Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
131
жерге қоса алмаса да, сол өзінің мал шаруашылығына тән көшпелі тіршілігіне
ыңғайлы хандық құруға болатынына ол сенетін. Бұл, қазақтың тарам-тарам боп әр
ханның қолында құрып кетпеуі үшін керек еді. Тіршілік тартысы, халықтың өзін
сақтап қалу күресі — бәрі де бір ел болмай мүмкін емес-ті.
Бұл арман халықты
алысуға мәжбүр етті. Ал жеке мемлекет болу үшін, ел бірлігінен басқа, жауың
сескенетін әскерің мен халқыңның мұң-мұқтажын, керегін қамтамасыз ететін, өзге
жұртпен байланыс жасайтын кәсіпорындары, сауда-саттық жүргізетін шаһарлар
керек. Бұл шаһарлар Дәшті Қыпшақ жерімен шекаралас Түркістан өлкесінде. Ал
Түркістан Әбілқайыр ханның қолында. Бір кезде бұл шаһарлар қазақтың алғашқы
ханының бірі Орысханның қарамағында болған. Орысхан Ақ Орданың туын
көтергенде, Шыңғысхан мүлдем құртып жіберген Сығанақ, Сайрам, Яссыны
қайтадан тұрғызған. Сығанаққа астанасын көшірген. Қазақ руларына керек шай,
қант, мата, ыдыс-аяқ, қазан-ошақ — бәрін Үндістан, Қытай, Иран саудагерлерінен
алып, Шығыспен сауда жүргізе бастаған. Бұның бәрі Ақ
Орданың құлауымен бірге
біткен. Ал бұл жағдайға жету үшін, құлап қалған Ақ Орданы қайта тұрғызу керек.
Әрине Ақ Орданы қайта тұрғызу деген сөз, бүкіл Дәшті Қыпшақ жерін, Түркістан
уәлиетін өзіне қарату деген сөз. Бұнсыз қазақ күшті ел бола алмайды, бұнсыз қазақ
өз басын сыртқы жауынан қорғай алмайды. Осы ойдың бәрін — ел бірлігін
күшейтіп, ру-ру боп жүрген ағайындас жұртты қазақ деген бір ел етті, сол елді,
жан-жағындағы қанды көз жаулары бесігінде жатқанда қыршынынан қиып құртып
кетпес үшін, айбарлы атты әскер құруды Жәнібек көп ойлады. Әрине, ондай басы
біріккен, мол әскерлі елді мемлекетке айналдыру үшін, Ақ Орданы қайта
тұрғызып, бүкіл Дәшті Қыпшақ жері мен Түркістанды өз қарамағына алу өте
қажет. Алғашқы екеуі қазақ руларының берекесімен, ауыз бірлігімен байланысты
болса, үшіншісі ұзақ тартыссыз, әсіресе Дәшті Қыпшақ
ханы Әбілқайырмен қан
майданда кездесіп, аянбай қан төгіспей шешілмейтін тілек еді.
Түркістан Әбілқайырға да, Ақсақ Темір әмірлеріне де керек. Ал бастары жаңа
қосылып келе жатқан қазақ руларына Түркістан уәлиетіне жататын Сырдария
жағасындағы кенттердің маңызы ерекше зор болатын.
Бұл ерекшелік ең алдымен Сырдария шаһарларының шаруашылық
жағдайымен байланысты себептерден туған.
Дәшті Қыпшақтың көшпелі еліне қаланың өнеркәсіп заттары, отырықшы
жұрттың егісінен өнетін азық-түлігі қандай қажет болса, отырықшы елдер де
көшпелі жұрттың
өсіріп отырған малының еті, жүні, терісіне сондай мұқтаж еді.
Ал Сырдария шаһарлары Орта Азия мен Дәшті Қыпшақтың ортасындағы сауда-
саттық бекеті ғана болып қалмады. Өздері де сол Дәшті Қыпшақ ауылдарына
керек өнеркәсіп заттарын молынан өндіріп, екі жақтың сауда-саттық ісіне қызу
араласты. Мұндай жағдай бұл шаһарлардың қаулап өркендеулеріне себеп болды.
Әрине, бұл қалаларды қолына түсіру — Дәшті Қыпшақ хандарының да,
Мауреннахр әмірлерінің де көкейтесті арманы екені даусыз еді. Қазақ хандарының
Сырдария шаһарларына телміре қарауының екінші себебі қарамағындағы мал
шаруашылығымен шұғылданатын елді жайылыммен қамтамасыз етуден туған.
Қары аз, қысы жылы Сырдария жағасы көшпелі ауылдарға қысқы жағдайда
таптырмайтын қоныс. Күннен күнге мал басы өсіп, өркендеп келе жатқан көшпелі
жұртқа Шу, Сарысу, Талас өзендерінің бойы енді жеткіліксіз бола бастаған. Амал
жоқ, қазақ еліне тағы жаңа қысқы қоныс іздеуге тура келді. Ал
бұл жағынан
құйқалы Сырдария қойнауларынан артық жер табу қиын-ды. Жаз малын Арқада