Жалпы малды ішкі жұқпалы емес аурулардан сақтандырудың негізі диспансеризация болып есептеледі.
Диспансеризация - дені сау, сапалы өнімді, конституциясы қолайлы, организмдегі зат алмасу деңгейі жоғары малдар тобын құру үшін жүргізілетін диагностикалық, емдік және сақтық шараларының жоспарлы жүйесі.
Диспансеризацияның теориялық негізі - организм мен сыртқы ортаның біртұтастығын қағидалайтын жалпы биологиялық заң болып табылады. Ол заң бойынша топырақтағы, онда өсетін өсімдіктегі және ол өсімдікпен қоректенетін мал организміндегі зат алмасу процестерінің өзара байланысы келтірілген.
Малдәрігерлік тәжірибеде диспансеризация алғаш рет Қызыл әскер бөлімдерінің малдәрігерлерінің жылқы малдарын күнделікті клиникалық тексеруден өткізуінен басталады (И.Г.Шарабрин және басқалар).
Ал диспансеризацияны мал шаруашылығына еңгізу сол кездегі ауылшаруашылық министірінің ғылыми-техникалық кеңесінің шешімі бойынша, Қазан ветеринарлық институтыньщ ғалымы Х.Г.Гизатуллиннің ұсынысымен, 1957 жылы басталды. Ол ұсынысқа сәйкес диспансеризация негізгі және негізаралық болып екіге бөлінеді. Негізгі диспансеризация жылына екі рет: жазғытұрым - мал жайылымға шығарда және күзде - мал қыстаққа қойыларда, ал негізаралық - жыл тоқсанында бір рет жүргізіледі.
Диспансеризация үш этаптан тұрады:
Диагностикалық;
Емдеу;
3. Аурудан сақтандыру. Диагностикалық этапта қаралатын мәселелер:
Шаруашылықтағы малдарды пайдалану жөнінде анализ (тұқымы, өнімі, жасы және т.б.);
Малдарды азықтандырудың анализі (азықтың сапасы, азықтандыру деңгейі, берілетін уақыттары);
Малдарды күтіп-бағу тәртібі (қоражайы, желдеткіштің бар-жоғы, еденінің жағдайы, серуендетуді ұйымдастыру, ультракүлгін сәулесі, жарықтың мөлшері және т.б.);
Нақтылы деректерге сүйене отырып малдардың организміндегі зат алмасу процесінің деңгейін анықтау;
Табындағы малдың синдроматикасын анықтау. Оны бақылау тобындағы малдарды жан-жақты клиникалық биохимиялық зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып жүргізеді.
Алынған нәтижелер бойынша табындағы малдардың клиникалық статусын анықтайды. Бұл мәселеде лабораториялық зерттеудің маңызы өте зор. Ондай зерттеулер бақылау (эталон) топтарында жүргізіледі. Бақылау топтарын шаруашылықтың мал дәрігерлері зоотехниктермен бірге малдардың тұқымы мен өнімділіктеріне сүйене отырып анықтайды. Бақылау тобының дұрыс құрылуы диспансеризация қорытындысына әсер етеді. Ірі шаруашылықтарда бақылау тобындағы малдардың 15-20%-ы тексеріледі. Қанда жалпы белок, сілтілік қоры, кальций, фосфор, кетон заттары, гемоглобин, лейкоциттер анықталады. Сондай-ақ зәр, сүт белгілі бір үлгі бойынша тексеріледі.
Клиникалық-лабораториялық тексерулердің нәтижелеріне сүйене отырып диспансеризацияның диагностикалық этабында барлық малдарды үш топқа бөледі:
Клиникалық зерттеулердің нәтижесі бойынша дені сау малдар;
Дені сау, бірақта организмдегі зат алмасу процесінің деңгейі төмен немесе бұзылған малдар;
Ауру малдар.
Дені сау деген топтағы малдарга жалпы аурудан сақтандыру шаралары жоспарлы түрде жүргізіледі.
Екінші топтағы малдарға организмдегі зат алмасуының бұзылуының нақтылы түрлеріне бағытталған сақтандыру шаралары іске асырылады.
Үшінші топтағы малдарға емдеу және сақтандыру шаралары қатарынан жүргізіледі. Бұл мәселені шешуде малдарды топтап емдеу мен сақтандыру шараларын кеңінен пайдаланудың маңызы өте зор.
Организмдегі белоктың жеткіліксіздігіне қарсы күресу үшін оны рациондағы азық бірлігіндегі қорытылатын протеиннің мөлшерін дұрыстау арқылы жүргізген дұрыс.
Углеводтың жеткіліксіздігінің алдын алу үшін:
Мал организміндегі углевод метаболиттерінің деңгейін анықтайтын әдістерді игеру керек;
Рациондағы қант пен протеиннің ара қатынасын анықтай отырып, оны реттеу керек;
Тамыр жемісті өсімдіктерді егіп, дайындауды ұйымдастыру қажет (қант қызылшасы, картоп және т.б.)
Витаминнің, минеральды заттардың жеткіліксіздіктері азықтың құрамына тікелей байланысты. Олардың жеткіліксіздіктерін қамтамасыз ету үшін қолданылатын шараларды нақтылы, лабораториялық зерттеулердің нәтижелеріне сүйене отырып жүргізген дұрыс.
Үшінші, аурудан сақтандыру этабы диспансеризацияның ең жауапты кезеңі. Бұл мәселені дұрыс шешуде және шаруашылықта биологиялық толыққанды азық қорын дайындауда мал мамандары мен шаруашылық агрономдарының атқаратын қызметтері ерекше. Шаруашылықтың тұрған жерінің топырағының қыртысына (гумусына) байланысты жасалатын топырақ-өсімдік қарталарының маңызы өте зор. Ол деректерге сүйене отырып белгілі бір бағытта қажетті тыңайтқыштарды қолдану арқылы құнарлы мал азығын дайындауды жоспарлауға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |