49. Жануарлардың токсоплазмозы
Ветеринариялық-санитариялық қолайлы аумақта
өткізілетін профилактикалық
іс-шаралар
615. Жануарлардың токсоплазмозды жұқтыруының алдын алу мақсатында шаруашылық жүргізуші субъектiлер, ветеринар мамандар, сондай-ақ жануарлардың иелерi:
1) токсоплазмоз бойынша қолайлы шаруашылықтардан отарларды, мал табындарын жасақтауы;
2) қораларды жүйелi түрде дезинвазиялау және профилактикалық дезакаризациялау жүргізуі;
3) мал қораларға мысықтар мен иттердi жiбермеуі;
4) мысықтар мен иттерді өлi немесе түсік тастаған төлдермен азықтандыруға жол бермеуі;
5) 30 күнтізбелік күн бойы жаңадан келіп түскен барлық жануарларды карантиндеуі қажет.
Эпизоотия ошақтарында және қолайсыз
пункттерде жүргізілетін
іс-шаралар
616. Шаруашылық жүргізуші субъектiде жануарлардың токсоплазмозбен ауруына күдiктену кезінде ветеринар маман бұл туралы тез арада тиісті әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң бас мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық инспекторына хабарлайды.
617. Тиісті әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң бас мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық инспекторы токсоплазмоз ауруының пайда болуы туралы хабарды алғаннан кейiн ауру шыққан жерге келедi және эпизоотия ошағының шекарасын анықтай отырып, қолайсыз пункттi эпизоотологиялық тексерудi ұйымдастырады. Ауру жануарлардан алынған патологиялық материалды іріктейді және диагноз қою үшiн ветеринариялық зертханаға жiбередi.
618. Эпизоотологиялық және клиникалық белгiлерi (этиологиясы анықталмаған бедеулік және түсік тастау, мутацияланған және тiршiлiкке қабілетсіз төлдердiң тууы) бар шаруашылық жүргізуші субъектіде барлық жануарлардан алынған қан токсоплазмозға тексеріледi. Өлген және мәжбүрлі сойылған малдардың басы, бауыры, көкбауыры, өкпесi, жүрегi, сондай-ақ өлi туған төлдерi зертханаға жiберіледi.
619. Клиникалық белгiлерiнен және оң реакциясынан басқа микроскопиялық түрде токсоплазмоздың қоздырушысы табылған жануарлар ғана ауру деп танылады.
620. Жануарларда тек қана клиникалық белгiлерi мен оң реакция болған кезде олардың ауру күдігі бар деп есептеледі.
621. Шаруашылық жүргізуші субъекті аумағында түпкілікті диагноз белгіленген кезде мынадай іс-шаралар жүргiзiледi:
1) токосплазмозбен ауырған ауыл шаруашылығы жануарлар сойылады, олардың еті қайнатылғаннан кейiн қолданады, қосалқы өнiмдер жойылады;
2) ауру күдігі бар жануарлар оқшауланады, ал жайылымдық ұстау кезінде олар жеке жайылым учаскесiнде бағылады;
3) ауру жануарлардың сүтін пастеризациядан немесе қайнатылғаннан кейiн ғана пайдаланылуға рұқсат етіледі;
4) өлi туған және түсік тастаған төлдер зертханаға зерттеуге жiберіледi;
5) ауру күдігі бар барлық жануарларға ветеринариялық бақылау жүргiзіледi және айына бiр рет (қатарынан алты ай бойы) сарысуды токсоплазмозға тексеру жүргізіледі.
622. Егер осы кезеңде аталған жануарлардың арасынан токсоплазмозбен ауру жануарлар бөлінбесе, ал сарысуды зерттеген кезде титрдiң төмендегенi байқалса, ондай жануарлар сау жануарлар тобына ауыстырылады:
1) токсоплазмозбен ауру иттер, мысықтар және мамық жүнді аңдар, сондай-ақ ауру күдігі барлар жойылады;
2) токсоплазмозбен ауру немесе ауру күдігі бар жануарлар сойылғаннан кейiн алынған терiлер өңделгеннен (тұздау, кептiру және басқа да әдiстер) кейiн шектеусiз шығарылады;
3) ауру немесе ауру күдігі бар жануарлар ұсталған қоралар дезинвазияланады.
623. Токсоплазмоз бойынша қолайсыз пунктте ауру жануарлар сойылғаннан кейiн және ауру күдігі бар малдар оқшауланғаннан кейiн қалған жануарларды шектеусiз сатуға және шығаруға және олардан алынған барлық мал шаруашылығы өнiмдерiн пайдалануға рұқсат етiледi.
624. Шаруашылық жүргізуші субъектідегі клиникалық сау жануарлар сауықтырылғанға дейiн айына бiр рет серологиялық тексеру жүргізіледі. Клиникалық белгiлер байқалған және серологиялық зерттеу кезінде екi рет қайталанатын оң реакция болған жағдайда, жануарлар ауру күдігі бар жануарлар тобына ауыстырылады. Жануар өлген, түсік тастаған, өлi төл туған және буаздықтың басқа да патологиялық нысандары жағдайында материалдар зертханаға жiберіледi.
625. Жануарлардың токсоплазмозбен ауруы анықталған шаруашылық жүргізуші субъектi егер бiр жыл iшiнде ауру жануарлар бөлiнбесе, аурудың айқын клиникалық белгiлерi, оның ішінде буаздықтың патологиясы жағдайлары байқалмаса, сауықтырылған болып есептеледі.
50. Фасциолез
Ветеринариялық-санитариялық қолайлы аумақта
өткізілетін профилактикалық
iс-шаралар
626. Жануарларға фасциолезді жұқтыруының алдын алу мақсатында, мынадай iс-шаралар өткізіледі:
1) профилактикалық дегельминтизация жылына кемiнде 2 рет: жануарларды қораға қойғаннан кейiн бір айдан кейін, одан кейiн үш ай өткен соң (фасциолдар бұл кезде жыныстық жетілу кезеңіне жетеді, оған антгельминтиктер барынша белсенді әсер етеді), малды жайылымға шығарудан бiр ай бұрын дегельминтизация тоқтатылады;
2) жануарлардың фасциолезіне күдіктенумен аурудың барлық жағдайларында ветеринария қызметіне уақтылы хабарланады;
3) ветеринария мамандарының талап етуі бойынша сатып алынған жануарлар туралы қажетті мәліметтер ұсынылады және оларды тексеруді, зерттеуді және өңдеулерді жүргізу үшін жағдайлар жасалады;
4) жануарларды тасымалдау, ұстау және азықтандыру кезiнде, мал шаруашылығы объектілерінің құрылысы кезiнде санитариялық және ветеринариялық-санитариялық талаптар сақталады.
Жануарлардың фасциолезімен күресу
шаралары
627. Жануарлардың фасциолезімен күресу – арнайы iс-шараларды пайдалана отырып, кешендi түрде жүргiзiледi. Кешендi профилактикалық iс-шаралар мыналарды қамтиды:
1) дефинитивтік иелерді дегельминтизациялау;
2) ұлулардың биотоптарын анықтау және оларды жою;
3) жайылымды ауыстыруды жүргізу, толыққанды азықтандыру және жануарларды санитариялық-гигиеналық ұстау.
628. Дегельминтизациялау үшін антгельментиктер препараттары қолданылады.
Кейіннен паразиттердің тұрақты, резистентті нәсілдерінің пайда болуымен гельминттердің препараттарға бейімделуін болдырмау үшін дегелминтизациялау кезінде антгельминтиктердi ауыстыру қажет.
629. Фасциолездің профилактикасы үшін мынадай іс-шаралар жүргізіледі:
1) өзендердің, аңғарлардың, батпақ атыраптарының және су қоймаларының аңғарларын (жағалаулар, өсімдіктер мен суландыру каналдарының әсіресе, жерге түскен жапырақтардың түбі), шалшықтарды, су қоймалары жағалауындағы жануарлар тұяқтарының іздерін тексеру жолымен жайылымдардағы ұлулардың биотоптарын анықтау;
2) биотоптары құрғауы кезінде немесе суық түскен кезде ұлулар топырақ сынамаларын шаю жолымен табылады;
3) алаңдар жануарлардың су ішуіне арналған қатты жабынмен жабдықталады;
4) жануарларды бағу мал жаюды 2-2,5 ай сайын ауыстыра отырып, қыратты құрғақ жерлерде жүргізіледі. Жануарларды ойпаң батпақты жерлерде жаюға және ұсақ ағынсыз су қоймаларынан суаруға тыйым салынады;
5) қиды биотермиялық өңдеу қамтамасыз етіледі;
6) сатып алынатын жануарлардың несебін гельминттiк копроскопиялық зерттеулер жүргізіледі.
51. Анаплазмоз
Ветеринариялық-санитариялық қолайлы аумақта жүзеге
асырылатын анаплазмозды профилактикасы жөніндегі
іс-шаралар
630. Аурудың алдын алу мақсатында меншiгiнде жануарлары бар жеке және заңды тұлғалар:
1) профилактикалық ветеринариялық тексеру үшін жануарларды жыл сайын ветеринария мамандарына көрсетеді;
2) жануарларды толыққанды азықтандыруды ұйымдастырады;
3) жас малдарды ересек мал басынан бөлек ұстайды;
4) жануарларды әкелуді және жемшөпті сатып алуды тек қана қолайлы шаруашылық жүргізуші субъектілерден жүргізеді;
5) барлық жаңадан сатып алынған жануарларды күнтізбелік 30 күн профилактикалық карантинде ұстайды;
6) мал қораларды, аулаларды, ашық қораларды және тұрақтарды дезакаризациялауды жүргізеді;
7) жануарлардың, жайылымдардың биотиптеріндегі кенелермен жүйелi түрде күрес жүргізеді;
8) әкелiнетiн, әкетiлетiн, сондай-ақ орны ауыстырылатын жануарлар карантиндеуге және анаплазмозға тексеруге жатады;
9) хирургиялық операцияларды жүргiзу, жануарларды жаппай ветеринариялық өңдеу кезiнде асептика және антисептика қағидаларын қатаң сақтайды.
Анаплазмоз бойынша қолайсыз
пункттерде жүргізілетін
іс-шаралар
631. Шаруашылық жүргізуші субъектiде анаплазмозбен ауыратын жануарлар анықталған кезде, ветеринар маман бұл туралы дереу тиісті әкімшілік-аумақтық бiрлiктiң бас мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық инспекторына хабарлайды.
632. Тиісті әкімшілік-аумақтық бiрлiктiң бас мемлекеттiк ветеринариялық инспекторы жануарлардың анаплазмозбен ауыруына күдіктену туралы хабарды алысымен диагноз қою, эпизоотологиялық тексеру жүргізу, эпизоотия ошағының және қолайсыз пункттің шекарасын анықтау үшін дереу осы жерге келіп, ауру жануарлардан алынған патологиялық материалды іріктейді және ветеринариялық зертханаға жiбередi.
633. Анаплазмозға диагноз қою кезінде, жануарлар оқшауланып, оларды емдеу үшiн Қазақстан Республикасында тiркелген ветеринариялық препараттар қолданылады. Апта сайын жануарлар акарицидтi препараттармен өңделедi.
52. Iрi қара малдың гиподерматозы
Ветеринариялық-санитариялық қолайлы аумақта
жүргізілетін профилактикалық
іс-шаралар
634. Гиподерматоздың алдын алу және жою мақсатында ауру қоздырғыштарының биологиясын, эпизоотиялық ерекшелiктерiн, жергiлiктi табиғи климаттық жағдайларды және мал шаруашылығын жүргiзу технологиясын ескере отырып ұйымдастыру-шаруашылық, ветеринариялық-санитариялық және емдеу-профилактикалық іс-шаралар кешенi жүзеге асырылады.
635. Ұйымдастыру-шаруашылық іс-шаралары жануарларды толыққанды жемшөппен қамтамасыз ету, зоогигиеналық талаптарға жауап беретін суаруды және ұстауды қамтиды.
636. Ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар шаруашылық жүргiзу технологиясын ескере отырып, қоралардан және жайылу алаңдарынан қиды тұрақты жинауды, қораларды, шатырлы жайларды, жазғы қоршалған қораларды дезинфекциялауды қамтиды.
637. Жайылымдарға бөгелек личинкаларымен зақымданған, сондай-ақ шаруашылыққа жаңадан әкелінген жануарларды оларды инсектицедтермен алдын ала өңдеусіз жайылымдарға бағуға рұқсат етілмейді.
638. Бөгелектердің ұшу маусымында жануарлар қораларда, шатыр астында, қараңғыланған жерлерде ұсталып, таңертең бөгелектердің ұшуы басталғанға дейін, кешке – олардың ұшуы аяқталғаннан кейін жайылады.
Эпизоотия ошақтарында және қолайсыз
пункттерде жүргізілетін
iс-шаралар
639. Гиподерматозбен iс-шаралар кешенінде күресудiң негiзгi әдiсі жануарларды жануардың организмінде болатын бөгелектердің бiрiншi кезеңдегі личинкаларын жоюға бағытталған Қазақстан Республикасында тiркелген ветеринариялық препараттармен бастапқы өңдеу болып табылады. Осы мақсатта жануарларды күзде бөгелектердiң ұшуы аяқталғаннан кейін өңдейді. Гиподерматоз бойынша қолайсыз өңірлерде барлық мал басы химиялық терапиялауға жатады.
640. Iрi қара малды тексеру және екінші және үшінші кезеңдегі личинкаларға қарсы химиялық терапия республиканың оңтүстiк бөлігінде ақпан-наурыз айларында, орталық және солтүстiк бөлiктерінде сәуiр-мамыр айларында жүргiзіледi.
53. Ірi қара малдың тейлериозы
Ауру профилактикасы жөніндегі
іс-шаралар
641. Шаруашылық жүргізуші субъектiлердің басшылары жануарларды аурудың тасымалдаушы кенелермен жанасуын болдырмайтын жағдайларда ұстауы қажет, ол үшiн:
1) сезімтал жануарды кенелерден таза қораларда ұстауды қамтамасыз ету;
2) тейлериоз бойынша қолайсыз пунктте немесе шаруашылық жүргізуші субъектiде сезімтал жануарларды қорада және қора-лагерьлік күтiп-бағуды немесе биік таулы жайылымдарда жаюды ұйымдастыру қажет.
642. Тиісті әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық инспекторы мыналарды жүзеге асырады:
1) тейлериоз бойынша қолайсыз пунктте немесе шаруашылық жүргізуші субъектiде эпизоотиялық жағдайды ескере отырып, кенелерге қарсы және тейлериозға қарсы іс-шаралардың кешендi жоспарын жасайды;
2) осы жерде мекендейтiн тасымалдаушы кенелердiң түрлерiн анықтайды;
3) олардың жануарларды шағу мерзiмiн ескере отырып, кенелердiң таралу картасын жасайды.
Ауруды жою бойынша
іс-шаралар
643. Тейлериоз белгіленген қолайсыз пункттерде не шаруашылық жүргізуші субъектiлерде тиісті әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң бас мемлекеттiк ветеринариялық инспекторының рұқсатынсыз жануарларды қайта топтастыруға және әкелуге рұқсат етілмейді.
644. Мал қораларды және жануарларды кенелерге қарсы өңдеу үшiн, сондай-ақ, тейлериоздың алдын алу және оны емдеу үшiн Қазақстан Республикасының ветеринариялық препараттарының мемлекеттік тізілімінде тiркелген ветеринариялық препараттар пайдаланылады.
645. Жануарларды кенелерге қарсы өңдеу жергiлiктi температуралық жағдайларға және кенелердiң белсендiлiгiне байланысты наурыз-қыркүйек айларында аптасына бiр рет, қазан-қараша айларында екi аптада бiр рет және желтоқсан-ақпан айларында айына бiр рет жүргiзедi.
646. Наурыз-қыркүйек айларында жануарларды өңдеу үшiн дымқыл әдiс, бүрку немесе ванналарға тоғыту қолданылады.
647. Кенелерге қарсы өңдеу iрi қара малға, жылқы мен түйелерге жасалады.
54. Iрi қара малдың телязиозы
Ветеринариялық-санитариялық қолайлы аумақта жүргізілетін
iрi қара малдың телязиозын профилактикасы жөніндегі
iс-шаралар
648. Iрi қара мал телязиозының профилактикасы үшiн мынадай iс-шаралар жүргізiледi:
1) ақуыз, минералды тұздар және витаминдер бойынша теңгерімделген рацион жасалады;
2) жайылымдық учаскелері микроэлементтерге жұтаң аймақтарда рациондарға тиісті (мыс тұзы, кобальт, йод, молибден және басқа да элементтер) қоспалар қосылады;
3) жануарлар тек қана науалардан азықтандырылады;
4) жануарлар үшін қоралардың, науалардың, астаулардың, күтім жасау заттарының, құрал-саймандардың, жабдықтардың, аулалардың, жаю алаңдарының, мал шаруашылығы қораларының маңындағы ашық аумақтың тазалығын қамтамасыз ету, сондай-ақ дезинсекциялауды өткiзу;
5) үй-жайлардан, жаю алаңдарынан және мал қоралардан қи мен тезекті күн сайын зарарсыздандыруға арналған арнайы қи қоймаларына шығаруды қамтамасыз ету;
6) қи жинауға арналған арнайы құрал-саймандар және көлiк бөлу;
7) әрбiр дегельминтизациядан кейiн жою үшiн қиды жинауды қамтамасыз ету;
8) қораларды, жаю алаңдарын, жануарлар шоғырланатын жерлерді, сондай-ақ құрал-саймандарды, жабдықтарды дезинвазиялауды және дезинсекциялауды жүргізу;
9) жануарларды жаюға батпақты жайылымдарды пайдаланбау;
10) телязиозды болжау және алдын алу үшiн инвазияның белсендiлiгiн зерттеу. Ол үшiн мерзімді түрді жылына кемінде бiр рет, мал басының ішінара 10-20 %-ның көз конъюктивасынан шаю әдісімен зерттеледi;
11) шаруашылық жүргізуші субъектілерде жаңадан келіп түскен жануарларды гельминтологиялық тексеруден өткiзу. Жануарлардың гельминттермен зақымданғаны анықталған кезде, барлық мал басына дегельминтизация жүргiзу.
649. Шаруашылық жүргізуші субъектiлерден әкету алдында iрi қара малдар телязиозға гельминтологиялық тексеруден өтеді. Телязиоз гельминттері анықталған кезде барлық жануарлар арнайы ерiтiндiмен жұмсақ ұшты спринцовкамен көздерiн шаю арқылы дегельминтизацияланады және содан кейін ғана оларды алып кетуге рұқсат етiледi.
Iрi қара малдың телязиозын емдеу үшiн Қазақстан Республикасының ветеринариялық препараттарының мемлекеттік тізілімінде тіркелген ерекше дәрiлік заттар қолданылады.
Эпизоотия ошақтарында және ірi қара малдың телязиозы
бойынша қолайсыз пункттерде жүргізілетін
іс-шаралар
650. Ірi қара малдың телязиозы бойынша қолайсыз шаруашылық жүргізуші субъектілерде барлық ауру жануарлардың көздерiн Қазақстан Республикасының ветеринариялық препараттарының мемлекеттік тізілімінде тіркелген емдiк ерiтiндiлермен және эмульсиялармен шаю жүргiзiледi.
651. Телязиоздың секундарлық инфекциямен асқынса, онда симптоматиялық емдеу жүргiзiледi.
652. Күннің ыстық кезеңінде сиыр шыбындары неғұрлым белсендi болғанда жануарларды жабық қораларда немесе шатыр астында ұстайды.
653. Барлық мал басын дегельминтизациялау қысқы байлауда тұрған кезеңiнде немесе көктемде сиыр шыбындарының ұшуы басталғанға дейін жүргізіледі, эмульсиямен немесе арнайы ерiтiндiмен өңдеу сиыр шыбындарының ұшуынан бастап әрбiр күнтізбелік 7-8 күн сайын қайталанады.
654. Жайылым кезеңінде сиыр шыбындарымен күресу үшiн iрi қара малға күн сайын дезинфекциялық машиналардың көмегімен дезинсекциялық құралдар себіледі, бұл үшін Қазақстан Республикасының ветеринариялық препараттарының мемлекеттік тізілімінде тіркелген дезинсекциялық құрал пайдаланылады.
55. Iрi қара малдың трихомонозы
Ветеринариялық-санитариялық қолайлы аумақта
өткізілетін профилактикасы жөніндегі
іс-шаралар
655. Жануарлар тек қана iрi қара малдың трихомонозы бойынша қолайлы шаруашылық жүргізуші субъектiлерiнен әкелуге рұқсат етiледi.
656. Шаруашылық жүргізуші субъектiлерге тұқымдық немесе пайдалану мақсатында келіп түскен бұқалар (жас бұқалар), сондай-ақ әкелінетін сиырлар мен қашырту жасындағы құнажындар 1 ай карантинде ұсталып, күнтізбелік 10 күн сайын 3 рет трихомонозға тексеріледi.
657. Асыл тұқымды бұқалар мен сынама бұқалар трихомонозға 6 айда, күнтізбелік 10 күн аралықпен үш мәрте тексеріледi.
658. Түсік тастаған жануарлар дереу оқшауланады. Түсік тасталған төл трихомонозға тексеру үшін зертханаға жiберіледi.
Қолайсыз пункттердегі ауруды жою жөніндегі
іс-шаралар
659. Шаруашылық жүргізуші субъектілерде трихомонозбен ауырған немесе трихомонад тасымалдаушы жануарлар анықталған кезде, iрi қара малдың трихомонозы бойынша қолайсыз деп жарияланып, шектеу қойылады және оларды профилактикасы жүргiзiледi.
660. Қолайсыз пунктте мынадай іс-шаралар өткізіледі:
1) қолдан ұрықтандырылған немесе шағылысқан барлық сиырлар мен құнажындар трихомоноз анықталғанға дейiн соңғы 4 айда гинекологиялық тексерiстен өткiзіледi. Трихомонозбен ауру күдігімен жыныс органдарының патологиясы анықталған жануарлар дереу оқшауланып, емдеу жүргiзіледi;
2) ауру жануарларды емдеу үшін Қазақстан Республикасының Ветеринариялық препараттарының мемлекеттiк тізілімінде тiркелген ветеринариялық препараттар қолданылады;
3) қолайсыз пункттерде:
трихомоноз бойынша қолайсыз пунктіге құнажындарды және жас бұқаларды, сондай-ақ толық сауыққанға дейін ересек жануарларды әкелуге;
тұқымдық және пайдалану мақсаттары үшін етке союға жiберiлетiндерден басқа, жануарларды шаруашылық жүргізуші субъектiден басқа шаруашылық жүргізуші субъектіге шығаруға (әкетуге) тыйым салынады;
жаз мезгілінде малды лагерьлік ұстауға ауыстырылып, қораларда санитариялық тазалау, жөндеу, дезинфекциялау, дератизациялау жүргізіледі және ол жаз бойы малдан бос қалдырылады;
дезинфекциялау үшiн Қазақстан Республикасында тiркелген дезинфекциялағыш заттар қолданылады.
661. Сатуға немесе тұқымдық және пайдалану мақсатында басқа шаруашылық жүргізуші субъектiлерге ауыстыруға іріктеп алынған iрi қара малды шығаруға (әкетуге) трихомоноз бойынша қолайлы шаруашылық жүргізуші субъектiлерiнен ғана рұқсат етiледi.
662. Жыныстық жетiлген бұқаларды (18 айлық жастағылары және одан жоғары) шығару алдында олардың препуциялық шырышы немесе ұрықтары микроскопиялық және өсiндiлiк зерттеу жолымен бiр рет тексереді.
663. Қолайсыз пункт емдiк және ветеринариялық-санитариялық iс-шаралар кешені жүргiзілгеннен кейiн, барлық емделіп отырған жануарларды трихомонозға зертханалық зерттеу нәтижелері теріс болған және барлық ауру жануарлар емделгеннен кейiн 6 ай iшiнде жаңа түсік жағдайлары және трихомоноз өзегінде гинекологиялық аурулар болмаған кезде iрi қара малдың трихомонозынан сауықтырылған болып есептеледі.
56. Жануарлардың эймериозы
Жануарлардың эймериозын профилактикасы жөніндегі
іс-шаралар
664. Эймериоз профилактикасының жалпы шаралары жануарларды толыққанды жемшөппен қамтамасыз ету және жануарларды азықтандыру, суару және бағып ұстаудың гигиенасын сақтау болып табылады.
665. Жануарларды тығыз орналастырып ұстауға және қораларда ылғалдылықтың жоғары болуына, ересек малдар мен жас малдардың араласуына, жемшөптің және ауызсудың қимен ластануына жол берілмейді.
666. Жануарларды төмен орналасқан батпақты учаскелерде жаюға жол берілмейді.
667. Жануарларды қамап ұстаудан жайылымда бағуға және керiсiнше бiртiндеп ауыстыру қажет.
668. Шаруашылық жүргізуші субъектiнің аумағынан қи уақтылы жиналуы және олар қи қоймаларында биотермиялық зарарсыздандырылуы қажет.
669. Жануарларды қорадан шығарғаннан кейiн және қорада ұстауға қояр алдында қораны қидан және басқа ластанулардан тазартып жуады және мұқият дезинфекциялайды.
Қолайсыз пункттердегі ауруды жою жөніндегі
іс-шаралар
670. Күн сайын қиды жинау, қораларды, жаю алаңдарын және жабдықтарды (науалар, астаулар және жануарларға күтім жасауға арналған басқа да заттар) механикалық тазарту жүргiзiледi.
671. Қора-жайды, жаю алаңдарын және жабдықтарды дезинвазиялау үшiн Қазақстан Республикасының Ветеринариялық препараттарының мемлекеттiк тізілімінде тiркелген дезинфекциялағыш заттар қолданылады.
672. Ауру пайда болған жағдайда ауру жануарлар жедел оқшауланады және оларды емдеу жүргiзіледi.
673. Паразиттiң дамуын тоқтату үшiн емдiк және профилактикалық мақсатта кокцидиостатикалық препараттар қолданылады.
674. Ауру жануарлары емдеу үшін Қазақстан Республикасының ветеринариялық препараттарының мемлекеттік тізілімінде тiркелген ветеринариялық препараттар қолданылады.
57. Псороптоз
Профилактикалық
іс-шаралар
675. Жануарлардың псороптозбен ауруының алдын алу үшін шаруашылық жүргізуші субъектiлер және жануарлардың иелерi:
1) жануарларды тазалықта ұстауды, оларды күн сайын тазалауды және жылдың жылы мезгілінде он күнде кемiнде бiр рет шомылдыруды жүргізуді;
2) әрбір мал басының терiсін тексеруді, нашар семіртілген жануарларға жемшөп рационын ұлғайтуды;
3) әрбір жануарды ұстау орнын бекiту (жылқыларға арналған желі, iрi қара малға және түйеге арналған қоршаулы орындар, ер-тұрман, әбзелдер, щеткалар, науалар);
4) псороптоз бойынша қолайсыз шаруашылық жүргізуші субъектiден әкелiнген құрал-саймандарды дезинфекциялаусыз пайдалануды;
5) шаруашылық жүргізуші субъектіге жаңадан келіп түскен жануарларды оқшаулап ұстауды қамтамасыз етеді.
Қолайсыз пункттердегi жүргізілетін
іс-шаралар
676. Псороптоз анықталған кезде шаруашылық жүргізуші субъекті псороптоз бойынша қолайсыз болып есептеледі және онда мынадай іс-шаралар жүргiзiледi:
1) ауру жануарларды (клиникалық белгiлерi айқын және ауру күдігі бар) ауру жұқтыру күдігі бар жануарлардан (клиникалық белгiлерi жоқ, қатаң жеке күтiм жасау және ұстау болмаған кезде көрші қорада, жалпы қорада немесе бір жайылымда болған псороптозбен ауыратын жануарлармен жанасқан), сондай-ақ сау жануарлардан (ешқандай клиникалық белгiлерi жоқ, псороптозбен ауырғандармен жанасуда болмаған және басқа қораларда тұрған) бөлек қояды;
2) жануарлар оқшауланып ұсталады және оларға жеке бекітілген персонал қызмет көрсетедi;
3) жануарлардың азықтандыру және суару жануарға бекітілген тиісті құрал-саймандармен (науалар, шелектер) жеке жүргізілуге тиіс;
4) жануарлардың бағу белгiлi бiр учаскелерде оқшау жүргізіледі.
677. Мемлекеттiк ветеринариялық инспектор емдеу үшін арнайы емдеу пункттерiне жіберетін жануарларды шығаруды (әкетуді) қоспағанда, псороптозбен ауырған жануарларды қолайсыз шаруашылық жүргізуші субъектiден шығаруға (әкетуге) рұқсат етілмейді.
678. Псороптозды жұқтыру күдiгі бар жануарларға толық емдік өңдеу жасалады.
679. Оларды шығаруға (әкетуге) (сату, басқа шаруашылықтарға беру) жануарларды псороптозға қарсы өңдеуден кейiн мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық инспектордың рұқсатымен ғана жол беріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |