ҚАЙҒЫСЫЗ, МҰҢСЫЗ ЖАН БАР МА?
Сандыбай өлгенде, бәйбішесі қайғырып жатып алыпты. Көңіл айтып жұбатқандардың сөзін құлағына ілмепті. Бір күні Шорман келсе де, бәйбіше күрсініп жата беріпті.
Сонда Шорманның айтқан көңілі екен:
— Жатырмысың қайғырып,
Өтіп кеткен Абыланға.
Алладан бұйрық келгенде,
Кім тұрады жалғанда?
Қайғысыз, мұңсыз жан бар ма?
Талайы қалған арманда.
Айтатұғын сөз бар ма,
Бір жаратқан алғанда?
Әзелда жазған дағдырды
Бір жаратқан бұзған ба!
Үш жүздің анасы емес пе едің,
Өзің көңіл айтсаңшы,
Біздей жетім қалғанға!
Сонда бәйбіше «ә, солай ма?»— деп басын көтеріп Шорманмен амандасқан екен.
Достарыңызбен бөлісу: |