Ми қаңқасы мен жұлын омыртқасын зерттеу. Ми қаңқасы мен омыртқаны зерттеу үшін көру, сипау және соғу, нұқу (перкуссия) әдістерінен басқа рентгенография қолданылады. Бас қаңқасының сырт пішіні мен көлемін анықтайды. Бас қаңқасының өзгеруі оның механикалық әсерлер нәтижесінде өзгеруі, жаңа туылған мал төлдерінде жиі байқалатын ми шеменінде кездеседі.
Сипау арқылы бас қаңқасының сезгіштігін, ысуын, бүтіндігін және сүйектің жұмсақтығын анықтайды. Ми қаңқасында патологиялық өзгерістерден мына белгілер кездесуі мүмкін: ауруы-менингит, соққыдан зақымдану, ценуроз (айналма, ми құрты), эхинококкозда; ысуы-менингитте, күн және ыстық еткенде, ми гиперемиясында; бас сүйек жұмсақтығы-ценурозда (айналма, тентек қойда), эхинококкозда, ми ісігенде, рахитте, остеодистрофия және сүйектің жіңішкеруі немесе жұмсаруы байқалатын басқа аурулар кезінде анықталады.
Ми қаңқасын перкуссиялау ұсақ малдарда дигитальді қолдың саусақтары ұшымен, ал ірі малдарда перкуссия балғашығының шүйдесімен жүргізіледі. Перкуссия күшін бас қаңқасы сүйегінің қалыңдығына қарай шамалап перкуссиялайды, бұл кезде оны осыған қарама-қарсы симметриялық бөлікпен салыстырады. Перкуссия дыбысының шықпауы ми ісігінде, ценурозда (айналмада) немесе эхинококкоз көпіршігінде, қан кетуде және басқа ауруларда кездеседі.
Жұлын омыртқасын көру, сипау және нұқу әдістерімен зерттейді. Көру арқылы жұлын омыртқасының түрлі қисаюларын және оның қозғалғыштығын, иілгіштігін анықтайды. Жұлын омыртқасының жоғары доға сияқты иілуі-кифоз және төмен иілуі-лордоз болып бөлінеді. Кифозды ірі малдың жұлыны мен оның қабы қабынғанда, ал ұсақ малдарда аяқтардың жартылай салдану және сал ауруларында, сонымен қатар құрсақ қуысы ағзалары ауруларында байқайды. Лордоз остеодистрофияда, сонымен қатар жалпы биотонус әлсірегенде, кәрі малда байқалады. Жұлын омыртқасының бір жаққа қисаюы сколиоз деп аталады.
Оны сүйектердің жұмсақ ұлпаларының және жұлынның бір жақты зақымдануында байқайды. Жұлын омыртқасының қозғалғыштығының жойылуы оссификациялық пахименингитте байқалуы мүмкін; бір уақытта қозғалғыштың жойылуымен қатар кифозды, лордозды, сколиозды және басқаларды анықтайды.
Жұлын омыртқасын сипау кезінде сынықты немесе шығып тайып кетуін, жұлынның қабынуын және зақымданған жердің қызуының өзгеруін анықтайды.
Достарыңызбен бөлісу: |