлiнедi. Сезгiш жүйке түйiндерiн жалған бiр, немесе екi өсiндiлi (бұранда, теңдiктi сездiру түйiндерi) орталыққа бағытталған нейрондар түзедi, олар жұлынның артқы түбiрi (жұлындық, немесе арқа түйiндерi), ми жүйке жолында орналасады. Жұлындық түйiндер жүйке орталығы болмайды, түрi ұршық тәрiздi, сыртын тығыз талшықты дәнекер ұлпадан тұратын қаптама жауып тұрады. Шет жағында жалған бiр өсiндiлi нейрондар денесiнiң тығыз топтары жатады, орталық бөлiгiнде бұл нейрондар өсiндiлерi, олардың арасында тамырларды әкелетiн эндоневрийдiң жұқа қабаты орналасады. Орталық тармақ шетте қабылдағыш құрып аяқталады, шеткi тармақ жұлынға, оның артқы түбiрiмен кiредi. Бұл түйiн нейрондарының мына нейроселбестiргiштерi - ацетилхолин, глутамин қышқылы, соматостатин, тағы басқалар болады. Дербес жүйке түйiндерi омыртқа бойында (паравертебральдi түйiндер), омыртқа алдында (превертебральдi түйiндер), ағзалар қабырғасында - жүрек, ауатамырлар, ас қорыту жолы, қуық, басқаларда (интрамуральдi түйiндер), олардың бетiне жақын орналасуы мүмкiн. Бұл түйiндерге денесi орталық жүйке жүйесiнде жататын жасушалардың өсiндiлерi бар түйiн алды талшықтар (миелиндi) келедi. Олар жақсы тармақталып, дербес түйiндерiнде көптеген түйiспе ұштарын құрады. Сондықтан түйiн алды талшықтар ұштары үлкен санының бiрiгуi әр нейрон түйiнiнде iске асады. Дербес түйiндерде түйiспе арқылы тiтiркенiс өтетiндiктен, оны ядролы түрлi жүйке орталығына жатқызады. Дербес жүйке түйiндерi атқаратын қызметi белгiсiне, орналасуына байланысты симпатикалық (сезiмтал), парасимпатикалық болып бөлiнедi. Симпатикалық жүйке түйiндерi (пара-, превертебральдi) түйiн алды талшықтарын жұлынның кеуде, белдеу сегменттерiндегi дербес ядролардан алады. Түйiн алды талшықтар нейроселбестiргiшi ацитилхолин, түйiн соңы талшықтары - норадреналин (терi бездерi, кейбiр қан тамырынан басқа) болып келедi. Парасимпатикалық жүйке түйiндерi (ағзалар жаны, бас түйiндерiндегi интрамуральдiлер) түйiн алды талшықтарын сопақша, орта ми, жұлын, сегiзкөз бөлiмiндегi дербес ядроларда орналасқан жасушалардан алады. Интрамуральдi түйiндер, онымен байланыстағы өткiзгiш жолдар өте жоғары ерекшеленiп, құрылымы күрделi, селбестiргiш алмасуы ерекше өтетiндiктен кейбiр ғалымдар оны жеке жүйке жүйесiнiң дербес метасимпатикалық бөлiмi деп есептейдi. Шектiң бұл түйiнiндегi нейрондар жалпы саны жұлынға қарағанда жоғары, олардың толқи қимылдау, секрет бөлуiндегi өзара iс–қимыл жасауы күрделi болатындықтан, оларды миникомпьютермен салыстырады. Бұл түйiн нейрондарында ырғақты реттейтiн жасушалар айқындалды. Интрамуральдi түйiнде үш түрлi нейрондар (Догель жасушалары) сипатталып жазылған. Олар - саны көп, ұзын аксонды шетке бағытталған нейрондар, Догель жасушаларының бiрiншi түрi. Ол iрi, орташа мөлшерлi шетке бағытталған нейрондар, дендриттерi қысқа, түйiн шегiнен шығып, жұмыс ағзаларына бағытталып, жасушаларда қозғалтқыш, секрет бөлетiн ұштар құратын ұзын аксоны болады. Догель жасушалары екiншi түрiнiң өсiндiлерi тең орталыққа бағытталған нейрондар, дендриттерi ұзын, аксоны түйiн шегiнен шығып, көршiлерге барып, жасушаларда түйiспе құрады. Догель жасушаларының 3 түрi байланыстырушы (ассоциативтi) жасушалар, жергiлiктi байланыстырушы нейрондар. Олар өз өсiндiлерiмен бiрнеше жасушаларды қосады. Дендриттерi түйiн шегiнен шықпай, аксондары басқа түйiндiр жасушаларында түйiспе құрады. Дербес жүйке жүйесi ағзаларға барар жолында үзiлiп, жүйке түйiндерiн, өрiмдерiн құрады, симпатикалық, парасимпатикалық болып бөлiнедi.

Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет